Жұма, 23 Қаңтар 2026
Зерттеу 395 0 пікір 23 Қаңтар, 2026 сағат 14:21

Ізденіс іздері

Сурет: oq.gov.kz сайтынан алынды.

(1953-1965 жылдар аралығындағы қытай қазақтарының прозасына қысқаша шолу) 

ХХ ғасыр қытай қазақтары үшін айтқанда да ой-сана жағынан ояну ғасыры болды. Сол елде болып өткен әр түрлі саяси өзгерістер, мәдени қозғалыстар қазақтың саяси жақтан орнының жоғарылауына, экономикалық жақтан тың арнаға түсіп дамуына, рухани жақтан түлеуіне өзіндік игі әсерін тигізді. Нақтылап айтсақ, 20-шы жылдардың соңы, 30-шы жылдардың басынан бастап Шыңжаң қазақтарында Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы негізінде газет-журналдардың дүниеге келуі , міне, бұл ұлттың рухани өміріндегі айта қалар жағдай еді. Баспасөздің халық игілігі үшін қызмет істеуі ұлттық әдебиеттің кемелденіп-дамуына ерекше қозғаушы күш болды. Сонымен ежелгі қара щаңырағымыз – өлең өнері айшықтана түсуімен бірге, жаңа жанрлар проза мен драматургияның алтын бұтағы әдебиетіміздің бағында бүршік ашып, жапырақ жайды.

Міне, сол кездердің сүбелі туындысы деп тарихшы, жазушы, ақын Нығымет Мыңжанидың «Тұрмыс тілшісі» атты повестін, Дубек Шалғынбаевтың және басқалардың прозалық, драмалық шығармаларын атауымызға әбден болады. Міне осы ақын-жазушылардың қан-тері сіңіп, қаз-қаз басқан туған әдебиетіміз 1949 жылдан кейін немесе ескі қоғамдық түзім өзгеріп, шыт-жаңа Республика Азияның шығысында еңсе көтергеннен кейін тіпті де даму арнасына түсіп мерейлі, думанды, нөсерлі, дауылды кезеңдерді басып өтіп, бүгінгі жалпы қытай әдебиетінде өзіндік орны бар, сан жағынан да, сапа жағынан да өз әріптестерінің назарын аударған шоқтықты әдебиет болып қалыптасты. Соның өзіне міне, қазір 40 жылдан асыпты. Кешесіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Кешегіні білу, оны талдап-сараптап ой елегінен өткізіп оң-терісін тану бүгінді нығайтып, келешек қадамды нық, ширақ алудың кепілі болмақ. Ендеше, біз «Шұғыла» журналының өмір есігін ашып, оқырман жүрегінен орын алғанына 40 жыл толу байланысымен осы журналда 1953-1965 жылдар аралығында жарияланған прозалық шығармалар жөнінде пікір қозғап, бұл күнде Қытайдағы қазақ әдебиетінің күретамыры болған осы жанрдың ұңғыл-шұңғылына көз жіберіп, жазушылардың жапалы жасампаздық сапарындағы ұтқан-ұтылған жақтарын сөз етпекшіміз.

1953 жылы мамыр-маусым айында қазіргі «Шұғыла» журналы «Шыңжаң әдебиет-искусствосы» деген атпен дүниеге келді. Журналдың бірінші, екінші санында Ахмет Жүнісүлының «Жартас», «Сын жиыны» атты әңгімелері, үшінші, төртінші санында Бұқара Тышқанбаевтың «Төраға Маоны көрдік» атты әңгімесі жәрияланды. (бұл жылда жиыны 4 сан шыққан). «Жартаста» адамдар санасы түрлі-түсті феодалдық салт-сана, әдет-ғұрыптармен тұмшаланған, ер зор, әйел қор саналатын замандағы әйел тағдыры сөз болады. Ақылы асып, мүсіні көз сүріндіріп өз құрбыларының алды болған Нұрым атты қыз өз сүйген жігітімен бас қоса алмай, әкесі үшін текті жер – балиғатқа толмаған балаға зорлықпен ұзатылады. Уәделескен жігіті әскерлікке ұсталып кетеді. Нұрымның барған жеріндегі рухани жақтан тартқан азаптары әңгімеде едәуір жанды, нанымды суреттеледі, табиғат суреттері де біршама шынайы бояумен берілген. Ақыры жаңа заман келіп неке бостандығы күн тәртібіне енеді де, Нұрым өз бақытын іздеп жолға шығады. «Сын жиынында» ұлтымыздың тұрмысындағы жүдеу бейнесінің бірі болған жалқаулық өткір қамшыланады. Тепсе темір үзетін жап-жас Кәкім атты жігіттің түтін аңдып, тамақ іздейтін берекесіз тірлігіне ақыры ұйымның көзі ашық, күйіне білетін жолдастарының бүкпесіз сынының арқасында өзгеріс еніп, ол да адал еңбек жолына түседі. Ал, «Төраға Маоды көрдікте» қарапайым еңбекші қауымның көсемге деген шын жүрегінен жарып шыққан ыстық сүйіспеншілігі ұсақ детальдар арқылы суреттеледі. Бұл әңгімелер оқиғасының шұбалаңдығы, баяндауының бір сарындылығы, кейіпкер харектерінің ашық көрінбеуі, сюжетінің олақ құрылуы сынды ортақ көркемдік кемшіліктерден ада емес. Десе де, журналдың тұңғыш санында шыққан тұсаукесер шығармалар ретінде әрі сол кездегі көкейтесті мәселелер жөнінде өзінше пікір қозғай алғандығы үшін де құнды.

