Конституциялық комиссияны тек Сіз ғана осы бағытқа бұра аласыз!
ЕГЕР, БҰЛ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ДЕП ТАНЫЛСА, ОНДА ОЛ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫ БОЛҒАН «ҚР МЕМЛЕКЕТТIК ТӘУЕЛСIЗДIГI ТУРАЛЫ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢНАН АТТАП ӨТПЕУІ КЕРЕК!
ҚР Конституциялық Сот
төрағасының орынбасары,
Конституциялық реформа жөніндегі
комиссияның мүшесі
Б.М. Нұрмұханов мырзаға!
Құрметті Бақыт Маратұлы!
Сөзімді бастамас бұрын, Сізден менің осы ұсынысыма Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның қатардағы көп мүшесінің көзімен емес, Заң саласындағы алғашқы қадамын Қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының оқытушысынан бастап, Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясы) байланыс қызметкері деңгейіне дейін жеткен кәсіби заңгердің көзімен қарауыңызды сұраймын!
Құрметті Бақыт Маратұлы!
Парламенттік реформа бойынша Комиссия мүшелері «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, ЖАҢА Конституция қабылдауымыз керек» деген байлам жасапты.
Комиссия мүшелерінің бұл ұсынысын Президент те қолдап отыр екен.
Қысқасы, «ЖАҢА Конституция қабылдауымыз керек!» деген бұл байлам – өте дұрыс бастама және әділетті шешім!
Құдай бұйырса, бұл «Тоқаев Конституциясы» деген атпен тарихқа қалары сөзсіз!
Құтты болсын!
Құрметті Бақыт Маратұлы!
Мен «ЖАҢА» деген сөзі текке қарамен бояп, оның астын текке сызып отырған жоқпын. Сіз осы сөзге назар аударсын деп, әдейі бадырайтып көрсетіп отырмын.
Осы жерде Сіздің назарыңызды «Осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың ЖАҢА Конституциясын әзірлеуге негіз болады» деген нормаға ерекше бұрғым келеді.
Өзіңіз жақсы білесіз, бұл – 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңын міндетті түрде басшылыққа алуы, аталған заңның 18-бабы!
Ендеше, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия «ЖАҢА Конституция қабылдауымыз керек!» деп шешкен болса, онда бұл «ЖАҢА Конституцияны әзірлеушілер – Сіздер «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңын міндетті түрде басшылыққа алуларыңыз, аталған заңның 18-бабын сөзсіз ескеруілеріңіз және оның талабын міндетті түрде оындауларыңыз керек!
Не үшін?!
18-баптағы «...Республиканың ЖАҢА Конституциясын әзірлеуге негіз болады» деген сөз «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңы мен Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның нормалары ЖАҢА Конституциядан көрініс табуы керек дегенді білдіреді.
Мысалы, аталған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңының 7- және 8-баптарындағы шекара сыртында қалған этникалық қазақтарға арналған нормалар Сіздер қабылдағалы жатқан Конституцияның жаңа Жобасында жоқ!
Бұл – Тәуелсіздіктің тірегі болған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңын ескермеу, оның 18-бабының талабын орындамау болып табылады!
Бұны бір түсінсе, Сіз ғана түсінесіз!
Конституциялық комиссияны тек Сіз ғана осы бағытқа бұра аласыз!
Президентіміздің «Әділетті Қазақстан» құру арманы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты көрініс тауып жатқан жаңа Конституция Тәуелсіздіктің тұғыры болған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңнан аттап өтсе, бұл – нағыз ӘДІЛЕТСІЗДІК және САЯСИ ҚАТЕЛІК дер едім!
Бұл туралы Сізге және Жұмыс тобының барлық мүшелеріне ұсыныс та бергем, «Парламенттік реформа қос палатаны қосумен ғана шектелмеуі керек!» және «Құраннан кейінгі қасиетті құжат – Конституция» атты мақалаларымда егжей-тегжейлі түсіндіргем.
Құрметті Бақыт Маратұлы!
Егер, жұрт талқысына шығарылған Конституцияның жобасы алдағы уақытта «ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ» ретінде қабылданса, онда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңның 18-бабының талабына сай, аталған конституциялық заңның 7- және 8- баптарындағы шекара сыртында қалған қазақтардың хақысы жаңа Конституциядан сөзсіз көрініс табуы керек!
Түгел болмаса да, ең құрығанда, 7-баптың «Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады» деген бөлігі...
Құрметті Бақыт Маратұлы!
Шынымды айтсам, мен «Құрметті Ауыт Мұқибек! Сіздің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне жолдаған ұсынысыңыздың нәтижесіне қатысты жазған хатыңызды қарап, келесіні хабарлаймын. Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобының отырысында болашақ бірпалаталы Парламентті қалыптастыруға, Парламенттік жүйені жаңғыртуға байланысты мәселелер, яғни оның атауы, құрылымы, өкілеттіліктері, билік институттарымен өзара іс-қимылы, депутаттарды сайлау тәртібі тәрізді ұсыныстар талқыланды...» деген Үнзила Шапақ пен Наталья Панның «жауабы» секілді «жауаптардан» шаршадым, әбден мезі болдым...
Сіздерден осы ұсынысымды алдымен Конституциялық Сот Төрағасы Азимова Эльвира Әбілхасымқызының назарына ұсынуыңызды жүзеге асуына ықпал етуіңізді өтінемін.
Егер, ұсынысым орындалмаған жағдайда нақты себебін айтып, жауап беруіңізді сұраймын.
Құрметпен,
Ауыт Мұқибек,
«Құрмет» орденінің иегері
Abai.kz