Мақатаев поэзиясындағы символизм мен адам концепсиясы (жалғасы)
Осы жерде ойға М.Қабанбайдың мына бір сөзі оралады: «...Мұқағалидың көксеректігіне келейік. Мұхтар Әуезовтың көксерегі табиғаттың еш қоспасыз төл туындысы, еркесі мен серкесі-тін. Адамдар оны өз ортасынан – қасқырлардың төл мәдени ортасынан айырып, қасқырлар үшін өркениет болып табылатын ауыл тіршілігіне апарып қосты. Қасқырлар мәдениетінің коды миына жазылған Көксерек көтеріліс жасап еді, өркениеттің темірмаңдай түлегі – Аққасқа төбет оны жарып тастады.
Сол сияқты, қазақ ұлтының ғасырлар бойғы мәдениетінің коды миына жазылған Мұқағали Мақатаев та өкіреңдеп кіріп келе жатқан өркөкірек өркениетке поэзиясын қалқан ғып, қарсы шықты. Өйткені қала, даладағы өркеиет қазақ мәдениетіне сол кезде-ақ тіс-тырнағын салған-ды. Сөйтіп, ол индустриалдық технологияның қазақ даласына топ етіп түсе қалған терминаторы – өркениетке қарсы тұрып, тең емес шайқаста қаза тапты. Мұқағали да, Көксерек те...». Міне, біз М.Мақатаевтың поэзиясына тән символистік тәсілдерді айтқанда, ондағы ұлттық кодқа көбірек мән беруіміз керек. Оның өлеңдері неге жалпыхалықтық сипатқа ие болады?! Себебі, ол өз өлеңдерінде өмірді қазақтың жанымен сезініп, маңайға ұлттың көзімен қарайын десе, қатыгез отаршыл жүйенің «тезіне» ұшыраған, бөгделенген қазақтың болмысы жолын кес-кестей береді. Сондықтан да, М.Мақатаев поэзиясы өмірдің өзіндей өміршең.
Негізінде М.Мақатаев поэзиясының сырына үңілу, шығармашылығын тани түсу өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастау алады. Мұқағалидың 1968 жылы баспадан шыққан «Қарлығашым, келдің ба?» атты жыр жинағына кемеңгер жазушы Ә.Кекілбаев алғашқылардың бірі болып сын мақала жазды. Бұл күнде мұқағалитану өзіндік бір арнаға түсе бастады дегенімізбен, әлі де болса мұқағалитанудың кем-кетігі, дүлдәмал тұстары, ізденістің жетіспей жатқан бағыттары баршылық. Біздің ойымызша, мұқағалитану – қазақтың КСРО кезеңіндегі рухани келбетін зерттеудегі арналы бір саласы болуға тиіс. Мұқағали поэзиясын терең зерттеу – ол өмір сүрген жылдардағы адам жанының, қоғамдық ой-сананың, моралдық әдеп, адамдар бойындағы махаббат пен ғадауат, құндылықтар мен құнсыздықтардың өзіндік ерекшеліктерін сараптауға негіз болмақ. Сондықтан да мұқағалитанудың мәні мен маңызы, өзектілігі, қажеттілігі осында жатыр.
Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы басты ерекшелік те сол, ол - адам жанының тамыршысы. Кемеңгер жазушы Ә.Кекілбаев: «Мақатаев жырларындағы майда қоңыр саз бен жарқ-жұрқ етіп көзге ұрмайтын жұмсақ нұрдың өзі де, оның терең тебіреністі гуманистік мәнін айқындай түседі. Жас ақын зор адамгершілікті, биік гуманизмді елден ерек төтен ерліктерден емес, адамдардың бір-біріне деген мейір-пейілінен іздейді. Оның өлеңіндегі адамдар шетінен жүзі игі, жүрегі жұмсақ жандар. Бірақ ақын өмірді май тоңғысыз идилия қылып суреттеуден аулақ. Ол әрекетшіл мейірімді, өзгенің бақыты мен қуанышына тек тілектес болып қана қоймай, сол үшін бел шешіп күресетін белсенді қайырымды жырлайды» деп жазады. Осы тұрғыдан алғанда, М.Мақатаев поэзиясындағы “Қазақ” пен “Абай” ұғымдарының шендестіріле, теңестіріле жырлануын – ақын жанының басты кредосы һәм жүрек қалауы деп түсінген әбзал. Өйткені, ол өз поэзиясының темірқазығын ұлы Абайдың мұратына мықтап байлаған. Мәселен, ақын өзінің «Дала данышпаны» атты өлеңінде:
«Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,
(Мен емес, солай деген аталарым).
