Бейсенбі, 27 Тамыз 2026
46 - сөз 998 0 пікір 25 Тамыз, 2026 сағат 14:14

Абайдың «Тасдиғы» тәпсірленді (соңы)

Сурет: adebiportal.kz сайтынан алынды.

Басы: Абайдың «Тасдиғы» тәпсірленді

Екінші бөлім: Абайдың «Тасдиғы» тәпсірленді

«Соныға бет бұрыпты», – деуіміздің себебі:  Біз осы күнге дейін өзі өмір сүрген тұстағы қазақ қоғамындағы надандық, әділетсіздік секілді қоғамдық кемшіліктерді оқу-ағарту және ізгілік жолымен түзетуді мақсат еткен Абай шығармашылығына қарап, оны «ағартушы-демократ» деп келдік. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта, Абай шығармашылығын зерттеуші кейбір абайтанушылар «Абай» деген жалқы есімнің қасына «ойшыл» деген анықтауыштық сын есімді қосса да, Абайдың не себепті «ойшыл», қазіргі тілмен айтқанда «философ»  екенін дәлелдеп жазған абайтанушылар жоқтың қасы. Оның негізгі себебі, бас абайтанушы Мұхтар Әуезовтің: «Абайды философ деп атап жүргендер табылады. Анығында, бұл жөнінде дұрыс түсінік керек. Шын мәнінде алғанда, Абай философ емес. Ғылымды кең мағынада Абай философ емес дейтұғынымыз – оның арнап жазған философиялық жекеше терең толғаулы еңбектері, трактаты жоқ»,  – деген пікірі себеп болса керек. (М.Әуезов. 180-бет. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Монография. Т20. Монография мен мақалалар. Алматы «Жазушы» 1985)

М.Әуезов «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты ғылыми монографиясын 1950-1951 жылдары жазған. Бұл сөзімізге дәлел 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының «хабаршысының» № 2 санында жарияланған М.Әуезовтің: «Бұл күнде өзім түсінген Абайды тану ғылымының бір нәтижесі – «Абай» романы деп білемін. Екінші нәтижесі – биылғы жылы мен жазып бітірген, әзірше қолжазба түрде жүрген ғылымдық зерттеу – «Абай жөніндегі монография» деген ескертуінде айқын сезіліп тұр. (Қазақ ССР Ғылым академиясының «Хабаршысы», 1951. №2, 136-бет.)

Бәлкім, ғасырлар бойы мемлекетімізді жеке хан билеп, мемлекеттегі заң жүйесін – «ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» билер қалыптастырғандықтан болар, біз, қазақ халқы жеке тұлғалық билікке (автократияға) бейім халықпыз. Қоғамда беделді орны бар жеке тұлғалардың қилы жағдайда, әлдеқалай айтыла салған пікірлерінің түбін зерттемей қабылдай салуға біз үнемі дайын тұрамыз.

