Сәрсенбі, 1 Сәуір 2026
Саңлақ 153 0 пікір 1 Сәуір, 2026 сағат 13:42

Италия тағы да доп додасынан тыс қалды

Сурет: Getty Images / Stringer / Getty Images Sport.

31 наурыздан 1 сәуірге қараған түні биылғы әлемдік футбол чемпионатының соңғы іріктеу ойындары өтті. Финалдық турнирге қатысатын 48 команданың ақырғы алтауы анықталды. Олар – Түркия, Чехия, Швеция, Босния-Герцеговина, Конго Демократиялық Республикасы және Ирак.

Іріктеу сатысының шешуі матчтарында Түркия футболшылары Косово құрамасын 1:0, Швеция – Польшаны 3:2, Конго ДР командасы Ямайканы 1:0, Ирак құрамасы Боливияны 2:1 есебімен жеңді. Ал Чехия және Дания командаларының ойыны 2:2 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында чехтар 3:1 есебімен басым түсті.

Сурет: Getty Images / Stringer / Getty Images Sport.

Футбол жанкүйерлерін бәрінен де ерекше таңқалдырған Италия құрамасы болды. Олар Босния-Герцеговина футбошыларымен 1:1 есебімен тең түсіп, матчтан соңғы пенальти бәсекесінде 1:4 болып ойсырай жеңілді. Сөйтіп, кезінде әлемнің төрт дүркін чемпионы болған команда осымен үшінші рет қатарынан мундиальға бара алмайтын болды. Бұл – әлемдік футболдың алтын тәжін киген құрамалардың басында болып көрмеген масқара. Бұрын Уругвай, Англия, Франция, Испания секілді төрт чемпион ғана қатарынан екі реттен дүниежүзілік додадан тыс қалған еді.

Түріктер 24 жылдан соң ғана, яғни сонау 2002 жылғы қола жүлдеден кейін бірінші рет әлем чемпионатының финалдық сынына барғалы отыр. Босниялықтар бұған дейін тек 2014 жылғы додаға ғана қатысқан. Чехияның ала доптың аламанына қатыспағалы тіпті 20 жыл өтіпті (2006 жылдан бері енді ғана шығып отыр). Ирак футболшылары сонау 1986 жылдан бері бірінші рет, ал Конго ДР командасы 1974 жылдан кейін енді ғана финалдық турнирге жолдама ала алды.

ХХІІІ әлемдік футбол чемпионаты 2026 жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында тұңғыш рет үш ел аумағында – АҚШ-та, Мексикада және Канадада өткізіледі. Футбол тойы Мехико қаласындағы атақты «Ацтека» стадионында Мексика – Оңтүстік Африка ойынымен ашылады.

Додаға тұңғыш рет 48 команда қатысқалы отыр. Олардың ішінде Өзбекстан, Иордания, Кюрасао және Кабо-Верде құрамалары финалдық сынға бірінші рет шықты.

Енді әлем чемпионатының 12 тобының құрамы толығымен белгілі болды.

«А» ТОБЫ: Мексика, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Чехия

«В» ТОБЫ: Канада, Босния-Герцеговина, Катар, Швейцария

«С» ТОБЫ: Бразилия, Марокко, Гаити, Шотландия

«D» ТОБЫ: АҚШ, Парагвай, Австралия, Түркия

«E» ТОБЫ: Германия, Кюрасао, Кот-д'Ивуар, Эквадор

«F» ТОБЫ: Нидерланд, Жапония, Швеция, Тунис

«G» ТОБЫ: Бельгия, Египет, Иран, Жаңа Зеландия

«H» ТОБЫ: Испания, Кабо-Верде, Сауд Арабиясы, Уругвай

«I» ТОБЫ: Франция, Сенегал, Ирак, Норвегия

«J» ТОБЫ: Аргентина, Алжир, Австрия, Иордания

«K» ТОБЫ: Португалия, Конго ДР, Өзбекстан, Колумбия

«L» ТОБЫ: Англия, Хорватия, Гана, Панама  

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір