Абайдың екінші қара сөзінің философиялық мағынасы
БІРІНШІ ҚАРА СӨЗДІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МАҒЫНАСЫ
«Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе - шаршап, жаяу жүрсе - демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп. Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» деп.
Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық - бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық казақ», - деп үйінен қуып шығарады. Оның бәрі - бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?».
Бір қарағанда қазіргі заман оқырманы «Абайдың бұл сөзінде қандай философия болуы мүмкін?» деп қарабайыр түсінікке жол берері анық. Әрине, мұнда да шындық бар: тұрмыс тауқыметімен кең далада мал соңынан көшіп‑қонып жүрген қазақ қала сала алмады, мектептер аша алмады... Өзара саудаға саларлық базары да жоқ, оған шығарар заттары да жоқ... Бар саудасы қора‑қора малын сарт пен орысқа, одан қалды ноғайға (татарға деңіз) айдап, оны ары‑бері саудалап, өзіне қажетті алу ғана...
Осы тұрғыда ойланған Абай «Кімнің тұрмыс‑тіршілігі тұрақты?» деген әлеуметтік‑философиялық сұрақты қояды. Егер, осы мәселеге философиялық санамен «алысты болжау» тұрғысынан қарастырсақ, әрине, қазақтың тұрмыс‑тіршілігі айтпай келетін апаттан, жұттан, қуаңшылықтан, індеттен мейлінше қорғансыз күйде екенін көреміз. Яғни, қазақ өзі айтқандай: барша қазақтың тұрмыс‑тіршілігінің тұрақтылығы, өмірінің қауіпсіздігі «Бай ‑ бір жұттық» деген аксиомалық ақиқаттың өтінде тұрғанын байқауға болады. Абай өз сөзінде халқының осы күйін дөп басып, оның болашағының бұлыңғырлығына алаңдайды.
Иә, оқырман «Мұнда қандай философия болуы мүмкін?» деген сұрақты тағы да қоюға құқылы. Оған берер жауап біреу ғана: «Осы сұрақты мыңғыраған малға ие болып отырған байлар неге қоймаған?» деп, сұраққа сұрақпен жауап беру. Шындығында, қазақ байларының «мыңғыраған малы» кенеттен, ғайыптан пайда болған жоқ қой? Ол байлықтың пайда болуы үшін қаншама тер төгілді, бүкіл ауыл болып, әулет болып қаншама еңбек сіңірілді...
Ендеше, осы байлықты еселеу, оны тек өз қажетіне емес, осыдан үлес алып күнін көріп отырған тұтас елдің өмірінің діңгегі болатындай «Байлығымыз тұрақты ма?» деген сұрақты алдымен бай‑бақуатты адамның өзі қоюы тиіс еді ғой. Жоқ, ондай үрдіс байқалмайды. Қазақ байлары сауда мен кәсіпкерлікті дамыту, шағын өндірістер ашу және т.т. шығындарға баруға жүректері дауаламайды. Олар ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан «Бір малым екеу болса» деген ережеден ауытқымайды. Сол себепті де, олар осы міндетті не орысқа, не татарға, не сартқа «міндеттеп» қояды. Бірақ, олар да қарап жатпай құрал‑сайман өндірісін үнемі жетілдірумен болады. Ол жетілген сайын, оның қазаққа келер бағасы да өсе береді. Сөйтіп, қазақтың оларға деген тәуелділігі де үзбей арта береді.
Ал, қазақтың осы күйде қала бергені саудагер мен кәсіпкерге өте пайдалы: азық‑түлігін, шикізатын халық арзанға беріп отырса, одан артық не керек?
Міне, Абай көтеріп отырған мәселе осы: халық үшін экзистенциялық, басқаша айтсақ – өмірмәндік мәселе қатарында тұрады. Ал, ондай мәселені адамзат тарихында тек философтар ғана үнемі көтеріп отырған. Сондықтан, осы мәселені көтеру арқылы Абай өзін философиялық ойлау шеңберіне көтерілген тұлға ретінде көрсетеді (позициялайды).
Сол себепті де, Абайдың екінші сөзінде өз халқының өмірінің тұрақты болуы, оның алыс перспективаларға жоспарлана алуы, сөйтіп, халқының «бір жұттан қырылып қалмайтындай» тұрақты даму жолына түсуі қажеттігі «зарзаман» философиялық форматында айтылады.
