Бейсенбі, 26 Наурыз 2026
Ақмылтық 206 0 пікір 26 Наурыз, 2026 сағат 17:15

Қазақтар қан майданда емес, қан көшеде жайрап жатыр...

Сурет: әлеуметтік желіден алынды

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатынан кейін құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты маңызды мәселе көтерді. Оның айтуынша, бұл оқиға бір ғана жүргізушінің жауапкершілігімен шектелетін жағдай емес, қаладағы түнгі заңсыз жарыстарға уақытылы тосқауыл қойылмай отырғанының салдары болуы мүмкін.

Үш адамның өліміне себеп болды деп күдікке ілінген Zeekr жүргізушісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен іс қозғалған. Яғни абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет үшін ол бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алайда қоғамды алаңдатып отырған мәселе тек осы қылмыстық істің аясымен шектелмейді. Көпшіліктің назарын аударған жайт – қалталы азаматтардың жол ережесін елемей, өздерін өзгелерден бөлек ұстайтындай әсер қалдыруы. Әсіресе Алматының күндіз көлік нөпірінен босамайтын даңғылдары түнге қарай жылдамдыққа әуес жүргізушілердің бейресми жарыс алаңына айналып кететіні жасырын емес.

Қала тұрғындарының айтуынша, әл-Фараби бойындағы түнгі жылдамдық жарыстары мен шамадан тыс жылдамдық мәселесі жаңа құбылыс емес. Мұндай көріністерді көпшілік күнде көрмесе де, жиі естиді. Бірақ осындай қауіпті әрекеттерге нақты тосқауыл қойылмай отырғаны қоғамда орынды сұрақ туғызады. Камералар мен «Сергек» жүйесі бар қалада нөмірсіз көліктер мен түнгі жарыстардың назардан тыс қалуы да көпшіліктің күдігін күшейтіп отыр.

Осыған байланысты Мұрат Әбенов әл-Фараби даңғылындағы түнгі жарыстардан полиция хабарсыз болуы мүмкін емес екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар жүйелі түрде қайталанып отырса, бұл тек жолдағы тәртіп мәселесі емес, құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігіне қатысты да үлкен сауал. Егер заңсыз жарыстардың болып жатқанын біле тұра, алдын алу шаралары жеткілікті деңгейде жүргізілмесе, онда бұл тек Алматы қалалық полициясына ғана емес, жалпы Ішкі істер министрлігіне қатысты да сұрақтардың көбеюіне себеп болады.

Мұндай жағдайда қоғам арасында түрлі күдік пен сенімсіздіктің күшеюі де түсінікті. Өйткені қарапайым жүргізуші ұсақ құқық бұзушылық үшін бірден жауапкершілікке тартылып жатады. Ал түнгі уақытта жылдамдықты өрескел асыру, нөмірсіз жүру, жолда қауіп төндіру сияқты әрекеттердің ұзақ уақыт бойы тоқтатылмауы – көпшілік үшін түсініксіз.

Қоғамның наразылығын күшейтіп отырған тағы бір жайт – ресми органдардың үнсіздігі. Әлеуметтік желіде бұл оқиға бірнеше күннен бері қызу талқыланып, қоғам ашық тергеу мен әділ жазаны талап етіп отыр. Алайда осы уақытқа дейін жұрттың көкейіндегі сұрақтарға нақты әрі сенімді жауап берілген жоқ. Халық қазір тек кінәліге жаза тағайындауды емес, мұндай жағдайдың неге алдын ала тоқтатылмағанын, қандай шаралар қабылданып жатқанын және болашақта мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін не істелетінін білгісі келеді.

Сондықтан бұл оқиғада мәселе бір ғана жүргізушінің жауапкершілігімен шектелмеуі керек. Қоғам қазір нақты бір адамды жазалаудан бөлек, мұндай қайғылы жағдайға жол берген жүйелік олқылықтарға да баға берілгенін күтеді. Әл-Фарабидегі апат үш адамның өмірін ғана қиған жоқ. Ол жолдағы қауіпсіздікке жауапты құрылымдардың жұмысына, заңның бәріне бірдей қолданылуына және құқық қорғау жүйесіне деген сенімге ауыр сұрақ қойды.

Егер бұл жолы да іс тек бір баппен шектеліп, түнгі жарыстардың неге тоқтатылмай жүргені, оған кім жауапты екені ашық айтылмаса, қоғамның күдігі одан әрі тереңдей түсуі мүмкін.

Аяна Қазтай

Abai.kz

0 пікір