Ахат Шәкәрімұлының әкесі жайлы естелігінен үзінді
Толстой туралы, бір мәжілісте, мен әкейден: «Сіз Толстой туралы жай әңгімеңізде де, Толстой туралы жазған өлеңіңізде де өте бағалайсыз» — дедім. Сонда, әкей айтты: «Мен Толстойды бұрын да бағалайтынмын. Әсіресе мен Толстойдан үш сұрақ сұрадым. Сол сұрақтарыма Толстой маған өте қымбатты жауап қайырды. Сол жауаптары мені толғандырып, ғибрат алатын сабақ болып, көңілімде орнап қалды.
1. Адамның арына тиетін жағымсыз қылықтардың өзім білетін бәрін тізіп жаздым да, «Осылардың ішінде және біз білетін, арға ең ауыр тиетін не?» — дедім.
Толстой бұған: «Осы жазғандарыңның бәрі де адамшылық арға тиетін нәрселер. Меніңше, арға ең ауыр тиетін іс бар. Ол — егер адам көпшілікке, не жалпы қоғамға зиян келетін хақиқат істі біліп, соны үш нәрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қалса, сол арға өте ауыр тиеді.
Бірінші, сен өте бай болып, сол хақиқатты айтсаң, малыңа, зияны тисе, екінші, сен мансап иесі болып, сол хақиқатты айтсаң, мәнсабыңнан айрылатын болсаң, үшінші, сол хақиқатты айтсаң, басың жазаланатын болса. Міне, осы үш түрлі зардаптардан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты біле тұра айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетін осы» — деді.
2. «Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?» — деп, көлемді шығарма жазу жайында ақыл сұрадым.
Толстой бұған: «Көп адамдар қатысқан көлемді шығарма болсын, не ұсақ әңгіме болсын, алдымен сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Сол уақиғаның ізі, сыры, қоғамға байланысты әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындалып, сезіліп тұрғандай болуы керек. Олай болмаған күнде, әңгіме дәл, қызықты болып шықпайды. «Көлеңкеге қарап пішкен тон бойға шақ келмейді» деген мәтелді жазушы ойдан шығармауға керек. Ішіне араласпай, сырттай ой жотамен жазған шығарма шындыққа жанаспай, қызықты болып шықпайды», — деді.
3. «Жазушы, оның ішінде мен, өз жазғанымның дұрыс терісін сынай алмаймын. Өз шығармасының қатесін қандай әдіспен көріп, сынап - түзеуге болады?» — дедім.
Бұл үшінші сұрағыма Толстой: «Жазушының артық қасиеті — өз қатесін көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді» — деген де бар. Бәрінен, адам өз қатесін өзі көріп, өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол адамға біткен — ақ жүрек.
Егер адам өз істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімін ашып бере алады. Ақыл-толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ымбалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, басқанын мінін де көре алады. Сондықтан, әділ сыншың — ақ жүрегің», — деді. Осындай ақыл-кеңес берген Толстойды мен ұстазым деп бағалап, ардақтаймын!» — деді әкей.
Жазба әлеуметтік желіден алынды.
Abai.kz