Дүйсенбі, 23 Наурыз 2026
Әне, көрдің бе? 164 0 пікір 23 Наурыз, 2026 сағат 13:27

Қазақстанның жартысы бос тұр

Сурет: eurasia.travel сайтынан алынды.

Қазақстанның кең-байтақ даласы – тарихтың үнсіз куәгері ғана демейік, бүгінгі күннің күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемаларының айнасы.

Соңғы жылдары ел ішінде қатты байқалып отырған маңызды құбылыстардың бірі – ауылдар мен шағын қалалардың мүлде қаңырап, халықтың ірі мегаполистерге жаппай көшуінің етек алуы. Әсіресе, солтүстік, орталық өңірлерде бұл үрдіс айқын көрінеді. Кеше ғана тіршілік қайнап жатқан елді мекендерде бүгін бес-он үй ғана қалып, қалғаны қаңырап бос тұр. Негізінде бұл – жай ғана көші-қон деп ойламайық, бұл – тұтас бір кеңістіктің – яғни айтқанда, Қазақстанның жартысы әлеуметтік-экономикалық жағынан әлсіреуінің нақты көрінісі.

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Дегенмен, осы күндері сол бесік қаңырап барады. Жастар жұмыс, білім, жайлы өмір іздеп, Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларға ағылуда. Бұл – жаһандық урбанизация үдерісінің бір көрінісі болғанымен, Қазақстан жағдайында оның өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі, бізде елдің аумағы өте үлкен, ал халық тығыздығы төмен. Сондықтан, халықтың белгілі қалалар мен өңірлерге шоғырлануы басқа аймақтардың бос қалуына әкелуде.

Осындай жағдай тек Қазақстанға ғана тән емес. Мәселен, Оңтүстік Корея да урбанизация салдарынан ауыл халқының қатты кемуін бастан өткерді. Бұл ел «аймақтық теңгерімді дамыту» саясатын жүргізіп, ірі қалалардан тыс жерлерде университеттер, өндіріс орындары мен технологиялық орталықтар салу арқылы халықты өңірлерде ұстап қалуға тырысуда. Нәтижесінде, кейбір аймақтарда экономикалық белсенділік қайта жандана бастады.

Сол сияқты, Жапония да соңғы онжылдықтарда ауылдардың босап қалу проблемасымен кездесті. Елде «акиа» деп аталатын иесіз үйлер саны миллиондап саналады. Жапония үкіметі бұл жағдайды шешу үшін өңірлерге көшіп барған азаматтарға тегін немесе өте арзан үй ұсыну, жас отбасыларға субсидия беру, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашу сияқты нақты шараларды қолға алды. Сонымен қатар, жергілікті экономиканы дамыту үшін туризм мен шағын бизнесті қолдау белсенді жүргізілуде. Айтарымыз, біздің Қазақ үкіметіне де осындай жағдайларды тез арада қолға алуы керек.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, халық санының көптігіелдің тұтыну нарығының негізі тірегі. Тұрғындар кеміген сайын, сұраныс төмендейді, бизнес дамымайды, инвестиция тарту қиындайды. Біздің үкімет осыны нақты түсінуі керек. Нәтижесінде, ауылдар мен шағын қалаларда жұмыс орындары қысқарып, бұл өз кезегінде көші-қонды одан әрі күшейтеді. Яғни, тұйық шеңбер қалыптасады: халық кетеді – экономика әлсірейді – жағдай нашарлайды – тағы да халық кетеді.

Бұл жағдайдың геосаяси қыры да бар. Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлері – стратегиялық маңызы жоғары аймақтар. Бұл өңірлерде халық санының күрт кемуі елдің ұлттық қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан, бұл проблеманы тек әлеуметтік немесе экономикалық тұрғыдан ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі кешенді саясат ретінде қарастыру қажет.

Осындай жағдайда, халық санын арттырудың және елді мекендерді жандандырудың негізгі тиімді жолдарының бірі – қандастарды (шетелдегі этникалық қазақтарды) елге тарту. Бұл – тек демографиялық жағдайды шешу ғана демейік, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, ұлттық бірлікті нығайту жолы.

