Қала социологиясы: қарсылық пен абсентизм
Елімізде кезекті саяси науқан өтті. Еліміз жаңа Конституция қабылдады. Конституция ел болашағын айқындайтын маңызды құжат. Сондықтан да болар халықтың саяси белсенділігі жоғары болды. Дегенмен жалпы үдерістің ішінде Алматы секілді алпауыт қала тұрғындарының референдумге айтарлықтай бәсеңдік танытуы, жалпы оңтайлы бейнеде қайшылық тудырып тұрғандай. Алматы дәстүрлі түрде төмен белсенділік танытады деді десми ақпарат. Ал бұл төмен белсенділіктің себебі неде? Жалпы үлкен қала социологиясын түсінбей бұл сауалға жауап беру мүмкін емес екендігі айқын. Біз осы сауалдың бір бөлігіне жауап беруге тырыстық.
Заманауи қаланың табиғатын айқындайтын көптеген факторлар бар. Қала – тек ғимараттар мен көшелердің әрекеттестігінің нәтижесінде пайда болған кеңістік емес. Ол – армандар, үміттер, қайшылықтар, наразылықтар мен тағдырлар тоғысқан тірі кеңістік. Әрбір көшеде өмірдің ерекше тынысы, әрбір білім беру мекемесінде ойдың, еркіндіктің энергиясы сезіледі. Мұнда білім мен мәдениет, еңбек пен шығармашылық, наразылық пен махаббат қатар өмір сүреді. Қала – биліктің негізгі орталығы, тірегі ғана емес, оның табиғатын өзгертетін кеңістік. Әлеуметтік тұрғыдан қала интеллектуалдардың топтасқан, асқақ ой мен фиолософияның тоғысқан маңызды орталығы.
Ірі қалалардың дамуы мемлекетті автоматты түрде демократияға айналдырмағанымен, ұзақ мерзімді автократиялардың тұрақтылығына кері әсер етеді. Урбанизация билік пен қоғам арасындағы шиеленістің, ой мен еркіндіктің қақтығыс әлеуетін арттыратын құбылыс.
Қала және адам капиталы
Қала – әрбір тұрғынның өз қажеттіліктерін қанағаттандырып, дамуына жол ашатын, жол ашып қана қоймай, қоғаммен кең дәрежелі әрекеттесудің нәтижесінде үлкен өмірде өзін табуына тікелей ықпал ететін орта. Кең көлемді, белсенді урбанизация адам капиталының қалыптасуы мен дамуына тікелей ықпал ететін факторлардың бірі екендігі сөзсіз. Урбанизация нәтижесінде кәсіби шеберліктің өсуі, білім мен идеялардың кеңеюі, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен бейресми желілердің дамуы, ақпарат алмасудың жылдамдығы мен әртүрлілігі, әлеуметтік ұтқырлық пен жеке амбициялардың өсуі секілді нәтижелерді байқаймыз.
Қала мен дала: адам капиталының салыстырмалы сараптамасы
Бұл сараптаманың негізіне бұрынна қалыптасқан әлеуметтік зерттеулерде ең кең қолданылатын заңдылықтардың бірі Маслоу пирамидасы арқылы түсіндіріп көрелік. Теорияның негізгі өзегі адам өзінің негізгі, табиға қажеттіліктерін қанағаттандырып болғаннан кейін ғана өзге қажеттіліктерге қарай бет бұрады. Олардың қатарына шығармашалақ, білім, ғыолым секілді қажеттіліктерді жатқызуға болады.
