Header Banner
Жұма, 20 Наурыз 2026
46 - сөз 1133 0 пікір 28 Ақпан, 2026 сағат 15:44

Клинтон: «Эпштейннің қылмыстарын білмедім...»

Сурет: Новая газета сайтынан алынды

АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон жұма күні жабық есік жағдайында өткен тыңдауда Конгресс комитетінің Джеффри Эпштейнмен қарым-қатынасы туралы сұрағына Эпштейнмен араласқан уақытында «оны мазалайтын ештеңе байқамағанын» айтты. Өз сөзінде Клинтон Өкілдер палатасының бақылау комитетіне «егер Эпштейннің қылмыстық әрекеттері туралы білген болсам, ешқашан Эпштейннің жеке ұшағына отырмас едім» деп мәлімдеді.

Экс-президент Клинтон тағы да: «Біздің осы арада болуымыз, оның бұл қылмыстарды соншалықты мұқият және ұзақ уақыт бойы жасырғанының салдарынан» деді.

Билл Клинтон 2000 жылдардың басында президенттіктен кеткен соң, Эпштейн 2008 жылы «кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке азғырды» деп сотталғанға дейін қаржыгердің ұшағымен жиі саяхаттаған.

Конгресс қабылдаған заңға сәйкес, Әділет министрлігі қаңтар айының соңында Эпштейнге қатысты 3 миллионнан астам беттен тұратын құжаттарды жариялады. Бұл құжаттарда Билл Клинтонның жүзі көмескіленген бірнеше әйелмен түскен фотосуреттері де бар. Билл Клинтон айыптауларды бірден жоққа шығарып, «Мен ештеңе көрген де жоқпын. ештеңе жасаған да жоқпын» деп мәлімдеді.

2016 жылғы Демократиялық партиядан президенттікке кандидат болған Хиллари Клинтон алдыңғы күні жауапқа тартылды. Ол 2019 жылы сот отырысынан бір күн бұрын түрмеде қайтыс болған, өлімінің себебі күмәнды Джеффри Эпштейнмен ешқашан кездеспегенін айтты.

Клинтондар бастапқыда конгресс комитетінің алдында куәлік беруден бас тартты, бірақ сот айыптауларын құрметтемеу - қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін білген соң келісті. Олар Нью-Йорктегі Чаппакуадағы негізгі резиденцияларының жанында куәлік берді.

Өкілдер палатасының бақылау комитетінің төрағасы Джеймс Комер Билл Клинтонға Әділет министрлігі жариялаған құпиясыз фотосуреттер туралы сұрақ қоюды жоспарлап отырғанын айтқан еді. Комитет сонымен қатар бұрынғы президентке Джеффри Эпштейннің өзінің атындағы қормен қарым-қатынасы туралы да жауап алмақ.

Хиллари мен Билл Клинтон республикашылдарды "қазіргі президент Трамп пен Джеффри Эпштейннің қарым-қатынасынан назарды басқа жаққа аударуға тырысты" деп айыптады.

Демократтар комитеттен қазіргі Ақ үй басшысы Трамппен (құпиясыздандырылған құжаттарда аты бірнеше рет кездеседі)  қазіргі Сауда министрі Ховард Лутниктен де жауап алуды талап етуде. Лутник бастапқыда Джеффри Эпштейннің жеке аралына барғанын жоққа шығарды, бірақ артынан болғанын мойындады.

Джеймс Комер Трамптан жауап алу мүмкіндігін жоққа шығарды.

Демократтар сонымен бірге Әділет министрлігін Трампты "кәмелетке толмаған кезімде жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті" деп айыптаған әйелге қатысты құжаттарды жасырды деп кінәлады. Әділет министрлігі құжаттарды қарап жатқанын және қажет деп тапса, оларды жариялайтынын мәлімдеді.

Трамп1990-шы жылдары және 2000-шы жылдардың басында Джеффри Эпштейнмен қарым-қатынаста болған, бірақ ол 2000-шы жылдардың ортасында Эпштейнмен барлық байланыстарын үзгенін айтады.

Abai.kz

0 пікір