Дүйсенбі, 26 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 343 0 пікір 26 Қаңтар, 2026 сағат 15:16

Қазақстан азаматтарына Үндістан тегін виза енгізеді

Сурет: Егемен Қазақстан сайтынан алынды.

Астанада Үндістан Республикасының 77 жылдығына арналған ресми қабылдау өтті. Іс-шара барысында Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ю.К. Сайлас Тангаль екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтіп, қазақстандықтарға қатысты маңызды шешімді жариялады.

Елшінің айтуынша, Үндістан Үкіметі Қазақстан азаматтарына туристік және медициналық мақсаттармен, сондай-ақ ілесіп жүретін тұлғалар үшін 30 күнге дейінгі мерзімге тегін виза беру туралы шешім қабылдаған.

«Екіжақты туризмді ынталандыру мақсатында Үндістан Үкіметі Қазақстан азаматтарына 30 күнге дейінгі мерзімге тегін виза беру туралы шешім қабылдады», – деді дипломат.

Оның сөзінше, визаны онлайн форматта да, сондай-ақ Үндістан елшілігі арқылы тікелей рәсімдеуге болады.

Сонымен қатар елші туристік алмасудың артып келе жатқанын атап өтті. Үнді тараптың бағалауынша, 2025 жылы Қазақстанға келген үнді туристерінің саны шамамен 250 мың адамға жеткен.

Сөз барысында Ю.К. Сайлас Тангаль Үндістанның бүгінде әлемдегі төртінші ең ірі әрі ең жылдам дамып келе жатқан экономикалардың бірі екенін айтты. Ел IT, жасанды интеллект, финтех, фармацевтика және цифрлық инфрақұрылым салаларында тұрақты өсім көрсетіп отыр.

Бұдан бөлек, елші Үндістан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі мемлекет ШЫҰ, БРИКС, АӨСШК, БҰҰ және «Үндістан – Орталық Азия» диалогы аясында тығыз ынтымақтастық орнатқан.

Сондай-ақ екіжақты сауда көлемі шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрайтыны айтылып, бұл көрсеткіштің әлеуеті әлдеқайда жоғары екені атап өтілді.

Іс-шара соңында Үндістан елшісі барша қонақты Республика күнімен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да дами беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Үндістанда беті бүркенген адамдарға зергерлік дүкендерге кіруге тыйым салынды.

Abai.kz

0 пікір