Журналдың 1954 жылғы 12-ші санында 8 әңгіме басылған. Екі санға бөліп басылған Қажғұмар Шабданұлының «Бақыт жолында» атты әңгімесі сол кездің идеялық, көркемдік жақтан едәуір толысқан үздік туынды. Әңгімеде жаңа заманның шуағына шомылып, жаңа таныммен қаруланған Сәнтай атты ауыл қызының асыл арманы, пәк махаббаты, етектен тартқан ескіліктің түрлі-түсті керенау салт-санасымен қаймықпай күрескен, өз адамдық құнын таныған өмір жолы нақышты суреттеледі. Мойынсеріктесу (ұжымдасу) кезіндегі ауыл өмірінің шын болмысы өз бояуымен нанымды бейнеленген. Сәнтай, Қастер, Майғара, Күмісжан, Шахан, Қасен қатарлы кейіпкер харектерлері қалыпқа түспей, даралық қасиеттері менмұндалап айшықты жасалғандықтан, оқырманға естен кетпестей әсер қалдырады. Көркемдік баурау қуаты да зор. Осы шығармадан болашақ үлкен жазушының қолтаңбасы айқын танылады. Бұдан басқа Оразақын Асқарұлы мен Нұрсапа Мамекеұлының «Жол үстінде» (1954 жыл 3-ші сан) атты әңгімесі де қысқа болса да нұсқа жазылған әңгіме. Әңгімеде Үрімшіге оқуға келе жатқан жаңа студенттің алып-ұшқан көңіл күйі лирикалық ырғақпен беріледі. Арасында қысқа қайырылған диалогтар мен әдемі қабысып келген қайталаулар арқылы «меннің» азапты балалық шағынан, оның әпекесінің бақытсыз тағдырынан үзік-үзік сыр шертіп, адамдардың мынау жаңа қоғамға деген түсінігі мен құрметін еріксіз арттыра түседі. Рахыметолла Әпшеұлының «Апатпен айқаста» (1954 жыл 4-ші сан) атты тырнақалды туындысында ұжымдасу кезіндегі жаңадан ұйымдасқан шаруалардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып табиғат апатымен және сенімі өзгеше адамдармен күрескенін бейнелесе, Күнгей Мұқажанұлының «Жүрек архиві» (1954 жыл 5-ші сан) атты әңгімесінде ескі үкіметтің қанды қылышы астындағы қазақ зиялыларының білімге, ақиқатқа шөлдеген әрі сол үшін бейнет тартқан күрес жолдарын суреттеп берді. Екі жазушының бұдан кейінгі «Адғыс» (1954 жыл 8-9-шы сан), «Жаңа төл» (1954 жыл 10-шы ) хикаяларында да жаңа ауыл өмірі, ғылым, мәдениет пен надандық, соқыр сенім, жаңалық пен ескі салт-сана арасындағы қайшылық пен тартыс айшықты көрініс табады. Аталмыш шығармалар жас жазушылардың алғашқы қолтумалары болғандықтан болар, жаппай баяндау, сөзуарлыққа салыну, кейіпкерлердің бәрі бір мәнерде (автордың өзі боп) сөйлеу, идеялық өлшемге көбірек бой ұрып, көркемдік жағын ескермеу сынды кемшіліктерден бой жазып кете алмады.
Жаңа әкімияттың күн санап нығайып, күшеюі қазақ даласына орасан зор өзгерістер әкелді. Қалың халық бұқарасы осынау айналасында болып өзгерістерге, жаңалықтарға басында тосырқай қараса да, артынан күшті насихат пен қатаң тәртіптің арқасында қоғамдық құндылықтарды мойындап, сезініп, барлық қозғалыстарға белсене араласты. Содан да болар әрқашан өз заманындағы игі бастаманың алдыңғы легінен бой көрсететін, жаңалықтың жаршысы бола білетін жазушы қауымды бей-жай қалдырмады. Олар мынау қым-қуат өмірдің құрушысы, жырлаушысы бола білді. Айналасындағы болып жатқан өзгерістерді көркемдік ойлаудың таразысына сала отырып қағаз бетіне түсірді. Сонымен 1955 жылдан 1958 жылдың алғашқы жартысына дейін бір топ талантты жазушылар суырылып алға шығып, жасампаздық ғұмырларының толысу басқышына өтіп, қытайдағы қазақ әдебиетін тың өреге көтеріп тастады. Міне, осы кезеңде «Бақыт жолында» (1955 жыл 1-6-шы сан), «Арыз» (1957 жыл 2-3 ші сан) атты көлемді шығармалар (повесть) оқырманмен дидарласып зор аңыс қозғаса, Рахыметолла Әпшеұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Қаусылхан Қозыбайұлы қатарлы жазушылар көркемдік өресі жоғары, әдебиет тарихының алтын қорына қосыла алатын әңгімелер жазды. Осы күнгі әдебиеттің талантты өкілдері Оразхан Ахыметұлы, Жақсылық Сәмитұлы, Омарғазы Айтанұлы, Батырқан Құсбегин, Тұрсынәлі Ырыскелдіұлы, Қанәділ Тұрысбеков қатарлы жазушылардың алғашқы туындылары осы тұста жазылып, жарияланды.

