Бейсенбі, 19 Ақпан 2026
Жаңалықтар 112 0 пікір 19 Ақпан, 2026 сағат 14:31

Мүфтият: Рамазанда азық-түлік арзандауы тиіс! 

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Бас мүфти қазақстандықтарды Рамазан айымен құттықтап, кәсіпкерлерге үндеу жасады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айының басталуына орай қазақстандықтарды құттықтады. Ол халықты қайырымдылыққа шақырып, кәсіпкерлерді азық-түлік бағасын төмендетуге үндеді.

Бас мүфти өз үндеуінде барша мұсылман қауымына ізгі тілегін жеткізді.

Сіздерді исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала қасиетті айда ұстайтын оразамызды, ізгі амалдарымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай, – деді ол.

Үндеуде Рамазан айының рухани мәні кеңінен тарқатылып, оразаның басты мақсаты – жүректі тазарту, нәпсіні тәрбиелеу және тақуалыққа жету екені атап өтілді. Бас мүфти оразаның мәні тек ас пен судан тыйылуда емес, жүректі түрлі дерттен арылтып, көркем мінез қалыптастыруда екенін жеткізді.

Сонымен қатар Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 183-аятын келтіре отырып, оразаның иман келтіргендерге парыз етілген құлшылық екені еске салынды.

Наурызбай қажы Тағанұлы халықты қасиетті айда қайырымдылық жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге шақырды. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысуға үндеді.

Сондай-ақ кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға, қоғамдық тамақтану орындарын ауызашар мәзірін қолжетімді бағамен ұсынуға шақырды. Құдайы астарды ауызашар уақытында өткізу сауапты іс екені де айтылды.

Үндеу соңында Бас мүфти елдің амандығы мен тыныштығын тілеп, келер жылғы Рамазан айына аман-есен жетуді нәсіп етуін сұрап, дұға жасады.

Abai.kz

0 пікір