«Жаңа тарихи роман» жөнінде не білесіз?!
Кіріспе
Тарихи роман – қазақ оқырманы ең көп сүйіп оқитын жанрдың бірі. Өткенге үңілу, тарихи тұлғаларды тану, ұлттық сананы бекіту, ұрпақты тарихи жадпен тәрбиелеу – бұлардың бәрі тарихи прозаның дәстүрлі миссиясы болып келді. Алайда ХХ ғасырдың соңына қарай әлем әдебиетінде тарихи романға көзқарас біртіндеп өзгере бастады: тарих бұрынғыдай «дайын ақиқат», «бір ғана дұрыс нұсқа» ретінде емес, қайта пайымдалатын, қайта жазылатын, көпдауысты кеңістік ретінде қарастырыла бастады. Осы құбылыс әдебиеттану мен әдеби тәжірибеде әртүрлі атаумен сипатталды. Солардың бірі – «жаңа тарихи роман» («жаңа тарихи проза» деп те айтылады, біздің төменде келтіретін мысалдарымыз көбінде романдар болғандықтан, тарихи роман немесе жаңа тарихи роман деп көбірек айтылады) ұғымы.
Бұл мақалада: жаңа тарихи роман (жаңа тарихи проза) деген не екені; онымен жиі қатар айтылатын жаңатарихшылдық (New Historicism) теориясының табиғаты; екі ұғымның ұқсастығы мен айырмасы; жаңа тарихи романның даму кезеңдері мен көркемдік белгілері; дәстүрлі тарихи роман мен жаңа тарихи романның арақатынасы; Қазақ әдебиетімен сабақтастық мәселесі жүйелі түрде қарастырылады.
І. Жаңа тарихи роман туралы түсінік
Жаңа тарихи проза (немесе жаңа тарихи роман) — ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, әсіресе постмодернистік эстетика ықпалымен қалыптасқан, тарихқа сыни, көпқырлы, философиялық көзқараспен қарайтын көркем проза түрі. Бұл бағытта тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар бүгінгі сананың сұрақтары тұрғысынан қайта пайымдалып, көркемдік әрі идеялық деңгейде жаңаша сипатталады.
Жаңа тарихи роман дәстүрлі мағынадағы тарихи роман емес. Ол нақты тарихи тұлғалар мен оқиғаларды дәлме-дәл, құжаттық нақтылықпен қайта құруды бірінші мақсат етпейді. Керісінше, қазіргі адамның сезімі мен ой-толғамын «тарихи кеңістікке» орналастыра отырып бейнелейді. Яғни тарих көбіне фон, ал негізгі мәселе – бүгінгі адамның рухани ахуалы, санасы, еркіндік пен жауапкершілік туралы сұрақтары, ұлт пен тұлға қатынасы. Жаңа тарихи прозада автор үшін тарих – өткенді көшіріп беру емес, бүгінгі шындықты ұғынудың тәсілі. Сондықтан ол тарихи жанрдың «қатаң ережелерінен» гөрі рухани-эстетикалық ізденістің формасы ретінде көрінеді.
«Жаңа тарихи роман» термині 1980–90-жылдары Қытай әдеби сынында орнықты деген пікір кең таралған. Төңкерістік тарихи канон әлсіреп, қоғамда тарихи сана өзгерген тұста Қытай жазушылары тарихты жаңа қырынан жазуға кірісті. Бұл кезеңде тарихи оқиғаларды батырлық-идеологиялық схемаға сыйғызбай, оны адам тағдыры, күнделікті тіршілік, отбасы жады, жергілікті өмір, денелік-биологиялық инстинкт арқылы көрсетуге ұмтылған қаламгерлер алға шықты. Сөйтіп Қытай әдеби әлемінде ең алдымен отбасылардың құлдырауын бейнелейтін және күшті тарихи сананы көрсететін бірқатар романдар пайда болды. Дегенмен, бұл романдардың дәстүрлі тарихи романдардан айырмашылығы бар. Олар көбінесе тарихты бастапқы қалпына келтіруді мақсат етпейді; тарихи алғышарттар мен оқиғалар толығымен ойдан шығарылған, нақты тарихи тұлғаларды табу қиын. Шын мәнінде, олар тарихты таза фонға айналдырып, баяндау стилі арқылы тарихи шындықпен шынайы байланысты үзеді. Бұл романдарды өткен жылдардағы естеліктер мен әңгімелер ғана деп санауға болады; отбасының құлдырауы туралы әңгімелер мен олардың ішіндегі аяқталмаған аңыздар біз әдетте «тарихи романдар» деп атайтын нәрселерден мүлде басқа ұғымдар. Дегенмен, бұл романдар тарихи сана мен рухты өткенді баяндауға дәйекті түрде енгізеді. Олар тарихи шындыққа жаңа қырынан келіп, заманауи тарихи әдістерді қолдана отырып, тарихты көркемдікпен қабылдайды. Сондықтан, осы тұрғыдан алғанда, бұл романдарды «жаңа тарихи романдар» деп атау орынды еді. Мәселен, Нобел силығының иегері Мо Янь шығармаларында белгілі бір тарихи кезең көбіне ауыл өмірі, отбасы тарихы, табиғи инстинкт пен тіршілік қуаты арқылы көрінсе, Қытайдың және бір алымды жазушысы Юй Хуа романдарында «үлкен тарих» қарапайым адамның трагедиясы арқылы ашылады. Бұл жерде «тарихтың ұлы баяны» емес, адамның өмір сүру тәжірибесі алдыңғы қатарға шығады.
