Сәрсенбі, 24 Маусым 2026
Пікір 149 0 пікір 24 Маусым, 2026 сағат 13:21

Қазақстан АҚШ үшін ОА-дағы негізгі серіктеске айналды!

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды

Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік соңғы жылдары жаңа мазмұнға ие болып келеді. Әсіресе сирек жер металдары, көлік-логистика, инвестициялар және өңірлік қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызын арттыра түсті. Бұл мәселелер АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гордың Қазақстанға сапары барысында да кеңінен талқыланды.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық әлеуеті, қолайлы географиялық орналасуы және көпвекторлы сыртқы саясаты оны Вашингтон үшін өңірдегі негізгі серіктестердің біріне айналдырып отыр. Сонымен қатар еліміздің халықаралық диалогты дамытуға, бітімгерлік және гуманитарлық бастамаларды ілгерілетуге қосып отырған үлесі де ерекше назар аудартады.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы қазіргі қарым-қатынастың негізгі бағыттары, стратегиялық маңызы және алдағы перспективалары туралы саясаттанушы Таир Нигмановпен әңгімелестік.

- АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Бүгінде Қазақстанның Орталық Азиядағы Вашингтон саясаты үшін айрықша маңызға ие болуын қандай факторлар айқындайды?

- Қазақстанның АҚШ пен Орталық Азия арасындағы өзара іс-қимылда маңызды рөл атқаруына әсер ететін негізгі факторлар — экономика, географиялық орналасу және қалыптасқан ынтымақтастық тарихы. Ең алдымен, Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық тұрғыдан ең дамыған мемлекеттердің бірі болып саналады. АҚШ-пен біздің ел ондаған жылдар бойы пайдалы қазбаларды өндіру және энергетика салаларында серіктестік орнатып келеді. Бұл ретте Қазақстан аумағында қызмет жүргізіп отырған Chevron және ExxonMobil сияқты ірі америкалық компанияларды атап өтуге болады. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен сауда айналымы мен Америкадан тартылатын тікелей инвестициялар көлемін қарастыратын болсақ, оның елеулі бөлігі Қазақстанның үлесіне тиесілі екенін көреміз. Яғни, Қазақстан өңірдегі экономикалық тұрғыдан ең ірі серіктестердің бірі ретінде АҚШ пен Орталық Азия арасындағы байланыстарды дамытуда маңызды буын қызметін атқарып отыр.

- Мемлекет басшысы Серджио Гордың C5+1 форматындағы аса маңызды пайдалы қазбалар жөніндегі диалогқа қатысуын ерекше атап өтті. Бұл бағыт АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағытына айналып келе ме? Осы салада Қазақстанның қандай артықшылықтары бар?

- Сирек жер металдары туралы айтқанда, оларды кейде «жаңа дәуірдің алтыны» деп те атайды. Мұның себебі – жоғары технологиялық өнімдерге деген сұраныстың үздіксіз артуында. Атап айтқанда, ғарыш өнеркәсібі, зымыран жасау, медицина, компьютерлік технологиялар, микрочиптер өндірісі және басқа да озық салалар сирек жер металдарын кеңінен пайдаланады. Сондықтан бұл металдарсыз заманауи технологиялық өнімдерді өндіру іс жүзінде мүмкін емес.

Осыған байланысты стратегиялық маңызы бар жоғары технологиялық өнімдер өндірісінде көшбасшылыққа ұмтылатын мемлекеттер, ең алдымен АҚШ, сирек жер металдары шикізатына тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүдделі. Алайда бұл бағытта белгілі бір қиындықтар бар. Себебі сирек жер металдарының басым бөлігі Қытайда өндіріледі әрі тұтынылады. Сондықтан АҚШ сияқты елдер аталған стратегиялық ресурстың баламалы көздерін іздеуде. Сирек жер металдарының әлеуетті қорлары Орталық Азия аумағында, соның ішінде Қазақстанда да бар. Сол себепті АҚШ бұл кен орындарын барлау жұмыстарына және болашақта оларды игеруге қызығушылық танытып отыр.

- Серджио Гор соңғы бір жыл ішінде АҚШ пен өңір мемлекеттері арасында жалпы құны 20 миллиард доллардан асатын келісімдер мен мәмілелер жасалғанын мәлімдеді. Мұны АҚШ-тың Орталық Азиядағы экономикалық қатысуының күшеюі ретінде бағалауға бола ма? Бұл жағдай Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер ашады?

