«Алаш» атауы қайдан шықты?
Ноғайлы және Алшын мәселесі
Серік Қондыбай. «Есен-қазақ». – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. – 255-262 беттер.
Үзінді
Ноғай мәселесін қарастырғанда әлі күнге дейін мән берілмеген мәселе – “Кіші жүз немесе алшын қазақтарының ноғайлы заманындағы тарихы қандай?” деген сауалға жауап іздеу еді. Қазақ тарихшыларының бірде-біреуі, мейлі тарихшы болсын, мейлі әдебиетші-фольклортанушы болсын осы мәселеге жауап іздеп көрген емес. Бұл жерде біз Шоқанды да, М.Тынышбаевты да, С.Сейфуллинді де, ХХ ғасырдың 60–90 жж. қазақтың советтік және тәуелсіздік дәуірінің зерттеушілерін де айтып отырмыз, яғни осындай тақырыптарды қарастырғанда жауырды жаба тоқу, мәселенің басын ашпай жалпылай салу сияқты мәймөңкелік жүрмегені абзал. Осындай шалалықтың бастауы халықтық аңыз, жалпы ауыз әдебиетінде қалыптасқан тарихи тану принциптерінің еш өзгеріссіз, саралаусыз, оның астары түсінілместен, автоматты түрде тарихи ғылымның әдістемелік принциптеріне айналуында жатыр еді.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.
Тарихи жазба құжаттардың жетіспеушілігі жағдайында XV–XVI ғасырларға дейінгі ноғайлы қоғамының рулық құрамын дәл анықтап бермесе де, тізімдік негізі сұлбасын анықтау үшін ретроспективалық әдісті қолданамыз. Бұл әдіс – ноғайлы қоғамынан XV–XVI ғғ.-дан кейін өсіп шыққан бүгінгі түркі-қыпшақ тілді халықтардың рулық-тайпалық құрамындағы ерекшеліктерді саралау арқылы XV–XVI ғғ.-ға дейінгі ноғайлы қоғамының рулық-тайпалық құрамының негізгі сұлбасын анықтау.Ол үшін бүгінгі тегін ноғайлымен байланысты бүгінгі ноғайлар, қарақалпақтар, қазақтар және сібір, қазан, астрахан, қырым татарлары, ішінара өзбектердің рулық құрамына талдау жасаймыз.
Бүгінгі ноғайлардан белгілісі – қараноғайлар. Бұлар бүгінде Дағыстанда тұрады. Олар жембулық, жетісан, жетіқұл болып үшке бөлінеді. Ал осы үш ру өз кезегінде ішкі руларға бөлінеді:

Ал ставропольдік-қарашайлық ақноғайлардың рулық құрамы белгісіз, қолымызда дерек жоқ. Ресейге бағынғаннан кейінгі, яғни XVIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIX ғасырдың тұла бойына ноғайлардың елеулі бөлігінің Түркияға қоныс аударып кеткенін ескере отырып, «қараноғайдың рулық құрамының белгілі болып отырған тізімі жалпы ноғайлық рулық құрамының көрсеткіші бола ала ма?» деген заңды сұрақ туады. Біз оған иә деп жауап бере аламыз, яғни қараноғайларда бар рулар тізімі толық болмаса да жалпы ноғайдың рулық тізімінің негізгі келбетін жасай алады, өйткені орыс деректерінде ноғайлардың XVIII ғасырдағы, яғни олардың бір бөлігінің XIX ғ.-да Түркияға кеткенге тұрғандағы толық саны мен орналасуы жөнінде мәлімет бар.
Ноғайлар XVII ғ-дың бірінші жартысында Қара теңіздің солтүстік жағындағы далалардан Танаға дейін қоныстанған кездері буржақ, едишкөл, (жетіқұл) ембулақ, (жембулық) едиссан (жетісан) ұлыстарына бөлінген, осы ұлыс аттары 1770 жылғы құжаттарда аталады, ал бүгінгі қараноғайда бар үш рулық топ сол кезде де болып, төрт ұлыстың үшеуін (яғни басым көпшілігін) құраған. Олай болса бүгінгі осы үш топтағы рулар тізімі XVII ғасырдың ортасы үшін де тұрақты болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ сол кездерде Еділден Терекке дейінгі аралықта жүрген ноғайлардың басқа тобында да рулық құрамы осындай болған деуге негіз бар, өйткені бүгінгі дағыстандық қараноғайлар сол аймақта тұрып келеді емес пе?