Жоғарыда айтқанымыздай, жазушылардың саяси танымы мен белсенділігінің жоғары, қоғамға деген жауапкершілік сезімінің күшті болуынан болса керек, осы тұста жарық көрген шығармалардың дені сол кездегі қоғамдық өмірдегі қозғалыстармен, жаңалықтармен тығыз қабысып жатты. «Бақыт жолында» атты повесте автордың субъективті танымы бойынша, жаңа ғана еңсе көтеріп, өз тағдырларының қожасы болған мойынсеріктесу (ұжымдасу) қозғалысына басым бөлігі белсене қатынасқан қазақ шаруаларының өмірі арқау болады. Жазушы әлеуметтік әрекетке ынталы қатынасатын, өз бақытын отбасы, ошақ қасынан емес осынау өміріне дендеп кіре бастаған қоғамдық өзгерістен, нұрлы келешектен іздейтін көзі ашық, көргенді ауыл қызы Сайраның отбасындағы, түздегі көркем бейнесін сәтті сомдау арқылы ескі бұғауды үзіп, ой-санасы жаңғырған қазақ әйелдерінің өмір жолын бір қырынан сәтті бейнелеп береді. Сондай-ақ Сайраны тұлға ете отырып мінез-құлқы, ой-санасы ұқсамайтын, даралықтары айқын Қасен, Қастер, Қабыл, Майғара, Шахан, Жәпек, Майхан образдарын сәтті сомдады. Әсіресе, жеңіл жүрісті, ісінің, сөзінің пәтуасы аз, неке бостандығын өз сұйық жүрісінің жамылғысы еткен Жәпек бейнесі естен көтерілмейді. Бұл автордың ғана емес сол тұстағы қытай қазақ әдебиетіндегі кейіпкер образын жаратудағы қолға келген табыс десек асырып айтқандық болмайды.
«Арыз» әңгіме деген айдармен жарияланған, бірақ көлемі, кейіпкер характерінің жасалуы, оқиғасының күрделілігі жағынан болсын повесть деуге әбден келеді. Шығармада кооперациялау кезіндегі Ауыл өмірі сөз болады. Жаңа өмір түлетіп ұшырған, ертеңге тіпті де құштар, «Бақыт жолындағы» Сайраға қарағанда өмір талқысынан өтіп ысылған, іскер ауыл қызы Нағым мен барға қанағат қылған, өз жеке басының қамын ғана күйттейтін, «байдан жұғады, балдан тамады» деген өмірлік қағида ұстанып, үстем тапқа деген құлшылдық идея санасына сіңіп қалған, мына жаңа өмірге тіпті өз отбасына дендеп кірген жаңалық атаулымен отаса алмай жүрген күйгелек әке Шабанбай арасындағы қайшылық, түсінбестік жылы юмормен суреттеледі. Аттан түссе де үзеңгіден түспей, күні кеше аузына қарап телмеңдейтін, қабағына қарап жалтақтайтын қара табандардың шалқып бара жатқан ырысына қызғана қарап, реті келгенде елдің қолымен от көсеп, ізін кестірмей кететін айлакер дала шонжары Қареке образы да өте сәтті жасалады. Сонымен автор ескі мен жаңа арасындағы осы тартыстар арқылы кооперациялаудың қазақ даласында оп-оңай жүргізілмегенін, қиян-кескі күрес үстінде жүргізілгенін шежірелеп береді.

Осы кезеңнің әңгіме жанрын сөз еткенімізде, ерекше тоқталып өтуге татыйтын сан жағынан да, сапа жағынан да (сол кездің тұрғысынан айтып отырмыз) әріптестерінен оқ бойы озып алдыға шығып, көзге түскен жазушы Рахыметолла Әпшеұлы. Жазушының алғашқы екі әңгімесінен кейін жарияланған «Шырға» (1956 жыл 1-ші сан) атты әңгімесі автордың жазушылық шеберлік жақтан әбден ысылғанын, өз жасампаздығында бір биікке көтерілгенін әйгілеп берді. «Шырға» сықақ әңгіме. Жолаушылап келе жатқан екі студент жауыннан паналап бір үйге түседі. Отағасы Көкебай ажырасуға сотқа арыз берген жас тоқалын қолдан шығармаудың қамын жасап, сақадай сай отыр. Ол мына қалаша киінгендерді сот екен деп қалады да бар-жоғын алдыға салып құрақ ұшып күтеді. Осы аралықта екі рет құбылады да, ақыры өзінің есепті қате соққанын біліп, тақырға отырады, оқырман күлкіге көміліп, жырғап қалады. Міне, осының бәрі де жанды сурет, ойнақы диалог арқылы әлі де болса ескі идеяның шырмауынан шыға алмай жүрген Көкбайдың аңғал, өзімшіл, күлкілі бейнесін көзалдыға жайып салады. Әңгіменің тағы бір басты ерекшелігі, ешқандай бір науқандық шара үшін жазылмағандықтан, мезгіл сынынан сүрінбей өтіп, қытай қазақ әдебиетіндегі қысқа әңгіменің үлгісі ретінде көркемдік құны күн санап артып келеді. Жазушының бұдан басқа тағы бір сүбелі туындысы «Жендет жеңге» (1955 жыл 3-ші сан). Үлкен жазушылық шабыттан туғандығының айқын белгісіндей әңгіменің тілі сорғалап-төгіліп тұр, оқыған замат баурай жөнеледі. Арсыз жеңгенің араласуымен аңқау қыз әлдебір жауапкерсіз, табанының бүрі жоқ, сырғақ жігіттің алдауына түсіп «кірленіп» қалады. Өз істегенін мойнымен көтеруге дәрмені, батылы жетпеген, адамгершілігі аз жігіттің алтын әшекейіне қызыққан жеңге жалған намысты желеу етіп, кінасыз нәрестенің көзін жоймақшы болады. Дәл осы ұят-намыс пен аналық сезім, қылмыс пен ізгілік таразыға түскен сәтте аналық мейірі оянып, кісі таңғаларлық ерлік көрсеткен қыз мына дүниенің ана-мына күңкіл-сыңқылын, салт-санасын, жалған ұят-намысын, тартқызар зәбірін қайырып тастап, өзегін жарып шыққан бауыр етіне араша түседі. Аналық сезімнің ұлылығы мен теңдессіздігі міне осылай көркем шығарманың шындығымен түйінделе келіп, сана-сезімімізге ерекше әсер етіп ана атына басымызды идіреді. «Құпия құдалық» (1955 жыл 4-5- ші сан) әңгімесінің де тілі көркем. Автордың тіл қарымы кейіпкер психологиясын қазып жазуда әрі кейіпкерін сөйлетуде ерекше көрінеді. «Тымақты отырта киіп, торы аттың беліне шыққан күні қолынан келмейтін ісі жоқ боп жүретін» (4-ші сан 48 бет), шындап келгенде ештеңе де істей алмайтын, көлденең пайда көкейін тесетін Мүсәпір мен оның еркетотай, жүрісі сұйық тоқалы Шораның (шын аты Нұрила) бейнесі өте сәтті жасалған. Бұл екеуі бірі бастап, енді бірі қостап жас қыз Зияданды шалға сатпақшы болады. Әрине, бұрынғыдай баса-көктеп емес, жаңа неке заңынан именгендіктен жең ұшынан жалғаспақшы. Сонда ғана есебі түгел болмақ. Осы сәттегі олардың кейіп-кеспірі мен болмысын автор мына диалогтар арқылы өте әдемі ашады; «Ойбой, Муке-ау, сіздің басыңызды жаратпайтын бай адыра қалсын, баламыз жас. Сенің ерте атқа мініп Жүніс Үкірдаймен жағаласып өскеніңді білмейтін жұрт бар ма, жазған!» (4-ші сан 52 бет).

