Келіннің сәлемі – киелі танымның бөлшегі
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде келін бейнесі мен оның әлеуметтік-рәсімдік міндеттері ерекше мәнге ие.
Солардың ішінде кең тараған әрі бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан ғұрыптардың бірі — келіннің сәлем етуі. Көп жағдайда бұл әрекет тұрмыстық әдеп немесе үлкенді сыйлау формасы ретінде қарастырылып келеді. Алайда этнографиялық деректер мен көне дүниетанымдық ұстанымдар келіннің сәлем етуі әлдеқайда терең, киелі мағынаға ие екенін көрсетеді. Келін – өзі түскен әулеттің, шаңырақтың қызметшісі, күңі емес, ол сол Әлемнің, Кеңістіктің ұйытқысы, үйлесім көзі.
Қазақ дәстүріндегі келіннің сәлем етуі — көп жағдайда тұрмыстық әдеп, үлкенге құрмет белгісі ретінде ғана түсіндіріліп жүр. Алайда бұл ұғымның түп-тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. «Сәлем салу» деген тіркес те дәл емес. Өйткені келіннің сәлем етуі — алдымен адамға емес, ежелгі дүниетанымдағы Көкке, Күнге, яғни Жоғарғы құдыреттерге бағытталған ғұрыптық ишара.
Қазақ қоғамында келін қайын жұртындағы жеті аталық қауымдағы қандас туыстарға жататын, күйеуінен жасы үлкен барлық адамдарға — ерге де, әйелге де — сәлем етеді. Бұл сәлем белгілі бір адамға ғана арналмайды. Тіпті үлкен кісіні сыртынан көрсе де, ол кісі келінді байқамай тұрса да, келін сәлем етеді. Себебі бұл әрекеттің мәні — көзге көріну немесе жауап күту емес, дәстүрді, рухани заңдылықты орындау. Ол — ең алдымен Жаратылысқа, Көкке, ғалам заңдылығына бағытталған рәсім.
Келіннің сәлем етуі күнделікті кіріп-шыққан сайын атқарыла бермейді. Оның да өз уақыты, өз орны бар. Ең маңыздысы — сәлемнің қалай етілетіні. Дәстүрлі, дұрыс сәлем белгілі бір қимыл-қозғалысқа негізделген: келін оң аяғын алға оздырып, тізесін бүгеді де, сол сәтте қос қолын тізе үстіне айқастыра қояды. Сосын басын сол айқасқан қолға қарай иеді. Бұл — кездейсоқ қимыл емес.
Қолды айқастыру — айқыш қылу, Х — ежелгі Күн мен Көктің таңбасы. Ол аспан мен жердің, жоғары мен төменнің, рух пен тәннің, аталық пен аналық негіздердің үйлесімін, бірлігін білдіреді. Сондықтан қолды ербеңдетіп, бір қолын артына жасырып, бір қолын алға созып, алақан жайып немесе жай ғана шолтаң еткізіп тізе бүге салу — дәстүрлі сәлемнің бұрмаланған түрі. Мұндай әрекеттер шынайы ғұрыптық мағынадан алыстайды.
Осы тұрғыдан алғанда, келіннің сәлем етуі — жай ғана әдеп емес, қазақтың көне космогониялық түсінігін, экологиямен (космоспен) үйлесімін, Жоғарғы күштерге деген іштей құрметін сақтап келген ерекше мәдени код. Оны дұрыс түсіну — дәстүрді сыртқы форма ретінде емес, ішкі мәнімен қабылдау деген сөз. Сәлем ету – құлдық ұру емес, келіннің өзі түскен әлемді, Кеңістікті құрмет тұту, оған деген келісім мен үйлесім.
Серік Ерғали, мәдениеттанушы
Abai.kz