Балақ бау (Әңгіме)
Шал Қарагерге қамшы басты. Төрт қырлы келген сегіз өрмені тәніне тигізбей жүретін жануар қожайынының қатты ашулы екенін сезген. Сезген де сілтеген. Сілте жануар! Ашулы ақсақалдың жанарынан жасын сорғалата айызын қандыршы бір! Қарт шынында да түтігіп, әрі жылап келе жатыр. Үнсіз. Нұры тая қоймаған жанарынан парлаған жасты жел іліп әкетуде. Парласын! Бүгін парламағанда қашан парламақ? Көз жасы неге көл болып, көл суы әлемді неге қаптамайды? Қаптаса, шаң басқан қара жер шыңдардай тазарар еді. Тазарары сөзсіз.
Таудан құлаған қарт Түргеннің шатқалына ілікті. Шатқал іші қаракөлеңкеленіп, жаздың ұзақ күнінің кеші қашанғы әдетімен кешеуілдеп келе жатқаны байқалады. Қараш құз-шыңдарының бастары көкжиектегі күннің соңғы сәулесімен шағылып, суғарылған алмастай жалт-жұлт қағады. Жалғыз аяқ соқпақпен Қарагер де соқтыртып келеді. Тоғы тарқаған құр аттың тағалы табандары тиген тастардан от жарқ-жұрқ ете қалады.
Адам да, ат та асығыс...
Қарт қанша асықса да ауылға түннің бір уағында жететінін білді. Қалың шырша жамылған тау іші күңгірт тартып, кешкі салқын леппен суынып, бүкіл өлке суық тартқандай. Қарттың да көңілін белгісіз ызғар қарып, жан дүниесі құлазып келеді. Өткен ойға оралған сайын түтіккен ашу тарқап, сабырлылық билей бастаған. Сабырлылық соңы – сергек сана. Қарагердің де басын тартып, жол жорғаға түсірген. Жылқы да иесінің ығына жығыла жез таңдай қамшыға қарап қояды. Қайтсін есті жануар! Тәніне жылан қамшы тілін тигізбеуге үйренген ғой. Иесінің анда-санда ашуға мінетінінен сыралғы. Сынаптай сырғитыны да содан болса керек.
Ат үстінде жанарын алға тігіп, сирек кірпік қаққан қарт қыраны туралы жүрегі сыздай ойлап келеді. Бұл қыран көкірегіндегі көп ойын қозғады-ау... Қозғасын!.. Қыран ғой. Қыран. Алатаудың ақжағалы еді. Ақжағал. Қарт жеткенше аман болса болғаны. Ар жағын көріп алар. Аман болуға тиіс! Текті қыран тұқымы.
Орта жайлаудан ай-күннің аманында ат терлетіп келе жатқан қарт құсбегі. Құсбегі Есбол. Құсбегілікпен айналысқан бұл ауылдағы жалғыз жан. Бұған дейін бір адам болған, ол қазір жоқ. Із-түзсіз жоғалған. Ол өзі соғыстан кейін болған оқиға... Одан бері де қай заман? Алатаудың басынан қаншама рет қар көшкіні сырғымады? Адам өмірі жалғаса береді екен. Өмір өлмек емес. «Маңдайыңа жазғанды көрмей – өлмейсің» деуші еді үлкендер. Бәрі – бекер. Бекер!
Бекер болмаса Ербол құрдасы бұл дүниеде жер басып жүрмес пе еді?! Соғыс сұрапылынан аман-есен оралып, бір-ақ күнде ғайып болды. Мәңгілікке кетіп бара жатқанын білген жоқ-ау сол шақта. Білген жоқ. Бұл да білген жоқ... Ол рас! Қанша әуреленгеніңмен қайтып келер-келмесіңді білмес едің, қанша сәуегейленгеніңмен болашағыңды болжай алмас едің. Тағдырды болжап, өмірге сәуегейси алмайсың. Өмір деген мына Алатау болса, тағдыр сол таудың құздарынан құлаған көшкін. Көшкін кейде жолындағыны тамырымен қоса қопарып, жуып-шайып кетеді. Мың адамның тағдыры да, бір адамның тағдыры да көшкінге ұқсас. Көшкіннің қауіптілігі де осында... Тауда көшкіннен сақтан! Көшкінге кезіге көрме, тосқауыл тұра алмайсың.