Аталмыш теорияға сәйкес:
Бірінші деңгейгей – физиологиялық қажеттіліктермен (тамақ, жатын-орын, негізгі қажеттіліктер) айқындалады. Қазақстанның ауылдық аймақтарында: табыстың орташа мөлшері қалаға қарағанда шамамен 30–40% төмен. Демек ауыл тұрғындары қала тұрғындарына қарағанда шектеулі қаржылық мүмкіндіктерге ие. Кедейлік деңгейі биік, отбасылардың бір бөлігі табысты тек негізгі қажеттелектерді қанағаттандыруға жұмсайды. Сондықтан ата-аналардың негізгі мақсаты отбасын тамақпен, үй-жәймен, негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз етуден тұрады. Бұл денегейде балалардың дамуына инвестициялар салудың мүмкіндігі де, әлеуеті де төмен.
Қалаларда табыс деңгейгейі біршама жоғары, жұмыс орындарының көлемі мен мөлшері кең. Сондықтан да болар қала тұрғындары үшін негізгі қажеттіліктерді жабу жеңілдеу. Қала мен ауыл тұрғындарының арасында табысы минималды табыс деңгейгейінен төмен тұрғындардың арақатынасы қалада 3,9% шамасында болса, ауылда 7,2% көрсеткіш деңгейінде. Демек ауылдық аймақтардағы кедейлік деңгей қаладағы кедейліктен екі есе көп болып тұр.
Екінші деңгей – қауіпсіздік. Мұндағы қолданылып отырған қауіпсіздік ұғымы дәстүрлі тар мағындағы қауіпсіздік емес, одан әлде қайда кең тұрақтылық, жұмыспен қамту, медициналық мұқтаждықтарды қанағаттандыру сынды салаларды қамтиды. Қала ортасы жұмыс берушілердің айтарлықтай көптігімен, дамыған медицинамен, алуан түрлі әлеуметтік қызметтердің қол жетімділігімен ерекшеленеді. Атап айтсақ инклюзивті орта қалыптастыру, әр түрлі әлеуметтік топ өкілдеріне тең мүмкіндіктер жасау ынтасы бүгінгі күні әсіресе ірі қалаларға тән ерекшелік екендігі белгілі.
Ауылдық орта, жұмыс орындарының аздығымен, кей жағдайда медициналық қызметке қол жетімділіктің шектеулігімен ерекшеленеді. Қауіпсіздік деңгейінің төмендігі отбасындағы балалардың дамуына ұзақ мерзімді инвестицтия жасауға мүмкіндік бермейді.
Үшінші деңгей – әлеуметтік қажеттіліктерді қамтиды Бұл деңгейдің ерекшелігі бұл жерде адамның әлеуметтік бейімделуіне қажетті құралдар мен тетіктер: орта, адамның дамуы, әлеуметтену секілді көрсеткіштер негізге алынады. Атап айтсақ: даму курстары, спорттық секциялар, шығармашылық студиялардың болуы секілді факторларға назар аударылады.
Әрине қала жағдайында бұл мүмкіндіктердің әлде қайда кең екендігін аңғару қиын емес. Қала ондаған секциялар мен клубтар болса, ауылдық жерлерде әлеуметтену үдерісі әлде қайда кешеуілдеп жүзеге асырылады. Мұның өз адами капиталды дамуына ықпал етеді
Төртінші деңгей – сыйластық пен нәтижелілік. Көп жағдайда көзге көрінбейтін бірақ адам өмірінде маңызды орын алатын, бедел, абырой, мойындалу секілді көрсеткіштермен айқындалады. Бұл деңгей түрлі пәндік олимпиада, академиялық жетістіктер, кәсіби біліктілік секілді факторларға арқа сүйейді. Қала балалары өздерінің дамуы барысында қосымша шет тілдерін оқуға, қосымша білім алуға, ақпараттық технологияларға қол жетімділікті қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан да болар олар түрлі конкурстардың жеңімпазы болып, жетекші жоғары оқу орындарына түседі, кәсіби дамуына мүмкіндік алады.
Бесінші деңгей – қоғамда өз орнын таба алу мүмкіндігі. Бұл деңгей шығармашылық, инновациялар мен ғылым секілді салаларды қамтиды Мұндай мүмкіндіктердің ірі қалаларда пайда болары сөзсіз. Себебі ол жерлерде қажетті инфрақұрылым, жорғары оқу орындары, бизнес инкубаторлар, тиісті қаржылық мүмкіндіктер шоғырланған.