Тарихи сана өзгерісіне байланысты батыста да 1970–80-жылдары әдебиеттануда «жаңа тарихизм» (New Historicism) атты теориялық бағыт қалыптасты. Оның өкілдері мәтінді тарихи-мәдени контексте, билік құрылымдары мен дискурс(сыңай, айтылым) аясында талдауды ұсынды. Бұл – әдебиеттанулық әдіс. Дәл осы арада бір маңызды мәселе шығады: «Жаңа тарихизм» – теориялық-сыни әдіс. «Жаңа тарихи роман» – көркем әдеби құбылыс. Сондықтан екеуін бір ұғым ретінде толық теңестіруге болмайды. Олардың ұқсастығы – тарихқа жаңаша қарауында; айырмашылығы – бірінің зерттеу әдісі, екіншісінің шығармашылық практика екенінде.
Ал жаңа тарихи прозаның мақсатына келсек, басты мақсаты – тарихи оқиғаны дәстүрлі түрде баяндау ғана емес, тарих арқылы уақыт, сана, ұлт және тұлға туралы философиялық ой айту, өткен мен бүгіннің арасындағы байланыс пен мәнді ашу, тарихқа бүгінгі сана тұрғысынан баға беру. Мұнда автор нақты тарихи деректерге сүйенуі мүмкін, бірақ: кейіпкерлердің мінезі, ішкі монологы, ой-толғанысы, диалогтары көбіне авторлық қиял арқылы жасалады; тарихи дәлдіктен гөрі рухани, идеялық, метафоралық, символикалық шындыққа басымдық беріледі; тарихтың бір ғана нұсқасы емес, көпдауыстылығы алға шығады.
Саяси-әлеуметтік өзгерістер, қоғамдық толғаныс, идеологиялық қысымның әртүрлі сипатта көрінуі – әдебиетті үлкен ойлануға алып келді. Бірқатар жағдайда жазушылар тікелей шындықты суреттеуден гөрі жанама тәсілге, яғни тарихқа жүгіну арқылы өз дәуірінің мәселелерін бейнелеуге ұмтылды. Бұл: бір жағынан шектеулер жағдайындағы шығармашылық стратегия болуы мүмкін; екінші жағынан әдебиеттің ішкі эволюциясы – жаңа көркемдік ойлау жүйесін қалыптастыру үдерісі. Осы тұрғыдан алғанда, «жаңа тарихи роман» тек белгілі бір кезеңнің жемісі ғана емес, сонымен бірге жазушының шығармашылық еркіндігі мен рухани ізденісінің көрінісі: әдебиет өмірді тікелей көшірмейді, қайта автордың ішкі әлемі арқылы өңделген өмірді көрсетеді.
ІІ. Жаңа тарихшылдық (жаңа тарихизм, New Historicism) туралы
«Жаңа тарихи романның» мүмкіндіктерін талқылау үшін алдымен онымен бірге аталатын жаңа тарихшылдық (жаңа тарихизм) теориясының мәнін айқындау да қажет болады. Жаңа тарихшылдық (жаңа тарихизм) 1970–80 жылдары АҚШ пен Еуропаның мәдени кеңістігінде қалыптасты. Бұл бағыт әдебиет теориясында тарихқа және әдебиеттің тарихилығына деген қызығушылықтың қайта оянуын білдіреді. Жаңа тарихизм сыншылары формализмге (тек мәтінге ғана назар аудару) және ескі тарихшылдыққа қарсы сыңайда болды. Олар әдебиет, тарих және саясат арасындағы байланысты жаңаша анықтап, Американдық әдебиет сынына жаңа серпін берді. Бағыттың басты өкілі — Стивен Гринблатт, Калифорния университетінің (Беркли) профессоры. Негізін қалаушылар: Британдық сыншы Реймонд Уильямс және Француз философы Мишель Фуко болатын.
1980 жылы Гринблаттың «Қайта өрлеу дәуіріндегі өзін-өзі қалыптастыру: Шекспирден Морға дейін» және Роберт Монтеростың «Элизабет: Ауыл қыздарының патшайымы» атты эссесі жарық көрді. Бұл шығармалар жаңа тарихшылдықтың шедеврлеріне айналып, оның негізгі сипаттамалары мен болашақ бағытын ресми түрде айқындады. Гринблатт өзінің монографиясының кіріспесінде «жазбаша мәтіндер белгілі бір қауымдастықтарда, тіршілік ортасында және билік құрылымдарында саналы түрде өмір сүреді» деп мәлімдеді. Яғыни Гринблатт әдеби мәтіндер өз алдына бөлек өмір сүрмейді. Олар белгілі бір қоғамда, белгілі бір тарихи кезеңде, билік құрылымдарының ішінде өмір сүреді деп қарады. Бұл әдебиет – қоғамнан тыс емес, қоғамдағы билік, саясат, мәдениетпен тығыз байланысты деген сөз еді. Жаңа тарихшылдықтың дүниетанымдық қалыптасуына Мишель Фуконың «билік пен дискурс теориясы», Раймонд Уильямстың «мәдени материализмі», Хайден Уайттың «метатарих тұжырымдары», Фредрик Джеймсонның «постмодернизмді кейінгі капитализм мәдениеті ретінде түсіндіруі» секілді көзқарастарының әсері де үлкен болды. Осылайша жаңа тарихшылдықтың: әдеби мәтін қоғамнан тыс «таза эстетика» ғана емес, ол белгілі бір тарихи-мәдени ортада, билік құрылымдары мен әлеуметтік қатынастар жүйесінде өмір сүреді. Сондықтан әдебиетті зерттеу – сол дәуірдің сыңайын, мәдени әдетін, идеологиялық тілін түсіну дейтін басты ұстанымы айқындалады.
Жаңа тарихшылдық біртұтас қатаң жүйе емес, бірақ ортақ ұстанымдары бар:
1) «Мәтіннің тарихилығы» және «тарихтың мәтіндігі». Тарих дайын, өзгермейтін, абсолютті ақиқат емес; ол мәтіндік құрылым. Тарихшы өткенді «бейтарап күйінде» көшірмейді: ол іріктейді, жүйелейді, түсіндірме жасайды. Сондықтан «тарихи шындық» – салыстырмалы ұғым.
2) Тарихтың субъективтілігі. Барлық тарих – адамдар жазған түсіндірмелер. Тарихшының дүниетанымы, идеологиясы, әлеуметтік жағдайы баяндауға әсер етеді. Осы себепті өткеннің толық әрі түпкі бейнесін беру қиын.
3) Билік пен мәдениет қатынастары. Әдеби және әдеби емес мәтіндер бірге қарастырылады. Олар билік, тап, нәсіл, жыныс сияқты әлеуметтік күштердің көрінісі ретінде талданады. Мақсат – тек мағына табу емес, өткен мен бүгін арасында диалог орнату.
4) «Үлкен тарихтан» «кіші тарихқа» көшу. Ресми идеологиялық баяндаудың орнына жеке адамның өмірі, отбасы, тұрмыс, күнделікті тәжірибе алға шығады. Тарих тек мемлекет пен төңкеріс тарихы емес, қарапайым адамның тарихы ретінде де қарастырылады.
Бұл бағыттың әсерімен АҚШ-та көпмәдениеттілік бағыт, азшылық әдебиеті (Афроамерикалық, Еврей, Үндіс, Азиялық-Америкалық т.б.) және феминистік сын жаңа серпін алды. Олар тарихи жад, этникалық тәжірибе, «орталық» пен «шеткері» арақатынасын қайта қарастырды. Жаңа тарихшылдықтың маңызын төмендегідей жинақтауға болады: тарихи баяндауды көптүрлендірді, біржақты «ілгерілеу» моделіне күмән келтірді; субъектілікке мән берді: тұлға тарихтың объектісі емес, айқындаушысы ретінде қарастырылды; «мелжемді оқиғаларды» жіктеді; тарихтың мәтіндік табиғатын айқындады: бір оқиға әртүрлі түсініктемелерге ие болуы мүмкін. Шектемеліктері де болды: шамадан тыс ұсақталу тарихи нигилизмге әкелуі мүмкін; кездейсоқтық пен хаосты әсірелеу тарихтың этикалық өлшемін әлсіретуі ықтимал; тарих тек «мәтіндік ойынға» айналып кетсе, рухани тереңдік көмескіленуі мүмкін. Бірақ жаңатарихшылдық толық нигилистік бағыт емес: ол тарихты гуманистік тұрғыда қайта пайымдауға ұмтылады.
ІІІ. «Жаңа тарихи роман» мен «жаңа тарихизм»: байланысы және айырмасы
Кейбір зерттеушілер «жаңа тарихи роман» ұғымын батыстық New Historicism (жаңа тарихизм) теориясымен тікелей байланыстырып, тіпті «жаңа тарихизмдік роман» деген атауды қолданады. Мұндай шатастыру көбіне мынадан туады: тарихты «үлкен тарихтан» (History) «көптік шағын тарихтарға» (histories), одан әрі «жеке әңгімеге» (his story) айналдыру құбылысы екі жақта да бар сияқты көрінеді; екеуінде де тарихтың бір ғана «қасиетті нұсқасына» күмән бар. Бірақ мұнда принципті айырма сақталуы керек. Олардың негізгі айырмашылығы: Жаңа тарихизм (New Historicism) – мәтінді билік, мәдени сыңай, идеология контексінде талдайтын академиялық құрал ретіндегі теориялық – сыни әдіс. Ал жаңа тарихи роман – шығармашылық құбылыс саналатын, тарихи сана өзгерген кезеңде туған жаңа баяндау тәсілдері, көркемдік тәжірибе, авторлық түсіндірме.
