Сәрсенбі, 1 Сәуір 2026
Билік 267 0 пікір 1 Сәуір, 2026 сағат 13:02

Ормуз бұғазындағы дағдарыс Каспий дәлізіне жол ашады!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Иранның Ормуз бұғазын қоршауға алуы жаһандық дүрбелең туғызып, Еуропа үшін энергетикалық тәуекелдерді күшейтті.

«Бұл жағдай шұғыл шешімдерді талап етеді. Қақтығыс мұнай бағасына әсер ету шеңберінен шығып, әлемдік экономикаға жүйелі қауіп төндіретін және жаһандық тәртіптің осал тұстарын әшкерелейтін деңгейге жетті. Осы орайда Еуропа үшін стратегиялық мүмкіндік — Каспий дәлізін дамыту перспективасы ашылып отыр», - деп хабарлайды немістің «Focus» журналы.

Мақалада Еуропаның бұған дейінгі энергетикалық дағдарысты еңсермегені, тек оны кейінге шегеріп келгені айтылады. Енді ол сыртқы соққыларға бұрынғыдан да бейім болып отыр. Еуропаға энергетикалық ресурстар жеткізу көздерін ғана емес, сонымен қатар көлік бағыттарын да әртараптандыру қажет. Дәл осы жерде Трансадриатикалық құбыры (TAP) мен Орта дәліз (Middle Corridor) бірінші планға шығады.

Әзербайжан 2025 жылы Еуропаға шамамен 13 млрд текше метр газ жеткізді, ал инфрақұрылымның кеңеюімен желіге қазірдің өзінде 16 еуропалық мемлекет қосылған.

«Келесі қадам айқын: жеткізу көлемі жылына шамамен 20 млрд текше метрге дейін артуы мүмкін. Әзірбайжанның рөлі кездейсоқ емес. Президент Әлиевтің тұсында Баку өзін сенімді энергетикалық серіктес және Оңтүстік Кавказдағы тұрақтандырушы күш ретінде танытты. 2025 жылдың тамызында АҚШ-тың араағайындығымен қол қойылған Армениямен бейбіт келісім Қарабақ үшін көпжылдық қақтығысқа нүкте қойып, жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашты. Енді Армения Әзірбайжаннан энергия ресурстарын импорттайды — бұл бағаны төмендетіп, өзара тәуелділікті арттырады және Ресей мен Иранның ықпалын азайтады», — деп атап өтеді журнал.

Сондай-ақ мақалада бұл тұрғыда Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның маңыздылығы ерекше атап көрсетілген:

«Орталық Азиядағы ең ірі мұнай өндіруші ел ретінде Қазақстан Еуропаның энергетикалық стратегиясы үшін барған сайын маңызды болып келеді. 2025 жылы Қазақстан мұнайының Германияға экспорты 44%-ға өсіп, 2,1 млн тоннадан асты. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарлануда».

Оқиғалардың бұлай өрбуі ЕО мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың нығаюын түсіндіреді. 2025 жылғы Самарқанд саммитінде энергетика, инфрақұрылым және шикізат ресурстары саласындағы іс-қимылды тереңдету туралы келісімге қол жеткізілді. Берлин мен Брюссель үшін бұл нақты қорытындыға әкеледі: Орта дәліз бұдан былай екінші дәрежелі жоба бола алмайды.

«Каспий дәлізі бұл бағытта нақты мүмкіндік береді. Бірақ Еуропа мұны пайдаланып, әртараптандырудың таңдау емес, бәсекеге қабілеттілікті сақтау және болашақта экономикалық позицияларды ұстап тұру үшін стратегиялық қажеттілік екенін түсінуі тиіс», — делінген мақалада.

Abai.kz

0 пікір