Абай тек оны айтумен шектелмейді: ол оның мысалын алыстан іздемейді, қазақ халқы жақсы білетін, көзі үйренген, қарым‑қатынасы мен алыс‑берісі орныққан көршілерінің тұрмыс‑тіршілігінен алып, соны алға тартады. Қазақ айтатын «Сарт байыса там салады» деген тәмсілін қазақтың жадына қайыра салып, өзіне қарата айтады.
Әрине, сол замандарда отырықшылыққа бет бұрған орыс та, сарт та, олармен араласы жиі ноғай да отырықшылық өмір салтына тән «еңбек бөлінісі» қатынасына түсе бастады. Әркім өз қарымы мен қабілетіне сай кәсіптерді меңгеріп, оны жетілдіріп, өзгеше мәдени қалыпты – отырықшылық өмір салтын қалыптастыруға көше бастады. Болмаса, күні кеше ғана өзімен өрісте малын қатар айдаған ноғайлар кенеттен озып, алға шықты деуге еш негіз жоқ.
Бар мәселе олардың көшпенді мәдениеттің перифериясында (шеткері аймағында) орналасуында болып отыр. Олар тарихи тұрғыда қалыптасқан геосаяси жағдайына байланысты «сыртқы әлеммен» тығыз байланыса отырып, эволюциялық жолмен сыртқы әлемнің «өмір сүру қалыбын» өзінің мәдени өрісіне трансформациялады. Бұл объективті процесс. Өйткені, қоғам өмірінің басты мағынасы мен мақсаты да экзистенция, яғни, өмір сүру, жақсы өмір сүру екені анық.
Мұндай процесті орыс халқы бастан кешірген. Әуелі «орман халқы» қалыбында өмір сүрген халық, Петр‑1 патшасының келуімен экономикасын еуропалық бағытқа бұруды қолға алды. Оған бірінші Петр патшаның жас кезінен Еуропаға барып, жұмысшыдан бастап, сол заманғы өндірістік технология негіздерін меңгеріп қайтуы көп ықпал еткен. Таққа отырған соң ол қалалар салуға, сауданы дамыту үшін «теңіз қақпасын» ашуға бар күшін салды. Еуропадан архитекторларды, сәулетшілерді шақырып, жаңа қалалар тұрғызып, жаңа қоғамның негізін қалауға кірісті. Тіптен, ескіден ажырағысы келмеген консервативті боярларын «еуропалық өмір салтын» қабылдамағаны үшін қатаң жазалады да.
1‑Петр енгізген мемлекеттік құрылым дами келе енді‑енді қалыптаса бастаған империялық санаға одан әрі пәрмен берді. Көрші орналасқан империялық дәстүрі бар елдермен қиян‑кескі шайқастар басталды.
Ал, оның ықпалындағы Татария, Ноғайлар, Башқұрлар, Қырым татарлары және өзгелері осы империялық сананың өз аумағындағы көшірмесін жасап шықты. Оны Абай нақты дәлелмен былай түсіндіреді: «Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық казақ», - деп үйінен қуып шығарады» деп, шындықты ортаға салады.
Негізі, қоғамның дамуында сауда қатынасының дамуы қай заманда болмасын орасан зор роль атқарған. Ендеше, сауданы тек «тауар айырбасы» деңгейінде меңгеріп, одан көп ұтылып жатқан қазақ тұрмысын Абай дөп басады. Бұл да терең философиялық ойдың нәтижесі болса керек...
Ал, мәдени тамыры тым тереңге тартатын «сарттар» (Абай оған тәжіктерді және тәжікпен қаны мен мәдениеті араласқан түркітілдес халықтарды жатқызады) – көнеден қол өнері мен қала құрылысын дамытқан, махалла сауда қатынасын меңгерген, үнемшіл әрі пайдашыл, не нәрсені кәдеге жаратуды ойлайтын менталитетті әлдеқашан меңгеріп үлгерген еді.
