Туризм дамыса - ел дамиды!
Қазақстан соңғы жылдары туризм саласын экономиканың маңызды бағыттарының біріне айналдыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Дүниежүзілік экономикалық форум жариялаған Саяхат пен туризмді дамыту индексіне сәйкес, еліміз туристік бағыттар рейтингісінде айтарлықтай ілгеріледі. Егер бұрынғы индексте Қазақстан 66-орында тұрса, өткен жылы 119 мемлекет арасынан 52-орынға көтерілді. Бұл – салада жүргізіліп жатқан реформалар мен инфрақұрылымды дамыту шараларының нәтижесі. Салалық министрлік алдағы жылдары бұл көрсеткішті одан әрі жақсартып, 2025–2029 жылдар аралығында Қазақстанды алғашқы 50 елдің қатарына енгізуді мақсат етіп отыр.
Мемлекет туризмді дамыту үшін бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлаған. Соның ішінде Щучье-Бурабай курорттық аймағын, Маңғыстау өңірін және Алматы тау кластерін дамытуға басымдық берілмек. 2027 жылға дейін жалпы құны 1,1 триллион теңгеден асатын 181 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл бастамалар туризм саласының әлеуетін арттырып қана қоймай, салада еңбек ететін азаматтардың санын 800 мың адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар елдегі ішкі туристер санын 11 миллионға дейін көбейту және барлық қонақ үйлерде eQonaq ақпараттық жүйесін енгізу жоспары бар.
Туризм индустриясы комитетінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Қазақстанға 5,3 миллион шетелдік турист келген. Олар елімізде орта есеппен 1500 АҚШ долларын жұмсаған. Бұл көрсеткіш туризмнің ел экономикасына қосар үлесінің айтарлықтай екенін көрсетеді. Дегенмен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туризмді дамыту әлеуеті барлық өңірде болғанымен, саланың қарқынды дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселелер бар екенін атап өтті. Осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп, тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.
Жаңа бастамалардың бірі – жергілікті әкімдіктерге туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша кеңірек өкілеттіктер беру. Атап айтқанда, ұлттық парктер аумағын қоса алғанда, елді мекендерден тыс аймақтарда туристік нысандар салуға мүмкіндік жасалмақ. Сонымен қатар туристік дестинациялардағы инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға арналған арнайы бюджеттік бағдарлама әзірлеу жоспарлануда. Өңірлерде туризмді жүйелі дамыту үшін жеке туризм басқармаларын құру мәселесі де қарастырылып жатыр.
Туризмді әртараптандыру мақсатында агротуризм бағытына да ерекше мән берілуде. Жаңа заңнамалық өзгерістер фермерлерге өз жер телімдерінде агротуризммен айналысуға құқық береді. Бүгінде елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар екенін ескерсек, бұл бастама ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етпек.
Экологиялық туризмді дамыту да негізгі бағыттардың бірі. Ұлттық парктерде туристік қызметті жүзеге асыру үшін жерді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл инвесторларды тартуға және инфрақұрылымды жетілдіруге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары ұлттық парктерде туристік соқпақтар жасалып, сапар-орталықтары ашылып жатыр. Қазіргі таңда сегіз сапар-орталығы жұмыс істейді. Нәтижесінде ұлттық парктерге келушілер саны тұрақты түрде өсіп келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14 ұлттық паркке 2,8 миллион адам барған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан.
Туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында шекаралық өткізу пункттерінде ұйымдасқан туристік топтарға арналған «жасыл дәліз» жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бұл тетік Ресей мен Қырғызстан шекарасында сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленген. Оның басты мақсаты – тау туризмін дамыту арқылы елге келетін туристер санын арттыру. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тау туризмімен айналысатын саяхатшылардың орташа шығыны шамамен 350 долларды құрайды. Бұл жағажай туризміндегі орташа шығыннан бірнеше есе жоғары.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында да тау туризмін дамыту мүмкіндігі зор. Осы бағытта Катонқарағай мен Зайсан қалаларында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Болашақта шамамен 1000 гектар аумақта ұзындығы 70 шақырымға дейін жететін шаңғы трассаларын салу жоспарланған.
Маңғыстау өңірін дамытуға арналған кешенді жоспар да ерекше маңызға ие. Бұл жоба аясында инфрақұрылымды жетілдіру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Тұзбайыр, Қызылқұп, Торыш және Айрақты сияқты табиғи көрікті орындарға қолжетімділік артпақ. Соның нәтижесінде жаңа туристік нысандар ашылып, өңірдің туристік тартымдылығы күшейеді.
Жалпы алғанда, Қазақстан туризмнің түрлі бағыттарын қатар дамытуға күш салып отыр. Әсіресе этно-мәдени, балалар мен жасөспірімдер туризмі, медициналық және сауықтыру туризмі, іскерлік туризм, караванинг және автотуризм бағыттары басымдыққа ие. Бұл шаралардың барлығы еліміздің табиғи байлығы мен мәдени мұрасын тиімді пайдаланып, Қазақстанды халықаралық деңгейдегі тартымды туристік бағыттардың біріне айналдыруға бағытталған.
Abai.kz