Талғар ауданында математика мұғалімдері арасында олимпиаданың іріктеу кезеңі өтті
Талғар қаласында математика пәні мұғалімдері арасында дәстүрлі Нұрбатыр Орынбай атындағы облыстық олимпиаданың аудандық іріктеу кезеңі өтті. Білім додасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №7 жалпы білім беретін мектеп-лицейінде ұйымдастырылды.
Олимпиада белгілі ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі, Райымбек ауданының құрметті азаматы, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Нұрбатыр Орынбайдың есімін ұлықтау мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді.
Іс-шараның басты мақсаты – математика пәні мұғалімдерінің кәсіби деңгейін арттыру, озық әдістемелерді анықтау және үздік педагогикалық тәжірибелерді кеңінен насихаттау. Сонымен қатар олимпиада шығармашыл ұстаздардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды білім алаңы болып саналады.
Олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова бұл білім сайысының ұстаздар қаымы үшін маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін біз өңіріміздегі білім мен ғылымның мерекесі – математика пәні мұғалімдеріне арналған Нұрбатыр Орынбай атындағы олимпиаданың ашылуында бас қосып отырмыз. Математика – барлық ғылымдардың патшасы ғана емес, ол логика мен дәлдіктің негізі. Ал осы ғылымды кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп жүрген сіздердей ұстаздардың еңбегі орасан зор.
Бұл сайыс – жай ғана білім бәсекесі емес. Бұл – есімі елге танымал ұлағатты ұстаз Нұрбатыр Орынбайдың өнегелі жолын ұлықтау, оның кәсіби мұрасын құрметтеу. Оның өмір жолы әрбір математик үшін үлкен мектеп», – деді бөлім басшысы.
Айнагүл Мұқанқызы олимпиаданың басты мақсаты ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдап, шығармашыл әрі ізденімпаз педагогтерді анықтау екенін атап өтті.
«Мұғалім өзі ізденгенде ғана шәкірті алға басады. Бүгінгі көрсеткен білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз ертеңгі шәкірттеріңіздің жетістігіне жол ашады. Баршаңызға зерек ой, терең логика және кәсіби табыс тілеймін», – деді ол.
Білім сайысының қорытындысы бойынша аудандық кезеңнің жеңімпаздары алдағы Нұрбатыр Орынбай атындағы облыстық олимпиадаға жолдама алып, өңір намысын қорғайтын болады.
Abai.kz