Кішкентай Косово қалай тәуелсіз ел атанды?
Еуропаның Балқан түбегінде орналасқан шағын ғана Косово мемлекетінің тәуелсіздікке жету жолы — ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы халықаралық саясаттағы ең күрделі әрі тағдырлы оқиғалардың бірі.
Аумағы шағын, табиғи ресурстары жоқтың қасы, тарихи тағдыры сан түрлі империялар мен мемлекеттердің құрамында өткен бұл өңірдің тәуелсіз елге айналуы тек аймақтық емес, бүкіл әлемдік саясаттың назарын аударған маңызды үдеріс болды. Косовоның тәуелсіздікке жетуі — этникалық қайшылықтар, тарихи әділетсіздіктер, халықаралық ұйымдардың араласуы және геосаяси мүдделердің тоғысқан тұсында қалыптасқан күрделі тарихи құбылыс.
Косовоның тарихына көз жүгіртсек, бұл аймақ ғасырлар бойы әртүрлі мемлекеттердің билігінде жүргенін көреміз. Орта ғасырларда Сербия корольдігінің маңызды орталықтарының бірі саналған Косово кейін Осман империясының құрамына өтті. Осман билігі кезінде өңірдің этникалық құрылымы айтарлықтай өзгеріп, албан халқының үлесі арта бастады. ХХ ғасырдың басында Осман империясы әлсіреген соң, Балқан соғыстары нәтижесінде Косово Сербия құрамына қосылды. Осы кезеңнен бастап аймақта серб және албан халықтарының арасындағы этникалық және саяси қайшылықтар біртіндеп күшейе түсті.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Косово Югославия Социалистік Федеративтік Республикасының құрамында автономиялық өлке мәртебесін алды. Югославия басшысы Иосип Броз Тито жүргізген саясат көп жағдайда этникалық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. 1974 жылғы Конституция Косовоға кең автономия беріп, жергілікті басқару органдарының құқықтарын айтарлықтай кеңейтті. Алайда бұл жағдай ұзаққа созылмады. 1980-жылдардың соңында Югославияда ұлттық қозғалыстар күшейіп, саяси тұрақсыздық арта түсті. Сербия басшысы Слободан Милошевич 1989 жылы Косовоның автономиялық құқықтарын қысқартты. Бұл шешім албан халқының жаппай наразылығын туғызып, өңірдегі шиеленісті одан әрі ушықтырды.
1990-жылдардың басында Югославия ыдырай бастаған кезде, Косоводағы албан халқы тәуелсіздікке ұмтылысын ашық түрде білдіре бастады. Албан саяси көшбасшылары бейбіт қарсылық жолын таңдауға тырысқанымен, уақыт өте келе жағдай қарулы қақтығысқа ұласты. 1998–1999 жылдары Косово аумағында серб күштері мен албан көтерілісшілері арасындағы қарулы қақтығыстар күшейіп, бейбіт тұрғындар арасында үлкен шығындар орын алды. Бұл оқиғалар халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, НАТО күштерінің араласуына себеп болды.
1999 жылы НАТО Югославияға қарсы әскери операция жүргізіп, нәтижесінде серб әскерлері Косоводан шығарылды. Осыдан кейін Косово Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша әкімшілігінің басқаруына өтті. Бұл кезеңде өңірде жаңа мемлекеттік институттар құру, басқару жүйесін қалыптастыру және этникалық шиеленісті бәсеңдету жолында жұмыстар жүргізілді. Дегенмен Косовоның түпкілікті мәртебесі ұзақ уақыт бойы шешілмеген проблема болып қала берді. Сербия Косовоны өзінің тарихи аумағы деп санап, оның тәуелсіздігін мойындаудан бас тартты.
2000-жылдардың басында халықаралық келіссөздер бірнеше рет өткізілгенімен, тараптар ортақ келісімге келе алмады. Албан халқы толық тәуелсіздікті талап етсе, Сербия кең автономия ұсынумен шектелді. Ақыры ұзаққа созылған саяси талқылаулардан кейін 2008 жылдың 17 ақпанында Косово парламенті тәуелсіздік туралы декларация қабылдап, өзін дербес мемлекет деп жариялады. Бұл шешім әлемдік саясатта үлкен резонанс тудырды.
Косово тәуелсіздігін бірқатар Батыс елдері — АҚШ, Ұлыбритания, Германия және басқа мемлекеттер бірден мойындады. Алайда кейбір елдер, соның ішінде Сербия, Ресей, Қытай және бірнеше мемлекет Косовоның тәуелсіздігін заңсыз деп есептеп, оны мойындамады. Осылайша Косовоның халықаралық мәртебесі белгілі дәрежеде даулы күйінде қалды. Соған қарамастан, жылдар өте келе Косовоны мойындаған елдердің саны артып, ол халықаралық ұйымдардың бірқатарына мүше болды.
Осы арада шегініс жасап, мынаны айта кеткіміз келеді.
