Header Banner
Сейсенбі, 10 Наурыз 2026
Жаңалықтар 3142 0 пікір 8 Наурыз, 2026 сағат 19:46

Белсенді жастар – қоғам дамуының қозғаушы күші!

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Қай қоғамда болмасын жастар – елдің ертеңі, мемлекеттің стратегиялық капиталы. Әсіресе белсенді, бастамашыл жастар қоғамдағы өзгерістердің алдыңғы қатарында жүреді. Олар жаңа идея ұсынып, қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысып, мәдениет пен ғылымның, технология мен кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Сондықтан белсенді жастардың қызметін дамыту – кез келген мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.

Қазіргі уақытта елімізде жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі бастамалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді.

Осы ретте «Ақ жол» партиясының Қызылорда қалалық мәслихатындағы депутаты Ақманат Мұратқызы Төлегенова қала мектептерінің белсенді оқушыларымен арнайы кездесу өткізді. Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында өткен жиынға мәслихаттағы әріптестер, білім беру ұйымдарының жауапты өкілдері және бірнеше қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – депутаттар мен аймақтың белсенді оқушылары арасында тығыз байланыс орнату, жастардың көшбасшылық қабілетін дамыту, оларды қоғамдық белсенділікке баулу және еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін алаң қалыптастыру болды.

Жиын барысында Ақманат Мұратқызы оқушылармен ашық әңгімелесіп, олардың ой-пікірін тыңдады. Сонымен қатар қатысушылар топтарға бөлініп, түрлі әлеуметтік және қоғамдық тақырыптар бойынша постерлер әзірлеп, жобалық жұмыстарын қорғады. Бұл формат жастардың шығармашылық ойлауын дамытып, өз көзқарасын ашық жеткізуге мүмкіндік берді.

Мұндай кездесулер жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, қоғамдық өмірге қызығушылығын оятуға ықпал етеді. Себебі жас буын өз пікірінің ескерілетінін сезінген кезде қоғамдағы өзгерістерге белсене араласа бастайды.

Бүгінгі жас ұрпақ – жаңа идеялардың иесі. Олардың білімге құштарлығы мен қоғамдық белсенділігі елдің болашағын айқындайды. Сондықтан жастардың бастамаларын қолдап, олардың көшбасшылық қабілетін дамыту – қоғамның басты міндеттерінің бірі.

Белсенді жастар – елдің сенімді тірегі, ал олардың бүгінгі қадамы – ертеңгі Қазақстанның даму бағытын айқындайтын маңызды күш.

Abai.kz

0 пікір