«Пермедегі Пигмалионнан» туған пайымдар
Белгілі қаламгер, бүгінгі қазақ көркемсөзінің көрнекті өкілдерінің бірі Дәурен Қуаттың жақында жарық көрген «Пермедегі Пигмалион» әңгімесі ұлттық әдебиетіміздің қан тамыры қазіргі заман тынысымен қатар соғып, қоғам өмірінің көпшілікке мәлім сыртқы құбылыстарымен қатар, әркімге көріне бермейтін қалтарыс-бұлтарыстарына дейін қалт жібермей қадағалап отырғанын, қырағы күзетшідей қорғаумен бірге, шығарманы қалың оқырманға ұсыну арқылы кейбір көлеңекелі, қатерлі тұстардан сақтандыруды, өмір талабына қарай өзгеше шешім қабылдауға бағдар беріп келе жатқанын аңғартады.
Көркем шығарма, өнерлі сөз ақпарат құралдарында үйреншікті құрғақ тіркестермен күнделікті жариялана беретін сансыз жаңалық-хабарлардан ғарыштық биіктікте тұратындықтан, айтары ауқымды, тамыры тереңде, тағлымы талассыз. Оның әсері адам ойында, санасында айлар емес, жылдар бойы, анығы мәңгілікке қалатыны хақ. Айталық, «Қорғансыздың күні» жазылған уақытта газет-жорналдарда, немесе ел арасындағы әңгімелерде не айтылғанын қазір кім біледі?
«Пермедегі Пигмалионның» кейіпкері кез-келген қазақ ауылынан қай салада болмасын қиналмай-ақ табуға болатын тума талант иесі, бұл жолы дарынды суретші. Басқа бір жағдайда өзіндей талғамы биік талапкер ортаға тап болса немесе өнер институтында арнайы білім алса, әлемдік деңгейде мойындалатын атақты суретші атанары күмәнсыз. Алайда, әдеттегідей алыс бір түкпірде жатқан шағын ауылда туып өскендіктен ұлттық тәрбиеге сай жалғыз кәрі шешесін тастап кете алмай, ауылда қала берген. Бірақ жаратушының өзі сыйға тартқан бойындағы алапат күш, адуын талант кеудеден жарыққа шықпай тұра алмайды, сондықтан өзінің айналасындағы дүние-әлемді қара қарындашпен ақ қағазға түсіру, ауылдастарының бет әлпетін айнытпай бейнелеу оның өмірінің ажырамас белгісі, тіпті олардың құжаттарындағы фотосына дейін мұның қолынан шыққан. Бұл ауылдың жолы болғандай, өйткені Қайыргелдінің суреттері арқылы оның бүкіл тыныс-тіршілігі, кәрі-жасы, тау-тасы, аспан-көгі, қисық көшесі, бұзылған трәктірі, сынған соқасына дейін мәңгілікке таңбаланған, демек осынау шағын ауыл тарихқа берік енген. Қаламгер шығармасына өзек болған беймәлім елдімекеннің бірегей оқиғасы байтақ еліміздің кез-келген түкпірінде айна қатесіз болмаса да, ұқсас, таныс бейнеде қайталанып жатуы әбден ықтимал.
Оқиғаға оралсақ, өзгелер ұғына бермейтін өнердің тылсым әлемінде, қиялдың қалтарыстарында жүріп Қарекең үйлену, отбасын құру сынды адами қажеттіліктерін орындауға да отыздан асқанша кешігіп жүргені содан. Ауылдағы құрдастарының жетелеуімен ағынға көніп әйтеуір жасап көрген талпыныстарында нәтиже жоқ, өйткені мұның болмысы бөлек, «әдеби» тілмен «қадари-халімізше», «мархаббат», «қалқам» деп сөйлейді, онысы әдетегі қарабайыр ортаға күлкілі, түсініксіз көрінеді. Сондықтан әзіргі қанағаты сөйлескен қыз-қырқынның бейнесін өзі қалаған, өзіне ұнаған, тек өзі көргісі келетін «үлбіреген сусымалы жібек көйлекте құбыла толқып тұрған» бейнеде салу, жеке қалғанда әлгілермен сөйлеседі, солармен бірге жәннат бағына аттанады. Десе де, суретшінің жанының қалауындағы, өзгеден бөлек талғамындағы қыздың жолығуы қиынға айналған. Бұл жағдай күндердің бір күнінде ешкім күтпеген, ойламаған жерден өзгеріп сала береді. Шығарманың шиыршық атуы да осы сәттен басталмақ. Кештердің бірінде Қарекең теледидардан ала топалаң басқан Сүрия деген елде қара бет-перделі, тек екі жанарынан көз жасы үздіксіз тамшылап еңіреп тұрған қазақ қызын көреді. Діни жат ағымның арбауына түсіп, бір түнде солардың серкесінің бірінің некелі әйеліне айналғанын өзі де сезбей қалған жас қыз ата-ана, ағайын туыстан безініп, алыс елге аттанған «күйеуін» іздеймін деп, ендігі жат жерде тығырыққа тіреліп, өзге көп еркектің бауырынан өтіп, құлдықтың қамытын киген екен. Қара көйлекті қызды көрген сәттен бастап кейіпкердің де өмірі күрт өзгерді. «Неткен көз, Құдай-ау, не деген көз мынау?» деген таусылмас күбірге көшкен бұны сол бір мөлт қара көз толассыз толғандырып, естен тандырған. Оның ендігі өмірі бір көргеннен көкірегіне жатталған қосы жанарды күні-түні бейнелеу, автордың бай, көркем тілімен айтқанда «жәудір көз», «нәркес көз», «сұқсыр көз», «әзәзіл көз» деп, түсініксіз күбірлеп жүріп, қара перденің ар жағына жасырылған бейнені табу, ал күнделікті тіршілік тәрк етілді. Қайран шешесінен бастап ауылдастарының өзі мұны енді көз тиді, ауруға ұшырады деп күңірене қабылдай бастайды.