Демек, Қытайлық «жаңа тарихи роман» мен батыстық «жаңа тарихизм» арасында толық теориялық сабақтастық бар деу ғылыми тұрғыдан дәл бола бермейді. Олардың ұқсастығы – тек «тарихқа жаңа көзқарас» деген ортақ кеңістікте. Жаңа тарихи роман мәтіндегі ойларды жинақтап, жүйелеу сияқты нақты бағыт ұстанады. «Жаңа тарихи роман» әдетте: тарихты күнделікті өмір, отбасы, жеке жады арқылы көрсетеді; ресми, саяси «үлкен тарихты» бөлшектейді; тарихтың бір ғана ақиқат емес, көп дауысты мәтін екенін көрсетеді; тарихты тұрмыстық, халықтық, денелік, сезімдік деңгейге бейімдеп, адам болмысының күрделілігіне жақындатады.
ІV. «Жаңа тарихи проза» ұғымының кеңеюі: әлем әдебиетіндегі алғышарттар
Әлем әдебиетінде «жаңа тарихи роман» терминінің нақты бастаушысы мен жалғыз анықтамасы бар деу қиын. Өйткені тарихты көпқырлы, бөлшектелген, көпдауысты баяндау ХХ ғасырдың өзінде-ақ әртүрлі әдебиеттерде көрінді. «Жаңа тарихшылдық» теориясындағы кейбір тұжырымдамалар тұрғысынан алғанда, «жаңа тарихи роман» тәжірибесі бұл тұжырымдаманың пайда болуынан бұрын пайда болған. Джеймс Джойстың 1939 жылы жарық көрген «Финнеганстың оянуы» атты монументалды еңбегі сөзсіз «жаңа тарихи романның» типтік үлгісі болып табылады. Бұған дейін Марсель Прусттың 1907 және 1922 жылдар аралығында жазылған жеті томдық «Жоғалған уақытты іздеу» романын да белгілі бір мағынада «жаңа тарихи роман» деп санауға болады. Алыс Шығыста Рюносуке Акутагаваның 1922 жылы жарық көрген «Бамбук тоғайында» атты әңгімесі (кейінірек Акира Куросаваның «Рашомон» фильміне бейімделген), сол оқиғаның көп қырлы және белгісіз баяндауымен «жаңа тарихи романның» алғашқы туындысы деп санауға болады.
Сонымен қатар, Франц Кафканың «Ұлы қабырға салынған кезде» атты әңгімесі, Набоковтың «Бозғылт от», Лу Синьнің «Ескі әңгімелер қайталанады», Маргерит Юрсенардың «Шығыс ертегілері», Хорхе Луис Борхестің «Жолдарды айыратын бақ» және «Жамандар хикаясы» атты әңгімелері, Итало Кальвиноның «Біздің ата-бабаларымыз» трилогиясы, Жан-Жак Карпентьенің «Бұл әлемнің патшалығы», Габриэль Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» және Эконың «Раушан гүлінің аты» сияқты көптеген «жаңа тарихи көркем әдебиет» шығармалары «жаңа тарихшылдық сын» және «жаңа тарихи роман» ұғымдарының пайда болуынан бұрын оқырманмен бет көріскен. Сондықтан «жаңа тарихи проза» ұғымын ХХ ғасырда жазылған көптеген тарихи-тәжірибелік романдардың белгілі бір ортақ сипаттарын жинақтайтын кең түсінік ретінде де қарастыруға болады.
- Жаңа тарихи романның даму кезеңдері (шартты модель)
Жаңа тарихи романның «жаңа» аталуы оның дәстүрлі, бірізді, ресми тарих баяндауына сенімсіздік танытып, өткенді авторлық көзқарас тұрғысынан қайта пайымдауға ұмтылуымен байланысты. Бұл тарихты жоққа шығару емес, оны заманауи тарихи сана аясында қайта қарастыру әрекеті.
(1)Қалыптасу кезеңі (шамамен 1985 жылдан). Бұл тұста жазушылар тарихқа халықтық әрі даралық тұрғыдан үңіліп, оны ресми идеология шеңберінен тыс бейнелеуге бет бұрды. Тарихи оқиғалар жеке адамның тағдырымен, естелігімен, ішкі сезімімен сабақтастырылып беріле бастады. Осы кезеңнің басты сипаты: батырлық пафостың әлсіреуі; соғыс пен қақтығыстың «ерлік сахнасы» емес, адамның тіршілік үшін күресі ретінде берілуі; ресми тарихтың «жарқын» бейнесінің ыдырауы, астарындағы қайшылықтардың алға шығуы; «тарихи шындықтың» бірмәнділігіне күмән. Мо Янның «Қызыл қонақ» («Қызыл құмай», «Қызыл кәулен» деп те аударылып жүр) романы жаңа тарихи романның бастауындағы маңызды туындылардың бірі саналады. Шығарма бірінші жақпен баяндалып, субъективті қабылдау мен халықтық өмір кең тыныста суреттеледі. Мұнда соғыс ресми батырлық пафоспен емес, қарапайым адамдардың тіршілік үшін күресі ретінде көрінеді.
