Референдум: Қазақстан Тәуелсіздігінің жаңа кезеңі
2026 жылы Қазақстан Республикасында жоспарланған конституциялық реформа қоғамдық-саяси күн тәртібінің негізгі тақырыптарының біріне айналып, азаматтардың жоғары қызығушылығын тудырып отыр.
Осыған байланысты біз сарапшылардың пікірін сұрадық...

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.
Руслан Рүстемов, Сенат депутаты:
– Жаңа Конституция – бұл жеке түзетулер жиынтығы емес, Негізгі заңның тұтастай жаңа редакциясы. Оның негізінде «Адамға арналған мемлекет» қағидаты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту, заңның үстемдігін, әділеттілік пен жауапкершілікті бекіту жатыр. Ең бастысы, бұл құжат қоғамның белсенді қатысуымен және адамдардың нақты сұраныстарын ескере отырып қалыптасты.
Жаңа Конституцияның жобасы заңдылық пен тәртіп қағидаттарын күшейтеді, мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін нақты бекітеді, басқару жүйесін ашықтық пен әділеттілікке бағыттайды. Бұл нормалар еліміздің экономикалық мүддесін және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғау үшін берік құқықтық негіз қалыптастырады.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.
Жандар Асан, саяси сарапшы:
– Жуырда елордада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сарапшылар алаңы өтті. Алқалы басқосуда ғылыми қауымдастық өкілдері мен сарапшылар жаңартылған Ата заң жобасын жан-жақты талқылады.
Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Елдегі саяси реформаларды мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталған жаңа дәуірдің бастауы деп бағалауға болады.Соңғы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде құндылықтар жаңарып, қоғам айтарлықтай өзгерді. Осындай кезеңде жаңа стратегиялық қадамдардың жасалуы – заңды үрдіс.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин атап өткендей, жаңа Конституция жобасы қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқан бірқатар сезімтал әрі маңызды мәселелер бойынша ортақ ұстанымды бекітуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ құжатта дәстүрлі құндылықтар мен қоршаған ортаны қорғауға айрықша назар аударылып, ұлттық болмысты сақтауға ерекше мән берілген.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция – ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір, мемлекетімізді одан әрі нығайтудың маңызды тетігі.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.
Нұрхат Ораш, саясаттанушы:
– Астанада өткен «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сарапшылар алаңына қатысып, мазмұнды пікірталастың куәсі болдым. Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеу институты ұйымдастырды. Кездесу елдегі саяси трансформацияның жаңа кезеңін кәсіби тұрғыда талқылауға арналды.
Алғысөзді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин сөйлеп, Конституциялық реформалардың мәні мен стратегиялық бағытына тоқталды. Бірінші панельдік сессия «Саяси трансформация: билік бөлінісінің жаңа үлгісі» тақырыбында өтті.
Спикерлер қатарында саясаттанушы Марат Шибутов, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым және Никита Шаталов, сондай-ақ Л.Н. Гумилев университетінің проректоры Индира Рыстина өз ойларын ортаға салды.
Талқылау барысында билік тармақтарының теңгерімі, Парламент рөлінің күшеюі, азаматтық қоғам институттарының ықпалы және құқықтық мәдениетті жаңғырту мәселелері көтерілді. Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес, ол сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісімнің іргетасы екені анық сезілді.
Abai.kz