Сейсенбі, 24 Ақпан 2026
Әдебиет 188 0 пікір 24 Ақпан, 2026 сағат 13:04

Бар өнерін елге арнаған азамат еді...

Сурет; сайт мұрағатынан алынды

 

 

Уақыт ағыны бізді тағы бір аяулы дос, асыл азаматтан айырды. Белгілі ақын, қарымды да қажырлы баспагер Тәліпбай Қабаев пәниден бақиға көшті. Ол еліміздегі қазақ жазба әдебиеті жөнінен айтқанда, көзге недәуір ерте түскен, азаттықтың алғашқы он жылы ішінде-ақ көпке танымал бола бастаған қаламгерлердің бірі еді. Сол кездегі басылымдарда жарияланған өлеңдерін, әсіресе, «Шинжияң әдебиет искуствосы» (Қазіргі «Шұғыла») журналы 1956 жылғы 10-санында жариялаған «Асауға тұсау» деген әңгімесін оқып, оны аға қаламгер қатарында таныған едім. Сол түсінік бойынша, 1957 жылы Үрімжіге оқуға келгеннен кейін осы қалада тұратын жас ақындармен танысу, олардан кеңес алу мақсатында сабақтасым Дутан Сәкейұлы екеуміз бірнеше орынды аралаған едік.

Сол қатарда автономиялы райондық Жастар одақ комитетінің қарауындағы «Коммунизмшіл жас» журналында редактор болып істейтін Тәліпбайды да іздеп бардық. Олардың мекемесі Үрімжідегі халық алаңының күншығыс жағындағы тар көшенің бойында бір қабатты көне ғимаратта тұрады екен. Біз барғанда ол бір бөлмеде жалғыз отырыпты. Сырт бейнесіне қарағанда жас шамасы менен сәл ғана үлкен сияқты. Ұзын бойлы, сұлуша келген арық қара жігіт көрінді. Аман-сәлем жасасып, өз жайымызды айтқан соң, ол аса ризашылықпен қарсы алатындығын білдіріп, қызмет орнының жайын қысқаша әңгімелеп берді. «Коммунизмшіл жас» деп аталған бұл журналдың шығарыла бастағанына онша ұзақ уақыт болмапты. Қазірше негізінен жастарға арналған саяси тәрбиелік мазмұндағы шығармалар беріліп тұрады екен. Әдеби туындылар әлі жарияланып көрмепті. Осы жәйттерді айта отырып, Ол:

«Алдағы уақытта әдебиет беті ашылуы мүмкін. Өлеңдерің болса жіберіңдер, ыңғайы келсе жариялауға күш салайын» деді. Осыдан кейін мен екі-үш қысқа өлеңімді почтадан жіберген едім, Тәліпбай айтқан сөзін айнытпай орындап, бір мезгілден соң ол өлеңдерді журналда жариялады. Менің Тәліпбаймен алғаш танысуым осылай басталған болатын. Бірақ бірталайға дейін қайта барыс-келіс жасай алмадым. Ондағы себеп, біздің мектеп Үрімжінің төменгі жағындағы Бахуди-Ыргұң деген жерде болып, аралық біршама шалғай, автобус қатынасы жоқ, оқу басталып кеткендіктен, қала орталығына баруға уақыт шығару қиын. Оның үстіне, мен тұтқиыл ауырып, емделуге түсіп қалған едім. Келесі жазда «оңшылдық-ұлтшылдыққа» қарсы саяси күрес жүргізілгендіктен сыртқа аттап шығу тіпті қолайсыз болды. Сол күрделі қозғалыс ақыр аяғында Тәліпбай қатарлы бір топ жастарды сыпырып, Тарым құмына айдап алып кеткендігін кейінірек білдік.

«Батқан күннің атар таңы бар» дегендей, жиырма жылға таяу уақыт өткенде, партия ұйымы алдыңғы кезде болған әсіре солшылдық әрекеттің қателігін түзетіп, нақақ жазаланғандарды ақтап, бұрынғы қызметін қалпына келтіргенде Тәліпбай да ажырғыдан құтылып, баяғы жұмыс орны болған «Шынжаң жастар-өрендер баспасына» қайтып оралды.