Сол ұранды ұрпаққа апарамын,
Мен қазақ – Абай болып атанамын», - деп жырлағаны бар. Осындағы ақынның «Мен қазақ – Абай болып атанамын» деген сөзі “Абай-Қазақ, Қазақ-Абай” болып кірігіп, бірігіп, бүтін бітімге айналып кеткендігін, “Абай” есімі ұлт есімінің орнына жүретін символдық бейне екендігін меңзеп отырғаны белгілі. Сондай-ақ ақын тағы бірде:
«Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден», - деп те жырлаған болатын. Мұқағалидың осы бір жырларынан Абай танымына, ой әлеміне, қазақты сүюі мен оның ұнамсыз қасиеттерін сынауына мейлінше жақындай түскен рухани ұстаз-шәкірттік байланысын аңғарамыз. Демек, М.Мақатаев поэзиясы да ұлы ақын Абайдың жырларынан тамыр тарта келіп, мұраттас, мақсұттас арналар арқылы өзіндік сүрлеу қалыптастырды деуге негіз бар.
Иә, М.Мақатаев поэзиясы Абайдан тамыр тартып қана қоймайды. Ол ұлы сонар қазақ руханиятынан, терең тарихынан, қарасөзі мен қара өлеңінен нәр жинаған, мәуе алған. Сол үшін де Мұқағали қазақтың күпі киген қара өлеңіне шекпен жауып, танымастай түрлендіріп, қазақтың өзіне қайтарды. Сондықтан да ол «Мен Лермонтов, Пушкин де емен, Есенинмін демедім ешкімге мен. Қара өлеңі қазақтың қасиетім, Мұнда бір сұмдық сыр бар естілмеген» деп жырлай алды. Осыдан-ақ, М.Мақатаев поэзиясының алтын қазығы, мәңгі бұлжымас бағыт-бағдары Абай мен қазақтың “дәл өзіндей қарапайым” қара өлеңі екенін пайымдаймыз.
Жалпы М.Мақатаев әлемдік поэзиядан, әлем әдебиеті мен әдеби процестерден молынан хабарлы болған ақын. Оның Гете мен Байрон ғана емес, Жан Морей, Бодлер, Малларме, Рембо және Верлен т.б. әлемдік символист ақындардың шығармаларымен етене таныс болғаны шығармаларынан менмұндалап тұрады. Біз бұл арада М.Мақатаевтың аталмыш ақындарды қалай-қайтып оқығандығын зерделеуден гөрі, оның әлемдік әдеби үрдістерді терең меңгере отырып жазған символистік шығармаларына зерде қуатымызды жұмсауды жөн деп білеміз. Өйткені, оның көптеген шығармаларында, әсіресе бір қатар поэмасында адам болмысының, ұлт тағдырының символистік тәсілмен жан-жақты суреттелуі бізді осындай танымға итермелейді. .
М.Мақатаев өз өмірінде жиырмаға жуық поэма-толғаулар тудырған ақын. Оның әрбір поэма-толғауы ұлт болмысына үңілуден, ұлт тағдырын зерттеуден тұрады. Оның жырлары қазақ жанының ізгі де ізетшіл сүзгісінен өткендігімен, сондай-ақ өзінің адамды мұратшылдыққа, адамшылдыққа тәрбиелейтін, ғаламдық сұрақтарға жауап іздеген азаматтық тұғырнамасымен суғарылғандығымен ерекшеленеді. Ақын ылғи да қайшылыққа толы өмірден өзін, рухани тамырын іздеді. Өмір мен өлімнен, адам мен қоғамнан, махаббат пен ғадауат тұнған ғаламнан үйлесімділік іздеп шарқ ұрды. Ол үздіксіз ізденісте жүрді және сол ізденісінен ғажап туындыларды өмірге әкелген философ ақынға айналды. Оның шығармалары жадағай сыр шашудан, қызыл-жасылға еліктеуден, тамсану мен таңданудан аулақ. Ақын жлпы символизм ағымына мықтап бой ұрғандықтан, оның әрбір туындысында философиялық терең мән бар, адамның психологиялық жан күйзелісі мен арман-аңсарына қанат бітіру бар.
