Header Banner
Жұма, 6 Наурыз 2026
Жаңалықтар 186 0 пікір 6 Наурыз, 2026 сағат 14:48

Астана сотының жаңа төрағасы тағайындалды

Сурет: Информ сайтынан алынды

Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев елорда судьяларына Астана қалалық сотының жаңа төрағасы Айдар Смағұловты таныстырды. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін ол Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған.

Кездесуге Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, елорда соттарының судьялары мен қызметкерлері, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушыларға елорда сотының жаңа төрағасын таныстыра отырып, А.Мерғалиев оның кәсіби тәжірибесін, басқарушылық қабілеттерін және судьялар қауымдастығындағы беделін атап өтті.

Жоғарғы Сот төрағасы елорда мемлекетіміздің ірі саяси, әкімшілік және іскерлік орталығы екенін, мұнда күрделі әрі қоғам үшін маңызды істердің едәуір бөлігі қаралатынын алға тартты.

Осыған байланысты елорда соттарының қызметі жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті және сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуді талап етеді. Астана судьялар корпусының алдына қойылған негізгі міндеттердің қатарында сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайту бар. А.Мерғалиев А.Смағұлов соттардың тиімді жұмыс істеуіне және олардың одан әрі дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Айдар Смағұлов 1973 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Благовещенка ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.

2001-2004 жылдар — Солтүстік Қазақстан облысы соттары әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінде қызмет атқарған;

2004-2010 жылдар — Петропавл қалалық сотының, Петропавл қаласының № 2 сотының судьясы;

2010-2014 жылдар — Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев аудандық сотының төрағасы;

2014-2017 жылдар — Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы;

2017-2023 жылдар — Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы;

2023 жылдан 2026 жылғы 4 наурызға дейін — Ақтөбе облыстық сотының төрағасы.

Abai.kz

 

0 пікір