(2) Даму кезеңі (шамамен 1987 жылдан). Жаңа тарихи роман авангардтық ізденістермен ұштасып, форма мен баяндау күрделене түсті. Тарих енді оқиғалар желісі ғана емес, көркемдік эксперимент алаңы ретінде қабылданады. Бұл кезеңде: уақыт құрылымы бұзылады, боршалау күшейеді; тарих пен қиял араласады; идеологиялық түсіндіру әлсіреп, адамның ішкі әлемі, құмарлығы, трагедиясы алға шығады; тарих объективті өлшем емес, шартты кеңістікке айналады. Бұл кезеңде тарих объективті шындық емес, кейіпкерлер әрекет ететін шартты кеңістікке айналады. Уақыт нақты өлшемінен ажырап, символдық фон қызметін атқарады. Мысалы, Су Туңның «1934 жылғы қашу» романында тарихи кезең нақты деректік дәлдік үшін емес, адам болмысының ішкі күйін зерттеу құралы ретінде алынады.
(3) Қайта байыптау кезеңі (шамамен 1992 жылдан кейін). Бұл кезеңде жаңа тарихи роман мазмұндық әрі формалық тұрғыдан байып, көпбағытты сипат алады. Бір бөлігі жіліктеп көрсетуді жалғастырса, енді бір тобы тарихи сана мен ұлттық дәстүрді қайта құруға ұмтылады. Тарих енді тек «бұзылатын мәтін» емес, рухани-мәдени негіз ретінде де қарастырылады. Мұнда: «қарапайым адамның тағдыры» мен «ұлы оқиғалар» қатар көрсетіледі; моральдық таңдау, жауапкершілік, ұлт пен дәстүр мәселелері тереңірек қозғалады; тарих – күмән нысаны ғана емес, қоғамның рухани тәжірибесін танудың құралына айналады. Чын Жуңшының «Ақ бұғы жазығы» романы ұлттық тарих формасында жазылып, Қытай қоғамының жаңа дәуірдегі күрделі өзгерістерін дәстүрлі мәдениет аясында бейнелейді. Төңкеріс, билік, мораль, құмарлық пен жауапкершілік мәселелері кейіпкерлер тағдыры арқылы ашылады. Мұнда тарих «тарихи заңдылық» не кездейсоқтық ретінде емес, адамның моральдық таңдауы арқылы танылады. Жаң Вэйдің «Әулет» романында төңкеріс пен жеке адамның сенімі арасындағы қайшылық суреттеледі. Автор төңкерісті терістемейді, бірақ оның адамгершілікпен үйлесу қажеттігін көрсетеді. Төңкеріс пен адам табиғаты қарсы құбылыс ретінде емес, өзара астасқан үдеріс ретінде танылады.
VІ. Жаңа тарихи прозаның көркемдік ерекшеліктері (негізгі белгілер)
Жаңа тарихи проза – тарихи шынайылықты сол қалпында қайта жаңғырту емес, тарихты қайта түсіндіру, оның бірмәнді «ақиқат» ретіндегі беделіне күмән келтіру арқылы адам мен қоғамның рухани күрделілігін бейнелейтін жанр.
- Тарихи факт пен көркем қиялдың еркін араласуы. Автор нақты деректі дәл баяндаудан гөрі сол дәуірдің рухын, идеялық мәнін ашуға ұмтылады. Дерек пен ойдан шығарылған эпизод қатар жүреді. Тарихи тұлғалар сақталуы мүмкін, бірақ олардың ішкі әлемі авторлық қиялмен тереңдетіледі.
- Көпқабатты уақыт пен сананың араласуы. Өткен мен бүгін (кейде болашақ та) қатар көрінеді. Уақыт сызықтық емес: үзіледі, қайтады, циклдік сипат алады. Тарих арқылы қазіргі заманның өзекті мәселелері қозғалады.
- Тарихи тұлғаны мифтен арылтып, адам ретінде көрсету. Батырлар мен көсемдер идеалданбайды: олардың қайшылықтары, әлсіз тұстары, ішкі драмасы ашылады. Бұл тарихты «адамдық өлшеммен» тануға мүмкіндік береді.
- Авторлық позицияның шарттылығы, ирония және көпдауыстылық. Баяндаушы бір ғана «ақиқатты» бекітпейді. Бір оқиға әртүрлі кейіпкердің көзімен берілуі мүмкін, соның нәтижесінде көпүнділік қалыптасады.
- Тарихты қайта жазу және зерделеу. Жаңа тарихи роман тарихтың өзіне сұрақ қояды: «Тарихты кім жазады?», «Шындық кімнің өлшемімен айқындалады?», «Жад қалай жасалады?». Бұл сұраулар арқылы бұрмаланған деректер қайта қаралып, балама түсінік жасау ұсынылады.
- Көркемдік тәсілдер жүйесі (мәтіндегі белгілерді бір жерге топтау). Ішкі монолог, сананың ағысы, ой елегінен өткізу; метатекст, интертекст, символизм; үзінді келтіру, өзін-өзі ирониялық көрсету; оқырманның белсенді қатысуы – мағынаны өзі өздестіруі.
- Соғыс тақырыбын беру тәсілі. Жаңа тарихи романдар соғысты көбіне «ерлік дастан» ретінде емес, қарапайым адамның аман қалу, қорқыныш, мәжбүрлік, моральдық таңдаулар кеңістігі ретінде ашады. Яғни шайқас көрінісінің «көптігі» маңызды емес, адамның ішкі күйі мен тіршілік қуаты маңызды.