Біз Маслоу пирамидасы арқылы қала және ауыл тұрғындарының экономикалық айырмашыығы мен проблемаларын айқындай аламыз. Ауыл жағдайында тұрғындар қажеттіліктердің бірінші және екінші деңгейінен көтерілуі екіталай және адамның кәсіби дамуына оңьтайлы ықпал ететін ортаның қалыптаспағандығын аңғару қиын емес. Қала тұрғындары болса төртінші және бесінші деңгейге жылдам қол жеткізіп, өз әлеуеттерін толыққанды ашу мүмкіндігіне ие болады.
Адам капиталы мен саяси процесс
Адам капиталы тек еңбек дағдысынан ғана тұрмайды. Ол – адамның таңдау жасау, пікір айту, қоғамға әсер ету қабілеті. Қалада өскен адам басқару тиіділігіне, басшылыққа талап қояды. Ол бағынуды емес, өз ойымен есептесіп, санасуды күтеді. Жеке билік үшін керісінше орталықтанған, қарапайым иерархияға сүйенген, ақпаратты қатаң бақылауға арқа сүйейтін жүйе тән. Мұнда қала социологиясының күрделілігі мен биліктің жекелік қасиеті табиғи түрде қарсы тұрады. Қалалық орта тап дамыған адам капиталына арқа сүйейтін тиімділігі жоғары бюрократиялық аппараттың жақтаушысы ғана емес, өз тағдыры, одан қалды Ел тағдырына ықпал ететін шешімдерге қатысушы болғысы келетін фигурант. Ауыл тұрғыны керісінше, консервативті сарында қоғамның үлкен өзгерістерге икемделуіне қарағанда, тұрақтылық қағидаттарына арқа сүйеуді жөн көреді. Алайда автократиялар ауыл тұрғындарының қалалық мекендерге табиғи миграциясын шектеуге ешқандай ықпал ете алмайды. Демек логика бойынша өзінің негізгі әлеуметтік базасынан айрылады. Себебі консервативті орта көп жағдайда ауылды мекендер мен шағын және орта қалаларда қалыптасады. Бұған дәлел бірқатар мысалдарды келтіру де қиын емес.
Кеңес Одағының тәжірибесі
Иосиф Сталиннің кезеңінде Мәскеу мен КСРО қатаң орталықтанған биліктің символы болды. Бірақ индустрияландыру мен жаппай білім беру күтпеген әлеуметтік нәтиже берді: қалалар көбейді, ғылыми орталықтар пайда болды, техникалық интеллигенция қалыптасты. Қала еркін ой мен сыншыл көзқарастың орталығы ретінде дамыды. Нәтижесінде Қазан төнкерісінің алғашқы кезінде ауыл тұрғындары басым, аграрлы қоғам, қалаға кең қоныс аударудың нәтижесінде индустриялды қоғамға айналды. Абсолютті монархиядан, тоталитарлық режимге өткен Ресей жаппай репрессиялар мен мәжбүрлеу шараларын бұрынғыдай кең қолдану мүмкіндігіне ие бола алмай қалды. Сталиннен кейінгі жылымықтың себебі де сонда. Репрессивті аппараттың әлсіреуі мен қоғамды либерализациялауға деген мұқтаждық Михаил Горбачев фигурасын алдыңғы қатарға шығарды. Ол реформаларды бастағанда қалалық интеллектуалдық орта тез жауап беріп, өзгерістің қозғаушы күшіне айналды. Урбанизация элита ішіндегі жіктелуді күшейтіп, ақпарат таралуын жеделдетті, репрессиялық механихмдердің тиімділігін төмендетіп,билік құрылымын күрделендірді. Қала қоғамының күрделілігі жеке биліктің ұзақ мерзімді үстемдігін әлсіретті. Кеңес Одағының құлауындағы қалалардың рөлі – ұжымдық ой мен ақпарат таралу жылдамдығының автократияны тежейтінін көрсетеді.
