Ресейде жанармай дағдарысы ушықты: Қазақстаннан көмек сұрауда...
Қазақстанның батысындағы МӨЗ-де ресейлік мұнай өңделетін болады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей Федерациясы БҚО-дағы «Конденсат» шағын мұнай өңдеу зауытын пайдалануды ұсынғанын айтты.
«Қателеспесем, бұл зауыттың 50%-ы ресейлік компанияға тиесілі. Біз РФ Энергетика министрлігінен осы МӨЗ-ді ресейлік мұнаймен жүктеуге қатысты ресми хат алдық. Мен бұдан ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Өйткені өндірілетін бензин мен дизель отынының 30%-ы Қазақстанда қалады, қалғаны РФ-ға кетеді. Біз осындай уағдаластыққа келдік», — деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар министрге «Ресей мұнайын өңдеу Қазақстанға қарсы санкциялар енгізу қаупін тудырмай ма?» деген сұрақ қойылды.
«Кәсіпорын иесі ешқандай санкциялық тізімге енгізілмеген», — деп жауап берді Е. Ақкенженов.
Ол «Конденсат» зауыты Қарашығанақ кен орны аймағында орналасқанын еске салды.
Бұған дейін Қазақстанның Ресейден көбірек газ бен электр энергиясын сатып ала бастағаны хабарланған болатын.
Энергетика министрлігі Қазақстанның көрші елдерге ЖААР (жағар-жанармай материалдарын) жеткізетін-жеткізбейтіні туралы да айтып берді.
Abai.kz