Орыстың «Казанская история» деген тарихи повесінде ноғайлар мен маңғыттар есімі қатар аталады: «С другой же стороны были воинственные мангиты, черные улусы которых стояли по великой реке Яику, что течет в Хвалисское море… От тех мангит она и (Орда) опустела окончательно, как прежде говорилось. И поселились в Большой орде ногай и мангиты, пришедшие из-за Яика». Бұл 1556 жылы Қазанның құлауы қарсаңындағы жағдайлар. Соған қарағанда ноғайдың маңғыт бөлігі қарақалпақ халқының негізін қалаушы ноғайлар қатарында қалған тәрізді.
Ал енді осы берілген рулар ішінде бүгінгі қазақта бар рулар бар ма? Бар, олар – қаңлы, найман, қыпшақ рулары. Бұлардың біреуі Ұлы жүзге кірсе, екеуі – Орта жүздікі. Тек алаш руын Кіші жүздікі деуге болады, бірақ ашығын айтсақ, кіші жүзде алаш деген ру жоқ, алаша руы ғана бар. Алаш, сірә, кіші жүз қазақтарының жалпы, ортақ аты. Сонда бүгінгі Кіші жүз қазақтары мен ноғайлардың бірде-бір руы сәйкес келмей ме? Мұндайды ғылымда «парадокс» дер еді. Яғни ноғай мен қазақтың Орта және Ұлы жүздер тарихы тұрғысынан бөлек аймақтарда қалыптасқан бөлек құрылымдар, бірақ рулық құрамында ұқсастық (қаңлы, найман, қыпшақ) бар, ал ноғай мен Кіші жүз қазақтары бір тарихи кеңістікте шыққан тағдырлас әрі көрші құрылымдар, солай бола тұрса да екеуінде аты ұқсас үлкен рулар жоқ. Тарихи логика бойынша осылардың барлығы да керісінше болуы керек еді ғой.
Міне, ноғайлы тарихын зерттеуші ғалымдарымыздың мән бермей кеткен мәселесі де осы парадокстың болуы еді.
Енді қарақалпақтарға келейік. XV–XVI ғасырдағы Ноғай Ордасынан бөлініп, отау тіккен жұрттың бірі осы қарақалпақ халқы. X ғ-дың басында печенегтердің бір бөлігі батысқа Арал аймағынан кетіп, бүгінгі украин далаларына қоныс аударды. Орыс деректері осы печенегтердің қыпшақ заманындағы Киев маңында қоныстанған қалдықтарын «қара клобук» деп атайды. Осыған қарап зерттеушілер қарақалпақ этнонимі печенег арасында X ғ-ға дейін белгілі болған деп пайымдайды да, сол қарақалпақтардың бір бөлігі бастапқы мекендерінде көшпелі қалып әуелі оғызға, одан кейін қыпшақтарға сіңіп, өздерін қыпшақ деп есептеп кеткен деген болжам жасайды.
Бірақ бүгінгі қарақалпақтар өз тегін нақ Киев құжаттарында аталатын қара клобуктардан бастауы әбден мүмкін, өйткені 1300 жылы ноғайлылар Днепр–Тана мен Қобаннан Еділ–Жайыққа көшірілген, олардың құрамында баяғы қара клобуктардың да қалдықтары болуы әбден мүмкін ғой. Оның үстіне қарақалпақ этногенезінің ноғайлармен байланысты болуы осы тұжырымға тірек болғандай.
Қалай болғанда да XIII ғ. қыпшақ бірлестігінің құрамында қараборық деген рудың болғаны белгілі, ал олардың XIV–XV ғғ. тарихи ноғайлармен байланысты, XVI ғасырдың соңынан қарақалпақтар тарихи құжаттарда жеке халық ретінде кездесе бастайды.