М.Әуезов – сөз жоқ, ұлы жазушы, әрі «Абайтану» ғылымының негізін қалаған ғұлама ғалым. Оның жазушылық дарынын былай қойғанның өзінде М.Әуезов – қазақ әдебиеті ғылымын қалыптастырған ұлы тұлғаларымыздың бірі. Оның уақыт талабымен айта салған кейбір пікірін біз күні бүгінге дейін маңызды деп санап, ту етіп ұстап келеміз. М.Әуезовтің: «Абай философ емес. Себебі, оның арнаулы философиялық еңбегі мен трактаты жоқ», – деп осыдан жетпіс бес жыл бұрын, 1951 жылы айтыла салған пікірі, біз үшін әлі күнге өз салмағын жойған жоқ. М.Әуезов бұл сөзді 1950 жылы, сталиндік репрессияның екінші толқыны басталып жатқан кезеңде айтты емес пе? Ол тұстағы М.Әуезовтің алдына қойған басты мақсаты: Абайды ұлы реформатор, ағартушы-ақын ретінде қазақ әдебиетіндегі өз орнына орналастыру болатын. Бар мақсат осы! Әуезов армандаған бұл ұлы мақсат орындала бастағандай да болып көрінген. Себебі, бұл уақыт – Абайдың 100 жылдық мерейтойы 1945 жылы тұңғыш рет Республика көлемінде аталып өтіп, ақын шығармаларының толық жинағы жарияға шыққан тұс. Бұл кезең – Абай шығармаларын оқыту мектеп оқу жоспарына еніп, «Абайтану» жеке ғылым ретінде бой түзеп, М.Әуезов армандаған ұлы мақсаттың жүзеге аса бастаған шағы болатын. Сондықтан, «Абай байшыл ақын, оның шығармаларында тап күресі жоқ», «Абай феодалдық қоғамның буржуазияшыл ақыны», – деген жаладан, сан жылдарға созылған күрестің нәтижесінде Абайды арашалап алып, оны Қазақ әдебиетіндегі заңды түрдегі өз орнына енді ғана орналастырған сол тұстағы Әуезов, Абайды «философ» деуге дәті жетпеді, жүрексінді.  Оның негізгі себебі: Абайдың барлық философиялық ойлары – оның «Ғақлиат Тасдиқат» трактатында көрініс берген болатын. «Ғақлиат Тасдиқатты» негізге алып, М.Әуезов Абайды «философ» дейтін болса, онда ол «Тасдиқаттағы» Абайдың метофизикалық тұрғыдағы идеалистік-философиялық ойларын теологиялық негізде түсіндіруге тиіс еді. Бұл – сталиндік репрессия жағдайында мүмкін емес жағдай. Бұл – бір. Екіншіден, «Құдай жоқ», –  деген атеистік ғылымды ту еткен Кеңестік идеологиялық саясат – Абайдың идеалистік-философиялық ойларын теологиялық негізде түсіндірген М.Әуезовтің жеке басына қауіп төндіруі былай тұрсын, ұлтымен енді ғана табысқан ұлы Абайды – ұлт әдебиеті тарихынан мүлде сызып тастауы да бек мүмкін еді.

Міне, Кеңестік билік тарапынан болатын осындай қауіпті жете түсінген М.Әуезов, Құран-Кәрімді негіз еткен Абайдың діни философиялық ойларына тереңдеп бармай: «Абай философ емес. Оның философиялық трактаты жоқ. Абайдың діні өзгеше сипаттағы ақылдың діні», – деп, сипай қамшылап, жеңіл түрде өтіп кетуге мәжбүр болды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл осыдан жетпіс бес жыл бұын болған жағдай. Қазір тәуелсіздік алғанымызға да отыз жылдан астам уақыт өтіп, ғылымның әр саласында ілгерілеушілік көзге анық көрініп тұрса да, «Абайтану» ғылымындағы табыс – соншалық мол деп айта алмаймыз. Себебі, осыдан жетпіс бес жыл бұрын Абайды «философ емес» десек, тәуелсіздің таңы атқанына отыз жылдан астам уақыт өтсе де Абайдың теологиялық-діни философиясына тереңдеп бара алмай, Абайды әлі күнге «философ емес» деп келеміз. Бұл сөзімізге дәлел абайтанушы, философ ғалым Ғарифулла Есім ағамыздың мына төмендегі пікірі. Академик, философия ғылымдарының докторы Ғарифулла Есім ағамыз Абайдың философтығы хақында: «Абайдың философиялық көзқарасы дегенде ең алдымен басын ашып алатын жайт сол, ол философиялық жүйе құрастырмаған, тіптен арнайы философиялық трактат жазбаған ойшыл. Сондықтан, оның дүниетанымынан жүйеге келтірілген гносеологиялық принциптер және әлем туралы бір негізде құрылған философиялық концепциялар іздеудің қажеті жоқ. Абай таза философиялық еңбектер жазбағандықтан оны не материализм, не идеализм лагерінен іздеу басы артық іс. Бүгінгі күнге дейін абайтанушылар оның философиялық көзқарасын бірде деизмге, бірде теизмге жақындатып қарастырып келді. Мұның екеуіне де қосылудың жөні жоқ. Асылы Абай дүниетанымын әлемдік философиялық жүйе тұжырымдамаларына тықпаламай, өзінің шығармашылығынан қарастырған жөн. Бұлай деуіміздің басты себебі, Абай ең алдымен ақын. Демек, оның шығармашылығында дүниені меңгерудің екі тәсілі тұтасып жатыр. Бірі көркемдік образдылық тәсіл (ақындық өнер) екіншісі логикалық немесе философиялық (диалектикалық) тәсіл. Абай көзқарасы осы екі тәсілдің синтезінен түзілсе керек», – дейді. (Ғарифулла Есім. 359-360-бет. Абай хәкім. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Алматы, «Әдебиет Әлемі» 2013»