Ақынның «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасы – қазақ әдебиеті поэма жанрының асыл жауһары, асқар шыңы. Аталмыш поэмада автор қасиет пен қасірет ұғымдарының ара жігін арамен қақ екіге бөлгендей, майдан қыл суырғандай ажыратып берген. Қасиет дегеніміз не, қасірет дегеніміз не деген сұрақтарға жауап іздеген жан оның жауабын дәл осы поэмадан табады.
Біз жоғарыда М.Мақатаев шығармалары үлкен ізденістен, өзінің жан сүзгісінен өткен бірегей туындылар дедік. Шындығында да М.Мақатаев поэзия атты сиқыр әлемге, сұлулық сарайына төтеден немесе көшеден келіп қосылмаған. «Әр халық өзінің сезім дүинесінен енші бөліп, сеніп тапсырып дүниеге өзінің сезімтал емшілерін жібереді. Оның аты – Ақын». Бұл Мұқағалилық таным. Бұл Мұқағалидың өлеңге, қазақ сөз өнеріне деген жауапкершілігі. Ол өз халқының сөз өнерін сомдаушы, сезім дүниесін, жан әлемін, қасіретін қайыспай көтеруші, қасиетіне балаша қуанушы. Ол қолына қалам ұстап өлең жаза бастағаннан соңғы сапарына дейін осы принциптен таймады. Оған оның сом-сом алтындай сұлу жырлары дәлел.
Ақиық ақынның бір өлеңнен екінші өлеңге, бір кітаптан екінші кітапқа өсіп, толысып, толып отыруы әсте жайдан-жай емес. Оның алғашқы жыр жинақтары туралы абыз Ә.Кекілбаевтың: “Ақын Мұқағали Мақатаев оқушы қауымға әуелі лирик ретінде көрінді. Сосын біршама уақыт Мақатаев – лириктік ізінен адасып қалды; оны көбіне-көп Маркс, Ленин туралы поэмалар жазғанын, тарихи алып тұлғалардың поэтикалық портреттерін жасаған үлкен эпикалық тыныстың иесі ретінде білді...” деген сөзінің жаны бар еді.
М.Мақатаевтың қаламынан ондаған поэмалардың туғанын жоғарыда айттық. Бірақ сол поэмалардың өзінде оның лириктігі жеңіп кетіп отырушы еді. Ақынның ұзақ-ұзақ толғауларында ара-тұра шалқымалары, өмір жайлы, бостандық туралы, махаббат жайлы тебіреністері оқушы көңілін мол әсерге бөлеп, тебірентіп кететін. Алайда, ақын Маркс пен Ленинге де поэма арнағанымен, қазақ поэзиясы топырағында олардың естен кетпестей еңселі бейнесін жасап берді деп айту қиын.
Ұлы ақын “қазақтың күпі киген қара өлеңіне шекпен жабу” жолында ұзақ ізденді, көп еңбектенді. Ақынның тумысынан ашық бояулы, анық үнді іргелі талант екені даусыз. Демек, біз айтып отырған оның шығармашылық әрі рухани өсуінің басты себебі осында жатыр. Мұқағали поэмаларын өмірге әкелген тұста өзінің философиялық толысқан ақын екенін дәлелдеді. Сонымен бірге, оның азаматтық үні ақындығынан да асқақтап, жалпы халықтың ықыласына бөленді. Біз ақынның исі қазақтың жүрегінің төрінен мәңгілік орын алуын осы бір қасиетінен, яғни Адамдық ұлы болмысынан, азаматтығынан іздеуіміз керек. Азаматтық пен ақындық туралы айтқанда, тағы да кемеңгер жазушы Ә.Кекілбаевтың мына бір сөзінен аттап өте алмаймыз. Ол: «Азаматтық – ақынға, өлеңге сырттан таңылатын жанама қасиет, жанама сипат емес. Азаматтықты сырттан іздеп, сырттан қарастыратын ақын шынайы азаматтық өреге де ие бола алмайды, шынайы өлең де жаза алмайды. Онда өлең жазу процесі өнерге атымен жат өлең жасау процесіне айналады. Азаматтық – өлеңнің, өнердің табиғи болмысы. Азаматтық – ақындықтың ең түп табиғаты. Суреткердің былайғы жұрттан алабөтен елгезектігі, өзге жұрттан алабөтен сезімталдығы, айрықша азаматтық құштарлығы мен рухани белсенділігі. Күллі дүние мұңын мұң қылып, күллі дүние қуанышын қуаныш қылу – тек суреткерлердің, ақындардың ғана қолынан келетін қасиет», - деп жазады. Бұл сөз М.Мақатаевтың ақындығы мен азаматтығын айқара ашып, көңіліңізді көлегейлеген көк-сұр бұлтты серпіп тастайды.