Қазақстан: қала – білім ошағы
Қазақстан жағдайында Алматы мен Астана – индустрияландырудың, білім мен кәсіби дамудың басты орталықтары. Университеттер, ғылыми-зерттеу институттары, стартаптар мен инновациялық жобалардың орталықтары жастарға тек іскерлік дайындық қана емес, сыни ойлау мен қоғамдық дамуға әсер ету мүмкіндігін тудырады.
Ауылдық жерлердегі білім мен инфрақұрылым теңсіздігі жастардың әлеуметтік ұтқырлығы мен саяси белсенділігін тежейді. Ресми статистикалық мәліметтердің өзі ата-аналардың балалар үшін қосымша білім беру бойынша үлкен айырмашылықты көрсетіп келеді. Жалпы көрсетікштер бойынша Қазақтанда 2025 жылы оқушылардың шамамен 90% (жобамен 3,5 млн бала) әр түрлі секцияларға немесе қосымша білім алудың өзге де нысандарына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болғанымен, ауыл мен қала оқушыларының арасында үлкен алшақтық байқалуда. 2,2 млн бала тегін қосымша білім алу мүмкіндігіне ие болса, Елімізде 2000-нан астам қосымша білім беру мекемелері қызмет көрсетуде.
Ал енді қала және ауылдық аймақтарды салыстып көрелік:
Қала тұрғындары балалары үшін шет тілдері, ақпараттық технологиялар мен робототехника, музыка және өнер, спорттық мектептер, олимпиадалар мен қосымша дайындық бойынша орташа есеппен бес қосымша білім беру бағдарламасына жазу мүмкіндігіне ие болса, ауылдық елді мекендерде көбіне бір, екі бағдарламадан артылмайды. Бірқатар елді мекендерде ондай мүмкіндіктің өзі жоқ. Оның үстіне мектеп деңгейінде кадрлар тапшылығы да бар екендігі белгілі.
Бұл Үкімет тарапынан әр түрлі кең көлемді мемлекеттік бағдарламадардың дайындалуына ықпал етуде. Айталық ауыл квотасы, дипломмен ауылға секілді бағдарламалар ауыл тұрғындары мен қала тұрғындарының арасындағы теңсіздікті жоюға бағытталғандығы анық.
Алайда қала тек дамудың орталығы емес, ол саяси Қазақстан жағдайында оппозициялық қызметтің ошағы болып та отыр. Оның бірнеше көрінісі бар. Нақтырақ айтар болсақ абсентизм – кейбір қалалықтар күнделікті тұрмысқа, жеке дамуға басымдық береді де, саяси процесске араласудан бас тартады. Негізгі логикалық тұжырым менің дауысым қоғамда ештеңе шешпейді немесе оны өзгертуге ықпал етпейді деген пессимистік көзқарастың басым болуы. Әдетте Қазақстан бойынша сайлау науқандарында ең төмен көрсеткіг Алматы қаласында тіркелетіндігі белгілі. Екіншіден, оппозициялық ой орталығы – сыни ойлау арқылы қала тұрғындары билік саясатын саралап, ол ортаны жауапкершілікке шақыруға әлдеқайда бейім екендігін аңғару қиын емес. Бұл әрине бірнеше саяси социологиялық теориялармен түсіндіріледі. Қалада халық пен ресурстардың шоғырлануы Алматы және Астана секілді ірі мегаполистердің тұрғындарына ақпарат алмасу, қоғамдық қозғалыстарды ұйымдастыру, саяси мәселелрді талықлап, олардың қорытындыларына ықпал етуге оңтайлы жағдай жасайды. Бұл саяси мобилизацияның әлеуетін арттырады.
Енді саяси үдерісте қарсылықтың орнына тоқтайық. Ең алғашқы теория салыстырмалы депривация теориясы. Бұл теорияға сәйкес күтілетін нәтиже мен өмірлік шындық арасындағы алшақтық қоғамдық қарсылықтың өзегі болып табылады. Адамдар өзге тұлғалардың өмірін көреді, олардың өмір деңгейін қамтамасых ететін факторларға назар аударады. Екінші теория орта топтың ықпалымен байланысты. Бұл теорияға сәйкес орта тап неғұрлым күшейген сайын мемлекеттен, мемлекеттік институттардан есеп талап ете бастайды, саяси белсенділік пен ықпал етуге мүдделі болады, биліктің тиімділігіне назар аудара бастайды. Жаңа кезеңде орта таптың ең өарқынды қалыптастыратын орта ақпараттық технологиялар, қаржылық қызмет, креативті индустрия болып отыр. Демек бұл секторлардың қарқынды өсуі қоғам дамуының кепілі болып табылатын, орта таптың өсіміне ықпал етеді. Дегенмен мұнда өзге проблема да жатыр. Орта таптың ішіндегі құрылымдық өзгерістер. ХХ ғасырдағы орта тап көп жағдайда тәуелсіз, дербес бизнес егелері, демек экономикалық үдерістің белсенді қатысушысы болса, бүгінгі күні әсіресе дамыған экономикаларда орта тап кәсіби, білікті мамандар категориясына кіріп, ірі корпорацияларға қызмет көрсетуші топқа айналуда. Бұл процесс дамыған экономикаларда айқын, дамушы экономикаларда әлі де бәсең көрініс табуда. Бұл орта таптың ықпалы мен саясти ұстанымына тікелей әсер ететін фактор. Есепке алынуы керек келесі фактор қаладағы жастар мен жоғары оқу орындарының көп болуы. Жастар әдетте саяси мәселелерді талқылайтын белсенді топ болып табылады. Өмірдің жаңа көкжиектері ашылған сайын жастардың білімпаздығы артады. Блім деңгейі құқықтар мен мүмкіндіктердің теңдігіне деген сұраныс тудырады. Бесінші маңызды фактор интернет пен әлеуметтік желілер. ХХІ ғасырда негізгі саяси әлеуметтік трендті желілер қалыптастыратындығы айқын. Туындайтын саяси сұранысты ресми ақпарат құралдары толық қанағаттандыра алмауы және азаматтың әлеуметтік желіде айтарлықтай шектерсіз өзін саяси тұрғыдан дербес әрекет ете алуы, виртуалды демократияның ықпалын күшейтеді. Бұл тренд ауылдық жерде де айқын көрініс тапқанымен, қалалық ортада ерекше қарқынды дамуда. Демек қала тұрғынының ақпарат алу тетіктері мен мүмкіндіктері, ал ең маңыздысы жаңа қабілеттерді тез арада игеру мүмкіндігі әлде қайда кең болып отыр. Тағы бір маңызды ерекшелік қала көлемінің эффектісі. Қала тұрғындарының саны неғұрлым көп болған сайын, қалалық ортадағы адам капиталының даму мүмкіндіктері де кеңейе береді. Ал тұрғындарының жалпы саны миллионнан асқан кезде қала экономикалық тұрғыдан пайдалы тетікке айналады. Демек қаланың мемлекетке, саясатқа ықпалы өседі. Бұл жағдайда қала деңгейіндегі тиімді өкілдік республикалық деңгейдегі саяси тиімділкке ұласып саяси үдерісті оңтайландырады.