Академик Ғ.Есімнің түсіндіруі бойынша, Абай философ емес. Себебі, Абай арнайы философиялық жүйе құрастырып, философиялық трактат жазбаған ойшыл. Абай дүниетанымында жүйеге келтірілген гносеологиялық (таным теориясы Н.М) және әлем туралы бір негізде құрылған концепциялар жоқ болғандықтан, Абайды не материализм, не идеализм лагерінен іздеу – басы артық жұмыс. Абай ойшылдығы көркем образдылық тәсіл (ақындық өнер) және логикалық немесе философиялық (диалектикалық) тәсіл. Абай көзқарасы осы екі тәсілдің синтезінен (қосындысынан Н.М) түзілген.

Философ ағамыздың Абайдың дүниетанымдық көзқарасына байланысты осы айтылған пікірлерінің барлығына да дау айтқымыз келіп отыр. Әрине, философпен философия туралы пікір таластыру қиын. Егер қарсыласың кәсіби философ әрі философия ғылымдарының докторы, академик болса – тіптен қиын. Сондықтан, Қазақ Ұлттық энциклопедиясына жүгіндік.

Ұлттық энциклопедияда философия ғылымы туралы: Философия (грек сөзі. даналыққа құштарлық) – қоғамдық сана формасы; Болмыс пен танымның қағидалары, адам мен әлем қатынасы, табиғат, қоғам, ақыл-ой дамуының жалпы заңдылықтары жайлы ғылым. Философия – әлем, ондағы адамның орны туралы көзқарастардың жалпыланған жүйесін пайымдайды; адамның әлемге пайымдық, құндылықтық, саяси-әлеуметтік, адамгершілік, ақылақтық, эстет қатынасын зерттейді, – деп жазады. (Қазақ Ұлттық энциклопедиясы 9 том, 194-бет. «Қазақ энциклопедиясының бас редакциясы» Алматы, 2007)

Ұлттық энциклопедияда көрсетілгендей, ғаламды (вселенная деген мағынада) бір тұтас дүние деген философия ғылымы – Әлем мен адам қатынасы, табиғат пен қоғам, болмыс пен танымды тұтас дүние деп қарастырып, адамның әлемге деген танымдық құндылықтарының жүйесін пайымдайды.

Міне, дәл осындай танымдық құндылықтарды қарастырған, біз қазір 38-қарасөз деп атап жүрген «Ғақлиат Тасдиқат» еңбегінде Абай ғаламды –Алла, Адам, Дүние (жаратылыс, қоршаған орта) деп үшке бөліп тұтас қарастырады. Алла, Адам, Дүние(жаратылыс, қоршаған орта) бірлігінде адамзат пайдалы мен залалдыны айырып, танып білуі керек деген философиялық жүйе қалыптастырған Абай, адамдарды ұлты мен діни наным-сеніміне қарап жіктемей: «Адамзаттың бәрін сүй – бауырым деп», – деген ойды уағыз етеді.

Міне, осындай дүниетанымдық-философиялық жүйе қалыптастырған Абайды қалайша біз ойшыл-философ демейміз? Ғалам мен жаратушы Хақ Тағаланы тұтас бірлікте қарастырған Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» ғылыми трактатын біз неге күні бүгінге дейін ғылыми-философиялық еңбек ретінде қабылдай алмай жүрміз? Себеп неде?