Енді біз ақынның «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасына қайтып оралайық.
Ақиық ақын М.Мақатаевтың Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алғанын білеміз. Оны толық аяқтамай Алматысын сағынып оралған ақыннан «неге оқуыңды аяқтамай қайтып келдің?» деп сұрағандарға, «бәрі мен білетін дүниелер екен» деп жауап беріпті дейтін әзіл-шыны аралас әфсана бар. Бұл сөздің түпкі тінінде шындық та жоқ емес. Өйткені ақын шығармашылығынан оның әлем әдебиетін көбірек зерделегені, оның ішінде символизм мен психологизмге көбірек бой ұрғаны байқалады. Мәселен, «Аққулар ұйықтағанда», «Жан азасы» (Моцарт. Реквием), т.б. поэмаларында көзге бірден ұратыны да сол – символизм мен психологизм. Адам жанының қатпарларына терең үңілуге, сезім пернелерін дәл басуға, ұлттық калоридке бай сюжет құруға талпыну, «табиғатты табиғат үшін, моральдық заңдарды моральдық заңдар үшін сипаттау тәжірибесінен бас тартып», тек сыртқы әлемді бейнелеумен шектелмей, өлеңнің «жүрегіндегі суретті символистік тәсілмен ашуға» тырысу...т.б. ізденістің барлығы оның үлкен мұрат-мақсаттағы шығармашыл тұлға екендігінің көрінісі. Жалпы шығармада символизм мен психологизмнің тереңдей түсуі – тарихи, фольклорлық поэтикалық эпостарда да жиі көрінетін процесс. Ол поэманың барлық түрлері мен формаларына қатысты. Әсіресе символизм ерекше рухани атмосфераны қажет етеді. Мұндай атмосфераны, біздің ойымызша, терең символизм мен психологизм ғана тудыра алады. Рас, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында А.Кулешов, Д.Кугультдинов поэмаларындағыдай халықаралық проблеманы қамтымайды. М.Мақатаев поэмасындағы символизм – адам санасының тереңіне жасырынған жыртқыштық пен тыныштық сүйгіш сана-сезімнің арпалысы. Осыдан-ақ, М.Мақатаев поэмаларындағы тереңдіктің, адам жанының тебіренісін туғызатындығының сырын ұғына түсетіндейміз.
Қалай десек те, «Аққулар ұйықтағанда» қазақ поэма жанрының үздік үлгілерінің бірі. Аталмыш поэманы ішінара әдебиет зерттеушілер табиғатты қорғау, сұлулықты сақтау сынды экологиялық тақырыпты көтерді деген тұрғыда талдап, зерттеп жатады. Әрине, ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы экологиялық мәселені мүлде көтермеген деуден аулақпыз. Дей тұрғанмен, ақынның жан дүниесіндегі сыртқа шығара алмаған құмыққан үнін бүгінгі азат ойлы ұрпақ түсінуі һәм түсінуге тырысуы тиіс. Өйткені, М.Мақатаевтар ашық айтта алмай, іштей аңсаған, тығылып армандаған тәуелсіздіктің таңы атты. Азаттықтың арқасында арқамызды күн сүйді, аяқ-қолымызды құрсаулаған мұз еріді. Ендігі күнде Мұқағали ақынның жүрегінде мұз болып қатқан, тінін су түбіне жасырған айсбергтей ақиқатты ашып айту – зейінді ұрпақ мойнындағы парыз.