Қазақстандық мысалды негізге алар болсақ, Алматы қаласының экономикалық әлеуеті жалпы ұлттық өнім көлемінің кем дегенде бестен бір бөлігін қамтиды. Бұл қаланың экономикалық әлеуеті ұлттық экономикаға қатты әсер береді деген сөз. Кезінде қырғыз ағайындармен шыққан даулардың бірінде Үкімет мүшелері тұтас қырғыз экономикасы Алматының өңірлік өнімінің жартысын құрайды беп биіктен сөйлегенде Алматының Ел экономикасындағы орны қаншалықты дәрежеде есепке алынды екен? Қала әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғындан өте сезімтал құрылым. Жер дауларынан бастап, қаңтар оқиғаларына бейнгі ақымды қамтып жатқан бас көтерулердің өзегі осы қалаларда қалыптасып, дамыды. Бұл қалалық ортаның қарсылықтық әлеуетінің бір бөлігінің қалалық негиллизмге, яғни белгілі дәрежеде билікке сенбеушілікке алып келді. Бүгінгі күннің өзінде статистикалық мәліметтер ірі қала тұрғындарының саяси үдеріске не аз қатысатындығы, не қатысқан жағдайда көбіне ресми билікке қарсы дауыс беруі де айқын көрініс табуда. Қала тұрғындарының ішінде ең төменгі дауыс берушілердің жастар екендігі де ғажап емес. Жастар біріншіден өз басымдықтарының қатарына білім алуды мақсат етіп қояды. Оның үстіне билікке деген сенім ғана төмен емес, жастардың өз саяси белсенділігінің бір мәселе шешетіндігіне деген сенімі төмен. Бұл абсентизм секілді құбылыстың қарқынды дамуының алғышарты. Соңғы статистикалық мәсліметтер ғаламдық деңгейде адамның не ғұрлым жасы өскен сайын саяси үдерістерге қатысуға деген ниеті де артатындығын көрсетуде.
Өзге елдердің тәжірибесі де осы үдерісті айқыен көрсетуде. Қытайдың Шанхай және Шэнжен қаларында ресми билікке қатысты қарсылық күн өткен сайын айқын сезілуде. Бұл қалалық ортаның, әсіресе жастардың экономикалық белсенділігінің төмендеуінде айқын көрініс табуда. Иранның Тегераны – реформалық идеялардың таралу орталығы. Соңғы уақытта саяси белсенділіктің артқанының бір көрінісі киім киістен бастап өзге қоғам өміріне маңызды салалардағы өзгерістер. Бұл мағынада қала қоғам мен биліктің өзара қайшылығының айқын көрінісі болса керек. Оңтүстік Кореядағы Сеул 1980 жылдары демократиялық өтпелі кезеңде шешуші рөл атқарды. Урбанизация, экономикалық даму және элита ішіндегі жіктелу қаланы маңызды оппозициялық күштің орталығына айналдырды. Ресей мен Түркия мысалдарына назар аударар болсақ Москва мен Петербург қалалары — оппозициялық ойдың тірегі. Путиннің ірі қалаларда рейтингтік көрсеткішінің төмендігінің себебі де осында Стамбул мен Анкара қалалары оппозициялық электораттың негізгі ошағы. Гези саябағы оқиғасы қалалық кеңістік саяси мәнге ие екенін көрсетті. Қала — ойлардың, эмоцияның және өзгеріске ұмтылыстың алаңы.
Қаланың бойындағы бұл қасиеттер жеке биліктің ұзақ мерзімді үстемдігін әлсіретеді. КСРО-дан қазіргі Ресей, Қазақстан және Түркияға дейінгі тәжірибе мегаполистер биліктің бір қолға шоғырлануына қарсы құрылымдық тежегіш екенін көрсетеді.
Билік табиғаты оны шоғырландыруға деген ынтаны айқындайды. Қала табиғатынан күрделілік пен еркін ойдың ошағы деп қабылдаған орынды. Бұл мағынада қала – құндылық қалыптастырушы кеңістік. Болашақ саяси шешімдер көбіне сарайларда емес, университет аудиторияларында, алаңдарда, көшелерде және цифрлық желілерде жасалатынын ұмытпау керек.
Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы
Abai.kz