«Әке-ау пішиім! Менің Жүніс Үкірдаймен жағаласып жүргенімді де біліп апсың ә? Мен оны бір топта боқтап салдым, әуелі Майғараның Мүсәпірі адам болатын жігіт екен деп жұрт шулаған» (4-ші сан, 53 бет). Осы сөздерден-ақ пайдалы жерде шалын алдыға салып отыратын сиқыр тоқал мен ісінің тұрлауы жоқ, дүрілдек шалдың қаректірі өте айқын көрінеді. Бұл сөздер текке айтылып жатқан жоқ, бір жас қыздың тағдыры шешіліп жатыр. Алайда, оқыған көзі ашық қыз мына заманның өзіне берген неке теңдігі құқынан пайдаланып оған жол бермейді де, ауыр азапты арқалап жүріп ақыры жеңіп шығады. Күні өткен ескі мінез-құлық, салт-сана өз әлсіздігін таниды, енді қайтып тұрмастай болады. Жазушының «Достар» (1956 жыл 10-шы сан) атты әңгімесінде еркіндік, теңдік үшін күрескен қиын-қыстау күндердегі Шыңжаңдағы әр ұлт халқының қалтқысыз достығы жырланса, «Биікке» (1956 жыл 7-ші сан) атты әңгімесінде кооперациялау кезіндегі көз алдындағыдан басқаны көрмейтін шүкіршіл әке мен жаңалыққа жаны үйір, заман көшінен қалмай, өмірден өз орнын табу үшін күресіп жүрген еңбекшіл бала арасындағы танымдық алшақтық, дәстүрлік парық жаттық тіл, психологиялық қазып суреттеу арқылы бейнеленеді. Осы арқылы ескі мен жаңа, тоқмейілсу мен алға басу арасындағы қайшылық астар болған сол дәуірдің шындығын көз алдымызға жайып салады. Қысқасы, Рахыметолла Әпшеұлының әңгімелерінде жаңа заманның ақниетті, еңбекшіл адамдары мен қоғамның төмен жігіне теңдік, әділдік, құқық сыйлаған заңы, осыған жалғас өмірге дендеп кірген әлеуметтік жаңалықтары жырланады. Осынау өмірде әлі де тамыры қырқылмаған ескі салт-сана, әдет-ғұрып, аз санды адамдардың қанына сіңген зұлымдық, аярлық, жексұрындық, пайдакөстік уытты тілмен түйрелейді. Әрбір әңгіменің тілі көркем. Шебер жазушының қолынан шыққан бұл әңгімелер Қытай қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған тот баспайтын алтын болып қашан да жарқырап тұрады.