М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы салыстырмалы түрде өзге шығармаларына қарағанда көп зерделене қоймаған туынды. Поэманың ашық мазмұны мен көрнеу арқауы, тіке желісі – аңшының аққуды атып алуы туралы. Аққуды атпау қазақта атадан балаға жалғасып келе жатқан қастерлі жоралғы, жарасымды дәстүр ғана емес, адамгершілік асыл қасиет заңы, сұлулықты сүйе білудің, бағалай білудің үздік үлгісі һәм сол тараптағы қатепті ұлттық дәстүр. Халық түсінігінде аққу - қасиетті де киелі құс әрі қастерлі ұғым. Сондықтан оған суық қару оқтамаған, оқ атпаған. Әңгіме әлдеқандай ырымда емес, ұнамды ұғымда, қасиетті қастерлеп, сұлулықты сақтай білуде, табиғаттың тұнып тұрған сырлы суретін сүттей ұйыған күйінде қорғап қалуда. Поэмада екі бірдей сабақтас, қос өрім идея бар. Оның бірі қасиетке оқ атпау, тәтті, ұйыған тыныштықтың шырқын бұзбау, яғни адамгершілік пен ізгілікті дәріптеу, уағыздау болса, екіншісі – қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа жанашыр, қамқор болу. Түйіп айтқанда, сұлулықты сүю, ел мен жердің киесін сақтау қасиеті. Сырт көзге ақынның айтар ойы, көздеген нысанасы, алтын арқау идеясы – осы. Әрине, поэмаға арқау болған идеян – сұлулыққа құштарлық һәм қомқорлық. Ақын сұлулықты сүйді, сұлулыққа іңкар болды. Оның сұлулық жөніндегі ең ұлы мұраты – бейбіт өмір, азат заман еді. Бейбіт күн, тыныштық, ырысы мен қасиеті шайқалмаған тынық көлдің (туған елі) аққуы (ақыны) болу – ақынның ең ұлы арманы еді. Оның аталмыш поэмасын зерделегенде мәселеге символикалық тұрғыдан үңілсек, ақын да, аталмыш поэмада тарихтан әділ бағасын алған болар еді деп ойлаймыз.
Поэма қалай басталады. Біз ең әуелі осыны ескергеніміз жөн. Поэма «Жетімкөлді» суреттеумен өріледі. Оқып көрелік:
Өзен де жоқ сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға.
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мына көл тау басына?!
Мөлдірейді, қарайды қарға, шыңға,
Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә.
Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман?
Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам?
Қанша шырша өсті екен, құлады екен,
«Жетім көлге» қараудан шаршамаған?
«Жетім көлден» су ішкен қанша марал,
Қанша киік қалды екен сай-салада?
Қанатынан үзіліп ән-самалы,
Қаншама аққу кетті екен - аңсаған ән?
Ортаймаған «Жетім көл» толмаған да,
Болған өмір ұқсайды болмағанға.
Сызат та жоқ бетінде, сызық та жоқ,
Айдынына аққуы қонбаған ба?!
Әрине, бір қарағанда көз алдыңызға ғажайып табиғат құшағындағы «Жетімкөл» елестейді. Бірақ біз ақынның табиғатты суреттеуіне ғана елітіп кетпеуіміз керек. Өлеңдегі контекске, яғни, мәтін сыртындағы мәтінге зерде көзін жүгіртер болсақ, поэманың тұтастай символикалық принциппен жазылғанын аңғарамыз. Өйткені, өлең, поэма – шұрайлы тілмен өріледі, ғажайып суретті оқырман көз алдына алып келеді. Сондықтан да ол көркем шығарма болып саналады. Ал көркем шығарма ішіндегі шындықты, ақиқатты аршып алу – әдебиет зерттеушілеріне тән қасиет.
