Дүйсенбі, 2 Наурыз 2026
Аласапыран 174 0 пікір 2 Наурыз, 2026 сағат 14:55

Таяу Шығыстағы дүрбелең: Не болып жатыр?

Сурет: әлеуметтік желіден алынды.

Иранның Жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменей Израиль мен Америка Құрама Штаттарының Иран басшылығы мен әскери күштеріне қарсы «ауқымды» әрі «дамылсыз» шабуылынан кейін қаза тапты. Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Хаменейдің сенбі күні таңертең (жергілікті уақыт бойынша) Израиль мен Америка Құрама Штаттарының соққысынан опат болғанын растады.

Парсы елін 37 жыл бойы басқарған діни көсем үшін 40 күндік ұлттық аза тұту күні жарияланды.

Иранның ресми ақпарат агенттігі IRNA Ислам революциялық гвардия корпусының (IRGC) бас қолбасшысы Мохаммад Пакпур мен Иран Ұлттық қорғаныс кеңесінің хатшысы Әли Шамханидің де қаза тапқанын хабарлады. Бұған дейін Израиль қорғаныс күштері Иранның қауіпсіздік басшылығының жеті мүшесінің, соның ішінде Пакпур мен Шамханидің аты-жөнін жариялап, олардың қаза тапқанын мәлімдеген болатын.

Вашингтонда орналасқан ирандық адам құқықтары ұйымы Human Rights Activists News Agency мәліметі бойынша, сенбі күні басталған АҚШ-Израиль шабуылынан кем дегенде 133 ирандық бейбіт тұрғын мерт болып, 200-ден астамы жараланған.

АҚШ президенті Трамп Иран күштерін қаруларын тастауға үндеп, Иран халқын үкіметіне қарсы көтерілуге шақырды.

Иран жауап ретінде Израильге, АҚШ-тың Бахрейн, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері және Иорданиядағы әскери базаларын баллистикалық зымыран және дронмен атқылады.

Израиль жексенбіде (1 наурыз) «Тегеранның орталығына» жаңа шабуыл бастады, ал Иранның қарсы шабуылы бүкіл аймақта әлі де жалғасуда.

АҚШ президенті Трамп Иранды АҚШ пен Израильге қарсы кек алу шабуылдарын тоқтатуға үндеді. Ол өзінің «Truth Social» платформасында былай деп жазды: «Иран бүгін бұрынғыдан да күштірек ауқымды шабуыл жасайтынын мәлімдеді. Алайда, олар мұны істемегені жөн, өйткені егер олар мұны істесе, біз бұрын-соңды болмаған соққымен жауап береміз!»

Иран тарабы аятолла Әли Хаменейдің қазасынан кейін президент, сот билігінің басшысы және қуатты Қамқоршылар кеңесінің заңгері өтпелі кезеңді бақылайтынын мәлімдеді.

Тақуа дін қызметкерлерінен тұратын Сарапшылар кеңесі мұрагер тағайындайтынын хабарлаған-ды, бұл процесс конституция талаптарына сәйкес мүмкіндігінше тезірек аяқталуы керек. Дегенмен, АҚШ пен Израильдің шабуылы жалғасып жатқандықтан, қауіпсіздік мақсатында барлық тиісті қызметкерлерді жинау оңай болмауы мүмкін.

Сарапшылар кеңесі – 88 ислам дін қызметкерлерінен тұратын институт, оларды халық әр сегіз жыл сайын номиналды түрде сайлайды, бірақ іс жүзінде тек Ислам Республикасына ең адал дін қызметкерлері ғана сайлауға түсе алады.

Ұлыбритания премьер-министрі Стармер Англияның да британ халқы мен аймақтық серіктестерін қорғау үшін «үйлестірілген аймақтық қорғаныс операциясына» қатысып жатқанын мәлімдеді.

АҚШ президенті Конгресстің мақұлдауынсыз соғыс жариялай алмайды. Трамптың әрекеті Конгресс мүшелерін екіге айырды. Біріккен Ұлттар Ұйымы да әскери әрекет аймақтағы бейбітшілікке нұқсан келтіргенін мәлімдеді.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк барлық тараптарды сабырлылық танытуға, жағдайды шиеленістіруден аулақ болуға және келіссөздер үстеліне оралуға шақырды.

ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас соңғы жағдайды «өте қауіпті» деп сипаттады.

Қытай Сыртқы істер министрлігі барлық тараптарды «әскери операцияларды дереу тоқтатуға, диалог пен келіссөздерді қайта бастауға, Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға» шақыратын мәлімдеме жасады

Abai.kz

0 пікір