Күнгей Мұқажанұлы «Мұрагерлер» (1956 жыл 12-ші сан) әңгімесі арқылы алғашқы әңгімелерінде кездесетін ұзын-сонар баяндау, жадағай суретті қуалау сынды кемшіліктерінен арылып, өз жасампаздығының жаңа бір өрлеуіне көтерілгенін аңғартты. Әңгімеде күні өткен мырзалардың кешегі азуы алты қарыс Үкірдай мен Молданың Жұмық, Мешел атты балаларының «өзгеше» достығы сөз болады. Екеуі де жайшылықта бірін-бірі көкке көтеріп мақтап жүреді әрі орайы келсе бірін-бірі оң жамбасқа алғысы келеді бірақ, бірінен-бірі қатты сақтанады, сөйтіп жүріп саятқа бірге шығады. Екеуінің бүркіті бір түлкі алады да түлкінің иедершілігі жөнінде дау шығып, ақыры қызыл-қырғын төбелеске айналады. Екі мұрагердің аталарынан нені мұрағып алғаны енді ашылып, осы күлкілі көрініс ащы тілмен сықақ етіледі. Автор кейбір деталдарды шартты түрде кіргізсе де өткір тіл, кестелі сурет шығарманың өнбойынан селкеу шығармай бас-аяғын қабыстырып жұтындырып тұр. Жазушының бұдан басқа тағы бір тамаша туындысы – «Күйдіргі». Ол жөнінде соңына таман айырым тоқталамыз.

Қаусылқан Қозыбайұлы «Қаражанның есебі» (1955 жыл 11-ші сан) атты әңгімесінде өзімшіл, бақайқұлығы мол жігіттің әйелін шығарып, жас қыз алу үшін өзін де, өзгені де аямай, аяғында қара бет болып отырып қалған жиренішті, аянышты тағдырын сөз етеді. Сол арқылы оқырманын адал өмір сүруге, адамдық қасиетті қадірлеуге, адамдар арасындағы кіршіксіз сезімді ылайламауға жебейді. Әңгіменің соңында көктем кезгі табиғат суретін сүреттеу арқылы күні өткен ескі салт-сананың, мешеу идеяның көктемгі қардай еріп жоғалатынын, ендігі ғұмыры ұзақ болмайтынын ишаралайды. Жазушының бұдан кейін жазған «Алғашқы адымда» (1957 жыл 5-ші сан) Қытай қазақ әдебиетіндегі өресі биік, көркемдік құны күн санап артатын үздік шығарма ретінде қабылданды. Бірнеше шетел тіліне аударылып жақсы аңыс қозғады әрі күні бүгінге дейін әр буын зерттеушілер жағынан зерттеліп шығарманың болмысы ашыла түсуде. Әңгіменің арқауы – кооперациялау кезіне құрылған. Аңқау, момын, күйгелек Жапалақ осы жүріліп жатқан қоғамдық өзгеріске разы болмай, іштен тынып жүрген Қодиярдың сүп-сүлеуімен «күміс жүзіктің көзіне орнатылған қара меруерттей» сұлу әйелі Мәрияны кооперацияны құрушы Асқардан қызғанып бүліне көшеді, ретін тауып Асқарға тісін де батырады (Бұлықтың дөңгелегін ұрлап, жұмысты ақсатады). Ақыры шындыққа көзі жетіп, өз қатесін танып, үйіріне қосылады. Міне, бұл кооперацияласу науқанындағы қазақ шаруаларының қуаныш-қайғысының, бейнет-зейнет жөніндегі танымдарының көркем шығармада шынайы бейнеленуі еді.

Жоғарыда біз сөз еткен үш жазушының және басқа жазушылардың осы кезеңдегі шығармаларына жалпы жақтан саралай көз жіберсек, төмендегідей ерекшеліктерді байқаймыз.

Бірінші, Жаңа Қытай Республикасының құрылуы қазақ шаруаларының өміріне көптеген жаңалықтар алып келді. Алғашқы мойынсеріктесу мен кооперацияласудың жүрілуі және неке заңының орнауы мен атқарылуы міне мұның бәрі де жазушыларымыздың жасампаздық шабытының қайнары болды. Әсіресе, неке заңы жарыққа шыққаннан кейін қазақ әйелдерінің өз бас еркіндігін қорғау және осы еркіндікті шын мәнінде жүзеге асыру үшін заңға сүйеніп алып барған күрестері, керағар күштердің ең соңғы жанталасы «Жартас», «Бақыт жолында», «Шырға», «Білмеймін», «Қаражанның есебі», «Құпия құдалық», «Жалғас жүректер» қатарлы шығармаларда кеңінен көрініс тапты.

Екінші, жоғарыдағы жаңалықтармен бірге сахарадағы денсаулық сақтау істері де жалпыласа бастады. Бұрын жергілікті емшілер мен молда-бақсыларға иек сүйеп келген момын ел бұл бастаманы тосырқай қабылдағандығы, осы барыста жастар мен үлкендердің арасындағы қайшылықтың өте өткір болғандығы «Алғыс», «Жанасыл» және Омарғазы Айтанұлының тұңғыш әңгімесі «Толғақ» атты шығармаларда шынайы бейнеленді. Бақсы-құшынаштардың ауылдағы момын шаруаларды алдап-сулап материалдық жақтан шығынға ұшыратып, рухани жақтан азаптаған озбырлықтарының шын сыры ғылым мен мәдениеттің ірге тебуіне байланысты ашыла түскендігін, «Дәрігер» деген ұғымның адамдар санасында ойып орын алғандығын айту осы шығармалардың негізгі идеялық қазығы болды. Аталған шығармаларда қазақтар арасында өмір сүріп отырған шаманизмдік әдет-ғұрыптар мен салт-саналар жан-жақтылы суреттеледі. Осы тұрғыдан алып айтқанда, бұл шығармалардың этнографиялық мәні зор деп білеміз.

