Дүйсенбі, 23 Наурыз 2026
Абай.tv 227 0 пікір 23 Наурыз, 2026 сағат 12:38

Қазақи аниме мен манга: Ұлттық болмыс па, әлде Шығысқа еліктеу ме?

Коллаж: Abai.kz.

Соңғы жылдары елімізде балаларға арналған анимация мен комикс (манга стиліндегі) контентке қызығушылық артып келеді. YouTube, TikTok платформаларында отандық авторлар өз жобаларын ұсынып, жаңа буынның талғамына сай өнімдер жасауға тырысуда.

Осы орайда аса маңызды сауал туындайды: Қазақ анимесі өзінің ұлттық ерекшелігін сақтай ала ма, әлде жапон, корей, қытай мәдениетіне тым тәуелді болып қала бере ме?

Осы мәселені түсіну үшін біз екі түрлі көзқарасты біріктірдік. Олар: Тәжірибелі тәржімашы, аниме жасап, ранобэ аударып, мангаларды қазақ тілінде сөйлетіп жүрген өзіміздің Abai kz ақпараттық порталының Абай облысы бойынша меншікті тілшісі Әбіл-Серік Әбілқасымұлы мен оның шәкірті Әкежан Айдарұлын қазіргі контент тұтынушысына қатысты сұхбатқа тарттық...

Әбіл-Серік Әбілқасымұлының пікір:

— Қазіргі қазақ балаларына арналған аниме контентіне қалай қарайсыз?

— Жалпы, бұл — өте маңызды әрі дер кезінде дамып жатқан бағыт. Бірақ мәселе тек формада емес, мазмұнда. Біз көбіне сыртқы стильді — үлкен көзді кейіпкерлерді, жапондық визуалды шешімдерді аламыз да, ішкі мазмұнды толық ұлттық деңгейге жеткізе алмай жатырмыз.

— Яғни еліктеу басым дейсіз бе?

— Әрине, бар. Бұл табиғи процесс. Жапон анимесі — әлемдік индустрия. Бірақ біз соны көшірмеуіміз керек, қайта ұлттық сипатқа бейімдеуіміз қажет. Мысалы, қазақ ертегілері, батырлар жыры, мифология, қазақ фэнтезиінің атасы Таупық Рымжановтың туындылары — дайын контент қой.

— Сонда бізге қазір не жетіспейді?

— Ұлттық код. Кейіпкерлердің ойлауы, сөйлеуі, құндылықтары қазақи болуы керек. Қазір кейбір жобаларда кейіпкер қазақша сөйлейді, бірақ мінезі толықтай шетелдік болып келіп, өзінен ат-тоныңды ала қашырады.

— Балаларға бұл қаншалықты әсер етеді?

— Өте зиянды һәм қауіпті әсер етіп, ұлттық келбетімізден ажыратады. Мысалы, бала-шаға түгел көріп жүрген «Синий трактор» бар. Оны ұлттық ерекшеліктегімізді сақтап, «Май арба» деп аудасақ дүние түзеледі. Әлемдік һәм ТМД балалар хиттарын өз әуеземізге салып ыңғайлауымыз керек. Балалар көргенін қайталайды. Егер олар тек шетелдік мәдени кодпен өссе, ұлттық сәйкестік құрдымға кете әлсірейді.

Әкежан Айдарұлының пікірі:

— Сен қандай аниме көресің?

— Мен жапон анимелерін көрем. Олар қызық, ұрыстар көп, кейіпкерлер күшті.

— Қазақша аниме көрдің бе?

— Иә, бірақ аз. Кейбірі қызық емес. Кейде баяу да сылбыр  сияқты көрінеді.

— Неге қызық емес деп ойлайсың?

— Кейіпкерлер күшті емес сияқты. Суперқабілеттері жоқ. Ал жапон анимесінде бәрі ерекше.

— Егер қазақ анимесі қандай болса, саған ұнар еді?