Мұнда ол қатардағы қарапайым редактор ғана емес, белгілі уақыттан кейін баспаның орынбасар бастығы, қосымша қазақ бөлімінің жауаптысы болып міндет атқарды. Бір кезде біздің сәтті басталса да аумалы-төкпелі заманда шорт үзілген таныстығымыз осы тұста қайта жалғанды. Қақаған қарлы қыс кетіп, жайдары көктем күні туғандай болып, заман ағысы қалыпты арнасына түсе бастаған мезгілде, жылымықтан жаны жай тапқан адамдар, бір кездегі оп-оңай басқа киіле салатын қаптаған қалың «қалпақтан» жасқанатын жалтаңдықтан құтылып, бірін-бірі іздесіп, араласа бастағаны мәлім. Сол тұста өзін әдебиетшілер қатарында санайтын адамдар мен баспасөз саласындағылар өз ара жиірек барыс-келіс жасасып, күйі келгендері үйлеріне қонаққа шақырысып мәре-сәре болғаны бар. Дәл осы жағдай Тәліпбай екеуміздің арамызда да болды. Көп рет кездестік, бірге отырып ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Ондағы басты тақырыбымыз негізінен әдебиет ауаны, қазіргі қаламгерлердің хал-жайы, баспадан кітап шығаруда кездесетін мәселелер төңірегінде болды. Қазір қайталай ойласам, екеуміздің осыдан бұрынғы басып өткен жолдарымыз туралы сөз қозғап көрмеппіз. Менің өмір сапарым бұралаңы азырақ біршама қарапайым болғанымен, Тәліпбайдың басып өткен сапары аса күрделі екендігі, анау Тарымның құмды даласында ойнап не саяхаттап жүрмегендігі өте айқын ғой. Бірақ, ол бұл туралы ауыз ашқан емес. Аңғары, саналы азамат бүгінгі бостандығына разы болып, өткен қайғылы күндері көңіл архивінде көмулі қала берсін деген болса керек. Ал, оның жалындаған жастық шағында жаны елжірей сүйген арудан алысқа айдалып кетуі себебінен айырылып қалғандығы жөніндегі әңгімені басқалардың айтуынан тыңдаған болсам да, өзі айтпаған соң, мен «ескі жараны білтелеп», қазіргі қосағы Гүлнисамен жарасқан тұрмысына көлеңке түсіріп алып жүрмейін дегенді ойлап, сұрамаған болатынмын.

Баспадан кітап шығару туралы әңгімелесіп отырғанымыздың бір кезегінде ол маған:

«Сен бір өлең кітабыңды дайындап бер, мен шығарайын» деп қалды. Оның бұл сөзі өзімнің ойлағаныммен үйлесе кеткендіктен, әлі жинақтарға кіргізілмеген өлеңдерімді реттеп, біраз уақыттан кейін апарып берген едім. Ол кітаптың көлемі кішірек болуы талап етілетіндігін айтып, соған байланысты ішнара шығармаларды ықшамдау мүмкін еместігін ескертті. Сонымен бірге кітапқа көркемірек ат қойуымды атап айтты. Байқап көрсем, бұл топтамаға кірген өлеңдердің бірталайы 1984 жылы Югославия мен Руменияға барған кезде алған әсерлер негізінде жазылған дүниелер екен. Соның ішінде Балқан түбегіндегі жап-жасыл табиғатқа қызығудан туған «Жасыл әлем» деген өлеңім барлығы есіме түсіп, кітапқа осылай есім бергім келгенін айтып едім, мұны Тәліпбай да ұнатты. Кітап баспада тізіліп, алғашқы нұсқасы дайындалғаннан кейін редактордың талабы бойынша өзім бір рет көріп шыққан соң, заводқа тапсырылды да, 1988 жылы ресми басылып таратылды. Тәліпбай баспа жұмысын басқарып тұрған кезде жалғыз менің ғана емес, талай ақынның жыр жинақтарын және басқа еңбектерін баспадан шығарды. Ол өзі де қаламгер болғандықтан әлденеше шығарма жазып жариялауына болар еді. Бірақ, ол өзіне ұйымның сеніп тапсырған басты міндеті баспагерлік, редакторлық, авторлар мен оқырмандар үшін жұмыс істеп, көбірек, жақсырақ кітаптар шығару деп білгендіктен, жеке шығармашылығына мойын бұруға көп уақыт шығара алмады. Ол жергілікті авторлардың жазған шығармаларын қарап, мұқият редакциялап бастырумен ғана қанағаттанып қалмай, бұрыннан бері қазақ тіліне аударылған дүние жүзі классиктерінің де бірталай кітабын қарап, тіл қолданысы жағындағы түсініксіздік жәйттері байқалса, лайықты өзгерістер жасап бастырып шығарды. Мысал үшін айтсақ, англиялық әйгілі ақын Байронның бір томдығы, Ши төраға: «Заманның ұлы өзгерістері мен кейіпкердің кісілік қасиеттері шынымен өте терең суреттелген» деп жоғары баға берген Шолоховтың «Тынық Дон» атты 4 томдық романы сияқты шығармалар Тәліпбайдың қолынан өтіп, осы баспада басылып, оқырмандарға табыс етілген болатын.