Қандастар – қазақтың шекара сыртында қалған бөлшегі. Олардың көпшілігі тарихи себептермен шетелде қалып қойғанымен, тілін, дінін, дәстүрін сақтап қалған. Оларды елге қайтару – ұлттық мүдде. Алайда, бұл үдеріс жүйелі, жоспарлы және тиімді ұйымдастырылуы тиіс.

Бүгінгі күні қандастарды қабылдау бағдарламалары бар, дегенімен олардың тиімділігі жеткіліксіз. Көп жағдайда қандастар оңтүстік өңірлерге немесе ірі қалаларға шоғырланып, солтүстік пен орталық аймақтарға баруға ынталы емес. Себебі бұл өңірлерде климат қатал, инфрақұрылым әлсіз, жұмыс мүмкіндіктері шектеулі.

Сондықтан мемлекет қандастарды нақты өңірлерге бағыттау саясатын күшейтуі керек. Бұл үшін бірқатар нақты шаралар қажет. Айтарымыз, көшуге ынталандыру тетіктерін күшейту керек: тұрғын үй, жер телімі, жеңілдетілген несие, біржолғы қаржылай көмек. Содан кейін, жұмыс орындарын қамтамасыз ету маңызды. Қандастар тек қоныстанып қана қоймай, сол жерде тұрақты өмір сүріп, еңбек етуі тиіс.

Сондай-ақ, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту қажет. Мектеп, аурухана, жол, интернет – осылардың барлығы адам өмірінің сапасын анықтайды. Егер бұл жағдайлар жасалмаса, ешқандай бағдарлама нәтижелі болмайды. Тағы бір айтарымыз, бейімдеу (адаптация) жағдайына ерекше көңіл бөлу керек. Қандастар жаңа ортаға тез сіңісіп кетуі үшін тілдік, құқықтық, мәдени қолдау көрсетілуі тиіс. Елімізге қандастарды жаппай келтіру үшін, түрлі құжаттық қиындықтарды мүлдем алып тастау керек. Билік иесі осыған қатты көңіл аудару керек.

Және, ішкі көші-қонды да дұрыс реттеу қажет. Оңтүстіктегі халық тығыз орналасқан өңірлерден солтүстікке ерікті көшу бағдарламалары жүргізілуде, алайда, олардың нәтижесі әлі де төмен. Осы бағытта да ынталандыру шараларын күшейтіп, нақты нәтижеге бағытталған саясат жүргізу керек.

Тағы бір маңызды жағдай – ауыл экономикасын дамыту. Егер ауылда жұмыс болмаса, ешкім ол жерде тұрмайды. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, кооперативтер құру – басты бағыттардың негізі болуы тиіс. Заманауи технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығын тиімді әрі табысты салаға айналдыру қажет.

Сонымен қатар, цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Қашықтан жұмыс істеу (remote work) дамыған заманда адамдардың міндетті түрде қалада тұруы шарт емес. Егер ауылдарда жоғары жылдамдықты интернет болса, көптеген мамандар сол жерде отырып-ақ жұмыс істей алады. Бұл – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Қазақстанның жартысы бос тұр деген пікір – эмоциялық тұрғыдан айтылғанымен, оның астарында үлкен шындық жатыр. Ел аумағының кеңдігі – біздің артықшылығымыз, бірақ оны тиімді пайдалана алмасақ, ол кемшілікке айналуы мүмкін. Сондықтан әрбір өңірдің әлеуетін дұрыс бағалап, оны дамытуға бағытталған нақты саясат қажет.

Қорытындылай келе, ауылдар мен шағын қалалардың босап қалуы – тек демографиялық проблема емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік, экономикалық даму және әлеуметтік тұрақтылық негізі. Оны шешу үшін кешенді, батыл және ұзақ мерзімді саясат қажет. Қандастарды тарту, ішкі көші-қонды реттеу, инфрақұрылымды дамыту және ауыл экономикасын жандандыру – осы бағыттағы негізгі құралдар болуы тиіс.

Нақты айтарымыз – бұл жағдайға бейжай қарамау. Себебі, бос қалған жер – тек жағрапиялық кеңістік демейік, ол – жоғалған мүмкіндік. Ал мүмкіндікті қайта жандандыру – қазіргі билік иесінің құзырында.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір