Жұма, 3 Сәуір 2026
Әне, көрдің бе? 147 0 пікір 3 Сәуір, 2026 сағат 10:45

Ресей Кубаны мұнаймен жарылқамақ!

Сурет: Ақ жайық сайтынан алынды

Сейсенбі күні 730 000 баррель шикі мұнай тиеген Ресейдің «Анатолий Колодкин» мұнай танкері Гаванадан шамамен 100 шақырым жерде орналасқан Матанзас портына тоқтап, Кубаға қаңтардан бергі алғашқы мұнай партиясын жеткізді.

Ресей энергетика министрі бейсенбі күні Ресей Кубаға екінші мұнай танкерін жіберуге дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Ресейге жұмыс сапарымен келген Куба премьер-министрінің орынбасары Перес-Олива сәрсенбі күні Гавана мен Мәскеу «жанармай сұранысын тұрақтандыру» мәселесін талқылап, энергетика саласындағы әлеуетті ынтымақтастықты тізе қоса зерделегенін мәлімдеді.

Санкт-Петербургте ресейлік шенеуніктермен және бизнес өкілдерімен кездескеннен кейін Куба премьер-министрінің орынбасары БАҚ-қа: «Біз келіссөздерде ілгерілеушілікке қол жеткіздік, оның ішінде ресейлік компаниялардың Куба мұнайын барлау мен өндіруге қатысуын кеңейту және жаңартылатын энергия көздерін өндіру жобалары да бар», - деді.

Куба жылдар бойы экономикалық және энергетикалық дағдарыс құрсауында қалып келеді. Осы жылдың басынан бері Америка Құрама Штаттары Кубаға мұнай эмбаргосын енгізді. АҚШ Венесуэла президенті Мадуроны тұтқындағаннан кейін, Венесуэладан шикі мұнай жеткізілімі тоқтатылды. АҚШ-тың Кубаға мұнай жеткізетін кез келген елге қарсы санкциялар енгізу қаупінен соң, Кубаның энергетикалық жағдайы одан сайын нашарлады.

Бейсенбі күні жүздеген кубалықтар Гаванадағы АҚШ елшілігінің алдында велосипед, электр мотоциклдерімен демонстрацияға шықты, Кубаның мемлекеттік туын желбіретіп, «Эмбарго жойылсын!» деп ұрандатып, АҚШ-тан энергетикалық құрсауды тоқтатуды талап етті.

Куба президенті Диас-Канел Коммунистік жастар лигасы ұйымдастырған «антиимпериалистік жастар шеруіне» қолдау білдірді.

Кубаға алғашқы ресейлік мұнай танкері келгенге дейін АҚШ президенті Трамп мұндай мұнай тасымалының «ешқандай әсері болмайтынын» айтқан еді.

Ол: «Куба бүкілдей тұралады... мұнай құйылса да, түкке де пайдасы жоқ!» деді.

Abai.kz

0 пікір