Косоволық албандар үшін ұлттық тіл проблемасы саяси және мәдени құқықтармен тығыз байланысқан. ХХ ғасырдың екінші жартысында, әсіресе Югославия құрамында болған кезеңде, албан тілінің білім жүйесі, мемлекеттік басқару және қоғамдық өмірдегі қолданылуы бірнеше рет шектеліп, кейін қайта кеңейтіліп отырды. 1974 жылғы Югославия Конституциясы қабылданғаннан кейін Косово автономиясының құқығы кеңейіп, албан тілі мектептерде, жоғары оқу орындарында және жергілікті басқару органдарында кеңінен қолданылатын деңгейге жетті. Бұл кезең албан тілінің институционалдық тұрғыдан нығайған уақыты болды.
Алайда 1980-жылдардың соңында Сербия билігі Косовоның автономиялық құқықтарын қысқартқан кезде, албан тілінің ресми қолданыс аясы да тарылды. Көптеген албан мектептері мен білім жүйесі бағдарламалары қысымға ұшырап, албан тіліндегі оқыту мүмкіндіктері шектеле бастады. Осы жағдай, Косоводағы албан қоғамының наразылық қозғалыстарының күшеюіне, қарулы қақтығыстарға себеп болды. Интеллигенция, мұғалімдер және студенттер албан тілінде білім алу мен мәдени құқықтарды сақтау үшін түрлі қоғамдық бастамалар көтеріп, бейресми оқу жүйелерін ұйымдастыруға дейін барды.
1990-жылдардың соңындағы саяси өзгерістер мен кейінгі халықаралық әкімшілік кезеңінде албан тілінің мәртебесі қайта қалпына келтіріліп, тәуелсіздік жарияланғаннан кейін ол Косовоның негізгі ресми тілі ретінде бекітілді. Осылайша косоволық албандардың ұлттық тілін сақтау жолындағы күресі тек мәдени құндылықтарды қорғау ғана демейік, сонымен бірге саяси теңдік пен ұлттық өзіндік болмысты сақтау үшін жүргізілген ұзақ тарихи үдерістің маңызды бөлігі деуге келеді.
Косовоның тәуелсіздікке жетуі — тек саяси акт қана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлік пен өзін басқаруға деген ұмтылыстың нәтижесі. Албан халқы ондаған жылдар бойы саяси құқықтарының шектелуін, экономикалық артта қалуды және этникалық қысымды бастан өткергенін алға тартады. Ал серб қоғамы Косовоны өзінің тарихи және мәдени орталығы ретінде қарастырып, оның бөлініп шығуын тарихи әділетсіздік деп санайды. Сондықтан, Косово проблемасы бүгінгі күнге дейін Балқан аймағындағы ең күрделі геосаяси түйіндердің бірі деуге келеді.
Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін Косово алдында жаңа мемлекет құрудың күрделі міндеттері тұрды. Экономиканы дамыту, құқықтық жүйені қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықпен күресу, халықаралық инвестиция тарту — мұның барлығы жас мемлекет үшін оңай болған жоқ. Соған қарамастан, Косово соңғы жылдары мемлекеттік институттарын нығайтып, халықаралық аренада өз орнын табуға ұмтылып келеді. Еуропалық одақпен ынтымақтастықты кеңейту, көрші елдермен қарым-қатынасты жақсарту және экономикалық реформаларды жүргізу — елдің негізгі даму бағыттарының қатарында.
Косово тарихы халықаралық саясаттағы бір маңызды шындықты көрсетеді: шағын мемлекеттердің тағдыры көбіне тек ішкі жағдайларға ғана емес, ірі державалардың саяси ұстанымдары мен халықаралық ұйымдардың шешімдеріне де тәуелді. Егер 1999 жылғы халықаралық араласу болмағанда, Косовоның тәуелсіздікке жету жолы мүлде басқаша өрбуі мүмкін еді. Сол себепті Косово мысалы халықаралық құқық, ұлттық өзін анықтау құқығы және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы арасындағы күрделі тепе-теңдік проблемасы айқын көрсетеді.
Бүгінде, Косово мойындалған мемлекет ретінде, іс жүзінде тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп келеді. Оның тәуелсіздік тарихы — шағын халықтың ұзақ күресі, халықаралық саясаттың ықпалы және тарихи үдерістердің тоғысуынан туған ерекше құбылыс. Косовоның тәжірибесі әлемдегі басқа да аймақтық қақтығыстарды зерттеу кезінде жиі мысал ретінде қарастырылады, өйткені ол халықаралық қауымдастықтың араласуы, этникалық қақтығыстарды реттеу және жаңа мемлекеттердің қалыптасуы сияқты маңызды проблемаларды қамтиды.
Қорытындылай айтқанда, Косовоның тәуелсіздікке жетуі — бір күнде болған оқиға емес, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи үдерістердің нәтижесі. Империялар алмасқан кезеңдер, этникалық қайшылықтар, саяси реформалар, қарулы қақтығыстар және халықаралық келіссөздер — осының барлығы шағын ғана өңірдің тәуелсіз мемлекетке айналуына алып келді. «Кішкентай Косово» деп аталса да, оның тәуелсіздік тарихы әлемдік саясаттағы ең маңызды әрі күрделі оқиғалардың бірі ретінде тарихта қалары сөзсіз.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz