Бейсенбі, 5 Наурыз 2026
Билік 3305 0 пікір 5 Наурыз, 2026 сағат 17:10

«Халық үні» бақылаушыларының негізгі миссиясы – референдумның әділ өтуін бақылау!

Сурет: Баспасөз маслихатынан алынды.

Бүгін Алматыда 15 наурызда өтетін референдумға байланысты «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының баспасөз мәслихаты өтті. Ұйым өкілдері дауыс беру процесінің ашық әрі әділ өтуін қадағалау мақсатында еліміздің бірнеше өңірінде бақылаушыларды ұйымдастырып жатқанын мәлімдеді.

«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы белсенді азаматтарының бастамасымен құрылған. Топ мүшелері референдум кезінде дауыс берудің халықаралық стандарттар мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сай өтуін бақылауды негізгі мақсат ретінде атап өтті.

«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобын құруға бастамашы болған саясаттанушы Нұрболат Нышанбайдың айтуынша, ұйымның негізгі міндеті – референдум барысында заң талаптарының сақталуын бақылау.

Оның сөзінше, бақылаушылар еліміздің бірнеше қаласында жұмыс істейтін болады.

«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының мақсаты айқын. 15 наурызда өтетін референдум барысында еліміздің бірнеше қаласында тәуелсіз бақылаушыларды ұйымдастырып, дауыс беру процесінің халықаралық нормалар мен Ата Заң талаптарына сай өтуін қадағалаймыз. Біздің қатарымызда саяси сарапшылармен қатар түрлі саланың білікті мамандары және мыңдаған бақылаушылар бар. Соңғы жылдары Қазақстанда бақылаушылар институты біртіндеп қалыптасып келеді. Азаматтық бастама ретінде біз кәсіби әрі азаматтық парызымызды орындау үшін «Халық үні» атты тәуелсіз бақылаушылар тобын құруды жөн көрдік», – деді Нұрболат Нышанбай.

Жазушы әрі қоғам бқайраткері Бекнұр Қисықов ұйымның басты ерекшелігі – оның құрамына еліміздің түрлі жастағы белсенді азаматтарының бірігуі екенін айтты.

«Халық үні» қоғамдағы бейжай қарамайтын адамдарды біріктіреді. Оның қатарында жастар да, үлкен буын өкілдері де бар. Біз барлық азаматтарға ашықпыз. Қазақстанда бақылаушылар институты шамамен соңғы он жыл ішінде қалыптасып келеді. Бақылаушыларсыз сайлау процесін толыққанды бағалау, заңбұзушылықтарды анықтау қиын. Біздің топтағы адамдар бұл жұмысты қаржы үшін емес, азаматтық ұстанымы үшін атқарып отыр», – деді ол.

Жамбыл облысында «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының жұмысын үйдестіруші журналист Исламбек Дастан сайлау процесіне жастардың белсенді араласуы маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, сайлаудың әділ өтуі туралы айту үшін азаматтар өздері сайлау учаскелеріне барып, процесті бақылауы қажет.

«Сайлау әділ өтті ме, жоқ па – оны сырттан отырып айту қиын. Сайлау учаскесіне барып, бақылау жүргізу керек. Қоғамда белсенділік болуы тиіс. Кейбір өңірлерде сайлау комиссияларының құрамында ұзақ жылдар бойы бір адамдар отыра береді. Ал жастардың қатысуы аз. Егер біз елде өзгеріс болсын десек, әр азамат өзінің азаматтық позициясын көрсетуі керек», – деді ол.

Журналист және саяси сарапшы Нұргелді Әбдіғанидің айтуынша, ұйым құрамындағы бақылаушылардың басым бөлігі – жастар.

«Біздің бақылаушыларымыздың шамамен 90 пайызы – жастар. Өзгерісті қалайтын да, оны жүзеге асыратын да – жастар. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемде байқалып отырған тенденция. Біз «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобын жасақтап, алдағы референдумға белсенді дайындалып жатырмыз», – деді ол.

Оның айтуынша, бақылаушыларды даярлау онлайн және офлайн форматта жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытқа дейін 1000-ға жуық бақылаушы оқытылды. Олар сайлау туралы заңнаманы, бақылаушының құқықтары мен міндеттерін меңгеріп жатыр. Егер заңбұзушылық орын алса, біздің бақылаушылар оны тіркеп, тиісті хаттама толтыра алады», –деді сарапшы.

Сонымен қатар бақылаушыларды оқыту процесі 12 наурызға дейін жалғасатыны айтылды.

Бақылаушылардың жұмысына кедергі келтірілген жағдайда ұйым өкілдері бақылаушыларға құқықтық қолдау көрсетеді.

«Біз әрбір бақылаушыға жауаптымыз. Егер бақылаушыларымыз заңбұзушылық немесе дауыс беру процесіндегі бұрмалаушылықтарды анықтаса, олар жинаған материалдар сарапталып, тиісті құқықтық бағасы беріледі. Біздің қатарымызда заңгерлер де бар, олар құқықтық кеңес береді және қажет жағдайда бақылаушыларды қорғауға көмектеседі», – деді ұйым өкілдері.

Сонымен қатар ұйым мүшелері референдум күні Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және басқа өңірлерде бақылаушылардың жұмысын үйлестіріп, олардың қызметін қадағалайтынын айтты.

Нұрболат Нышанбайдың айтуынша, бақылаушылардың көп болуы заңбұзушылықтың азаюына әсер етеді.

«Біз барлық заңбұзушылықты толық жоямыз деп айта алмаймыз. Бірақ олардың алдын алуға тырысамыз. Тәжірибеге сүйенсек, қай учаскеде бақылаушылар саны көп болса, сол жерде заңбұзушылық деңгейі төмен болады. Дегенмен мәселе тек санында емес, сапасында да», – деді ол.

«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының негізгі миссиясы – референдумның Қазақстан заңнамасына сәйкес, ашық әрі әділ өтуін бақылау.

Аяна Қазтай

Abai.kz

0 пікір