Сәрсенбі, 8 Сәуір 2026
Билік 299 0 пікір 8 Сәуір, 2026 сағат 13:20

Әлемдік экономика: Қазақстан позициясын күшейтуде!

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

Әлемдік экономикада дамушы елдерге деген қызығушылықтың артуы және Еуразияның жаңа рөлінің қалыптасуы аясында Қазақстан экономикалық өсім, реформалар және тиімді географиялық орналасу арқылы өз ықпалын арттыра алатын елдердің бірі ретінде жиі қарастырыла бастады.

Қазақстанның болашағы, экономикалық трансформациясы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі және елдің жаңа жаһандық экономикалық жүйедегі орны туралы біз Орталық Азия бойынша сарапшы, EU Reporter және EuReflect басылымдарының авторы Дерья Сойсалмен әңгімелестік.

– Дамушы экономикалар жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі бойынша алға шығып жатыр. Бұл үрдісті жаһандық күштер тепе-теңдігі тұрғысынан қалай бағалайсыз?

– Дамушы экономикалар ЖІӨ өсімі бойынша көш бастап отыр, өйткені олардың алға жылжу мүмкіндігі көбірек. Экономикалық тұрғыдан жетілген елдер үшін жоғары қарқынмен өсу әлдеқайда қиын. Ал дамушы мемлекеттер, әсіресе технологияларға, жасанды интеллектке және басқаруды жаңғыртуға басымдық берсе, жылдам өсім көрсете алады. Осы тұрғыда Қазақстан сияқты «орта державалар» ерекше назарға лайық.

Қазіргі таңда дәл осындай елдер жаһандық күштер теңгерімін қалыптастыруда маңызды рөл атқара бастады. Біз көпполярлы әлемде өмір сүріп отырмыз, мұнда бұрынғы иерархия өзгеріп, жаңа өсім орталықтары пайда болуда. Сондықтан Қазақстанды осы трансформацияда өз орнын күшейтіп, әлемдік экономиканың қайта құрылуына үлес қоса алатын елдердің бірі ретінде қарастыруға болады.

– Қазақстан рейтингте шамамен 29% өсіммен 9-орын алды. Бұл көрсеткіш нақты құрылымдық өзгерістерді көрсете ме?

– Бұл көрсеткіш елдегі өзгерістердің бір бөлігін көрсетеді, бірақ оны кеңірек контексте қарастыру қажет. Қазақстан тек табиғи ресурстар есебінен ғана емес, сонымен қатар өңірлік экономикадағы орны мен Орталық Азияның маңызының артуы арқылы да позициясын күшейтіп келеді. Сондықтан бұл өсім кездейсоқ емес, терең үрдістердің нәтижесі. Қазақстанның көршілерімен, әсіресе Өзбекстанмен, конструктивті қарым-қатынас орнатуы да маңызды. Екі ірі экономиканың өзара әрекеті бүкіл аймақтың дамуына серпін береді. Ішкі деңгейде де оң өзгерістер байқалады: елде цифрландыру жылы жарияланды, референдум реформалардың жалғасып жатқанын көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан өзін сенімді және болжамды серіктес ретінде дәлелдеді. Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестік туралы келісімнің болуы инвесторлар үшін маңызды сигнал болып табылады. Бұл факторлар Еуропадан логистика, жасыл энергетика және цифрлық технологиялар саласына инвестициялардың артуына ықпал етеді, сондай-ақ Қытай, АҚШ және басқа елдердің қызығушылығын күшейтеді.

– Қазақстанды Еуразиядағы қарқынды дамып жатқан экономикалардың қатарына жатқызуға бола ма?

– Әрине, болады. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі маңызды мемлекеттердің біріне айналды. Оның стратегиялық орналасуы, экономикасының ауқымы және түрлі бағытта байланыс орната алуы үлкен артықшылық береді. Ел Ресей, Оңтүстік Азия, Шығыс және Еуропаны байланыстыратын маңызды торапта орналасқан. Сонымен қатар Қазақстан саяси тұрақты әрі сенімді серіктес ретінде қабылданады. Осы факторлардың жиынтығы оның ықпалын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

– Қазақстанның экономикалық саясаты жаһандық әртараптандыру трендтеріне сәйкес келе ме?

– Қазақстан экономикасы ұзақ уақыт бойы көмірсутектерге тәуелді болды. Алайда қазіргі таңда ел цифрландыруға және қызмет көрсету секторын дамытуға басымдық беріп отыр. Шағын және орта бизнес дамып келеді, ұлттық компаниялар нығаюда, энергетикалық көшу жүзеге асуда. Қазақстан жасыл энергетиканы дамытып, адами капиталға, әсіресе цифрлық дағдыларға инвестиция салуда.

Astana Hub-ты дамыту — елдің тек шикізат өндіруші емес, технология мен инновация жасаушы мемлекетке айналу ұмтылысының көрінісі. Жоғары білім деңгейі де бұл бағытты қолдайды. Жалпы алғанда, Қазақстанның саясаты жаһандық әртараптандыру трендтеріне сәйкес келеді, бірақ бұл процесс әлі жалғасуда.

– Бұл трансформацияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі қандай?

– Президент Тоқаев саяси модернизация мен демократияландыруда маңызды рөл атқарады. Бұл референдум нәтижесінде де көрінді. Сонымен қатар оның билікті болашақта тапсыруға дайын екені — посткеңестік кеңістік үшін сирек құбылыс.

Тоқаев тиімді басқару, ашықтық және реформаларды ілгерілететін көшбасшы ретінде қабылданады. Оның кезеңіндегі көпвекторлы сыртқы саясат инвесторлар сенімін арттырды. Инвесторлар үшін тұрақтылық, заң үстемдігі және болжамдылық өте маңызды. Қазақстан осы бағытта оң динамика көрсетіп отыр.

– Қазақстандағы экономикалық өсімнің тұрақтылығын қандай факторлар анықтайды?

– Негізгі фактор — экономиканы нақты әртараптандыру. Тек мұнай мен шикізат экспортына сүйену ұзақ мерзімді перспективада жеткіліксіз. Қазақстан цифрландыруды, жасанды интеллектті және жаңа салаларды дамытуы қажет. Үкіметтің бұл бағыттағы назары — оң қадам. Сонымен қатар білімге инвестиция өте маңызды. Ол инновациялар мен технологиялардың дамуына негіз болады. Инвестициялар тарту да шешуші рөл атқарады. Шетелдік капитал экономиканың өсуіне қосымша серпін береді. Демографиялық фактор да маңызды. Халық санының өсуі, әсіресе оңтүстік өңірлерде, болашақ даму үшін үлкен мүмкіндік береді.

– Қазақстан аймақтық экономикалық хабқа айнала ала ма?

– Әрине. Қазақстанның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы орналасуы — оның басты артықшылығы. Орта дәліздегі рөлі, Каспий теңізіне шығу мүмкіндігі және логистикалық инфрақұрылымы оның маңызын арттырады. Қазақстан Еуропа үшін де, Қытай үшін де маңызды серіктеске айналып келеді. Осы факторлардың барлығы елдің Еуразиядағы экономикалық хаб ретінде орнығуына толық негіз бар екенін көрсетеді.

Abai.kz

0 пікір