VІІ. Дәстүрлі тарихи роман мен жаңа тарихи романның айырмасы
Жаңа тарихи романдардың тарихқа деген көзқарасы дәстүрлі тарихи романдардан едәуір өзгеше. Дәстүрлі тарихи романдарда тарих көбіне өзгермейтін объективті шындық ретінде қарастырылады. Жазушылар сол дайын тарихи шындықты негізге алып, өз дәуірінің танымы мен рухына сай түсіндіруге, бағалауға тырысады. Яғни авторлар тарихқа бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарап, оның жаңа қырларын ашуға ұмтылады. Ал жаңа тарихи романдарда тарих дайын және өзгермейтін шындық ретінде қабылданбайды. Керісінше, ол – қазіргі заман мен өткен уақыттың өзара диалогы арқылы қайта жасалатын құбылыс. Мұнда тарих бүгінгі адамның түсінігі, тәжірибесі және көзқарасымен қайта қаралып, жаңа мағынаға ие болады. Сондықтан жаңа тарихи романдар үшін басты мақсат – тарихты тек түсіндіру немесе бағалау емес, оның өзін қайта құру, яғни жаңа көркемдік тәсілдер арқылы қайта пайымдау. Мұндай шығармаларда тарих көбіне кездейсоқтықтарға толы, үнемі өзгеріп отыратын процесс ретінде көрінеді. Яғни тарихта мәңгілік, мызғымас объективті шындық жоқ деген түсінік басым. Бұл тұрғыдан алғанда, тарихи шындық қазіргі уақыт пен өткен заманның байланысы барысында біртіндеп қалыптасады. Демек, тарих – тек өткеннің дерегі ғана емес, ол әр дәуірдің танымы арқылы қайта жасалып отыратын мәдени құбылыс.
Қорыта айтқанда, дәстүрлі тарихи роман мен жаңа тарихи романның басты айырмашылығы – олардың тарихты түсіну тәсілінде. Біріншісі тарихты тұрақты объективті шындық ретінде қабылдаса, екіншісі оны үздіксіз қайта құрылатын, көпқырлы процесс ретінде қарастырады.
Біз және бір мақаламызда дәстүрлі тарихи роман туралы жанжақтылы тоқталғамыз. Десе де, тіпті де түсінікті болу үшін бұл екі бағыттың басты айырмашылығын жеке – жеке былай тәпсірлеген жөн:
- Дәстүрлі тарихи роман. Дәстүрлі тарихи роман ең алдымен тарихи шындық пен дерекке адалдықты басты қағида ретінде ұстанады. Мұндай шығармалар нақты тарихи фактілерге, архивтік мәліметтерге және белгілі тарихи тұлғалардың өміріне сүйеніп жазылады. Сондықтан онда тарих көбіне өзгермейтін, нақты әрі объективті ақиқат ретінде бейнеленеді. Дәстүрлі тарихи романдарда уақыт желісі сызықтық түрде, яғни оқиғалар бірінен соң бірі ретімен дамиды. Баяндау көбіне үшінші жақпен, эпикалық кең тыныспен жүргізіледі. Мұндай шығармаларда батырлық, елдік рух, тарихи тұлғалардың ерлігі алдыңғы қатарға шығады. Ал оқырман автор ұсынған тарихи шындықты негізінен дайын күйінде қабылдайды. Қазақ әдебиетінде бұл бағыттың айқын үлгілері ретінде: «Көшпенділер» (Ілияс Есенберлин), «Аласапыран» (Мұхтар Мағауин), «Дарабоз» (Қабдеш Жұмаділов) сияқты романдарды атауға болады. Мысалы, «Көшпенділер» романында қазақ хандығының құрылуы, жоңғар шапқыншылығы сияқты тарихи оқиғалар нақты деректерге сүйене отырып, эпикалық кең тыныспен суреттеледі. Мұнда тарих – халық тағдырымен астасқан ұлы тарихи процесс ретінде көрінеді.
- Жаңа тарихи роман. Ал жаңа тарихи роман тарихқа мүлде басқа қырынан қарайды. Мұнда тарих дайын әрі өзгермейтін ақиқат ретінде емес, адамның бүгінгі түсінігі арқылы қайта пайымдалатын құбылыс ретінде қарастырылады. Яғни өткен мен бүгіннің арасында белгілі бір диалог орнайды. Жаңа тарихи романдарда авторлар тарихи деректі дәлме-дәл қайталауға ұмтылмайды. Керісінше, олар тарихтың салыстырмалы, субъективті сипатын көрсетуге тырысады. Бұл романдардағы кейіпкерлер көбіне рухани дағдарысқа ұшыраған, күмәншіл тұлғалар болып келеді. Олар тарихты батырлық эпос ретінде емес, жеке адамның тағдыры, күнделікті өмірі, отбасы мен тұрмыс деңгейінде сезінеді. Осы арқылы тарихтың үлкен оқиғалары қарапайым адамдардың өмірімен байланыста көрсетіледі. Сонымен бірге жаңа тарихи романдарда оқырман да белсенді рөл атқарады. Автор тарихтың бір ғана дайын түсіндірмесін ұсынбайды; керісінше, мәтін оқырманды ойлануға, түрлі мағына іздеуге жетелейді. Сондықтан мұндай шығармаларда тарихи дәлдіктен гөрі рухани-идеялық шындық маңыздырақ болып келеді.