Абай жазған қарасөздер ішінде 38-қарасөз деп аталып жүрген «Ғақлиат Тасдиқат» ғылыми трактатынан басқа – Алла, Адам, Дүние (жаратылыс) хақында философиялық жүйеге құрылған өзге сөзі жоқ екен деп ойлап қалуға болмайды. Жалпы, проза жанрындағы Абай шығармаларын «ғақыл» (ақыл) «ғақлия» және «нақлия» (нақыл) сөздер деп, шартты түрде үш топқа бөлуге болады. «Ғақыл» (ақыл) сөздер оқырманға ой салатын дидактикалық мағынадағы сөздер болса, афоризмдік нақыл сөздерге құрылған 37-қарасөзін «нақлия» сөздер десек, «ғақлия» сөздер – жаратушы Хақ Тағала, Адам, Дүние-жаратылысқа байланысты айтылған ойшыл-философиялық сөздер. Абайдың ойшыл мәндегі философиялық-ғақлия сөздеріне біз қазір 27 (Сократ хәкімнің сөзі) және 27,37,43,45 – қарасөздер деп аталып жүрген сөздерін жатқызамыз. Айтқымыз келгені: Абай «Ғақлиат Тасдиқат»  ғылыми трактатынан да өзге философиялық еңбектер жазған ойшыл. Бұл хақиқатты әрқайсысымыздың біле жүргеніміз абзал.

Ғарифулла Есім ағамыздың жеке басын абайтанушы, философ-ғалым ретінде құрметтеймін. Алайда, ағамыздың: «Абай философиялық жүйе құрастырып, арнайы трактат жазбаған ойшыл», – деген пікірмен келісе алмайды екенбіз. Ағамыздың Абайды «философ» сөзінің синонимдік баламасы «ойшыл» деп атай отырып, Абай «философ емес» деп айтуының өзі де өте түсініксіз жағдай.

Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактатын үш танымақ бір айырмақтық деп төрт бөлімге бөлген А.Омаров: «Абай хәкім зерттеп-зерделеген үш танымақ (Алла, Адам, Дүние) – исламда «Әл-ахад уә әл –ужуд» («Болмыс бірлігі») ал, батыс әлемі «Великая Триада» деп білетін әйгілі концепция. Айтайын дегеніміз: «Үш танымақ» –теориялық философияға ал, жақсы мен жаманды айырмақ практикалық философияға жатады. Ғалам да солай, бір жағы тылсым (метафизика) ал, екінші жағы – материалдық дүние (физика)», – деп, ғаламды тұтас бір бірлікте қарастырған Абай философиясының жүйесін сөз етеді. (А.Омаров. 56-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)

Көне Грек философиясынан бастау алған: «Ерекше жетілген ғалам бір тұтас, одан тысқары тұрған ешнәрсе жоқ», – деген ойды тұжырымдаған Шығыс философиясы – адам рухының қыр-сырларына бойлап, адамгершілік мәселесіне ден қойып, қоғам өмірі мен адамдар қарым-қатынасын реттеу дәстүрлеріне негізделген. Абай өзінің философиялық ой-тұжырымдарының негізін Шығыс философиясынан алған. Абай тұжырымындағы практикалық философия – жақсы мен жаманды яғни, пайдалы мен залалды айырмақ – танымнан туатын белсенді іс-әрекет – салих амал. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білерсің, – деген Абай, осы үш міннен құтылудың жолын: «Бұлардың емі – халлақына (жаратушы бір Аллаға) махаббат, халық, ғаламға шапқат. Қайратты, тұрлаушы, ғадәләт ісінің алды-артын байқарлық ғылымы болсын. Ол білім-ғылымы Құдайға мұқтади (үйлесімді, бағынышты) болсын деп көрсетеді.

Бұдан ары қарай: «Енді ниет еттіңіз – таһрат (тазалық, намаз алдындағы жуыну) алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа. Бұл таһраттағы ниетіңіз заһриында (сыртқы, сырттай) қалып, сыр ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиниіңіз (ішкі сарай, дүниенің көрінбейтін жағы) таза болмағы әуелі – иман болуынан, бұл заһри ғибадатыңыз иманды болған соң ғана парыз болған», – деген Абай сөзін: «Намаз – рәсім емес. Ол рәсімге айналса, берері шамалы. Оның ишарат пен сырға толы болуы – адам мен Алла арасындағы байланыс кепілі», – деген Асан Омаров: «Абай ислами құндылықтарды рационалды (ақылды) негізде түсіндіреді», – дейді. (А.Омаров. 61-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)

Бір сөзбен айтқанда, Абай шығармашылығында насихатталатын Ғылымды, Рахымды, Әділетті – «Толық адам» мен  Алланы, Әділетті, Адамзатты сүйетін – «Иманигүлді» адамның рухани негізі – Ғаламды бір тұтас күйде Алла, Адам, Дүние (жаратылыс) деп үш бөлікке жіктеп, пайдалы мен залалдыны айырмақтық керек, – деген Абай философиялық тұжырымынан бастау алады.

