Бейсенбі, 19 Ақпан 2026
Алашорда 129 0 пікір 19 Ақпан, 2026 сағат 11:18

Түрікшіл білімпаздар сиезі

Сурет: автордың жеке архивінен алынды.

Осы жылдың аяқ кезінде Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында түрікшіл білімпаздардың сиезі шақырылмақшы.

Бұл сиезді шақыруды Әзірбайжан наркомпросы өз міндетіне алған. Сиезді шақыру үшін наркомпрос жанында бір комиссия түзілген. Комиссияның ұйғаруы бойынша сиезге шақты уәкіл келуге тиіс. Мұның ішінде Ресейдегі түркішіл білімпаздардан басқа шет мемлекеттерден:

Түркия,

Иран,

Германия,

Франция,

Италия,

Венгрия 22 профессор, білімпаздар шақырылмақшы.

Комиссия Кеңестер союзындағы өзге республика, облыстардан сайланып тұратын уәкілдердің санын көрсетіп, тиісті жерлерге жазу жіберген.

Қазақстан атынан Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұлұлы шақырылған.

Татарстаннан Ғалимжан Ибрахимов, Зинулла шақырылған.

Бірқатар автономиялы республикалардың астаналарында, мәселен, Қазанда бізге әзірлену жөнінде көмекші комитет сайланған.

Сиезде қаралатын ірі мәселелер:

  1. Түрікшілдіктің өткендегі дәуірі һәм болашағы.
  2. Түрік тілінің жүйеге бөлінуі.
  3. Түрік тілінің дамуы және тарихы.
  4. Түрік тілдерінің дыбыс заңы бойынша жазу жүйесі.
  5. Түрік тілдеріндегі пән сөздері мен сөз жүйесі мәселелері.
  6. Түрік тілінің моңғол, ұйғыр, фин секілді тілдермен жақындығы.
  7. Түрік қауымдарының көне замандар туралы түсінігі.
  8. Түрік қауымдарының бұрынғы тұрмысы, тарихы.
  9. Түрік тілдердің әліппелері (арабша, моңғолша, орысша, латынша).
  10. Түрік жазу ережелері.
  11. Түрік тілдерін оқыту әдістері.
  12. Ұйымдастыру мәселелері.

Ең басты мәселе болып:

– Әліппе – әріп мәселесі.

– Пән сөздерін алу мәселесі.

– Түрік тілдерінде жазу жүйесі мәселесі қаралатын түрі бар.

Былтыр Қазақстан білімпаздары сиезінде талқыға түсіп, шешілмей ашық қалған латын таңбаларын алу мәселесі осы жолы да талқыға түспекші.

Сиезде қаралатын мәселелер құр әңгіме болып, ғылым түрінде ғана қалмай, тәжірибе жүзінде іске асыру жағы да қаралып, қабыл алынбақшы екен.

Қазақ тілінің емлесі де 15 жылдан бері істеліп, 2-ші, 3-ші баспалдақтан өткенмен әлі де талқыға түсетін жерлері жоқ емес. Бұл мәселелерді қорытып бір жүйеге, түйінге түптеу қажет.

Сондықтан сиезге дейін қазақ білімпаздары бас қосып, сиезге барушы уәкілдер қолына материал әзірлеп берулері теріс болмас еді.

Кең көлемде жасалатын түрікшіл білімпаздардың тұңғыш жиылысына алдан құтты болсын айтып, жемісті нәтижесін күтеміз. Іске сәт!

Хасенәлі

1925 жыл. Октябр.

Ескерту: Бұл сиезге (1926):Мәскеуден - Нәзір Төреқұлов, Қазақстаннан: Ахмет Байтұрсынұлы, Елдос Омарұлы, Біләл Сұлайұлы барып, қатысады. Қастарына Әмірені де ерте барған...

Бакуде болған түрік білімпаздар сиезінде "Латынды" 101 қолдап, 7 қарсы, 6 қағыс қалған екен...

Дайындаған: Абай Мырза

Abai.kz

0 пікір