Үшінші, «Махаббат-шығарманың тұздығы» демекші, адамдар арасындағы таза сүйіспеншілікті, кіршіксіз моральды, опалылықты жырлау, осы таза сезіммен ойнайтын, оған сәл қарайтын опасыздықты, берекесіздікті, тойымсыздықты даттау жазушы қауымның жазып тауыспас мәңгілік тақырыбы. Сол дәуірде белгілі қажеттен туған, үгіттік нысайы бар күн тәртіпке қойылған тақырыптар (неке теңдігі, өндіріс) қауырт жазылып басты ағымға айналған кезде жазушылар осы мәңгілік тақырыпты да ұмыт қалдырмапты. Шама-шарқынша қалам тербепті. «Жарқын қыз» ( 1955 жыл 12-ші сан) атты әңгімеде Зағира атты жеңілтек, атаққұмар, әйелдің бақытын тек ермен ғана байланыстырып ойлайтын қыздың өмір танымдарын қатты әжуалайды. Әңгіме кейіпкері жігітті қолға келтіру үшін орысша, қытайша үйреніп жүргенін, Толстойды өз тілінде оқуды армандайтынын айтып тор құрса, өз күндесіне айтатыны; «Білімі көп жігітке тию қолыңнан келсе, білімді болудың саған қажеті не?» (12-ші сан 14 бет). Мұндай айлакер, әккі қыздар әлі де айналамызда өріп жүр. Осы тұрғыдан келгенде әңгіменің тәрбиелік құны әлі жойылған жоқ деп айта аламыз. Ахмет Жүнісұлының «Хат сыртындағы жазу» атты әңгімесінде сырты бүтін, іші түтін Далбақ атты жігіттің тойымсыз сезімге ерік берем деп ақыры тұмсығы тасқа тигенін әжуалай келіп «Профессор болу оңай, адам болу қиын» деген өмір ақылиясын ортаға қояды. Сондай-ақ шығармада қала қазақтарының өмірі өте нақышты суреттеледі. Әлімжан Қатбайұлының алғашқы әңгімесі «Махаббатта» (1956 жыл 5-ші сан) қанды майданды бастан өткеріп келіп, жеті жыл зарығып өзін тосқан сүйген жарына қосылған жас жігіттің бақытты сәті лирикалық сезіммен суреттеліп, опалы махаббатты тебірене жырлайды. Ал, Батырқан Құсбегиннің «Қайта туған махаббат» (1957 жыл 7-ші сан) атты тырнақ алды туындысында арман қуған тәрбиелі, опалы қыз бен жеңілтек жігіттің махаббаты әңгімеленеді де оқырманын ізгіліктің, сұлулықтың қасиеті мен опасыздықтың, жексұрындықтың шын мәнін тануға жебейді.Осы әңгімелерден сол кездегі жастардың өмірлік жар таңдау өлшемін де көріп алуға болады. Мысалы, таптық тегінің таза екенін қызға сөйлесудің басты капиталы ету, байдың қызын алғандарды күстаналау, міне, бұдан сол кездегі адамдарды шыққан тегіне қарап айырып, бағалайтын солшылдық бағыттың ызғарын байқаймыз.

Төртінші, Жаңа қоғамның орнауы өмірге үлкен өзгеріс әкелді. Мұны дер кезінде көре білген ақын-жазушылар өз шығармаларында осы өзгерістерді үгіттеді, жырлады. Бұл әрине, солай болуға тиісті. Мінсіз адам болмайтыны сияқты мінсіз, кемелді қоғамның бір күнде орнай қалуы да қиын ғой. Республиканың шаңырағы жаңа көтерілді. Кейбір ескі, керағар күштер әлі де әрекет етуде, адамдардың сана-сәулесі мен таным-түсінігі де жаңа талаптан алшақ жатыр, міне, осыдан туған кінәраттар мен кемшіліктерді байқау, әшкерелеу өте маңызды. Бұл міндеттің де салмағы «адам жанының инженері» атанған ақын-жазушыға түсері хақ. Әрине, сергек қаламгерлеріміз жеңістен басы айналып, көзі тұманданып бірыңғай мадақ жырын шырқай бермеді. Жаңа қоғамның өздері таныған қалтарыс жақтарын, көзге ұрып тұрған кінәраттарын көркем шығармаларында көркемдік шындықтың деңгейіне көтере отырып бейнелеп берді. Міне, мұндай шығармалар Рахыметолла Әпшеұлының «Экрандасы» (1957 жыл 3-ші 4 сан) мен Күнгей Мұқажанұлының «Күйдіргісі» (1957 жыл 10-шы сан) еді. Р. Әпшеұлының әңгімесінде қызмет стилі жағынан төрешілдікке дағдыланған, моральдық жақтан шіріктескен бір басшы кадрдың өмірі шынайы суреттеледі әрі әділетті күштер мен билікке иек артқан қара күштердің арасындағы ымырасыз күрес жадағайланып, сипай қамшылауға салынбай ашық бейнеленсе, К.Мұқажанұлының әңгімесінде ауылға келген шолақ белсендінің өзінің ұрт мінезіне, шолақ пайымына, жоғарыдан келгеніне мастанып көрінгенге нұсқау беріп, мектеп оқушысынан тартып ауыл ақсақалына дейін қысым көрсетіп шу-шұрқан шығарғанын, жиында ұзақ сөйлеп, қарсы келгенге «қалпақ» ала жүгіргенін жазу арқылы сол кездегі «солшыл» саясаттың адамдар санасына әкелген үрейін өте нанымды етіп суреттеп береді. Екі жазушының осы екі шығармасындағы қолға келтірген көркемдік жақтағы табыстарын айтпағанның өзінде, сол қыл үстінде тұрған саяси шарт-жағдай астында қоғамның қалтарыс, көлеңке жақтарын батылдықпен ортаға қоя алған жүрек жұтқан ерліктері, осы ерлікке апарған жазушылық ұжданы, қоғамға деген жауапкекершілігі сүйінуге әбден татиды. Осы екі әңгімесі үшін екеуі де жұмыстан қуылып, шығармашылық еркіндіктен айрылды.