Бір нәрсені ескерте кетейік. Ақын қашан да шындықты көркемдікке көмкеріп отырады. Ақынның әлгі шындықты ежіктеп түсіндіруге қақысы жоқ. Талантсыз ақындардың бір ағаттығы осында жатыр. Ал ұлы таланттар өлеңді сұлулықпен суарады, көркем тілмен көмкереді. Ал оның астарындағы шындықты іздеу – сыншының жұмысы. Айтайын дегеніміз, кеңес өкіметі тұсындағы шығармалардың дені – астарлы. Оның себебі, қырағы көз цензурадан бой тасалау керек болды. Ұлттық мәселені ашық қозғау – өзіңді өлімге итерумен тең еді ол кезде. Бұл бір жағы әдебиеттің дамуына жол ашты. Ашық жазудан гөрі ойды бүркемелеп, астарлап жеткізу – шеберлік. Екінші жағынан, ойды, идеяны, шындықты тереңге немесе құзар шыңға көму - ұлы таланттарға тән қасиеттің бірі. Әдебиеттанудың үлкен білгірі А.Сүлейменовтың: «Кем талант – мүмкіндігінше, шын талант – қалағанынша жазады. Ең терең идеялар – қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті – идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. Шайнап берген ас болмас. Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі? Алсын қамау терін!» дегені қазақ әдебиетіндегі әлі де болса берік орныға қоймаған символизм бағытын дәріптегені екендігіне еш шүбә жоқ. Жалпы айтқанда, М.Мақатаев өз қалағанынша жазған, “айтып өткен” ұлы талант.
Ақынның көркем тілдің майын тамызып суреттеп отырған «Жетімкөлі» - Қазақстанның символдық бейнесі. Асан қайғы желмаясымен желіп жүріп тапқан «Жерұйық» мекен. Онда неге «Жетімкөл» аталады? Ақынның меңзеп отырғаны, азаттығы жоқ, арқатірегі жоқ, тырп етерлік халі жоқ бодан жұртты “жетім” демей, кім демек?! Автор аталмыш көлдің атауын қойғанда осы бір тұжырымды ойды символикалық тұрғыдан жаңғыртқаны анық.
Біз аталмыш поэманы талдау барысында шығарманың әр тұсынан бір шумақ алуға мәжбүрміз. Өйткені, тұтас поэманың әрбір шумағын, әрбір жолын алып қарастырсақ, бұл көлемді бір монографияның жүгін арқалап кетуі бек мүмкін. Ол әрине, болашақтың еншісіндегі дүние. Ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының әр жолында азаттыққа деген үндеу сайрап тұр. М.Мақатаев Қазақстанның тәңір берген ғажап сұлулығын, тарихын, дәстүрін, сағынышын, бәр-бәрін поэманың бірінші бөлімінде жеріне жетізе жырлаған. Мына бір шумаққа зер салыңызшы!
Ұрпақтан ұрпақ алып жалықпастан,
Сондай бір дәстүр бар-ды қалыптасқан.
Заманнан заман өткен, жаңарған жұрт,
Аққуын айдын көлдін, налытпастан
Дәстүрін аттамаған, анық басқан.
Сондай бір дәстүр бар-ды жарық шашқан,
Бір ұрпақ бір ұрпаққа алып қашқан.
Автордың ара-тұра өзінің ұлы Отанына деген лапылдаған сезімін жасыра алмай қалатыны байқалады. Сақ пен Ғұн, Түркі, ұлы Үйсін, қыпшақ хандығы, Қазақ хандығы... мыңдаған жылдардан ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан ұлы дала...
Поэманың екінші бөлімі төсекте албырап жатқан ауру бала мен қалжыраған әкенің, түн күзеткен ананың көрінісінен басталады. Екінші бөлім драмалық сюжетке құрылған. Мұнда ақын қазақтың зұлмат тағдырын астарлы түрде бере білген. Бала – ұрпақ. Әке – қалжыраған, зұлматтардан шаршаған, империяға қарсы шабуға қауқарсыз рухтың символы. Ұлы даланы найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған батырларымыздың кетілген, мүжілген алдаспандай дәрменсіз халін бейнелеген. Ал ана – мәңгілік үміт. Тәуіп – қараңғылықтың, надандықтың, білімсіздіктің мотиві. Поэмадағы қарт жылқышы болса, ол – ұлттық құндылық. Ақын осы арада үлкен ой айтады, ұлттық кодтың қорғаны, ұлтымызды жоғалтпай сақтап келе жатқан да сол – ұлттық құндылық. Түптің түбінде, ұлттық құндылықты сақтай білген жұрт азаттыққа жетпек.
«Жетімкөлдегі» аққу – ұлттың сүт бетіндегі қаймағы, сорпа бетіне шығар еркесі мен серкесі – символкалық жиынтық образ. Автордың айтпақшы болған ең түйінді ойы – қасиет. Нақтылап айтқанда, азаттық, тәуелсіздік, тыныштық, ұлттық құндылық, салт-дәстүр. Оған ешқашан оқ атуға болмайды. Қасиетке оқ атсаң жоғалады, үркеді. Онан соң оның орнын қасірет басады.
Бәрі ұмыт: бақытың да, байлығың да,
Күлкі шаттық, күйзелткен қайғы, мұң да.
«Жетім көл» жетімсіреп қалып қойды,
Бір өлі, бір тірі аққу айдынында...
Бар өмірден көңілі шайлығуда,
Байғұс ана еркінен айрылуда.
Ақын не дейді? Ақын байлық, бақыт, шаттық, қайғы-мұң... бәрі адыра қалды деп тұр. Қалай ғана адыра қалғанын сіз білесіз!? Қасиетке оқ атылған соң адыра қалып отыр. Ел еркінен, еркесінен, серкесінен айырылды дейді ақын. Ақын түсінігінде ел мен жердің иесі мен киесіне, қасиетке оқ атылған күні еркінен айырылған халықтың қасіреті басталады.
Поэма соңын ақын жайдан-жай бұлай деп аяқтамаса керек:
Қасиет!..
О, қасірет!
Осындай ма ең?!
Сорымның қалыңдығы шашымдай ма ең!..
Қасиет!..
Қасиеттер ұшып кетті,
Қасірет!..
Қасымдағы досымдай ма ең!..
Қасиет... Қасірет...
Қасірет... қасиет...».
Хан-Тәңірдей асқақ жүректі ақынның ішіндегі запыран шындығы осындай. Оның ұлы жүрегі елінің азаттығын аңсады, тәуелсіздігін көкседі. Оның жанын шыжғырған, жүрегін сыздатқан, қабырғасын қайыстырған, тұла бойын ширықтырған дүние – бодандық қамыты. Еркіндігі жоқ елінің қасіретті күйіне ақынның жүрегі қалай шыдасын! Сөздің осы тұсында академик ақын Б.Жақыптың ақ иық ақын туралы: «Мұқағали – жалпыхалықтық, ұлттық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, оның қазақ екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың. Жалпы ұлттық рух дегенде, мынадай басты құндылықтарымызды алға тартар едік. Олар – туған жер, өскен өлкеміз, ана тіліміз, тарихымыз, дініміз, салт-дәстүріміз. Міне осы құндылықтардың қай-қайсысы болса да Мұқағали өлеңбаянының алтын арқауы», - деген сөзі ойға оралады. Шындығында, оның жырлары ұлттық ұлы рухтың жалауы, жаршысы. Ұлт – жеке адамдардан құрам табады. Яғни, адамзатты құраушы бөлшек. Ұлттың тағдыры – адамның тағдыры. Ұлттың бодандықта күй кешіп, қасірет шегуіне, елдің еркесі мен серкесінің (аққу) атылып кетуіне ең әуелі ақын жүрегі төзе алмайды. Оның жаны сыздайды, жүрегі ауырады. Сол секілді Мұқағали да өз елінің, халқының, адал жүректі адамдардың тағдырын, арман-қиялын, асқақ үмітін, күйініш-күйзелісін жырлады. Ақын адам тағдырын оның ұлтымен бүтін бітім ретінде қарастырады. Сол арқылы да ол ұлттың ұлы ақынына айналды. Тіпті, оның адамзаттық ойды айта білуі – оның ұлт шеңберінен де алқып кеткенін байқауға болады.
Жалпы алғанда, М.Мақатаев поэзиясы тірі ағза секілді. Ол өмір сүре береді. Өйткені, онда өлмес энергия бар. Мұқағали жырларының ғұмырлы болуының сыры – өлеңдегі адам жанын тербей білетін ерекше сиқыр күште. Оның жырлары өмірге ғашық адамның жүрегінде жүреді. Сөйтіп, жүректерден жүректерге көшіп ғұмыр кешетін Мұқағали поэзиясы – мәңгілік. Өйткені, ақын шығармашылығының өзегі, алтын арқауы – АДАМ. Мұқағали өзі сүрген өмірді, арғы-бергідегі адам баласын ақылмен таразылады, парасатпен қабылдады, махаббатпен сүйді. Г.С.Д.Болингрок өз еңбегінде мынадай бір ой айтады: «аз ғана адам тазалық пен харамдықты, пайда мен зиянды ақылымен ұғынады, ал басым көпшілігі басқалардың тағдырын зерттеп, тағылым алады». Сол айтқандай М.Мақатаев өмірді ақылмен сүрген ақын. Оның көкірек шері – АДАМ бақытын аңсау.
Өлең өлкесінде «АДАМ» дейтін ұлы құбыдысты және оның жанын ашып беру екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Бұл тұрғыдан келгенде, М.Мақатаев өзінің Хан-Тәңірдей асқақ талантымен, бабаның қаны, ананың сүтімен қанында тулаған дарынымен «адам болмысын адам баласына ашып беріп» қазақ поэзиясындағы, тіпті әлемдік сөз өнеріндегі қайталанбас құбылысқа айналды.
М.Мақатаев поэзиясы жұмыр басты адам баласының, соның ішінде, қазақ жанының ұңғыл-шұңғылын зерттеді. Оның поэзиясында қазақтың байтақ өлкесі, сайын даласы, асқар тау, асқақ шыңы, адам тағдыры, өмір мен өлім мәселесі, ана мен бала, ақын мен ақындық талант, соғыс тауқыметі, т.б. лар көрініс тапты. Оның қаламынан туған қайсыбір өлеңді оқыңыз, қан тамырыңызда беймәлім ыстық от жүйке-жүйкеңізді шымырлатып, тұла бойыңызға ерекше бір күш бергендей әсерге бөлейді. Бұның сыры неде? Әрине, ол ұлы Мұқаңа тән өлең өрнектеу стилі. Соныммен бірге, тау тұлғалы ақынның туып-өскен, ержеткен өлкесінің бойына дарытқан дарыны, таланты деуге толық негіз бар. Өйткені, Мұқағали поэзиясына арқау болған алтын арқау, ұлы жүлге – АДАМ тақырыбы. Ақын поэзиясындағы адамдардың (кейіпкерлердің) барлығы дерлік өз ауылының қарты, ата-әжесі, қыз-жігіті, аға-жеңгесі, телі-тентегі, қойшысы, бала-шағасы...
Ақын күллі шығармасында символикалық тәсілмен бодандықтағы туған халқының қасіретін бейнелеумен бірге, адамшылықтың алға озып, әділетсіздіктің, пасықтықтың, надандықтың, ішітарлықтың, жағымпаздықтың, екіжүзділіктің, сатқындықтың бұл өмірде құрып жоқ болуын армандады және оны өз шығармаларына алтын арқау етті. Мәселен, ақын өзінің «Адамды адам түсінбеу – бір ақырет» атты өлеңінде:
Адамды адам түсінбеу – бір ақырет,
Ойлы жас, түсініпсің, рақмет!
Рақмет!
Жассың ғой жалыны мол,
Жалыны мол және де қуаты көп.
.......................................................
Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма
Жүрегінің түбіне кір жасырмай...», деп ағынан жарылады.
Ақынның бүкіл өлеңін талдап, сараптау, зерттеп, зерделеу бір мақала ауқымын да мүмкін бола қоймас. Дегенмен осы бір өлең ақынның жан дүниесінің айнасы іспетті. Өз заманының және кейінгі заман жастарының М.Мақатаевты танып-білуіне арналған тәфсир-әліппе сынды.
Ақынның жаны және поэзиясы – өзі айтқандай, «жүрегінің түбіне кір жасырмай» жырлағандығында. Ф.Шиллер: «... Еңбек пен талант, ақыл-парасат пен тәжірибе арқылы алынған байлықтың баршасы бізге мұра болып қалды» дейді. Ендеше, талантына еңбегі қосылып, ақыл-парасатына мол тәжірибесі, білімі қосылып соңындағы ұрпаққа мол мұра қалдырған жыр пырағы – «ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасы. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысы».
Қорытып айтқанда өмірге АДАМ болып келіп, адамды танумен айналысып, адамша өмір сүріп, адам қалпынан айнымай кеткен ұлы ақын АДАМЗАТпен бірге жасай бермек.
Дукен Мәсімқанұлы
Abai.kz