Аралас неке және ұлттық бірегейлік
ФБ бетінде Лондоннан келген жаңалықтан туған әңгімелер болып жатыр, мәселе белгілі бір текті әулеттің қызының қара нәсілді азаматқа тұрмысқа шығуына қатысты.
Қызық халықпыз, қыздарын шет елге «шығарып» жатқан өзіміз, ол жақта бір қызметке қолы жетіп жатса кәдімгідей қуанамыз, тұрмысқа шығып жатса ренжиміз.
Кешегі күні сол қыздың әкесі қазақтың ұлттық мүддесін қорғағаны үшін түрмеге түскенде оған ара түскен жан болмады, енді келіп намысымыз қозады, яғни бізде ұлттық намыс аз, тұрмыстық ұлтшылдық (casual nationalism) жоғары. Жалпы әлеуметтанушылар осы тақырыптағы терминдерді (ғылыми құралдарды) қалыптастырмаған сияқты. Біздің ұлттық сапамызды анықтаудың төте жолдарының бірі осы тақырып.
Аралас неке қауіпті ме?
Егер аралас неке деңгейі шектен шығып кетсе қауіпті. Шек –шамамен барлық некенің 25 пайызы. Бұл деңгейде күнделікті өмірде іргетас қызметін атқаратын этникалық маркерлер шайылады, ұлттық бірегейлік әлсірейді.
Біз бұл деңгейге жеткен жоқпыз. Былтырғы жылы ҚР-да аралас неке деңгейі барлық некенің 18 пайызындай, ал қазақты жеке алсақ ер азаматтардың 6,9 қыздардың 5,7 пайызы аралас некеге түскен. Бұл этнос үшін түк те емес. Салыстыра қарасақ қазақстандық «орыстарда» аралас неке 30,7 және 35,6, ал өзіміздің «өзбекте» 15,7 және 17,2 пайыз мөлшерінде. Бұл жерде біз орыс, өзбек этникалық атауларын тырнақшамен алып отырмыз, себебі шартты. «Орыс» атанып жүрген этникалық топтың құрамында кім жоқ дейсіз, бәрі бар.
Қазақстандық өзбектердің аралас некеге қазақтан гөрі үш еседей көбірек түсетінін қалай түсіндіруге болады? Біріншіден, тәрбие рационалды, күн көрісін қамтамасыз ететін адам кездессе өзбек қызы тұрмысқа шыға береді. Махаббат іздеп, басын тасқа-тауға соғып жүрмейді. Екіншіден, сырты жұмсақ, іші қатты, дәстүр-салтына берік, кімге шықса да өз дәстүрін сақтайды, тілін ұмытпайды.
Сапалы ұлт болу
Мен этнограф ретінде аралас некеге қарсы емеспін. Бұл құбылыс біздің тарихымызда болған, қазір де бар, болашақта көбейеді. Өмірдің ағымына, адам физиологиясына қарсылық жасау мүмкін емес.
Мәселе басқада. Мәселе қазақ халқының қазақстанның ұлттық негізін құрай отырып өзінің ұлттық бірегейлігін толық қамтамасыз ете алмауында. Ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын бірнеше факторлар бар, өкішіке орай бізде олар толық мәнінде жұмыс жасамайды. Мысалы, ондаған жылдар бойы жыр болған тіл мәселесі. Көп адамдар мемлекет, саяси және экономикалық тәуелсіздік, рәміздер ұлттың басты көрінісі деп қабылдайды, шын мәнінде ұлт жасайтын негізгі арқау- тіл. Екіншіден, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, яғни жалпы мәдениет деген ұғымға кіретін құндылықтар. Тіл бірегейлігін қалыптастыру процесі жүріп жатыр, бірақ баяу, шамасы әлі де бір ұрпақ, яғни 25-30 жылдай уақыт керек.
Әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жалпы мәдениетке келсек бұл жерде инглизше айтқанда «shit-show», соңысы сізге түсінікті (айғай-шу), shit- ті өзіңіз анықтап алыңыз.
Неге «shit-show» болып жүрміз? Кез келген мәдениет ұлтқа ортақ «жақсы», «жаман» деген ұғымдарды қалыптастыру үшін керек. Егер қоғам, мәдениет басқармалары өзінің жастарына мынау –жақсы, ал мынау-жаман дегенді ұғындыра алмаса, жалпы ұғындыруды мақсат қоймаса, одан да қиыны- өздерінің жақсы мен жаман туралы түсініктері болмаса онда жағдай «shit-show».
Қазіргі заманда аралас некеге қарсы тұру мүмкін емес, бірақ бізге қазақ қыздарының жақсы жерге тұрмысқа шыққаны керек. Ол қалай жақсы жерге тұрмысқа шығады, егер оның өз елі жақсы мен жаманды айыра алмай жатса?! Бұл қазақ жігіттеріне, олардың алғанына да қатысты. Қандай жағдайда болмасын аралас некеден тараған ұрпақтың жүрегінде, бүйрегінде «қазақ» деген жұрт тұруы керек. Бұл жерде қазақтың «жігіттің үш жұрты бар» деген нақыл сөзін ұстанбасқа болмайды.
Тілді орнықтыра алмай, мәдениетін таба алмай жатқан елдің ұлттық сапасы жоғары деп айту қиын. ХІХ-ХХ ғасырлар бойы жүрген қырғындарда біз жақсы әулеттерімізді жоғалтып алдық, олардың орнына Мәскеу өздеріне ыңғайлы, тексіз, принципсіз адамдарды билікке алып келді. Бұл әлі де жалғасып келеді, сол себепті сан бар, Құдайға шүкір, бірақ сапа төмен.
Аз-маз сақталған текті әулет өкілдерінің ұлдары мен қыздары сыртқа кетіп жатқаны өкінішті, қазақ жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дейді. Мықты әулеттер жүздеген жылдарға созылған сұрыптаудың жемісі. Эгалитаризм әлеуметтік тұрғыдан ұнамды болғанымен, халық сапасы үшін қолайлы принцип емес. Кезінде Ли Куан Ю- Сигапур жігіттерінің білімі және интелектуалдық деңгейі жоғары қыздарға үйленуін талап етті. Қазақша айтқанда «көріп алған сұлудан, көрмей алған текті артық», түріне, арзанына, көнбістігіне қарама, тегіне-біліміне қара деді. Кезінде біздің басшылар Ли Куан Ю-дан үйренеміз дегенді айтты, бірақ өз өмірлерінде оның өсиетінің бірін де қолданған жоқ, өз білгенімен Либерия жасады. «Құл жиылып бас болмас, құм жиылып тас болмас».
Әңгіме аралас некеден басталды ғой. «Қыздарымыз жатқа кетіп жатыр, жігіттеріміз жаттан алып жатыр» деп қанша ойбайласаңыздар да мәселе шешілмейді. Мәселе аралас некені де ұлт пайдасына жаратуда. Ал ол үшін біздің өзімізге сапалы ұлт болу міндет. Сапалы ұлт болу әр отбасынан, ошақ қасынан басталады. Әр отбасы тілдің, дәстүр-салттың, әдет-ғұрыптың жанашыры болса, сапалы ұлт болудың алғы шарты сол.
Жамбыл Артықбаев
Abai.kz