Header Banner
Жұма, 13 Наурыз 2026
Жаңалықтар 83 0 пікір 13 Наурыз, 2026 сағат 16:41

МАГАТЭ өкілдері Өзбекстанның АЭС құрылысының барысын қадағалайды

Сурет: Информ сайтынан алынды

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) өкілдері Өзбекстанда салынып жатқан АЭС құрылысын бақылау үшін үстіміздегі жылдың екінші жартысында көршілес елге келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Бұл туралы Парижде өткен II Халықаралық Атом энергиясы саммиті аясында кездескен Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев пен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси уағдаласты.

Сондай-ақ, тараптар Жизақ облысының Фариш ауданында бой көтеріп жатқан елдегі алғашқы АЭС алаңында алғашқы бетон құю жұмыстарының басталуын талқылады.

МАГАТЭ басшысы жобаның маңыздылығына тоқталып, шағын және үлкен қуатты реакторларды бір кешенге интеграциялау жоспарына ерекше назар аударды.

— Кездесу қорытындысы бойынша Рафаэль Гросси ұйымның Өзбекстанның ядролық бағдарламасын іске асыру ұмтылысына қолдау көрсету жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, Азим Ахмедхаджаев оны алғашқы бетон құю рәсіміне қатысуға шақырды, - делінген Uzatom агенттігі таратқан хабарламада.

Өзбекстанда салынып жатқан АЭС Жизақ, Самарқанд және Науаи облыстарын электр энергиясымен қамтамасыз етпек.

23 желтоқсанда Өзбекстанда АЭС құрылысы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Abai.kz

0 пікір