Сенбі, 21 Ақпан 2026
Жаңалықтар 257 0 пікір 20 Ақпан, 2026 сағат 20:42

Азат Перуашев: Отандық кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік!

Суреттер: «Ақ жол» демократиялық партиясынан алынды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Қарағанды облысының Теміртау қаласына жұмыс сапарымен барып, «Qarmet» металлургиялық комбинатында еліміздің әр өңірінен келген 70-тен астам кәсіпкермен және компания басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында «Qarmet» жанынан құрылған шағын және орта бизнес кластерінің мүмкіндіктері таныстырылды. Аталған жоба кәсіпкерлерге комбинат қажеттілігі үшін тауар өндіруге, қызмет көрсетуге және ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар арқылы тұрақты тапсырыс алуға жол ашады. Сонымен қатар, бұл келісімдер аясында «Бәйтерек» холдингі арқылы жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі қарастырылған.

Кәсіпкерлер металл конструкциялар, құбырлар, электротехникалық өнімдер өндіру, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, IT-жүйелер енгізу және өнеркәсіп жабдықтарын жасау бағытындағы нақты жобаларын ұсынды. Сондай-ақ, кокс өндірісі мен рельстік техника шығару сияқты ірі бастамалар да талқыланды.

Кездесу барысында партия төрағасы Азат Перуашев бұл жобаның маңызына ерекше тоқталды.

Азат Перуашев бұл туралы:

— Бұл – отандық кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Qarmet-тің жаңғырту жобалары шағын және орта бизнеске нақты тапсырыс, тұрақты жұмыс және өндірісті кеңейтуге жол ашады. Мұндай кластерлер Қазақстан өнеркәсібінің жаңа тірегіне айналуы тиіс, – деді.

Сапар аясында делегация көлемі 20 мың шаршы метр болатын дайын өндірістік алаңдарды аралап көрді. Барлық нысандар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, бұған дейін Qarmet-тің бас акционері Андрей Лаврентьев кәсіпорынды жаңғыртуға миллиардтаған инвестиция бағытталатынын мәлімдеген. Ал кластерді дамыту бастамасын Ұлттық индустриялық палата көтерген.

Сапар қорытындысында көптеген кәсіпкерлер Теміртауға қайта оралып, нақты өндірістік жобаларды іске асыруға ниетті екенін білдірді. Бұл бастама отандық өндірісті күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін бермек.

Abai.kz

0 пікір