Осы күнде қытайдағы қазақ әдебиетінің ыстығына күйіп, суығына тоңып нардың жүгін көтеріп жүрген, әсіресе, жаңа дәуір әдебиетінің алдыңғы легінен көрінген бір топ танымал жазушылар міне осы кезеңде (1956–1958 жылдарда) тұла бойы тұңғыш шығармаларын оқырманға ұсына бастапты. Жақсылық Сәмитұлы «Қарғыс пен алғыс туралы» ( 1956 жыл 2-ші сан) атты алғашқы қалам тербеуінде бала тәрбиесі туралы сөз қозғайды. Жазушы «баланы бастан...» деген ата-бабамыздың әйгілі нақылының құнын қуатының жетісінше көркемдік шындық өресіне көтеріп бейнелеуге тырысса, Оразхан Ақметұлы да балаларға ой салатындай өзіндік астары бар, ізденімпаз оқушы мен жалқау, алаңғасар оқушының мінез-құлқын кішкене детальдармен нанымды бейнелеген «Кішкене суретші» 1956 жыл 4-ші сан) атты әңгімесімен әдебиет босағасын аттады. Жазушының бұдан кейінгі кешегі сордан көзі ашылмаған жігіттің бүгін халық қажетіне жарап, өмірден өз орнын алып, алқаулы азаматқа айналғанын бейнелейтін «Менің досым» атты әңгімесі болсын, немесе күрделі сюжеттен құралған, кешегі дала қасқырының мына жаңа заманды қабылдамай жауығып жаралы жолбарыстай жұлынған қалын, ақыры заман, тарих ағымына қарсы келе алмай құрдымға кеткенін; мұңлы да жапакеш ауыл әйелінің заң-тәртіп пен көне салт-сана алдында, әйелдік сезім мен қиянат арасында кайтерін білмей арпалысып, ақыры ақыл жеңіп ерінің халыққа жасаған қиянатын әшкерелеу барысындағы күрделі көңіл күйін қаза суреттейтін «Қақпанға түскен қасқыр» (1957 жыл 5-ші сан) әңгімесі болсын бәрі де әдебиетке үмітті жастың келгенін аңғартты. Қанәділ Тұрысбеков жаңа қоғам тәрбиелеген пионердің тамаша моралін, ізгі арманын сөз ететін «Галусток» (1957 жыл 7- ші сан) атты әңгімесімен, Тұрсынәлі Ырыскелдин махаббат қызығына ерте беріліп, көрінген гүлден шырын іздеген орта мектеп оқушысының ең соңында мұзға отырып қалғанын әрі содан сабақ алып жаңа өмір жолына түскенін әдемі сезімдік бояулармен суреттейтін «Иесіз оқушы» (1957 жыл 9-шы сан) атты әңгімесімен әдебиет сапарына жолдама алды. Жоғарыдағы жас жазушылардың бәрі де алғашқы шығармаларын балалар, жасөспірімдер өмірін суреттеуден бастапты. Әрине, жас жазушыларымыздың саналы түрде өздері бастан өткерген, жандарына жақын, етене таныс өмірді жазу арқылы таяздан тереңге, оңайдан қиынға өтіп, үлкен дайындықпен әдебиетке келгенінен дерек берсе керек. Бұл пікірімізді бүгінгі әмалият дәлелдеп отыр.

1957 жылдың соңынан бастап Қытайдың саяси атмосферасы суыта бастады да 1958 жылға келгенде бұл өрлеу шегіне жетіп құйын болып ұйтқыды. Жер-жерден оңшылдар, жергілікті ұлтшылдар аласталды. Бұл құйын Қытайдағы қазақ әдебиетінің құлпырып тұрған проза бақшасын отап кетпесе де қауашақ ашқан небір гүлдерді семдіріп, жемістерін мерзімсіз түсіріп едәуір ойрандап кетті. Өмір тәжірибесі молайып, жазушылық шеберлігі ұштала түсіп дер шағында тұрған Рақыметолла Әпшеұлы, Күнгей Мұқажанұлы т.б. жазушылар және әдебиет босағасын жаңа аттаған Оразхан Ахметұлы, Жақсылық Сәмитұлы, Батырхан Құсбегин қатарлы талантты жастарымыз әдебиет сахынасынан шеттетілді немесе Тарым лагеріне кетті. Сонымен, Қытайдағы қазақ прозасы тоқырау, шегіну күйіне түсті. 1958 жылғы журналдың сандарын ақтарып көретін болсақ, әшкерелеу сипатындағы әпербақан мақалалар мен қытай тілінен аударылған шығармалардың басым орынға шыққанын байқаймыз. Бұл жылғы журналда Ахмет Жүністің бірер әңгімесі, Қанәділ Тұрысбековтың «Жас мичуринші», «Бір қол» әтты әңгімелері жарияланыпты. 1959 жылға келгенде прозада аз-паз жандану болды. Бұл жылдағы бірден-бір жілігі татитын, кезінде сыншылардың жоғары бағасын алған туынды Қаусылқан Қозыбайұлының «Он жылдықтың озаты» атты әңгімесі еді. Әңгімеде әлеуметтік іске араласып ысылған, сахарадағы ауыл әйелдерінің жаңа жиынтық бейнесі Дәметханның образы сәтті жасалған. Ол басшы ретінде айналасындағы әртүрлі мінездегі адамдармен тілін тауып сөйлеседі. Үй ішінде әкесіне еркелей білетін ет пен сүйектен жаралған кәдімгі адам және мезгілсіз өмірдің қатаң сынағына тап болған жас әйел (жесір) бірақ осалдығын байқатпайды. Табиғат апаты, сумақы өсек алдында қайыспайды, қайта алған бетінен қайтпай шыңдала, шыныға түседі. Міне, осының бәрі де жалаң-жадағай баяндаумен емес, көркем тіл, нақышты сурет, ішкі толқыныс арқылы беріледі.

