Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026
Білім 330 0 пікір 21 Қаңтар, 2026 сағат 14:41

Қазақ бала тәрбиесіндегі руханияттың төрт тірегі

Сурет: infohub.kz сайтынан алынды.

Қазақ халқында ұзақ замандар бойы жалғасып қалыптасқан бала тәрбиесіндегі руханияттың төрт тірегі – ұят болады, жаман болады, обал болады және күнә болады.

Бұл ұғымдар діни сеніммен қоса ертеден келе жатқан ұлттық ұғым- түсінік, ұстанымдармен де тығыз байланысты болып, ол адамгершілік, ұят, ар-ождан, жауапкершілік, си-құрмет, мейрім-қамқорлық қатарлы руханиятқа тән асыл қасиеттердің жиынтығы. Қазақ баласының бойына жастайынан сіңірілетін рухани құндылықтардың бірегейі осы төрт тағанды тыйымдар мен ескертулер. Бұлар Қазақы тәрбиенің терең тамыры – руханияттың берік негізі.

Тұрмыспен, өмірмен, жаратылыспен, жаратушымен тікелей сабақтасып, байланысып жататын руханият – адам болмысының ішкі мизан-өлшемі, ар мен ұяттың, жауапкершілік пен мейірімнің, әдеп пен иманның біртұтас жүйесі. Қазақ халқы баланы жалаң ақыл айтумен емес, жүрекке әсер ететін тұрмысқа, өмірге, жаратылысқа, тіпті, жасағанға байланысты нақты ұғымдар арқылы тәрбиелей білген. Сол тәрбиенің өзегінде ғасырлар бойы өзгермей келе жатқан бұл төрт ұлы тірек – ұрпақтың ішкі дүниесінде заң, таразы, күзетші және есепші қызметін атқарып, өмір бойы өз күшін көрсететін рухани жүйе.

  1. Ұят болады – ішкі цензураның бастауы, мінез-құлықтың күзетшісі

«Ұят болады» – тұрмыс пен өмірге қатысты қазақы тәрбиесінің алтын арқауы. Бұл жай ғана ескерту емес, баланың санасына орнайтын ішкі бақылау. Ұят сезімі сыртқы тыйымнан бұрын күш көрсететін ішкі тежегіш. Ұят – ардың күзетшісі. Ұяты бар адам тұрмыста, өмірде, қоғамда өзін қалай ұстауды біледі. Қазақ баласын: талтайып отырма, шалқалап жатпа (көбінесе қыз бала, әйел затына), ұятты жеріңді ашпа, үлкеннің сөзін бөлме, үлкендердің алдында сапылдап сөйлеме, тасыраңдап жүрме, тайраңдап жүгірме, қатты күлме, ыржаңдама деп тәрбиелеген.

Ұят – әдеп мизаны, ол баланың өзін ортада қалай ұстау керегін үйретеді. Топты жерде құпиялап сыбырласпау, адамдардың алдында мұрын шұқымау, аузын арандай ашып есінемеу, қақырып-түкірмеу; үлкендерден бұрын асқа қол салмау, өзгенің алдындағы асқа қол созбау; жасы үлкеннің алдынан қия өтпеу, жол таласпау, ер кісінің жолын кеспеу – мұның бәрі ұят ұғымы негізінде қалыптасқан қоғамдық әдеп.

Ұятты бала – өзгені сыйлай біледі. Өзгені силай білген адамның өзі де сыйлы болады. Ұяттан айырылған адамда тежеу-тидау болмайды. Осы себепті «ұят болады» – мінездің қорғаны, ардың қалқаны дейміз.

  1. Жаман болады – тағдыр таразысы, себеп пен салдардың байланысы.

«Жаман болады» – болашақты ойлауды көздеген тәрбиелік бағдар. Бұл тірек баланы істің кесірі мен зардабын алдын ала сезінуге үйретеді. Саусағыңды сорма, тырнағыңды тістеме, қораға дәрет сындырма, малды теппе, атты басқа ұрма, отты кеспе, от шығарма, босағаны керме, маңдайшаға асылма қатарлы тйымдардың бәрі – түрлі қауіптен, зардапты істерден сақтандыруды көздейді.

Қазақтың Көкке қарап түкірме, кірдің суын жолға төкпе, күлді баспа, асты қорлама, нан қоқымын төкпе, бос бесікті тербетпе, түнде ысқырма, дастарханды аттама деген сыяқты тыйымдарының меңзейтін мазмұны тым көп болып, осы арқылы балаларды күнделікті тұрмыс пен өмірде көкейге тасбітіктей берік жазылған тәртіп пен әдетке баулыған. Бұл тыйымдардың тегінде мистикалық үрейден гөрі өмірлік тәжірибе жатыр: Қазақ ұғымында жаман әдет – жаман салдарға апарады.