Алла, Адам, Дүние (жаратылыс, қоршаған орта) – бір тұтас үш таным деп тұжырым жасаған Абайдың «Ғақлиат тасдиқат» трактаты – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анығымен» өзегі бір, сабақтас шығарма», – деген А.Омаров, өзінің «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» еңбегінің соңғы бөлімін Абай мен Шәкәрім ілімдерінің сабақтастығына бағыштапты.

Сөз соңындағы сөзіміз, философ ағамыз Ғарифулла Есімнің: «Абай философиялық жүйе құрастырмаған, тіптен арнайы философиялық трактат жазбаған ойшыл. Абай таза философиялық еңбектер жазбағандықтан оны не материализм не идеализм лагерінен іздеу басы артық іс. Оның шығармаларында дүние меңгерудің екі тәсілі тұтасып жатыр. Бірі – көркемдік образдылық тәсіл (ақындық өнер), екіншісі – логикалық немесе философиялық (диалектикалық) тәсіл. Абай көзқарасы осы екі тәсілдің синтезінен түзілсе керек», – деген пікірі хақында. (Ғ.Есім. 359-360-бет. Абай хәкім. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Алматы, «Әдебиет Әлемі» 2013)

Егер Абай философиялық жүйе құрастырмаған болса, сонда біз Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» еңбегіндегі Ғаламды – Алла, Адам, Дүние деп тұтас бірлікте қарастыра отырып, пайдалы мен залалдыны айырмақ керек дейтін Абайдың ғақлиат сөздеріндегі философиялық ойларды ғылымның қай саласына жатқызамыз? Өте түсініксіз...

Біздің ойымызша, «Ғақлиат Тасдиқат» ерте Шығыстық ғылым жүйесі бойынша жазылған діни теологиялық трактат болғандықтан, теология ғылымының философиясы мен ерте Шығыстық білім жүйесін терең зерттеп білмеген біздің бүгінгі философтар – Абайды философ деп мойындап жүрген жоқ.

Бұл – Абайдың емес, теология ғылымы мен ерте Шығыстық білім жүйесінен хабары жоқ, материалистік бағыттағы Батыс білім жүйесі бойынша білім алған бүгінгі біздің философтардың кінәсі. Бұл – бір. Екіншіден, Абай «философ» деген атаққа мұқтаж емес. Абай философиясына ең бірінші мына біз – қазақ халқы, қала берді әлемдік теологиялық философия мұқтаж.

Қазіргі біздің философтар Еуропа білім жүйесінен тыс тұрған философияны мойындамайды. Оның негізгі себебі: біз Батыс ықпалындағы елміз. Батыс білім жүйесі бойынша білім алған біздің бүгінгі оқымысты философтар – Батыс білім жүйесінен тыс тұрған ғылыми философиялық көзқарастар қағидаттарын мойындауы былай тұрсын – кез-келген халықтың ұлттық болмысына негізделген дәстүрлі философиясы болатынына жете мән бермей, оларға «европоцентристік» үстем көзқараспен қарайтын секілді. Болмаса, Ғаламды Алла, Адам, Дүние (қошаған орта, жаратылыс) бірлігінде тұтас қарастырып, адамның ішкі рухани әлемін басты орынға шығарған  Абай философиясының қазақ философтары тарапынан мойындалмай келуін қалай түсінуге болады?

Ал, енді бізден басқа қытай, жапон секілді іргелі ұлттардың «Ғылым бізден басталған, Еуропа өркениет бесігі» – дейтін «европоцентристік» көзқарас пен Батыстық білім жүйесінен тыс, өздерінің ұлттық болмысына негізделген дәстүрлі философиясы бар. Дәл сол секілді,  Абай философиясын да Шығыс білім жүйесін негіз еткен дәстүрлі «қазақ философиясы» деп қабылдағанымыз жөн.

Қалай десек те, ғаламды Алла, Адам, Дүние деген тұтас бірлікте қарастыра келе, пайдалы мен залалды айырмақ керек деген философиялық жүйе қалыптастырып, «Ғақлиат Тасдиқат» атты ғылыми-теологиялық трактат жазған Абайды, әлемдік деңгейдегі ойшыл-философ деп мойындайтын уақыт келді. Ол үшін ең бірінші: Абай философиясын мына біз – өзіміз мойындауымыз керек.