1960–1965 жылдар аралығы Қытай қазақ әдебиеті үшін өте ауыр кезең болды.Бұл кезде әсіресе, соңғы жылдарында саяси шеңбер тіпті де тарая түсіп, жазушылар кең көсіліп жаза алмады. Өнердің қасиетіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көптеген жалаң, үстірт теориясымақтардың шашбауы көтеріліп , жақсы, озық дәстүрлер ұмыт қалды. Шеңберге шек келтіргендер шетке қағылды немесе найза ұшына ілінді. Адамдық қасиеті аздау, жалаң күрес отына шыныққан қаһармандар образын жасау, кейіпкер характерлерін қайнаған еңбек үстінде ашу, таптық күресті асыра дәріптеу, реал өмірді бейнелеуден көрі оптимистік рухты желеу етіп әсіре романтизимнің жетегінде кету , белгілі бір ұғымды дәлелдеу үшін ойдан ойып факті жасау міне бұл осы кезеңде жазылған шығармалардың басты ерекшелігі болды. Дегенмен обьективті себептер жазушыларымыздың субьектив белсенділігіне су себе алмады. Олар бар мүмкіндікті пайдалана отырып шамаларының келісінше туған әдебиетіміздің тұншықпауы, түтінінің түзу ұшуы үшін тер төкті, еңбектенді. Қолдан жасалған дағдарыстан құтылудың жолын іздеді.

Қаусылқан Қозыбайұлы, Бұлантай Досжанұлы, Тұрсынәлі Ырыскелдин, Қанәділ Тұрысбеков, Шайсұлтан Қызырұлы, Жақып Мырзақанов, Қайролла Баянбайұлы, Оразбек Әбділұлы, Шаһарқан Құрманов қатарлы жазушыларымыздың есімі міне осы кезде журналда жиі көрінді.

Ауылдың жаңарған бейнесі мен туған жерін көркейту үшін тер төгіп жатқан жаңа заман адамдарының көңілді тұрмысынан төгілдіре сыр шертетін, сондай-ақ есі-дерті көлденең пайдаға ауып, оңаты келгенде аңқауды алдап соғатын сумақы Күлайдың, жүрген жерінде өсекті қарша боратып, көрінгенге мін тағатын жымсыма, пайдакөс Биғайша бейнелерін Қаусылқан Қозыбайұлының «Хат» ( 1960 жыл 12 сан) «Көктем күндері» (1963 жыл) әңгімелері; жасампаздық дағдарысына ұшыраған «меннің» қайнаған өмір ортасына араласқаннан кейін үлкен шабытпен дастан жазғанын жанамалай айта отырып, заманымыздағы қазақ зиялыларының жарқын бейнесін сомдаған, бастан-аяқ диалог пен монологтан тұратын Бұлантай Досжанұлының «Жүрек жұлдызы» (1962 жыл), аңшылар өмірінен келістіре сыр шертетін, табиғат пейзажын төгілдіре берген Қайролла Баянұлының «Саятшылар» (1962 жыл 2-ші сан), малшылар өміріндегі достық бәсекені тілге тиек еткен Ғани Саржанұлының «Теңелуі» (1964 жыл 9-10-шы сан), жұмысшы қыздардың асқақ арманын, жалынды махаббатын, сондай-ақ әр ұлт жастарының ұйыған берекесін, өз бақытын адал еңбектен іздейтін көзқарасын әдемі өріммен жеткізетін Жақып Мырзақанұлының «Жайлау гүлдері» (1965 жыл ) атты әңгімелері сол заманның айта қалсын туындылары болды. Бұл шығармаларды осы жас жазушылардың жеке жасампаздық өмірінде ғана емес әдебиет тарихында да келелі маңызға ие болады деп білеміз.

Қытай қазақ прозасының осы он бес жылы әлдекімдер айтып жүргендей жоқтан бар жасап, қу тақырдан өсіп шыққан ғажайып құбылыс емес, қайта алдыңғы аға буын ұрпақтың салған ізін басып, жаңа әкімият берген тамаша шарт-жағдайдың жебеуінде толассыз ізденістер арқылы дамыған, тоқыраған, сәтті-сәтсіз сынақтарды бастан өткерген, кеше мен бүгіннің дәнекері болатын, даму мен дағдарыстың не екенін толық түсіндіріп бере алатын өтпелі кезең болып табылады. Бұл өтпелі кезеңнің қыр-сырын тану, оны толық қамтып жазу бұл шолу мақаланың көлеміне сыймайды әрі мақаланың міндеті де емес. Мақала осы мақсаттың қолға алынуына мұрындық бола алса, өз міндетін толық өтеген болар еді.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір