Жексенбі, 1 Ақпан 2026
Жаңалықтар 114 0 пікір 1 Ақпан, 2026 сағат 16:18

Қазақстан Республикасының Ата Заңына енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларына сараптамалық талдау

Сурет: Bakdaulet Akyn facebook арнасынан алынды.

Қазақстан Республикасының Ата Заңына енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларының әзірленуі елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды конституциялық реформаның қисынды жалғасы болып табылады. Бұл реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан бастау алады. Президент бұл ұсынысты жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық сын-қатерлерге бейімделген, тиімді әрі икемді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру қажеттілігімен негіздеді.

Реформаның ерекшелігі – оның инклюзивті сипаты. Конституциялық өзгерістер азаматтық қоғам институттарын, саяси партияларды, ғылыми және сарапшылық қауымдастықты кеңінен тарта отырып әзірленді. Алты айға жуық уақытқа созылған қоғамдық талқылаулар барысында e-Otinish және eGov платформалары арқылы екі мыңнан астам ұсыныс түсуі – конституциялық үдерістің ашықтығы мен жариялылығын айқын көрсетеді.

2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия конституциялық реформаны жаңа сапалық деңгейге көтерді. Құрамына 130 өкілдің енуі – Қазақстан қоғамының әлеуметтік, өңірлік және кәсіби әртүрлілігін барынша қамтуға бағытталған қадам. Комиссияға Конституциялық Сот Төрағасының жетекшілік етуі реформаның құқықтық легитимдігін күшейтсе, Мемлекеттік кеңесші мен Премьер-Министрдің орынбасарының қатысуы саяси және атқарушы билік арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етті.

Комиссия отырыстарының толық ашық форматта өтуі, тікелей эфирлер мен БАҚ-тағы кеңінен жариялануы – конституциялық реформаның демократиялық сипатын нығайтатын маңызды фактор. Нәтижесінде түзетулер Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтып, жекелеген нормаларды жетілдіру шеңберінен шығып, жаңа Конституция қабылдау мәселесін күн тәртібіне шығарды.

Ата Заңға енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларының басты идеясы – адамға бағдарланған мемлекет қағидатын институционалдық және нормативтік деңгейде бекіту. Бұл бағыт жаңа Преамбулада айқын көрініс тапқан.

Алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланып, бүкіл Конституцияның мағыналық өзегіне айналады. Бірлік, ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің іргелі негіздері ретінде бекітілген. Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылып, мемлекеттің конституциялық тұрақтылығы нығайтылған.

Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттардың Конституция деңгейінде бекітілуі – құқықтық мемлекетті экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікпен ұштастыруға бағытталған жаңа көзқарасты білдіреді.

Ата Заңға енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларында білім мен ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының басты тірегі ретінде айқындалады. Бұл – Қазақстан дамуының ресурстық модельден адами капиталға негізделген модельге түбегейлі бет бұрғанын көрсететін стратегиялық тұжырым.

Сонымен қатар цифрландыру мәселесі конституциялық деңгейге көтеріліп, азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау жөніндегі норма алғаш рет бекітіледі. Бұл құқықтық жүйенің технологиялық трансформацияға бейімделуін көрсетеді.

Дін мен мемлекеттің ара-жігін нақты ажырату, білім беру жүйесінің зайырлы сипатын бекіту – конституциялық зайырлылық қағидатын күшейтеді. Неке институтына қатысты ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы туралы ереженің енгізілуі дәстүрлі құндылықтарды қорғаумен қатар, әйел құқықтарының конституциялық кепілдігін арттыруға бағытталған.

Сурет: Bakdaulet Akyn facebook арнасынан алынды.

Ата Заңға енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларының ең ірі институционалдық жаңалығы – бір палаталы, 145 депутаттан тұратын жаңа Парламент – Құрылтайдың құрылуы. Пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың бағдарламалық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Бұл қадам партиялық жүйенің институционалдық дамуына серпін беруге бағытталған.

Қазақстанның Халық Кеңесін құру – қоғамдық диалогтың жаңа форматын қалыптастыруға арналған. Бұл орган заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік институт ретінде азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтады.

Вице-президент институтының енгізілуі атқарушы биліктің саяси-дипломатиялық және қоғамдық коммуникацияларын жүйелеуге арналған жаңа тетік ретінде бағалануы мүмкін.

Жаңа Конституция жобасында адвокатураға арналған арнайы баптың енгізілуі, зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуы, кінәсіздік презумпциясы мен «Миранда ережесінің» бекітілуі құқықтық мемлекеттің институционалдық негіздерін едәуір нығайтады. Сонымен қатар азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшіне тыйым салу – құқықтық қауіпсіздікті арттыратын маңызды кепіл.

Қазақстан Республикасының Ата Заңына енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтырулары – эволюциялық сипаттағы терең конституциялық трансформацияның көрінісі. Ол адам құқықтарына бағдарланған, ашық, инклюзивті және болашаққа бағытталған құқықтық мемлекетті қалыптастыруды көздейді. Жоба мемлекеттік құрылымның сабақтастығын сақтай отырып, білімге, ғылымға, инновацияға және адами капиталға негізделген жаңа даму парадигмасын ұсынады.

Алдағы жалпыұлттық референдум Ата Заңға енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларының қоғамдық легитимдігін айқындайтын шешуші кезең болмақ. Конституциялық комиссия жұмысының жалғасуы бұл құжаттың мазмұнын одан әрі жетілдіруге және қоғам сұранысына барынша бейімдеуге мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының доцент міндетін атқарушы Ақын Б.Қ.

Abai.kz

0 пікір