Қарақалпақтардың рулық бөлінісі қандай? Олар қоңырат, он төрт ру деген бірлестіктерден тұрады. Қоңырат бірлестігі өз кезегінде шуулық (8 ру) және жауынгер (7 ру) болып бөлінеді. Он төрт ру да екі топқа бөлінеді: біріншісі – қытай мен қыпшақ (қытай-қыпшақ), екіншісі – кенегес пен маңғыт (кенегес-маңғыт).
Бұл жердегі ноғай мен қарақалпақтың ұқсастығы екеу – қыпшақ пен кенегес, сондай-ақ маңғыт рулары. Ал қазақ-қарақалпақ ұқсастығына келсек, ол екеу – қыпшақ, қоңырат, сондай-ақ қоңырат ішіндегі маңғыт пен қытайдың қосындысы – маңғытай. Бұл жердегі тізімде де Кіші жүз қазақтарына тән ру есімі кездеспейді! Міне, әлі парадокс бұл жерде тағы да қайталанып тұр!
Көшпелі өзбектердің рулық құрамы ше? Бізге белгілісі: Илбарыс ханға қараған, 16 ғасырдың басында Харазмдағы, Маңғыстаудағы билікті қолдарына алған өзбектердің рулық құрамына қарасақ, олар мынандай: қият-қоңырат, үйғыр-найман, қаңлы-қыпшақ, нукус-маңғыт. Ал кейінгі ғасырлардағы қоңырат, Шақтемір-Шымбай өңіріндегі арал өзбектерінің құрамында қыпшақ, маңғыт, кенегес, қоңырат деген рулар бар, яғни бұл тұста да алдыңғы парадокс қайталанады. Өзбектегі, қарақалпақтағы ноғайдағы рулардың аттары қазақтың Орта және Ұлы жүздерінде кездеседі де, олардың бірде-біреуі Кіші жүздің тізімінде жоқ. Осыған қарағанда бүгінгі қазақтың Кіші жүздік, яғни алшындық тобын құрап отырған қазақтары 16–17 ғасырларда ғайыптан пайда болған немесе аспаннан түскен сияқты.
Бүгінде 10 миллиондық қазақтың ең кем дегенде 20–25 %-ін құрап отырған алшынның ең қарапайым демографиялық ретроспективалық есептеу бойынша 15 ғасырдың ортасында 100–200 мыңнан кем болмауы тиіс. Бұл – орта есеппен алғанда 20–40 мың кібіт (кибитка) немесе түтін отбасы, яғни сол мөлшерде әскери күш жасақтай алатын, орташа саны 2–4 мың үйден тұратын 10–20 бірлестік деген сөз. Яғни мұндай мөлшердегі адамдар саны лезде, ғайыптан пайда бола алмайды, өйткені оны осындай санға жетуі үшін бірнеше ғасырлық тіршілік-тарихы болуы шарт. Ал бес-алты халықтағы рулар тізімге қарай отырып, осыншама санды алшынның аспаннан түскендей әсер аламыз. Міне, парадокс деген осы.
Тағы да ноғайлының рулық-тайпалық құрамын атап беретін тізімдерге үңілейік. Жалпы “осы ноғайлардың этникалық құрамы қандай еді?” деген сұрақ қойылғанда ноғай қоғамына ең алдымен маңғыттар, содан кейін қоңыраттар, қыпшақтар, наймандар, қаңлы, кенегес, қият, кереит, арғын, үйсін, шырын сияқты рулар кірген делінеді. Бұл жердегі ру-тайпалар ішінен тек кереиттер ғана бүгінгі Кіші жүзге кіреді, оның өзінде де саны өте аз рулар қатарына жатады. Кереиттер осы жүздің негізін құраушы байұлы мен әлімұлы емес, 17 ғасырдың аяғында топтастырылған жетіруға кіреді. Яғни бұл тізімде де алшын рулары жоқ.