«Алланы бар дедік, бір дедік», – деген Абай: «Құдай Тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикмет тәклиф (бұйыру, істе деу) қылмады. Бұл көзге көрінген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикмет бірлән жарастырып, қандай құдірет бірлән орнастырған. Еш адам ұғылының ақылы жетпейді», (Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. 190-191-беттер. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 2 том. Алматы, «Ғылым» 1977) – дей келе: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деген метафизикалық көзқарастағы идеалист Абайдың дүниетанымдық көзқарасын көркем образдылық тәсіл (ақындық өнер) мен логикалық немесе философиялық (диалектикалық) көзқарастар синтезінен іздеу – Ғарифулла Есім ағамыздың өз сөзімен айтқанда: «Басы артық іс»

Айтпағымыз: Алланы тану, Хақ жолы, пенделіктің кәмләті, «Толық адам» ілімімен қатар  Ғалам бірлігін – Алла, Адам, Дүние (қоршаған орта, жаратылыс) деп тұтас бір-бірлікте қарастырған Абай жаңалықтары – философия ғылымында өзіне тиесілі өз орнын табуға тиіс. Әзірге көңілге медет етеріміз сол: Абайдың теологиялық тұрғыдағы философиялық бұл жаңалықтары А.Омаровтың «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» еңбегінде жан-жақты талданыпты. Тек бұл емес, Абайдың исламдық бес парыздың бірі намазды – адами ақыл-ой негізіндегі түсініктер арқылы тереңнен талдаған автор, өз еңбегінде «Абай тек ақын ағартушы ғана емес, хәкім, ұлы философ әрі Құран тәпсіршісі» деген анықтамалардың ғылыми негізін де қалыптастырыпты. Бұл – Асан Омаровтың «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» ғылыми монографиясының ең басты жетістігі!

Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» ғылыми трактаты тәпсірленген бұл еңбек – Шығыс рухани әлемімен жалғасып жатқан қазақтың дәстүрлі философиясын, әлемдік философиямен байланыстыратын алтын көпір болатындығына сеніміміз кәміл. Ол үшін қисық-қыңыр емес, (Абай) түзу келейік, ағайын.

Біз Абай философиясын әлемдік деңгейге көтеру арқылы ғана, адамзат ақыл-ой кеңістігінде еркін жүзе алатын боламыз. Себебі, Абай философиясы – әлемдік деңгейдегі философия. Ал, Асан Омаровтың «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» еңбегі – Абайдың әлемдік деңгейдегі философ екендігін дәлелдеген бірден-бір еңбек. Автор аталмыш еңбегін түсінікті тілде, қарапайым оқырман үшін жазған. Біз мұны жетістік деп бағаласақ та, алдағы уақытта Абай философиясын Әлемдік деңгейдегі философтар еңбегімен салыстыра зерттеген Асан Омаровтың жаңа еңбектері жазылып, жарияға шығар деген үмітіміз бар.

Ең бастысы, тілге жеңіл болса да, түсінікке ауыр Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактаты тәпсірленді. Ендігі мақсат: Абай философиясын әлемдік философиямен салыстыра зерттеу. Ізгі мақсаттағы бұл жұмысқа бүгінгі таңдағы қазақ философтары жұмыла кірісер деген үміттеміз.

P.S Сіз Ғаламды – Алла, Адам, Дүние (жаратылыс, сыртқы орта) деген бір тұтас бірлікте қарастырып, «фәни» деп аталатын жалған дүниеде пайдалы мен залалды айыра отырып, жаратушы Алла Тағаланы оның өзіне тән сегіз сипаты ішіндегі ең негізгісі Ғылым сипатымен танығыңыз келсе – Абайдың философиялық-теологиялық көқарасын айқындайтын, біз қазір 38-қарасөз деп атап жүрген «Ғақлиат Тасдиқатын» оқыңыз.

Егер, сізге Абайдың бұл аталмыш трактатын түсіну ауыр болса, тағы бір кітап оқуға кеңес береміз.

Кітап аты: «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу». Авторы – Асан Омаров.

Соңы.

Нұрғали Махан

Abai.kz

0 пікір