Дүйсенбі, 30 Наурыз 2026
Абай мұрасы 122 0 пікір 30 Наурыз, 2026 сағат 12:17

Абайдың «Тасдиғы» мен Шәкәрімнің «үш анығы»

Сурет: semeytany.kz сайтынан алынды.

АБАЙДЫҢ «ТАСДИҒЫ» МЕН ШӘКӘРІМНІҢ «ҮШ АНЫҒЫ» САБАҚТАСТЫҒЫ ХАҚЫНДА

Хакімнің «Тасдиқ» (қазіргіше 38-қарасөз) трактатының өзегі – Алланы, адамды және дүниені тану дегенбіз.   Осынау «үш танымақ» пен Шәкәрімнің «Үш анығы» екеуіне ортақ идеялық сабақтастық болуы заңдылық. Өйткені, екі автор да жаралыс сырына рухани биіктен қараған ғұлама ойшылдар. Төменде қос күрделі трактат арасындағы үндестік пен сабақтастық қарастырылмақ. Ондағы негізгі міндетіміз – «үшінші анық қайсы?» деген мәселені анықтауға саяды.             

Қос трактаттың өзектілігі хақында бірер сөз

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анығы» – Абайдың «Тасдиғы» қатарлы ұлық туынды. Демек, олар тығыз байланыста болмауы мүмкін емес. «Үш анықтың» ерекшелігі – Шәкәрім ғұлама оны батыс философтарының материалистік һәм идеалистік бағыттағы еңбектеріне  жіті үңіліп, оларды сын көзімен саралай отырып жазған. Қос трактатқа ортақ жәйт – дүниеге екі түрлі көзқарас (идеалистік және материалистік) таласы өршіген кезеңде жазылған. Екі ғұлама да осы айтылған дүниетанымдық тайталас төркінін анықтаған, ең бастысы, қайсысы дұрыстығын көрсеткен. Абай, Шәкәрімнің Батыстың философ ғалымдарынан ерекшелігі – ақиқатты Құдай арқылы іздейді, табады (Абайдың: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейтіні сол).

Сонымен, «Тасдиқ» пен «Үш анық» трактаттары неліктен өзекті?

Көзіміз күнде көреді, жер беті, жарық дүние қарама-қайшылыққа толы. Әлдінің әлсізді қанауы, жеккөрушілік пен қанды соғыстар тыйылар түрі көрінбейді. Жарымы атеизмді жақтаған, жарымы құдайшылық жөн дескен адамзаттың ой-санасы әлсіреп, тынысы тарыла түскені талассыз ақиқат. Осы айтылған ой-сана сенделісінен жарыққа, дамудың дұрыс бағытына алып шығар туындылар, сенсеңіз, санаулы ғана. Міне, Абайдың «Тасдиғы» мен  Шәкәрімнің «Үш анығы» осы қатардан. Айтылған тарихи хәлге байланысты олардың құндылығы, өзектілігі арта түскендігі, сол себепті оларды жаңаша көзқараспен екшеу, тергеу – уақыт талабы екендігі дәлел өтінбейтін ақиқат.

«Үш анық»-тың зерттелу деңгейі

«Халық жауы» атанған әулие Шәкәрімнің «Үш анық» кітабы 1991 жылы, ақыры, баспа бетін көрді (редакторы – белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбеков, алғы сөзі – абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтікі).

«Үш анық» түпкілікті зерттелді ме? Жоқ, бұлай деуге ертерек. Оның бір себебі, құрылымында жүйесіздік бар, кейбір беттер шатасып, орындары ауысып кеткені анық аңғарылады. Автордың репрессияға ұшырауына байланысты шығарма жарты ғасырдан астам уақыт қолдан қолға өтіп, бүгінгі күнге көшірме хәлінде жеткендіктен кейбір бөліктер мәтіннен түсіп қалуы бек мүмкін. Осыған Шәкәрім ой-танымдарының астарлы қабаттары мен өзіндік ерекшеліктері молдығын қосыңыз. Мәселен, ойшыл «ғалам» орнына «жаралыс», «табиғат» орнына «барлық» терминдерін қолданған. Ғұламаның «жаратылыс» дегені – заттық әлем, ал «жаралыс» сөзі – дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгел қамтитын термин.

Пәлсапалық аса құнды еңбекке қалам сілтеген ғалымдар баршылық (ол еңбектерге шолу жасау өз алдына бөлек әңгіме). Қай қайсы да  «үшінші анық – ар-ождан» деседі. Мысалға Мекемтас аға Мырзахметовтың жазғаны: «Ол – үшінші анығы Абайда кеңінен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып ұштасатын ұждан туралы күрделі проблеманы көтереді» (Үш анық. – Алматы, 1991. -4-бет).

Өз білуімше, кілтипан  – осы айтылған үшінші анықта. Неліктен? Себебі, үш анық, мейлі, үш танымақ дейік, ол – жаралыс сыры, болмыс бірлігі жайлы доктрина. «Алла – адам – дүние» деген үшкілден тыс «анық» болмаса керек. Демек, үшінші анық – ар-ождан деуіміз қателік, ол, Мекемтас айтқандай, бар болғаны – мораль философиясы.

«Үш анық» дегеніміз – Құдай бар, жан жоғалмайды және ар-ождан екі дүние азығы. Қазіргі таңда осыған табан тіредік. Бірақ бұл стереотип шындық па? Үшінші анық қайсы? Міне, төмендегі  міндетіміз – осы сауалды тергеуге саяды. Оның үшін Абайдың «үш танымақ» іліміне сүйене отырып, Шәкәрімнің «Үш анығын» екшеп, тексермек керек. Бұл ретте сөз басында көрсетілген 1991 жылғы басылымға сүйенбекпіз.

Бірінші анық – «Құдай (жан) бар» деген

«Үш анық» кіріспесінде ғұлама: «Тіршілік туралы екі түрлі жол бар» дей келе, оның бірі – «бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп жаратқан иесі жоқ һәм өлген соң тірілетін жан жоқ» деген көзқарас» деп мәлімдеген.

Міне, Шәкәрім мақсұты – осы айтылған материалистік көзқарастың шын, өтірігін анықтауға саяды. Автордың өзі: «Бұл кітапты сөздің түп мақсұты – барлықты басқы Жаратушыда білім бар ма, жан өлген соң жоғала ма деген еді» (25-бет) дейді.  Еңбегінің алдыңғы бөлігінде (7-11 беттер) осы айтылған мақсұтын «ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау» жөніменен тексере келе, «Жаратқан Ие бар!» деп қорытады: «Барлықтың түп себебі – Жаратушының білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқ. Дәлелдерім: ғылым жолында бұл барлықтың ешнәрсесі өздігінен бар бола алмайды да, қозғала алмайды. Ол бар болайыншы, қозғалайыншы дей алмайды. Бұған себеп керек. ...Сондықтан олардың түп себебі – себепсіз бар себеп, түп Жаратушы» (26-бет). Осы айтылған қорытынды 12-бетте тұрса керекті, неге десеңіз, бұл «жаратқан Ие жоқ» дегенге бес дәлел алатын Еуропа ғалымдарына берген жауабы, өз сөзінше «қарсы дәлелдері» (неге екені мәлімсіз, 26-27 беттерге «көшіп» кетіпті).

Құдай бар болса, жан да бар. Олар ажырамас ұғымдар екенін Шәкәрім былай деп өлеңіне қосады:

Жаралыс басы – қозғалыс,

Қозғауға керек қолғабыс.

Жан де, мейлі, бір Мән де,

Сол қуатпен бол таныс,

Әлемді сол Мән жаратқан.

...Қозғаған қуат – жан дейміз,

Жан өсті жаннан сан дейміз.

«Жаратқан Ие жоқ» деушілерге Шәкәрім:

Бәрі мақсұтпен жаралған,

Есебі жоқ барша әлем.

Неге керек бос шатылған,

Тәңірі жоқ деп тантырып, –

деп өлең сөзімен де тойтарыс берген. «Үш анықтағы» дананың тұжырымы ағасы Абайдан жан-жақты қолдау табады, мәселен: «Құдай табарака уа тағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен Құдай бар деп келгендігі». Сөйтіп, Құдайдың барлығының үлкен дәлелі – киелі кітаптар, сонымен бірге, Шәкәрім мәлімдеп отырғандай, ғылым жолы, оның ең озық жетістіктері.

Жасалған шағын шолудан шығар қорытынды: бірінші анық – «Құдай (жан) бар» деген тұжырым бойынша Абай және Шәкәрімнің трактаттары бір сағада қапысыз тоғысады.

Екінші анық – «адам жаны жоғалмайды» деген

Шәкәрім анықтаған әуелгі анық – «басқы Жаратушыда білім бар», яғни ғалам Құдайдың ғылым-құдіретімен жаратылғандығы. Енді Шәкәрім мақсұтының   келесі жарымы –  «Жан өлген соң жоғала ма?» дегенге келер болсақ, оны тергеу, анықтау күрделірек мәселе. Себебі, бұл жағдайда «жан» деген нәрсе – нақты тіршілік, адам болмысы арқылы ізделмекші.

Шәкәрім жұртқа анық-қанығын жеткізбек мәселе мынау: «Дене өлсе де, жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке, тіпті ұқсамайтын бір түрлі өмір бар. ...Мұны ақырет – өлгеннен соңғы өмір жолы дейді». Қарапайым түрде айтсақ, сөз аруақтар әлемі жайында. Осы тұрғыдан Абайдың «өзін танымағы» пен Шәкәрімнің «адам жаны жоғалмайды» дегені түбі бір ілімдер.

Адам жаны жоғалмайтыны, Шәкәрім сөзінше, «бір қуаттың барлығы» қайтсе дәлелденбек, оны тексеру жолы қайсы?

Айтылмыш жұмысын автор: «Жоғарыда айтып едік, бұл біліп жаратушы Ие жоқ деген жол ХІХ ғасырдың аяқ шеніне шейін Еуропа ішінде көбірек жайылды» (11-ші бет) деп бастаған. Дәлелдері 18-беттегі: «Магнетизмді, спиритизмді жәдігөйлік, мұның сырын ашып һәм масқара қылайық деп Еуропа білімділері ізіне түссе де, көзі жеткен соң бір қуаттың барлығын еріксіз мойындады» деген сөздермен жалғасқан. Эзотериялық дәйек-дәлелдер өте көп. Бәрінің мәнісі – аруақтар әлемі барлығын дәлелдеуге саяды.

Ойшылдың жаралыс сырлары жайлы Еуропа білімділері еңбектерін иждихатпенен саралап, тылсымдық күш, құбылыстарға ерекше көңіл бөлгені несі? Себебі, «жаратушы Ие жоқ» деген жолға осылайша тосқауыл қойылған!  Шәкәрім: «Онан кейін бұл жол (материализм – А.О.) нашарланқырады» дейді. Сол сияқты «адам жаны, рухы жоғалмайды» деп дәлелдеу де тек қана тылсым жөніменен, мұнан өзге жол жоқ.  Сол себепті: «Жан жоқ деушілерге қарсы дәлел қылынып тұрған магнетизм, спиритизм, телепатия, фахризм, лунатизм, түс сияқтыны көбірек жаздым» дейді автор (кітап қат, баспа санаулы заманда мұнша көлемді тексеріс қандай зор еңбек десеңізші!).

Сонымен, Шәкәрім Батыс пен Шығыстың дерек көздері бойынша дәлелдеген екінші анық – «жан жоғалмайды, ол – қуат» деген парадигма екеніне көз жеткіземіз.

Дала данышпаны шетел оқымыстылары жүргізген эзотериялық тәжірибе нәтижелеріне сүйеніп, тек солармен шектеліп қалудан аулақ. Оларды өзінің дәлел-дәйектерімен толықтырады, байытады. Кітаптың «Жан жоқ деушілердің сөзі ілкіде айтылып еді» деп басталатын «Жан, рух» атты бөлігі, сондай-ақ, білімділерді тексерісі соңындағы «Жан немене?» және «Жану мен шіру» деген тақырыпшалар (27-30 бб.) соның айқын дәлелі. Қай қайсысы да «біліп жаратушы Ие жоқ, жан жоқ» деушілерге ғылыми тұрғыдан соққы береді. Мәселен: «Сол соқыр, ессіз деген жаралыстың бір шыбынын, не бір тозаңын адам жарата алмады» және «...Жан менің айтқанымдай, о бастан бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді» деген секілді. Реті келген соң айтқан жөн, «Жан, рух» деген бөлік 12-ші беттен басталып, 14-ші бетте «Жаралыс жолы физика...» деп басталатын абзацқа шекті жалғасқан. Негізі, ол 25-бетке «Бұл кітапты сөздің түп мақсаты...» деп басталатын абзац алдына сұранып тұр. Көшіруде кеткен қателік емес пе екен. Бұл, менің өз болжамым, түп нұсқа жоқ, мұндай «күпірлік» ойға еріксіз қамаласыз.

Адам жаны өлмейдінің мәнісі – ол аруаққа айналады дегендік. Шәкәрім: «Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таң қаламын» десе, жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин:  «Аруақ жоқ болса, қазақ та жоқ» дейді. Себебі,  ұлттық салт-дәстүрлеріміздің тірегі – халықтың аруақтар әлеміне деген кәміл сенімі. Алайда қазіргі таңда «Құдай бар» деп иланатын, бірақ «аруақтар әлемі» дегенге сенбейтін жандар баршылық.  Олай болса, қазақ дүниетанымы мен фольклорында періште, әзәзіл, түлен, жын, пері, сайтан, сапалақ, дию, шілтен, мүңкір-нәңкір, еренғайып, қызыр деп жалғаса беретін жан иелерін қайда қоймақпыз? Міне, Абайдың «өзін танымақ» ілімі мен Шәкәрімнің «адам жаны жоғалмайды» деген анығы сол ежелгі сенімді теориялық тұрғыдан бекітетін іргетас. Осыны ескерте отырайық.

Үшінші анық – табиғат (жаратылыс), тіршілік

Үш анықтың ең даулысы – үшіншісі, міне, оған да келіп жеттік. «Үш анық» кітабының «Ұждан – совесть» деген соңғы бөлігіне Шәкәрім: «Жан екі өмірде де азығы – ұждан деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жәрдемі. Үш анық дегенім – осы!» деп соңғы нүктесін қойған. Содан да болар, «үшінші анық – ар-ождан» деген пікір басым болды. Бірақ біз пікірді құптай алмаймыз. Абайдың «үш танымақ» іліміне сүйене отырып, үшінші анық – жаратылыс, яғни бұ дүние деп сеніммен айтамыз.

Мынаған да назар аударайық: Абай ілімі «адамдықты бұзбай ғана пайдалы мен залалдыны айырмақ» деген моральмен тиянақталған. Ал, Шәкәрімнің  ұждан пәлсапасы соның аналогы. Екеуі де не пайда, не залалды білуге керек ілімдер. Төменде осы ой-пайымдарды рет-ретімен тарқатып көрейік.

Ар-ождан не?  «Меніңше, ұждан, совесть – жанның тілегі, – деп жазады Шәкәрім. – Неге десеңіз, жан тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе. Сондықтан тезірек жоғарылауға себеп керек қылады. Мәселен, таза дене, таза, толық мінез, ой, істер керек қылады. Соның қатты бір керегі – совесть, ұждан. Оны осы өмір үшін ғана керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады» (30-бет). Міне, «ұждан» ұғымының толық анықтамасы осы, қанық болдық.

Сөйтіп, ұждан – жан тілегі, әрі жан өрлеуіне ең зор жәрдемші екен.

Ұждан «екі өмір үшін де керек» дегенді қаузап көрейік. Оның себебі, ғылымда физика және метафизика, ал мұсылманда фәни мен бақи делінетін екі дүние бар, демек, екі өмір бар. Ұжданды, жүрегі таза кісінің ерекшелігі – ол осы өмірде салих әрекет көп жасау жөніменен жан, рух қуатын арттырмақ. Тұрмысты санасы билемек. Бұл жайында Шәкәрім былай дейді: «...Ұждан, совесть екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды» (34-бет). Демек, ұждан – атың адам болу шарты.

Қай қырынан келсек те, ұждан – жан тілегі, бірақ үшінші анық емес. Ол – моральдық категория. Осы пайымға күмән-күдік қалмауы үшін тереңірек үңілейік. Абай:

Әділеттілік, арлылық, махаббат пен –

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде (1897) –

дейді. Неге үшеуі?  Себебі: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» (45-сөз) дейді Абай. Яғни, күллі ғаламды үйлестіретін – махаббат һәм ғадаләт заңы. Бұл – ақиқат!  Үшінші – арлылық ше? Ол жеке адам болмысын үйлестіруші, яғни тән мен жанды, бұ дүние мен о дүниені байланыстыратын нәрсе. Шәкәрімнің: «Адам нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда, мұсылманша ұждан, орысша совесть бар» деуінде осы астар бар. Халқымыз: «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» десе, хадис-шарифте: «Арсыздық жайлағанда ел бұзылмақ. Ар-ұят жоғалғанда Алла тағала жаза ретінде зұлым басшы жібереді, бұрын болып көрмеген түрлі аурулар тарайды. Жауын керек жерге жаумай, керек емес, жиын-терін кезінде жауып тұрып алады» делінген. Міне, ұждан – ахлақ (мораль) пәлсапасы деуіміз және оның әділет, мейіріммен бірге жан тезірек жоғарылуына «қатты керектің бірі» болуы осымен өз түсінігін табады.

Үшінші анық – табиғат, бұл дүние һәм осы өмір. Осы тұжырымға қайтып оралайық. Оған басты дәлел: жаратылыс –  ұлы үшкілдің (Алла, адам, дүние) бірі. Онсыз тіршілік жоқ, жан иелері өмір табиғат аясы, жер бетінде өтеді. Өзіңіз де ойлаңыз,  бұл дүние, Шәкәрім сөзінше, «барлық» қалайша «үш анықтан» тыс қалмақшы? Бұл басты дәлелге қоса, қосымша уәжіміз тағы бар.

Сенсеңіз, Шәкәрім «үшінші анық – ұждан» демеген, «үшінші анық – бұл дүние» деген тұжырым да жоқ. Бірақ гәп мынада, «ұждан» ұғымы трактаттың небәрі екі-ақ бетінде (30 және 34 бет), ал жаралыс (екі дүние) сыры бастан-аяқ бар. Тіпті көктей өтеді, мәселен: «Ескі заманның білімділері әр нәрсенің түпкі негізі неден жаралғанын тексеріп, тамам нәрсенің негізі төрт нәрсе деп білген» (8-бет), «Дене өледі, өзгереді. Жан олай емес, екеуі бірігіп тұрған кезде бірі-біріне қатты әсер береді. ...Жан мен дене біріне-бірі жат, бөлек жаралған болса да, бірігіп тұрғанда үстіп біріне-бірі әсер береді» (13-бет), «Жаралыс – физика жолымен табылмайтын, сыры білінбеген (метафизика) нәрсеге толы» (14-бет), «Барлықтың не нәрсесіне қарасаңыз да мақсұтсыз, керексіз жаралған емес. Бәрін айтпай-ақ өзіңіз ойлаңыз: құлақ, мұрын, ауыз сияқты мүшеңіз мақсұтпен жаралғанын көресіз» (26-бет), «Аңғару, ойлау ерікті хайуанның бәрінде бар. ...Адамның күйі сол хайуандардан есті болмаса да, толық терең ақыл адамнан шығады. Бірақ сол адам да табиғаттан шебер емес» (29-бет), «Меніңше, жылқы мен есектен қашыр туса да, екі жылқыдан қашыр тумайды. Бұл сөзімнің қорытындысы – тәмам барлықтың ата-анасы бір екені рас» (32-бет).

Келтірген мысалдар жаралыстың сыртқы сыры – бұл дүние тіршілігі трактатты көктей өтеді деген сөзімізді растауға жеткілікті сияқты. «Үш танымақ» пен «үш анық» ілімдері төркіндестігін тергеп-екшеген ісіміз осымен тәмам, ағайын. Үш анық жайлы айтылып-жазылудан кенделік жоқ. Ол пікірлер бұрыс, тек біздікі дұрыс деуден аулақпын. Біздің көзқарасымыз  Абай іліміне негізделіп отыр,  көріп отырсыздар, соған сүйендік, принциптік өзгешелік, міне, осы арада.

Сонымен, Шәкәрімнің үш анығы – Жаратқан Ие барлығы һәм екі дүние барлығы (аруақтар әлемі һәм жер беті тіршілігі) деп түйін түйеміз. Үш анықты осы қалыпта қабылдау – ғалам бірлігі, жаралыс үйлесімі заңына сәйкес. Осынау жаңаша көзқарас адамзат көшіне дұрыс бағыт сілтейтін һәм қазақтың ақыл, ой биігін өзге халықтарға танытатын трактат ретінде «Үш анық»-тың деңгейін биіктетіп, құндылығын арттыра түседі деген ойдамын.

Асан Омаров,

абайтанушы

Abai.kz

0 пікір