Қазақстанда ұн қымбаттауы мүмкін
Өткен аптада ішкі нарықта дәнді дақылдар мен зығыр бағасы өсті. Бұл туралы Қазақстанның Астық одағы хабарлады.
Елдің солтүстігіндегі белсенді жөнелтулер мен қатты аяз жаппай тұтынылатын дақылдар — 5, 4 және 3-сыныпты бидай мен арпа ұсынысының күрт азаюына алып келді. Соның салдарынан баға жергілікті деңгейде өсе бастады.
Нарықтағы мұндай үрдісті байқаған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бағалар одан әрі көтеріледі деген үмітпен өнім сатуды тежеп отыр. Бұған қоса, қатты аяз астықты қоймалардан элеваторларға тасымалдауға кедергі келтіруде. Осы факторлардың жиынтығы бағаның әрі қарай өсуіне ықпал етіп отыр.
– Белсенді жөнелтулер мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің бидай, арпа және зығыр сатуды шектеуі ішкі және сыртқы нарықтарда дәнді және майлы дақылдар бағасына қолдау көрсетуде. Қазіргі таңда барлық астық пен майлы дақылдар бойынша өндірушілер баға одан әрі өседі деп күтуде және сатуға асығар емес. Бұған, сонымен қатар, егіс науқанына дайындық үшін қаржыға мұқтаждықтың болмауы да әсер етіп отыр. Дәл осы себептен отандық құрамажем ұнын өндірушілер Ресейден төмен сұрыпты бидайды белсенді түрде импорттай бастады. Бидай бағасының қымбаттауына байланысты ұн тарту өнімдеріне — бидай ұны мен құрамажем ұнына экспорттық бағаның да өскені байқалуда, — деп келтіреді Қазақстан Астық одағының талдау комитетінің басшысы Евгений Карабановтың сөзін “АПК Новости”.
Abai.kz