Бейсенбі, 28 Мамыр 2026
Жаңалықтар 93 0 пікір 28 Мамыр, 2026 сағат 15:22

Енді пара уәде еткендер де жазаланады

Сурет: okg.kz сайтынан алынды.

Сенат депутаттары «Қазақстан заңнамасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң мен оған ілеспе құжатты қарап жатыр.

Құжатты таныстырған сенатор Андрей Лукин бұл заң ең әуелі Қылмыстық кодексті жетілдіретінін айтты.

— Қылмыстық заңнамаға пара ұсыну, уәде ету және талап ету, сондай-ақ заңсыз сыйақы алуға арандату үшін жауапкершілікті көздейтін нормалар енгізіліп жатыр. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары бойынша тергеу жүргізу және істердің тергелу тәртібіне қатысты мәселелер жетілдіріліп келеді. Сондай-ақ, жекелеген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Атап айтқанда, мүдделер қақтығысын реттеу жөнінде шаралар қабылдамау, сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарламау және заңсыз материалдық сыйақы беру әрекеттері үшін жауапкершілік артады, — деді ол.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заңды қолдану практикасында параның уәде етілгенін қалай дәлелденетінін, мұндай тәжірибе қай елдерде бар екенін сұрады.

Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Салауат Сыйлыбайұлы мұндай нормалар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (GRECO) және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерде қолданылатынын атап өтті. Посткеңестік кеңістіктегі бірқатар мемлекетте де осындай заң бар екенін айтты.

— Дәлелдеу практикасына келсек, қылмыстық процесте де, азаматтық процесте де процессуалдық құқық бар. Сол нормалар бойынша дәлел көзі ретінде процеске қатысушылардың куәлік етуі, жазбаша және заттай айғақтар, сарапшылар мен мамандардың қорытындысы қолданылады. Бұл жерде пара уәде ету сәті лауазымды тұлғаға ауызша мәлімдеме түрінде де, жазбаша хабарламалар арқылы да, оның ішінде әлеуметтік желі мен интернет хабарламамен жолданған уәделер арқылы да тіркеле алады. Сот практикасы заң бұзу фактісін дәлелдеудің базалық принциптеріне сүйенеді деп топшылап отырмыз, — деді агенттік өкілі.

Бұған дейін прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қабылдау ережесі өзгеруі мүмкін екенін жазған едік.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3277
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2376