Осы орайда біздің есімізге орыс әдебиетінің классигі А.Чеховтың әйгілі «Черный монах» әңгімесінің сюжеті мен кейіпкері оралады. Әңгіме кейіпкері жас ғалым, магистр-философ қоғамда өзіне лайық орнын алу мүддесінде үздіксіз оқудың, ізденудің жолында жүріп, жүйкесін шаршатып алған Коврин ішкі дүниесінің арпалысты кезеңінде бір кездері аңыздардан естіген Қара сопымен кездесіп, айналасындағы адамдардан таба алмаған түсіністікті, өзінің ойымен үндестікті қара сопының айтқандарынан тауып, өзі шешімін, мәнін іздеп жүрген мәңгілік шындықтың бар жоғы, адамзаттың жарқын келешегі, жеке адамның еркіндігі, азаттығы тәрізді тақырыптардағы пікірлеріне демалуға келген деревнясының шетіндегі жабайы бақта кездескен елесті сопыдан сәйкестік тауып, уақытша болса да бақытқа кенелетіні бар. Алайда, ең жақындары, төңірегіндегілер оны зорлықпен емдеуге көндіргеннен кейін ақырында Ковриннің өмірі трагедиямен аяқталған еді.
Ал, Пермедегі Пгималион Қарекеңнің басындағы хал осыған ұқсас бола тұра, Тұщыбұлақтың ақжарқын, мейірімді, бауырмал жұрты оған түбегейлі жанашырлықпен қарап, оның басындағы күйді суретшінің қалауына сай шешуге барын салады. Ауылдастары іздеп жүріп алдырған біресе асау бураға, бірде ысқырған жыланға да айналып кететін ақырған бақсыдан, төңіректі күңіренткен ғұлама молданың ем-домынан да қайыр болмаған соң, бұл сен іздеген қыз деп қаладан көндіріп, қара көйлек кигізіп, қара пердемен алып келген әлдебір жетім қыз да жағдайды құтқара алмады. Өйткені басқа - басқа, ал нағыз суретшіні алдау, демек ақиқатты айналып өту мүмкін емес. Нағыз, шынайы өнер иесінің ішкі қуаты мен сенімі, рухының қайраты өзге кез-келген сыртқы күштерден әлдеқайда биік, әлдеқайда беркі екендігіне көзіміз жетеді.
Антон Чеховтың кейіпкері Коврин жан тыныштығын жабайы бақтан тапса, Дәурен Қуаттың кейіпкері Қарекең жүрегіне ұялаған жұмбақ жанның бейнесін, Тамшыбұлақтың басынан тапқан. «Тамшыбұлақ – Құдайдың бір кереметі еді. Арқасын Сарытаудың ну жынысына тіреген алып жартас. Алып жартастың қас бетінен тебініп жұп тамшы қысы-жазы бір үзілмей, сорғалап ағады да тұрады: мөлдіреп аққан көз жасындай». Қаламының құдыреті бар Қарекең сол қос тамшыны теледидардан көрген жұмбақ қыздың жанарына айналдырады. Суретшінің жаны да бір сәтке саябырсығандай. Әңгіме авторы ата дәстүрімізде жоқ, оған мүлде кереғар жат діни ағымдар мен опасыз идеология қақпанына түсіп, алыс елде, бөтен жұртта бақытсыздыққа ұшыраған қазақ қызының апатты қайғысына атамекені, туған жерінің өзі үн қосып, тасты тесіп шыққан Тамшыбұлақтың көз жасындай қос тамшысында көрініс берген символдық мағынада ұсынған. Қазақ қызы қазақ жерінде, туған топырағында ғана бақытты болмақ, мінеки, табиғат ананың өзі қыз тағдырының ауыртпалығын тең бөліскендей. Мұны жұртшылықтан ең алдымен байқаған жан - суретші, көкірек көзі ашық, кітап оқитын, әдеби тілмен сөйлейтін өнер адамы. Қоғамдағы көптеген жайтқа суретшінің көзімен қарап, ақынның жүрегімен сезіп, композитордың құлағымен тыңдау керектігін алға тартады.
Мінеки, көлеңкелі, күңгірт, зұлым күштердің жымысқы арбауымен адасқан аруды тағдырдың өзі Қарекеңнің ауылына мектепке мұғалімдікке жетелеп әкеледі. Гүлтұнықты көрген бойда Қарекең Тамшыбұлақтың басындағы өзі салған қыз жанарының табиғаттағы бейнесімен таныстырған. Қос кейіпкер сол арада табысып, мәңгілікке серттеседі. Адасқан жан үйіріне қосылып, аласұрған суреткердің жан-дүниесі жайбарақат тауып, ақжарқын, мейірбан, бауырмал ұлысқа тағы бір ерекше жанұя қосылады.
Мұхтар Кәрібай,
Дипломат, публицист
Abai.kz