Біз түрк халықтарының қай-қайсысынан болмасын негізгі ұлт құраушы тайпа ретінде ауыз толтырып айтуға болатын Кіші жүздік руды таба алмаймыз. Мәселен, 14–15 ғғ. Көшпелі Өзбек ұлысының құрамындағы тайпалардың белгілі тізімін КСЭ (3-т., 549–6) жинағынан алып, тізбектеп шықтық. Мұнда 48 тайпаның жалпылама тізімі беріліпті: Маңғыт, Қият, Тама, Қаңбайлы, Башқұрт, Ішкі маңғыт, Кереит, Сұлдуз, Иджин, Чат, Жалайыр, Қарлұқ, Нұғыз, Куйун (Құйын), Аз, Қоңырат, Қусшы, Тубай, Барын, Таңғут, Арғын, Кенегес, Шыңбай, Таймас, Джуркун, Найман, Барақ, Отаршы, Туман, Өкірек Найман, Қыпшақ, Курлеуіт, Сихиут, Жеті-мың, Адгу, Қалмақ, Ішкі Масит, Шунқарлы, Ұйгыр, Ішкі-байри, Дурмен, Буркут, Шадбақлы, Татар, Адлу-оглы, Үйсін, Меркіт, Шұбырған, Мажар...
Бұл тізім, әрине, жалпы көшпелі өзбек тарихына қатысты әртүрлі деректерде кездескен тайпалардың жалпы тізімі ғана, оның ішінен тама, кереит руларынан және ықтимал алшындық деуге болар сихиуыт, қаанбайлы, адгу, адлу-оглы сияқты этнонимдер болмаса, біз бірде-бір реалды айқын алшындық этноним кездестіріп отырған жоқпыз.
Осындай саралаудан шығар қорытынды мынау: Бүгінде және өткен ғасырларда қазақ, қарақалпақ, ноғай, әр түрлі татарлар, өзбек, қарақалпақ халықтарының құрамында болған және бүгінде бар ру-тайпалардың нақты халықтың этногенез дәуіріне қатысуы біркелкі болмаған, яғни бір ру-тайпа немесе тайпалар бірлестігі екінші бір халықтың қалыптасуындағы негізгі ұйытқы болса, дәл сол атқа ие ру немесе ру-тайпалар бірлестігі келесі бір басқа халықтың этногенез дәуірінде тек теңізге тамған тамшыдай әсер еткен, яғни болмашы деңгейде ғана қатысып, көптің бірі ғана болған. Бұл – ру аттарын жөн-жосықсыз тізбелей бермей, әр халыққа қатысты әр рудың этногенездік әсері деңгейін, сипатын (коэффициентін) анықтау қажеттілігін көрсететін жайт.
Бүгінгі аталған халықтардың қалыптасу жолдары бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысының даму тағдыры түрліше өрбіген, оған қарамастан жалпылама түрде рулық құрамы жағынан көшпелі өзбектердің, қарақалпақтар мен ноғайлардың рулық құрамының бір-біріне ұқсас екендігін аңғару қиын емес және де сол құраушы рулардың түгейі қазақтың Орта және Ұлы жүзінде табылады да, Кіші жүзінде кездеспейді. Бұдан шығатын басты түйін:
Біріншіден, алшындар 14–16 ғасырларда да (оған дейін де) өзіндік тегі мен құрылымдық сұлбасы бар жеке рулық-этникалық топ (топтар) болған.
Екіншіден, егер қыпшақ, найман рулары өзбекке, қазаққа, ноғайға, қарақалпаққа тараса, маңғыт пен қытайлар тек өзбек пен қарақалпаққа тарады, олардың қазақтағы үлесі тым аз. Ал алшындар өзбекке де, қарақалпаққа да қосылған жоқ, тұтастай қазаққа қосылды. Яғни алшындар 15–16 ғасырларда тұтастай қазақ халқының этногенезіне қатысқан, өйткені нақ осылар бірінші болып қазақ атын иеленген болатын. Ал басқа халықтар этногенезінде алшын рөлі болмашы, тіпті жоқ деуге де болады. Алшындардың аз бөлігі ноғайлар арасында «Алаш» деген атпен қалып қойды.
