Қазақстандағы дін мәселесінің басты мақсаты – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау!
Қазақстандағы дін мәселесі – қоғамдағы маңызды әрі күрделі тақырыптардың бірі болып табылатыны жасырын емес.
Еліміз – зайырлы мемлекет болып табылғандықтан, яғни мемлекет діннен бөлек жұмыс істейді және барлық азаматтардың діни сенім бостандығына Ата Заңымыз кепілдік береді. Бүгінгі таңда қазақ жерінде әртүрлі дін өкілдері бейбіт һәм тату-тәтті өмір сүріп келеді. Статистикалық мәлімет бойынша қазақ еліндегі халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанса, сонымен қатар, саны азшылықтағы христиан діні мен басқа да конфессиялар бар.
Қазақстанда дін саласын реттеу мен діни тұрақтылықты сақтау үшін мемлекет арнайы саясат жүргізіп келеді. Бұл бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты ұйымдар қоғамдағы конфессияаралық татулықты нығайтуға зор үлес қосып отырғанын баса айтуымызға болады. Сонымен қатар діни ұйымдардың қызметі заңмен реттеліп, олардың қоғамдағы қызметі бақылауда ұсталынады.
Соңғы жылдары Қазақстанда дін мәселесіне қатысты бірқатар өзекті мәселелер де байқалады. Олардың қатарында діни сауаттылықтың төмендігі, жастардың радикалды діни ағымдардың ықпалына түсу қаупі және интернет арқылы таралатын діни ақпараттың бақылаусыз болуын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан мемлекет пен қоғам бірлесіп, жастар арасында дұрыс діни білім беруді, дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттауды маңызды деп санауымыз керек.
Республика Конституциясы әрбір азаматтың діни сенім бостандығына құқығын бекітеді және Қазақстандағы барлық діндердің құндылығын мәдени мұраның рухани құрамдас бөлігі ретінде таниды. Қазақстан қалаларында православ шіркеулері мен мешіттер, синагогалар мен намаз оқитын үйлері салынған әрі олар тұрақты жұмыс істейді.
2019 жылғы деректер бойынша Қазақстан халқы діни қатыстылығы бойынша:
70% (көпшілігі) - ханафи мазхабының сунни исламын ұстанады;
20% - өздерін православ христиандарының қатарына жатқызады;
1,3% - католик шіркеуінің ізбасарлары;
2% - протестанттарға жатады;
0,09% - буддизмді ұстанады;
0,03% - иудаизм деп бөлінеді.
Қазақстанның 16 мыңға жуық тұрғыны қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2020 жылғы әлеуметтік сауалнамасы барысында сұралғандардың 67,4% өздерін діндар деп атады. Олардың 40,5% -ы храмдарға тек мереке күндері ғана баратынын мойындады, тек 26,9% -ы ғана діни жораларды үнемі ұстанатынын мәлімдеді. Ерекше айта кетер бір жайт: Қазақстандық қоғам қайраткерлерінің бір бөлігі қоғамды шамадан тыс исламдастыруды қолдамайды. Олар мұндай үрдіс түркі мәдениетінің өзіндік ерекшелігін жоғалтуға және Қазақстан халқының ұлттық бірегейлігін жоғалтуға алып келуі мүмкін деп санайды.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы дін мәселесінің басты мақсаты – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, діни төзімділікті дамыту және түрлі конфессия өкілдерінің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету.
Abai.kz