Дүйсенбі, 19 Қаңтар 2026
Аласапыран 300 0 пікір 19 Қаңтар, 2026 сағат 13:25

Үш алыппен аралықты қалай ұстау керек?

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

XXI ғасырдың геосаяси сахнасы бұрынғыдай екі полюсті емес, көпқабатты, құбылмалы әрі қайшылыққа толы болып тұр. Мұндай ортада Қазақстан секілді құрлықтың дәл ортасында орналасқан мемлекет үшін сыртқы саясат – тек дипломатия емес, ұлттық қауіпсіздік пен ұзақ мерзімді дамудың тірегі. АҚШ, Қытай және Ресей – әлемдік ықпалы зор үш держава. Осы үшеуінің арасында тепе-теңдік сақтау Қазақстан үшін амалсыз таңдау емес, саналы стратегия болуы тиіс.

Қазақстанның геосаяси артықшылығы – оның жағрапиясында деп түсінбейік, тарихи тәжірибесінде. Ел тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап көпвекторлы саясатты ұстанып келеді. Бұл – өзгеге қарсы тұру немесе біреуге жақындау емес, ұлттық мүддені барынша кең алаңда қорғау ұстанымы. Көпвекторлықты әлсіздің айласы деп ойламау керек, парасатты мемлекеттің таңдауы, – деп тану абзал.

Ресей – Қазақстанның ең ірі көршісі, тарихы мен инфрақұрылымы терең байланысқан серіктес. Кеңестік мұра, ортақ шекара, экономикалық интеграция, мәдени-гуманитарлық қатынастар – осының бәрі екі елдің арақатынасын ерекше етеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық та өзара тәуелділікті арттырды.

Алайда жақындық автоматты түрде біржақты тәуелділікке айналмауы тиіс. Қазақстан үшін басты қағида – егемен шешім қабылдау құқығын сақтау. Ресеймен қатынаста прагматизм мен салқынқандылық қажет. Экономикалық байланыстарды әртараптандыру, логистиканы балама ретінде шығару – осы тәуелділікті тең ұстаудың нақты жолдары.

Сонымен қатар Қазақстан Ресеймен қатынаста эмоцияға емес, құқыққа сүйенуі керек. Мемлекетаралық келісімдер, халықаралық нормалар мен өзара құрмет – ұзақмерзімді тұрақтылықтың кепілі дейміз.

Қытай – әлемдегі екінші экономика, өндіріс пен технологияның алып орталығы. Қазақстан үшін Қытай – инвестиция, транзит және экспорт нарығы.

Алайда Қытаймен қарым-қатынаста да тепе-теңдік ауадай қажет. Экономикалық тиімділік саяси немесе демографиялық алаңдаушылыққа ұласпауы тиіс. Қазақстан Қытаймен жобаларды ашықтық, ұлттық заңнама және қоғамдық келісім қағидаттары арқылы жүзеге асыруы қажет.

Қытайды тек қауіп немесе тек мүмкіндік ретінде көру – үстірт көзқарас. Дұрысы – оны нақты шарттармен, нақты мүдделер аясында қарастыру. Қазақстан үшін бастысы – шикізат ретінде айналып кетпеу, керісінше қосылған құны жоғары өндіріс пен технологиялық серіктестікке ұмтылу.

АҚШ – әлемдік қаржы, технология және қауіпсіздік архитектурасының негізгі ойыншысы. Қазақстан үшін АҚШ-пен әріптестік – инвестиция тарту, энергетика, цифрландыру және білім саласындағы ынтымақтастықтың негізі.

АҚШ-пен қатынаста Қазақстан ашық диалог пен прагматикалық серіктестікті ұстануы тиіс. Бұл қатынастар біреуге қарсы бағытталмауы керек. Керісінше, аймақтық тұрақтылық, ядролық қарусыздану, терроризммен күрес секілді ортақ проблемаларға негізделуі қажет.

Сонымен бірге, Қазақстан өз ішкі дамуын сыртқы құндылықтар экспортының объектісіне айналдырмауы тиіс. Демократия, құқық үстемдігі – ішкі сұраныстан туындағанда ғана орнықты болады. АҚШ-пен диалогта өз жолын, өз моделін қорғау – ұлттық намыстың белгісі.

Үш алпауыттың арасында аралық ұстау – арқан үстімен жүру емес. Бұл – нақты қағидаттарға сүйенген жүйелі саясат. Қазақстан үшін мұндай қағидаттар айқын: егемендік, аумақтық тұтастық, экономикалық әртараптандыру, мәдени дербестік.

Тепе-теңдік – бәріне ұнау деп ойламау керек. Кейде ұстанымыңды ашық айту, кейде үнсіз қалу, кейде көпжақты алаңдарды пайдалану – дипломатияның құралдары. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ, ЕАЭО, Түркі мемлекеттері ұйымы сияқты платформаларды өз мүддесін ілгерілету үшін тиімді қолдана алады.

Сыртқы саясаттың табысы ішкі тұрақтылыққа тікелей байланысты. Экономикасы әлсіз, қоғамы алауыз елдің көпвекторлы саясат жүргізуі қиын. Сондықтан, Қазақстан үшін басты міндет – ішкі реформаларды тереңдету, бір тілді қоғамға айналу, білім мен ғылымды дамыту, әділ экономика қалыптастыру.

Күшті экономика – дербес саясаттың кепілі. Әртараптанған экспорт, дамыған өңдеу өнеркәсібі, адами капитал – сыртқы қысымдарға төтеп беретін қалқан.

Қазақстанның АҚШ, Қытай және Ресеймен арақатынасы – уақытша маневр емес, ұзақмерзімді стратегия. Бұл стратегияның өзегі – ұлттық мүдде. Біреудің көлеңкесінде қалмай, біреумен жауласпай, өз жолымен жүру – қиын, бірақ мүмкін.

Тарих көрсеткендей, жағрапия бізге тағдыр емес, мүмкіндік. Сол мүмкіндікті парасатпен пайдалана алған халық ғана тәуелсіздігін баянды ете алады. Қазақстан үшін – тепе-теңдік саясаты ол әлсіздікті көрсетпейді, қайта кемелділік белгісі.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz 

 

0 пікір