Үшіншіден, алшын, жалпы Кіші жүз руларының аттарының 18 ғасырға дейінгі тарихи құжаттарда аталмауының себебі қарапайым тарихи сәтсіз жазмышта жатқан болатын, яғни олар өздерін бірінші болып «Алаш» деп атады, бірақ бұл рухани атау этнонимге айналмай тұрып-ақ әуелі жалпы ноғайлық, 16–17 ғғ.-дан кейін жалпы қазақтық екінші атауға айналып кетті; оның үстіне алшындардың 15–16 ғғ. бойына үнемі Ноғай Ордасының құрамында болғандықтан тарихи құжаттарда кездесетін ноғай, маңғыт секілді атаулардың көлеңкесінде қалып қойды; алшындар бірінші болып ұмыт болған «қазақ» атауын 14 ғ-да айналысқа қайта түсірді, бірақ тағы да есім өзіне бұйырмады — бұл атау әуелі жалпы «еркін», «қарақшы», «қаңғыбас», «сері-рыцарь», «жалдамалы жасақ» дегенді білдіретін аттың, жұрттың бәріне де танымал атауға айналса, артынан осы атауды бүкіл қазақ иеленіп кетті. Сүйтіп меншіктелген екі атау да өзіне бұйырмады.
Кіші жүз – алшындар 17 ғасырдың аяғына дейін өздерін «алаш» (алау, алағ) түрінде атаған, Жиембет жыраудың Есім ханға және «Алашыма ұран десермін, ат құйрығын кесермін» деген сөзін жай ғана жалпылыққа қатысты қызыл сөз деп түсінуге болмайды, өйткені «алаш» – нақты 17 ғасырдың бірінші жартысындағы алшынның екі бірлестігінің – байұлы мен әлімұлының реалды аты еді. Жаскілең ақынның: «Алаш, Алаш болғанда, Әлім еді ағасы, Шолпан еді анасы», – дегенінде де осы тарихи дәуірдің ақиқатын сақтаған шежірелік таным жатыр. Өйткені екі ағайынды алаштың, яғни әлім мен байұлының ішінде үлкен саналатын әлімдер еді.
Алшын этнонимі, шамамен Тәуке хан заманындағы территориялық-әкімшілік реформаларға, яғни үш жүздік құрылымның қалыптасуына байланысты қолдан жасалған этноним еді, өйткені бұл кезеңде «Алаш» есімі әрі тек алшындық, әрі жалпықазақтық болып, шежірелік дәстүрде шатастыру туғыза бастаған болатын. Сондықтан Орта жүзге берілген «арғын», Ұлы жүзге берілген «үйсін» деген жалпылама атаулар қатарындағы ұқсас ретпен «Алаш» есімі «Алшын» болып өзгертілген. Міне, «алшын» деген этнонимнің тек 18 ғасырдағы орыс құжаттарында ғана кездесіп, оған дейінгі деректердің ешбір түсінде аталмауының сыры осында жатыр.
Неліктен Алаш атауының өзі көне тарихи құжаттарда кездеспейді? «Алаш» дегеніміз іс жүзінде 14 ғасырдағы Үстірт пен Маңғыстауда қалыптасқан есен-қазақтардың немесе айрақтылардың атауы еді. Бірақ осы қоғамның қалыптасып үлгермей ыдырап кетуіне байланысты бұл атау да нақты, орнықты этникалық атауға айнала алмады. Ал 15–16 ғасырлардағы Ноғай ордасының құрамында қалған есен-қазақтардың ұрпақтарынан қалған жекелеген жұрнақтар осы атауды жалпы атақ ретінде сақтады. Бұл шежірелік атақ «Қазақ» сөзі сияқты айрықша танымал болды, бұл оның нақты ұлт атауына кедергі келтірді, өйткені осы атты жамылған рулық топтардың саны көп болғанымен, сол рулардағы адам саны аз болды; «алаш» атауының танымалдылығымен қатар, алаш бірлестігін аморфты, орнықсыз этникалық топ етті. Сондықтан алаш рулары сол заманғы үлкен ноғай руларының — маңғыт, қият, найман т.б. этнонимдерінің тасасында қалып қойды. Алаш тобының басым бөлігі қазақ халқына қосылса, қалған аз бөлігі ноғай құрамында қалды, ал өзбек, қарақалпақ құрамында алаш атауы жоқ, өйткені осы халықтардың этногенезіндегі алаштардың саны теңізге төгілген тамшыдай-ақ ғана еді.