Қайта қауышқаннан бергі 40 жылдай уақыт ішінде екеумізде баспасөз саласында жауапты міндеттер атқарғандықтан әдебиет пен көркемөнерге, тіл-жазуға, баспагерлік қызметіне байланысты болған талай жиындарға бірге қатынасып, пікір алысып, көзқарас алмастырып, кәсіптік дағдымызды сақтап, өзіміз жасаған ортада, біз араласқан кәсіптестердің хал-жайы, онымен айналысып жүргендердің қол жеткізген табыстары мен жете алмай жатқан жақтары туралы... әңгімелесуді соңғы жылдарға дейін үзіп қоймадық. Мұндағы басты бір себеп, оның адамдарға дұрыс қарай білетіндігі, сыпайылығы, бауырмалдығы болса, соған қоса замандастық пен мінезіміздегі ұқсастық осылай табыстырған еді. Жасымыз ұлғайып, жүріс-тұрысымыз қиындаған кейінгі мезгілде арамыздағы қатынас міндетін көбінесе телефон атқарып тұрған болатын. Кездесіп қалған кездерде ол маған:

«Сен мені аға деп атасаң болады. Өйткені, біріншіден, мен сенен бір жас үлкенмін, екіншіден, мен бүтін қазақтың ағасы болған ұлы жүздің ұрпағымын, мұны ұмытып кетіп жүрме» деп қалжың айтатын. Осы сияқты жолдастықты, жақындықты аңғартатын жылы сөздер арамызда үнемі болып тұратын еді. Амал қанша, бұл қатынас жолы міне шорт кесіліп кетті.

Адам өмірінде сәттілік болған жерде сәтсіздік те болатынын, қуанышқа өкініш ілесе жүретінін естіп те, көріп те, басымыздан өткізіп те келеміз. Тәліпбаймен арамыздағы қатынас туралы да осыны айтуға болады.

Мен 2016 жылы 7-айда жасымның 80-ге толуына байланысты бір кезеңнің белгісі болсын деп Үрімжіде тұратын кәсіптес құрдастарымның басын қосып суретке алдырып қояйын дегенде, солармен бірге даңқұрдас болмаса да замандас достарымнан бірнешеуін де Еренқабырға тауының көркем қойнауындағы жекелер ашқан саяжайға шақырған едім. Оларды тауға алып барып, алып келетін автобусты адамдардың келіп отыруына қолайлырақ жер деп райондық Оқу-ағарту меңгермесінің ауласына қойып, сонда жиналуды айтқанымда, Тәліпбай жүріп-тұруға денсаулығының ыңғайы келмейтіндігін ескертіп, атап шақырғаныма рақмет айтқан еді. Сол кезде оның бара алмаймын деуі өз үйінен автобус тұрған жерге жаяу баруы қиын болғандығы екенін ойламаппын. Әйтпесе, арнаулы машинамен әкелуіме болатын еді. Сөйтіп, естелік суретке бірге түсе алмай қалғаныма кейін өкіндім.

Осыдан дәл 10 ай кейін сондағы суреттерді түсірген менің аяулы жалғыз ұлым Айдын альпинистер тобына қатынасып, шыңға шығу сапарында тұтқиыл қайтыс болып кеткендіктен, қан жұтып, қасірет шегіп отырғанымда, жұрт қатарында Тәліпбай да көңіл айтуға келген еді. Ол таяққа сүйеніп әрең жүреді екен. Екінші қабаттағы үйге шыға алмайтын болғандықтан, есік алдында кезігіп, құшақтап тұрып жылап көріскен, сабырлы болуымды, қайғыға беріліп кете бермеуімді айтып бірталай кеңес берген еді. Содан кейін бес айдай уақыт өткенде асыл азамат Тәліпбай өзі де оралмас сапарға жол тартып кетті. Енді тек оның әруағына арнап, жұрттың бәрі жатқа білетін «Жатқан жерің жайлы, жаның Жәннатта болсын» деген сөзді ғана ауызға алып отырмын. Қадірді досым, сен кетсең де, есімің өшпейді.

Сен көзіңнен өткізіп, баспадан шығарған талай асыл кітаптар әлі де оқырмандардың қолында тұр. Сен сол үшін ұзақ жасай бересің!

2017 жыл қазан

Шәкен Оңалбаев,

ақын, ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Abai.kz

0 пікір