Мысалы, шығыс пен батыстың қақтығысы баса жазылған Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» романында оқиға XVI ғасырдағы Осман империясында өтеді. Бірақ роман тарихты бір ғана баяндаушының аузымен баяндамайды. Әр деңгейдегі, әртүрлі кейіпкерлердің көзімен бақыланып, романға әртүрлі көзқарастар сіңдіріледі. Тіпті бұл бақылаулар мен көзқарастарды кейбір тарауларда сурет, өлі адам, ит, ат немесе ақшаны сөйлету арқылы жасақтайды. Осы арқылы автор тарихтың көп дауысты, көп интерпретациялы(түсіндірілмелі) екенін, жаңа тарихи романдарда тарих бір ғана өзгермейтін шындық емес екендігін көрсетеді. Сүйтіп тарихты детектив, өнер философиясы, мәдениет қақтығысы арқылы көрсетеді. Ал Мо Янның «Өмір мен өлім азабы» романында ХХ ғасырдағы Қытай тарихы (жер реформасы, төңкерістер, қоғамдық өзгерістер) бір адамның тағдыры арқылы беріледі. Өлтірілген жериесі дамыл-дамыл әртүрлі жануар болып қайта туылады. Осы ғажайып тәсіл арқылы автор бірнеше тарихи кезеңді көрсетіп, тарихтың адам тағдырына қалай әсер ететінін бейнелейді. Миф, беймәнділік және ғажайыптар арқылы тарихтың алпауыт батырлар мен ұлы оқиғалардың желісі емес екендігін, ол қарапайым адамдардың өмірі арқылы да көрсетілетін тарих екендігін айқындайды.
Нақтап айтқанда, дәстүрлі тарихи роман мен жаңа тарихи романның басты айырмашылығы – олардың тарихты қабылдау тәсілінде. Бұл салыстырулардан мынаны түсінуге болады: Тарих жалғаса береді, уақыт желісінде тарихи роман жанры да ұдайы өзгерістерге ұшырап, тарихты көркем бейнелеудің жаңа мүмкіндіктері ашыла береді.
VІІІ. Жаңа тарихи романның Қытай әдебиетіндегі идеялық маңызы және оның Қазақ әдебиетіне қатысы
Жаңа тарихи романдардың 80 жылдардың орта шенінен бастап Қытай әдебиетінде орныққанын білдірген едік. Бұдан «жаңа тарихи роман сынды бұл үрдіс тек Қытай әдебиетіне ғана тән бе?» деген сұрау тууы мүмкін. Жоқ. Тарихты қайта пайымдау ХХ ғасырдың соңында көптеген елдерде байқалды: посткеңестік елдерде, Шығыс Еуропада, Латын Америкасында тарихи сана өзгеріп, өткенді жаңа тұрғыдан жазу үрдісі күшейді. Ресми «үлкен тарихтан» гөрі балама көзқарастар, шеткері топтардың тәжірибесі, жеке тағдырлар әдебиетке көбірек кірді. Демек, жаңа тарихи роман – белгілі бір елдің ғана құбылысы емес, тарихи сананың жаһандық өзгерісінің көрінісі.
Ендеше жаңа тарихи романның Қытай әдебиетіндегі идеялық маңызы қандай болды?
- Түпнұсқадағы тарихи болмысты ашты. Жаңа тарихи роман тарихты дайын ақиқат ретінде емес, қайта пайымдалатын, үздіксіз жаңғыртылатын кеңістік ретінде қарастырады. Бұл бағытта субъективтілік пен жеке авторлық көзқарас күшейгенімен, мақсат — тарихты бұрмалау емес, оның терең болмысын қайта ашу. Жазушылар тарих пен бүгіннің диалогын орната отырып, «Адам деген не?», «Қытай мәдениеті мен тарихының мәні қандай?» деген іргелі сұрақтарды көтереді. Олар философия, мәдениет, мораль, эстетика сияқты түрлі қырларды қамти отырып, өткенді заманауи ой кеңістігіне айналдырады. Мысалы, көптеген Қытай жазушыларының тарихи серияларында тарих объективті түрде баяндалмайды. Керісінше, өткеннің күйреген, ыдыраған рухы, бөгделенуі мен жалғыздық сезімі көркем бейнелер арқылы беріледі. Тарих мұнда салқын әрі мұңлы атмосфера ретінде сезіледі.
- Қытай халқының өмірі мен болмысының тарихын бейнеледі. Жаңа тарихи романдарда тарих — ең алдымен халықтың өмір сүру тарихы. Кейбір шығармалар өлім, үрей, трагедия арқылы тарихи кезеңнің күйзелісін көрсетсе, енді біреулері тіршілік үшін күресті алға тартады. Мысалы, Қытайдың әйгілі жазушысы Су Тоңның «Күріш» романында Ву Лон деген кейіпкердің өмірі арқылы «азық» пен «жыныстық инстинкт» бейнелері беріледі. Күріш — тіршіліктің, әйел — жаратылыстық құмарлықтың символы. Бұл екеуі түптеп келгенде «жер» ұғымымен тоғысады. Осы арқылы тарих абстрактілі мәдени құбылыс емес, нақты адам тағдыры арқылы ашылатын болмыс ретінде көрінеді. Бұдан жаңа тарихи роман мәдениет тарихынан гөрі адамзаттың шынайы қасіретіне, өмір сүрудің күрделі табиғатына көбірек назар аударатындығын көруге болады.