- Қазақстандағы АҚШ-тың экономикалық қатысуының күшейіп келе жатқанын айтуға болады. Өйткені АҚШ тек өндіруші өнеркәсіпке ғана емес, еліміздің логистикалық әлеуетін дамытуға да инвестиция салып келеді. Бұл аса маңызды бағыт, себебі Қазақстан экономикасының шикізаттық тәуелділігін, әсіресе мұнайға тәуелділігін азайтуға мүдделі.Экономиканы әртараптандыруға елеулі үлес қоса алатын стратегиялық салалардың бірі – көлік және логистика. Осы бағытта соңғы жылдары Қазақстан мен АҚШ арасында белсенді ынтымақтастық қалыптасты. Соңғы екі-үш жыл ішінде еліміздің теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірнеше миллиард доллар көлеміндегі келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы америкалық инвесторларды Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымына, атап айтқанда Ақтау және Құрық порттарын дамытуға белсенді түрде шақырып келеді. Бұл порттардың өткізу қабілетін арттыру, тереңдету жұмыстарын жүргізу, қойма инфрақұрылымын кеңейту сияқты жобаларды қамтиды. Аталған бастамалардың барлығы Қазақстанның Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды транзиттік торап ретіндегі рөлін одан әрі күшейтуге және еліміздің халықаралық көлік дәліздеріндегі орнын нығайтуға бағытталған.

- Кездесу барысында Бейбітшілік кеңесінің қызметі мен Қазақстанның гуманитарлық бастамаларына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Қазақстанның диалог алаңы әрі бітімгерлік және гуманитарлық бастамаларды ілгерілетуші мемлекет ретіндегі рөлі қаншалықты сұранысқа ие?

- Қазақстан өзін дипломатия қағидаттарын берік ұстанатын, халықаралық дауларды күш қолдану арқылы шешуді құптамайтын және кез келген мәселеде келіссөздер мен диалогты қолдайтын мемлекет ретінде танытып келеді. Дәл осы ұстанымның арқасында Қазақстан халықаралық аренада теңгерімді саясат жүргізіп, көптеген елдермен сындарлы қарым-қатынас орната алды. Бұл саясат тек АҚШ тарапынан ғана емес, сондай-ақ әлемнің жетекші мемлекеттері мен Қазақстанның көршілес елдері тарапынан да түсіністікпен қабылдануда. Мұның маңызы қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бұрынғыдан да арта түсті. Бүгінде халықаралық қатынастар жүйесінде сенімсіздік күшейіп, мемлекеттер арасындағы бәсекелестік пен қайшылықтар тереңдей түсуде. Әсіресе әлемдік және өңірлік деңгейдегі ірі ойыншылар арасында шиеленістердің артуы байқалады.Осындай жағдайда Қазақстан өзінің байыпты әрі көпвекторлы дипломатиялық саясатының арқасында өзара бәсекелес немесе қарым-қатынасы күрделі мемлекеттердің барлығымен дерлік жақсы байланыс сақтап келеді. Бұл еліміздің халықаралық аренадағы беделі мен дипломатиялық мүмкіндіктерінің жоғары екенін көрсетеді.

- Серджио Гор Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа: «Сіздің Ақ үйде досыңыз бар екеніне сендіре аламын. Президент Трамп Сіздің қызметіңізді жоғары бағалайды», – деп мәлімдеді. Бұл сөздерді тек дипломатиялық ишара ғана емес, Қазақстанның АҚШ үшін маңызын білдіретін саяси сигнал ретінде де қарастыруға бола ма?

- Әрине, мұны белгілі бір деңгейде дипломатиялық ілтипат деп бағалауға болады. Дегенмен оны жай ғана әсерлі сөз немесе ресми хаттама аясындағы комплимент ретінде қабылдамаған жөн. Себебі Дональд Трамптың саяси стиліне назар аударсақ, ол мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда көшбасшылардың жеке байланысына ерекше мән береді. Оның пікірінше, мемлекет басшыларының тікелей қарым-қатынасы екіжақты қатынастардың дамуына елеулі ықпал ете алады. Сондықтан ол қай елмен болмасын байланыс орнатуда жеке дипломатияны белсенді қолданатын саясаткер ретінде танымал.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның дипломатиялық қызметі америкалық тараппен сенімді қарым-қатынас қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Егер алғашқы кездесулерге дейінгі кезеңді еске алсақ, бұл үдерісте Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі маңызды рөл атқарды. Тіпті екі ел басшыларының жеке кездесулеріне дейін-ақ Дональд Трамп Қазақстан басшысы туралы оң пікір білдіріп отырған.

Әсіресе соңғы жылдары Қазақстан делегациясының АҚШ-қа жасаған жоғары деңгейдегі сапарлары және «С5+1» форматындағы кездесулер екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтерді. Бұл Қазақстан үшін маңызды дипломатиялық жетістік болды. Әрине, Қазақстан тарапы да америкалық көшбасшыға қатысты құрмет пен ілтипат танытты. Алайда мұның нәтижесінде нақты экономикалық және инвестициялық келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, теміржол инфрақұрылымын дамыту, авиация саласындағы ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бағыттарында маңызды жобалар жүзеге аса бастады.

Яғни дипломатиялық өзара түсіністік пен саяси диалог нақты экономикалық нәтижелермен ұштасып отыр. Кейіннен Дональд Трамп та Қазақстанға және оның басшылығына құрмет білдіретін бірқатар символдық қадамдар жасады. Мұның бәрі екі ел арасындағы өзара сенім мен серіктестік қатынастардың нығая түскенін көрсетеді.

Abai.kz

0 пікір