Header Banner
Сәрсенбі, 11 Наурыз 2026
Жаңалықтар 144 0 пікір 11 Наурыз, 2026 сағат 15:01

Түркі елдері төтенше жағдайларға қарсы ортақ жүйе құрады 

Сурет: dknews.kz сайтынан алынды.

Сенаторлар «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Құжатта Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін елдер арасында төтенше жағдайлар мен табиғи апаттарға бірлесіп ден қоюдың ортақ жүйесін қалыптастыру қарастырылған.

Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімге (бұдан әрі – ТМҰАҚТ) 2024 жылғы 6 қарашада Бішкек қаласында қол қойылған. Құжаттың негізгі мақсаты – мүше және байқаушы мемлекеттердің, сондай-ақ өзге елдердің аумағында туындауы мүмкін табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға бірлесіп ден қоюдың ортақ механизмін қалыптастыру. Бұл бастама апат кезеңінде түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты күшейтуді көздейтін, халықаралық құқықтық мәртебесі бар ұйым құруды қарастырады.

Тетіктің басты міндеттеріне жедел әрекет ету, адам өмірін сақтап қалу және мүлкін қорғау, медициналық әрі гуманитарлық көмек ұйымдастыру кіреді. Сонымен қатар кәсіби даярлықтың бірыңғай стандарттарын қалыптастыру және ортақ оқу-жаттығулар өткізу де көзделген. ТМҰАҚТ жұмысы зардап шеккен мемлекет сұраныс білдірген жағдайда ғана, ерікті түрде жүзеге асады. Ал үшінші елдерге көмек көрсету мәселесі тараптардың ортақ келісімімен шешіледі.

Ұйымның басқару құрылымында жоғары орган ретінде Министрлер кеңесі жұмыс істейді. Сондай-ақ штаб-пәтері Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында орналасатын Хатшылық құрылады. Бас хатшыны Министрлер кеңесі ротациялық тәртіппен үш жыл мерзімге тағайындайды. Әр мемлекет өзара ықпалдасу үшін жауапты орган белгілейді. Қазақстан тарапынан бұл міндет Төтенше жағдайлар министрлігіне жүктелген.

Қаржылық тұрғыдан алғанда, ТМҰАҚТ-ның міндетті жыл сайынғы жарналардан қалыптасатын жеке бюджеті болады. Халықаралық бюджет туралы бөлек келісім күшіне енгенге дейін әр тарап символдық түрде жылына 50 мың доллар төлейді. Бұл ретте төлемдердің жалпы көлемінен артық шығындарды келісім іске қосылған алғашқы екі жыл ішінде Түркия Республикасы өз мойнына алады, - деп түсіндірді заң жобасын сенатор Андрей Лукин.

Аталған заңды қабылдау халық пен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық мәнге ие. Ол төтенше жағдайда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ресурстарын жедел жұмылдыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге құтқару технологиялары саласындағы өңірлік тұрақтылықты нығайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады.

Abai.kz

0 пікір