- Жаңа тарихи роман қазіргі уақытпен тарихи диалог болды. Жаңа тарихи роман — өткен мен бүгіннің үздіксіз диалогы. Нақтылап айтқанда, тарихты қалпына келтіру және қайта құру жаңа тарихи романдағы қазіргі уақыт пен өткен уақыт арасындағы диалогтың бір мезгілдегі екі жақты қозғалысы болып табылады. Британ философы Уолш айтқандай, «Тарих өткенді емес, бүгінді жарықтандырады». Яғни тарих тек ағартушылық қызмет атқармайды, ол қазіргі қоғамның рухани құрылымына тікелей қатысады. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы шығармаларда субъективті баяндау азайып, «табиғи» әрі салқын объективтілік күшейді. Жазушы тарихты басқарушы емес, бақылаушы ретінде көрінді. Алайда өткен мен бүгіннің байланысы сақталады. Қорыта айтқанда жаңа тарихи роман тарихты қайта жазу емес, оны қазіргі рухани санамен қайта түсіну әрекеті болып табылады.
Ал, Қазақ әдебиетіне келер болсақ, онда тарихи роман дәстүрі өте мықты. Ұлттық тарихи сана қалыптастыруда тарихи прозаның рөлі зор болды. Бүгінгі күні де тарихи тақырыптағы шығармалар жазылып жатыр. Сонымен бірге қазіргі әдебиетте: тұлғаны мифсіз көрсету; тарихты психологиялық тереңдікпен ашу; тарихи оқиғаны тұрмыстық кеңістік арқылы беру; жад, естелік, авторлық түсінік жасауды алға шығару сияқты үрдістер байқала бастады. Бұл – қазақ әдебиетінде толыққанды «жаңа тарихи роман мектебі қалыптасты» деген сөз емес. Бірақ тарихи жанрдың ішкі өзгерісі, баяндау мәдениетінің күрделенуі жүріп жатқаны анық. Осы өзгерісті ғылыми тілмен сипаттау үшін «жаңа тарихи проза» ұғымы белгілі бір дәрежеде әдістемелік құрал бола алады. Бірақ оны механикалық түрде көшіру емес, қазақ әдебиетінің өз табиғатына лайықтап қолдану маңызды.
Сөздің сірге жияры: академик С. Қасқабасовтың: «Жаңа тарихи проза – дәстүрлі тарихи жанрдың табиғи эволюциясы. Ол тарихты суреттемейді, тарих арқылы бүгінді ойландырады» дегені бар еді. Жаңа тарихи роман – өткенді қирату емес, оны қайта пайымдау. Ол тарихты батырлық эпос ретінде ғана емес, адам тағдырының күрделі кеңістігі ретінде көрсетеді. Тарих енді бір ғана «дұрыс» нұсқадан тұрмайды: ол көп дауысты, көп көзқарасты, көп түсініктемелікке толы кеңістік.
Олай болса, мынадай сұрақ туындайды: біз тарихты тек бекіту үшін ғана жазуымыз керек пе, әлде оны қайта ой елегінен өткізуіміз де қажет пе? Мүмкін, осы сұрақтың өзіне жауап іздеу – бүгінгі тарихи прозаның ең өзекті міндеттерінің бірі шығар...
Мырзағали Тоқтаубайұлы
ақын, әдебиеттанушы
Ескерілген әдебиеттер:
- «Қайта өрлеу дәуіріндегі өзін-өзі қалыптастыру», Стивен Гринблатт. У Миңбо және Ли Сандалардың Қытайша аудармасы, «Шаңхай әдебиет пен өнер баспасы» 2022 жыл қараша.
- «Таңдамалы жаңа тарихи прозалар», Уаң Бяу құрастынған. Жыжяң «Әдебиет пен өнер» баспасы, 1993 жылғы басылымы.
- «Жаңа тарихи роман туралы», Хуң Жыгаң. Қытай, «Жыжяң педагогикалық университеті жураналы», 1991 жылғы 4 сан.
- «Жаңа тарихи романның идеалогиялық сипаты», Сун Шянкы. Қытай, «Жаңа заман әдебиет мінбері» журналы, 1995 жылғы 6 сан.
- «Жаңа тарихи проза мен жаңа тарихизм романы туралы», Шы Хұй. Қытай, «Қоғамдық ғылымдар» журналы, 1999 жылғы 11 сан.
- «Жаңа тарихизмдік әдебиет пен өнер ағымдарының идеалық мәні мен негізгі ерекшеліктері», Жаң Жин. Қытай, «Әдебиет, тарих, философия» журналы, 2001 жылғы 5 сан.
- «Әңгіме және тарих», Нан Фан. Қытай, «Әдебиет шолуы» журналы, 1995 жылғы 6 сан.
- Орхан Памуктың «Менің атым қырмызы» романы, Мо Янның «Өмір мен өлім азабы» романы және Қазақ классиктерінің қатысты прозалары оқылды.
Abai.kz