«Жаман болады» – баланың мінезін түзейді, ойсыз әрекеттен сақтайды, өмірге, тағдырға жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

  1. Обал болады – мейірім мен жанашырлықтың іргетасы, жаратылыспен жарасымдылықтың негізі.

«Обал болады» – жүректі жұмсартатын, жаратылысқа құрметпен, тіршілікке жанашырлықпен қарауға үйрететін өзгеше ұғым. Қазақ көк шөпті жұлма, жас ағашты сындырма, құстың ұясын бұзба, жұмыртқасын шақпа, суға түкірме, суды ластама деу арқылы балаларға табиғаттың  әркімге аманат екенін түсіндірген.

Малды қинама, жануарды шөлдетіп-ашықтырма, мал көзінше мал сойма, жусаудағы малдың мазасын алма деу – тіршілік йелеріне жанашыр көзқарастың көрінісі. Жұп құстың сыңарын атпа, жалғыз аң-құсты, ішті аңды атпа, аң-құс төлдейтін кезде аулама дегендердің өзегінде табиғи тепе-теңдікті сақтау идеясы жатыр.

Обалды біліп өскен бала мейрімсіздікке бармайды, әлсіздерді қорламайды, тіршілік иесіне зыян тигізбейді. Обал ұғымы– экологиялық танымның ғана емес адамгершілік пен мейрімділіктің де түп негізі.

  1. Күнә болады – ар мен иманның өлшемі, жауаптылықтың ең биік деңгейі

«Күнә болады» – рухани тәрбиенің ең биік шегі. Дүние мен ахирет байланысын реттеудің тетігі. Бұл ұғым себеп пен салдар, сыйлық пен жаза қағидатын ұғынудың негізі. Бұл тыйым-тәрбие балаларға адам әрекетінің тек қоғам алдында ғана емес, Алланың алдында да есебі бар екенін ұғындырады. Өтірік айтпа, өсек таратпа, басқаларды ғайбаттама, адамды мазақтама, жаман сөз айтпа, адамды янаттама қатарлы тыйымдар – тілдің күнасінен яғни бейпіл ауыздықтан сақтайды. Осы себепті Қазақтар "он күнәнің тоғызы тілден" деп сөйлеу әдебіне айрықша ден қойған.

Ата-ананы ренжітпе, жетім- жесірді жәбірлеме, кісі ақысын жеме, зұлымдық жасама, асты ысыраптама, суды зая қылма қатарлы тыйымдарға қайшы келу адамгершілік қағидатына қарсы қылмыс болумен бірге ол дүниеде үлкен күнә есептеліп, ауыр азап тартуға себеп болады деп сақтандырады халықтық тыйым. "Күнә болады" тыйымы адамдарды қылмыс пен күнәнің ауыр зардабынан сақтауды мақсат етеді.

Күнәдан қорқу – соқыр сенім емес, жауапкершілік. Ол – нәпсіні тежейтін, арды ояу күйде сергек ұстайтын ішкі күзетші. Күнәні сезінген адам өзіне де, өзгеге де жамандық жасамайды.

Қорытып айтқанда, бала тәрбиесі – ұлттың  болашақ тағдырын тәрбиелеу. Қазақтың рухани тәрбие жүйесіндегі ұят болады, жаман болады, обал болады, күнә болады ұғымдары– жай сөз емес, баланың ішкі дүниесін орнықтыратын және болашақ өмірде ибалы, ұстамды, мейірімді, қағидалы адам болуына берік негіз қалайтын алтын діңгек, мықты тағантас. Осы төрт тірек мықты болғанда адам баласы адамшылыққа бай салихалы тұлға болып қалыптасады. Өкінішке қарай тарихтағы және бүгінгі түрлі жаулаушы идеологиялардың әсерінен бұл құндылықтарымыз босағаға сырылып, елеусіз-ескерусіз күй кешіп қалған жайы бар.

Заман өзгереді, технология дамиды, бірақ жалпыға ортақ адамгершілік пен ілгілік қағидаттары ешқашан ескірмей рухани құндылықтың асыл өзегі, алтын тамыры болып қала береді. Руханияты мықты ұрпақ – ұлттың қорғаны, елдің биік еңсесі. Сондықтан баланың рухани болмысына осы дәстүрлі төрт тіректі мықтап орнату – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның қасиетті міндеті. Рухы берік ұрпақ ұлттың тірегі, елдің болашағы. Тамыры мықты, өзегі берік ұрпақ қана ұлт пен елді берік сақтап болашақ ғасырларға аман-есен жеткізе алады.

Қырбақ Нұрғали

Abai.kz

0 пікір