— Егер батырлар болса, бірақ оларда да ерекше тылсымды күш болса. Мысалы, Алпамыс супер күшпен, немесе қобызбен сиқыр жасаса...

ҚАРСЫ КӨЗҚАРАСТАР ҚАҚТЫҒЫСЫ

Балалардың «экшн» мен «суперқабілетке» қызығуы ұлттық мазмұнға қайшы ма?

Әбіл-Серік:— Жоқ, мүлде қайшы емес. Мәселе формада емес. Біз батырларымызды заманауи тілде көрсете аламыз. Мысалы, Қобыланды батырды фэнтези форматында беру — бұл дұрыс қадам.

— Әкежан, саған қазақ ертегілері қызық па?

Әкежен: — Иә, бірақ оларды мультфильм сияқты жасаса ғана қызық болады. Кітап оқу көп жағдайда қызық емес. Мен кітап оқумен қатар сабаққа дайындалуым да керек қой!?

— Әбеке, Демек, бар мәселе жеткізу формасында ма?

Әбіл-Серік: — Дәл солай. Балаларға мазмұн емес, оны қалай жеткізген маңызды. Егер біз ұлттық мазмұнды заманауи форматқа салсақ — нәтиже болады.

ШЫҒЫС ӘСЕРІ — ҚАУІП ПЕ, ӘЛДЕ МҮМКІНДІК ПЕ?

— Жапон, корей, қытай мәдениетіне бағыт алу дұрыс па?

Әбіл-Серік: — Бұл — құрал ғана. Біз оны дұрыс қолдануымыз керек. Мысалы, жапондар өз дәстүрін сақтай отырып, әлемдік нарыққа шықты. Кәрістер «K-pop» арқылы мәдени экспорт жасады. Қытайлардың «данхуасын» (көп сериалы анимелік топтамалары) көрмейтін қазақ баласы қалған жоқ. Бірақ оны қай тілде көреді – мәселе осында...

Біз де сол жолмен жүре аламыз, бірақ мазмұн қазақи болуы шарт. Осы бағытта шәкіртім Әкежан екеуміз 1 минуттық жеті-сегіз қазақи мультфильмдер түсірдік. Жасанды интеллектіні пайдаланып, өйткені, жас ұрпақтың пікірін білу өте-мөте маңызды.

Әкежан: — Шынында менің құрдастарым көп жағдайда қай елдікі болса да, тек қызық болса болды деп ойлайды. Аниме жасайтын ағайлар мен апайлар осыны ескере жақсы болар еді.

БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ

— Қазақ анимесінің болашағы қандай?

Әбіл-Серік: — Үш негізгі бағыт қажет:

1)Ұлттық сценарий (ертегі, тарих);

2)Заманауи визуал (аниме стилі);

3)Балалар психологиясын түсіну. Тек егер осы үшеуі біріктірілсе — бізде күшті аниме индустриясы пайда болады.

— Сен қазақ анимесін көргің келе ме?

Әкежан: — Иә, егер ол қызық болса. Және кейіпкерлер күшті болса. Сондай кейіпкерді ұстазым екеуміз өмірге әкеле аламыз деп ойлаймын.

Түйін: Бұл сұхбат бір маңызды шындықты көрсетті:

— Ересектер ұлттық мазмұнға алаңдайды

— Балалар қызық пен динамикаға қарайды. Осы орайда, екеуін біріктіру — басты міндет. Қазақ анимесі мен мангасы шетелдік стильге сүйенуі мүмкін, бірақ оның жүрегі қазақы болуға тиіс. Егер біз тек еліктеумен шектелсек — ұлттық өнім жасай алмаймыз. Ал егер дәстүр мен заманауи форматты үйлестірсек — жаңа мәдени толқын қалыптасады. Осы толқынның ішінде Әбекең баулыған Әкежанның алар орны ерекше болады деп санаймыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Төменде Ұстаз бен Шәкірт түсірген шағын анимелердің youtube cілтемесі:

Abai.kz

0 пікір