Әрине, бұл кең далада малды өріске салып қойып, уақытының көп бөлігін сауық‑сайранмен, еркін ойлаумен, қиялдаумен, шешендік айтыстармен, күрес пен додада жігіттік қасиетін шыңдаумен өткізетін қазақ менталитетіне қарсы бағытта болары заңды. Онымен қоса, ол замандағы қазақтың дәстүрі мен салттары ер азаматты «жігіттікке» баулудың тетігі еді. Ал, «жігіттік» ұғымының астарында қазақы мәрттік, жауынгерлік, шындық пен ар‑намыс, әділетсіздікке төзімсіздік сияқты асыл қасиеттер жатады. Бірақ, қазақтың бұл менталитеті ‑ еуропалық ғылыми тілде «рыцарлық» деп аталған мінезі ‑ орыс‑ноғай‑сарт прагматизмінен алшақ, негізінен романтикалық сипатта қалып қойған еді. Абайдың да көріп‑біліп отырғаны осы жағдай!
Осы тұстағы Абайды өкіндіретін нәрсені былай суреттеуге болады: Абай ол елдердің прагматизмі қоғамның әлеуметтік жағдайын тұрақты етіп, оның іргетасын бекітеді. Ал «қазақ романтизмі» ондай тұрақтылыққа ие емес, сондықтан, халықтың өмірі де қауіп‑қатер өтінде тұрады. Сөйтіп, Абай осы екі арадағы бәсекелестікте, не болмаса, «астыртын шайқаста» қазақ үнемі ұтылыста бола береді деген үлкен философиялық ойды көтереді. Бұл Абайдың өзге елдің дәстүрін дәріптеуі емес, өз халқына барар жол бағытын сілтеуі.
Тарих қателіктерді кешірмейді. Абайдың со заманда айтқан терең ойы мен алаңдауы араға отыз жылдай салып, қазақ халқының тағдырында «ашаршылық» деген атпен орын алды. Ол халықтың басына төнген алапат мегатрагедия болып шықты. Ал, халқымыздың оның зардабын әлі күнге тартып жатқаны ‑ бүгінде бізге белгілі тарих.
Міне, егер белгілі бір ықпалды күштер (байлар делік) сол заманда Абайша ойлап, халқының өмірін әртараптандырып, халықтың ауқымды бөлігін тұрақты мекендерге қоныстандырып, ондағы «еңбек бөлінісін» қамтамасыз етуді эволюциялық жолмен жүзеге асыра бастағанда – жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары халықтың тең жартысы аштан қырылған ашаршылық апаты болмас па еді, бәлкім.
Жоқ, ол кезде Абайдың бұл философиясын, терең ойын қоғам қабылдамады. Қалыптасқан экономикалық үрдіс осылай жалғаса беретініне ешкім шүбә келтірмеді. Нәтижесінде, империялық билік алмасуынан кейін, қазақ халқын күштеп отырықшылыққа көшіру орын алғанда – халық оған дайын болмай шықты.
Егер, Абай айтқан жоба сол замандардан қалыптаса бастағанда, отызыншы жылдары аштықтан «барар жері, басар тауы» қалмаған, малынан айырылған жұртқа пана боларлық «өз қамалы» болушы еді. Бірақ қазақта ондай «қамал» болмады. Өзімен‑өзі бекініп алған өзгелер оны қабылдамады... Қазақ кең далада, қамал маңына жетер‑жетпесте қырылып қалды...
Сонымен бірге, Абайдың екінші сөзіндегі философиялық түйінді ойдың бүгінде де өзекті болып отырғанын айта кету артық емес:
- Қазақ елінің дамуы әртарапты бағыттан тұрады, ол бағыттардың әрқайсысы Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігіне кепіл болады;
- Қазақ халқы өзінің рухани‑мәдени дамуында өзінің ежелден келе жатқан салт‑дәстүріне сүйенеді және оны әлемдік даму үрдісімен ұштастырады;
- Қазақ елі өзінің барлық асыл қасиетін жаңа заманда жарқыратып көрсетеді және өзінің романтикалық бейнесін озық прагматизммен жалғастырады.
- Әрбір қазақ азаматы «абайша ойлау» қалыбын бойына сіңіреді...
Міне, осылай деп мақаламды аяқтаймын. Тек соңғы буындағы «төртінші ойды» Абай емес, өзім айтқанымды назарда ұстауларыңызды өтінемін, құрметті оқырманым...
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ‑публицист
Abai.kz