Алаш, қазіргіше айтсақ, Алшындар 17 ғасырға дейін аморфты топ болғанына қарамастан, өзінің этникалық құрылымын 14 ғасырда қалыптастырған еді және сол қалыптастыруға қатысқан көне этникалық компоненттері белгілі жұрт.
Бұдан шығар қорытынды: «Қырымның қырық батыры» немесе ноғайлы жырлары деп аталатын ғаламат эпикалық комплекстің 14 ғасырға жататын аңыздық-озалдық негізін жасаушылар да, 16 ғасырдың соңында қазіргі түрде қалыптасты жасағандар да осы алаш ортасы еді, сондықтан жырлардың авторы ноғайлы ортасы деген жалпылама анықтамамен қатар, нақты жасаушы орта нақты «алаш» ортасы деп айтқан дұрыс. Бұл, біріншіден, жырлардың авторы қазақ халқының өзі екендігін көрсетеді; алаш топтарының тек қазақ пен ноғайға ғана бар екендігін ескеріп, жыр авторларын ноғай-қазақ ортасы дегеннің де артықтығы жоқ.
***
Мына бір шежірелік тарихи бай өлең жолдарын тарихи хронология деңгейінде қарастырып көрейік:
Алаштан қазақ тараған,
Ноғайлыға қараған.
Жауға алдырмай ноғайлар
Бір-біріне жараған.
Ноғайдан қазақ бөлініп,
Үш жүз болып тараған.
Осы жолдарда бейне бір тарихи рет бар сияқты, өйткені өлеңнің әр жолы белгілі бір тарихи кезеңді көрсете алатындай әсер қалдырады.
«Алаштан қазақ тараған…» Өлеңнің бірінші жолында кездесетін осы мәлімет оқиғасы да уақыт жағынан ең алғашқысы болған. Яғни 1350–80 жж. Алаш жігіттерінен алғашқы қазақ қауымы есен-қазақтар құрылды.
«Ноғайлыға қараған…» Бұл — Едіге, оның ұлы Нұреддиннің (жырдағы Нұрадын) Ноғай Ордасын құрған кезі (1426–1440). Маңғыт руынан шыққан елгелі мырзалардың билігі 1600 жж. дейін созылды. Міне, 1400 жылдардан кейін ыдырап кетіп, шашыраңқы өмір сүрген алаш-қазақтары осы Ноғай мемлекетінің құрамында болып, ноғай атанды.
“Жауға алдырмай ноғайлар, бір-біріне жараған…” Осы жолдың бір-біріне жараған деген сөз тіркесіне қарап-ақ ноғайлардың кем дегенде екі бөліктен тұратындығын аңғаруға болады. Олардың бірі – маңғыт руы сияқты үстемдік құрған аға ноғай рулары болса, екіншісі – ноғай атын жамылған алаш қазақтары сияқты аз (іні) рулар еді. Міне, осы (екі) ноғай бір-біріне жараған. Яғни алаш қазақтары озалдан-ақ ноғай ішіндегі ерекше, бөлек этникалық топ болған.
“Ноғайдан қазақ бөлініп…” Алаш қазақтарының, яғни алшындардың ноғайдан бөлініп, үлкен Қазақ хандығына қосылуы 1550–1600 жж. аралығында өтті, осы кезеңнің 1555 ж. – қазақтың қазаққа қосылуының басты уақыты болып саналады.
“Үш жүз болып тараған…” Бүкіл қазақ халқы ноғайдан бөлініп шықпаған. Ол тарихтан белгілі жәйт. Сондықтан осы өлең-тарихтың алшын ортасында шыққандығын, бірақ жалпықазақтық болып түсіндіріліп кеткендігін баса айтуға болады.
Дайындаған - Серік Ерғали,
мәдениеттанушы
Abai.kz