Трамптың «жеңісі» - қандай жеңіс?!
«Жеңіс сөзінің дәл бүгінгідей мәні кетпеген шығар» деп жазады Францпрес журналситі Андре. Екі апта атысты тоқтату туралы келісімнің ертесі күні Трамп әкімшілігі американдық қоғамдық пікірді «Эпикалық қаһар» операциясының үлкен жеңіске жеткеніне сендіруге тырысты. Қорғаныс министрі Хегсет АҚШ-тың жеңісін «таңғажайып жеңіс», «тарихи, басым жеңіс» деп жариялап, «Иранның әуе қорғаныс жүйелерінің шамамен 80%-ы, 450-ден астам баллистикалық зымыран қоймалары, 2000-нан астам әскери басқару орталықтары, әскери кемелердің 90%-дан астамы, мина төсейтін кемелердің 95%-дан астамы және зымыран нысандарының 80%-дан астамы» жойылғанын мәлімдеді.
Өкінішке орай, Иранның қалған зымырандары мен дрондарының ауқымы, Иранның әскери қуатын қаншалықты тез қайта жабдықтай алатыны жайында жеңімпаздар бірде-бір артық сөз айтуға тәуекел етпеді.
«Stimson Center» әскери сарапшысы Келли Глико кез келген соғыстың «саяси мақсатына жеткен-жетпегеніне қарап бағаланатынын» айтады. Ол бұл жолғы соғыста АҚШ әскери күштері операциялық және тактикалық деңгейде тамаша шабуылдады, жеке шайқастарда жеңіске жеткенімен, бірақ стратегиялық тұрғыда толық сәтсіздікке ұшырады дейді. Сарапшы оған мысал ретінде Иранның Ормуз бұғазын іс жүзінде бақылауда ұстап отырғанын алға тартады.
Көптеген сарапшылардың пікірінше, Иранның мұқият жоспарланған асимметриялық тактикасы Трампты қақтығысты тоқтатуға мәжбүр еткен. Атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенімен АҚШ Иран режимін құлату және оның ядролық бағдарламасын жою мақсаттарына жете алмады. Трамптың «толықтай берілу» шарты мен Иранның «он тармақты талабының» арасы жер мен көктей.
Шынында да, алты апта бойғы үздіксіз бомбалау АҚШ пен Израильдің мүмкіндіктерінің шектеулі екенін көрсетті. Трамп соғыс үшін жариялаған үш мақсаттың ешқайсысына - Тегеран режимін құлату, Иранның ядролық бағдарламасы (Трамп бірнеше ай бұрын «жойылған» деп жариялаған) мен Иранның баллистикалық зымырандарын жоюға қол жеткізе алмады. Шындық Трамп пен оның соғыс министріне ауыр соққы берді. Хаменеи өлтірілгеннен кейін билікке келген Иранның жаңа көшбасшысы өзінің алдындағыға қарағанда агрессивті және табанды қарсылық көрсетті. Соғыс Иранның 60% байытылған уранының ізін де тауып бере алмады. Иран ауыр әскери соққыға ұшырағанымен, қарсылық күші орасан зор болды. Бір жағынан, оның кластерлік бомбалары күтпеген жерден Израильдің «Темір күмбез» қорғаныс жүйесіне еркін енсе; екінші жағынан, АҚШ мүдделерімен күрделі байланысы бар Парсы шығанағы мемлекеттеріне айтарлықтай зиян келтірген дрондарының күші ерте бағаланбады. Иранның кейбір баллистикалық зымыран жүйелері АҚШ-Израиль шабуылынан жойылғанымен, сарапшылар Иран соғыстан кейін зымыран жүйелерін тез және жан-жақты қалпына келтіре алады деп санайды.
Трамптың ең үлкен сәтсіздігі жоғарыда аталған үш негізгі мақсатқа қол жеткізе алмауында ғана емес, жаңа үлкен кедергіге тап болуында: стратегиялық тұрғыдан маңызды Ормуз бұғазын Тегеранның жауып тастауында жатыр. Енді Ормуз бұғазы Тегеранның қолындағы көзірге айналды, олар тек «транзиттік алымдарды» жинауға дайындалып қана қоймай, Израиль келісімді орындамаса және Ливанды бомбалауды жалғастырса, бұғазды ашпаймыз деп қорқытуда.
Abai.kz