Header Banner
Жексенбі, 15 Наурыз 2026
182 0 пікір 15 Наурыз, 2026 сағат 18:15

Референдум – 2026: Жетісуда тұрғындар тұтас ауыл болып дауыс беруде

Сурет: Жергілікті сайлау учаскесінен алынды.

Жетісу облысының тұрғындары референдумға белсенді қатысып, таңнан бері тұтас ауыл болып дауыс беруде.

Мәселен, Қаратал ауданының Кәлпе ауылында 400 адам, Көксу ауданының 10 жылдық Қазақстан ауылында 200 адам, Кербұлақ ауданының Басши ауылында 100 адам учаскеге бір мезетте келіп, жаппай дауыс берді.

Бұл ретте Қаратал ауданы Кәлпе ауылында дауыс беруге ауылдың 14 көшесінің тұрғыны келді. Олардың арасында өз өмірінің 40 жылын ветеринар дәрігерлік мамандығына арнаған қария Сүлеймен Андасбаев, сол сияқты денсаулық сақтау саласының ардагері Бәтен Бұлдыбаева да бар.

– Референдумның Наурыз мерекесінің басталуымен тұспа-тұс келуі бізге ерекше көңіл күй сыйлады. Учаске ашылған сәттен бастап-ақ мұнда мереке ерекше сезілді. Учаскенің жанында киіз үй тігіліп, дауыс беруге келгендер ұлттық тағамдардан дәм татты. Балаларымыз асық ойнап, жастар алтыбақан тепті. Тұрғындардың бір уақытта бірге келіп дауыс беруі – халықтың бірлігінің жарқын көрінісі әрі еліміздің болашағына қосқан ортақ үлесіміз деп санаймын. Себебі Конституция – тұрақтылық пен дамуымыздың негізі, – деді Б. Бұлдыбаева.

Сол сияқты Он жылдық Қазақстан ауылы да қашанда өзінің еңбек дәстүрімен, қауымдық жауапкершілігінің мықтылығымен даңқы шыққан. Бұл елді мекен бүгін де елдің саяси өміріне белсене қатысуда. Дауыс беруге бір мезетте 200 адамның бірге келуі - халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін танытатын саналы қадам.

- Біз үшін референдумға қатысу жай ғана парыз емес, біздің ерікті таңдауымыз. Бүгін бәріміз бірге келіп, ауылымыздың тағдыры, тұтас еліміздің болашағы біз үшін маңызды екенін білдірдік. Біз бірге дауыс беру арқылы өз ынтымағымыздың күш-қуатын сезіндік, - деді ауыл ақсақалдарының бірі Сапар Смағұлов.

Жас буын өкілдері де пікір қосты:

- Бүгін мен алғаш рет дауыс бердім, мұнда ата-анаммен, көршілеріммен бірге келдім. Үлкендердің референдумға қандай жауапкершілікпен қарайтынын көріп, біздің ертеңіміз бүгін және дәл осы жерден басталатынын ұғындым, - дейді  ауылдың белсенді жасы Назерке Мұсабай.

Abai.kz

0 пікір