Есбол қартты қоңырлап түскен кештей, біртіндеп келген ой ағыны шыжымдап өз тұңғиығына тарта берді. Қарагер де жол жорғалап келеді. Іңір қараңғылығы қусыра бастаған тау-лар ғана түксиіңкі. Түн баласында торыққан жандай түнере қалатын қарағайлы көкбұйра орман. Көзге ілінер атаулы қарауытыңқы. Салбыраған тау түні таяу. Тау іші тыныш. Арагідік шақырған байғыз үні, сарқыраған су сарылы ғана тыныштықты бөлуге тырысады. Бөтен-бастақ дауыс жоқ. Аспан төрінде жұлдыздар тууда. Олар да көбейе, жарығы молая түскен.
Түнді бетке ала суыт келе жатқан салт атты қарттың түрі өрт сөндіргендей түнере түсіп, қабақтары тау биіктеріндей түксиіп алған. Құрдасы Ерболды... соғыстан кейінгі сол жылдарды ойлап келеді. Қазаға ұшыраған Қарабас қыранды еске алып келеді... Сол бір жазықсыз жапа шеккен жанды бұл қанша рет еске алмады? Ербол құрдасы мұның ойына мәңгі оралғы болды. Ол қайтып оралмады...
Орала алмады! Соғыстан оралды, «ол жақтан» оралмады.
Ол екеуі соғыста бірге болмаса да, соғыстан ауылға бір күнде оралды. Екеуі де жас. Самайларын күзгі шөп басындай қырау шалған. Есболдың жеңіл жаралары болмаса, он екі мүшесі сау. Ербол оң қолдан айырылған. Талай елді шулатқан оң қол. Талай ер жігіттің мысын басқан оң қол – жоқ. Қол болғанда қандай? Ерболға ғана тән табиғаттың сыйы. Атан өгізді мүйізінен бұрап жығар оң қолдан шолтаңдаған тұқыл ғана. Оған да шүкір! Бірақ бір қол деген не, тәйірі! Ер жігіттің басы аман болсын!
Туған елге келген соң Есбол үйленді де, өгіз арба жегіп, малшы боп кетті. Соғыстан кейінгі арық-тұрық ауыр кез. Мал іші – молшылық. Мұның қолынан келетін де осы. Ішіп-жеуге де қысылмайсың. Қазіргідей емес, жер кең. Алдыңа мал салған соң аузың аққа да тиеді. Сонымен Есбол қойшы болып шыға келді. Өз ісіне тиянақты ол аз уақытта «атқамінерлердің» де аузына іліккен. Күйеуі соғыста опат болып, жастай жесір қалған Қанипа да бұған риза! Қырық алтыншы жылы тұңғышы Жеңіс дүниеге келген. Өмір өз арнасына аунаған бұлар үшін.
Жаз – жайлауда, қыс – қыстауда құрдасы Ербол соғып кетіп тұрады. Соғыстан келе ол саятшылық жолға түсті. Кеген жақтан сары қасқа ат алып келді. Алатаудың ақ иық шыңдарын ай шарлап жүріп қара барқын бүркіт балапанын ұясынан алды. Сол балапан басына пәле боларын ол ойлаған жоқ-ау! Ойлаған жоқ!..
Аулаған аңының тері-терсегін өкіметке өткізетін. Үйлене де қоймады. Ел ішінде еркек кіндікті аз. Жесір келіншек пен бойжеткен қыздар баршылық. Бірақ ол ауылда ешкімге мойын бұрып, қозғалған жоқ. Бір есептен онысы да дұрыс болды. Үйленгенде қайтер еді? Артында тағы бір шаңырақ аңырап қалғандай екен... Ауыл арасында: «Ербол Бақты жақта бір келіншекке барады екен. Келіншек жесір көрінеді... Е, бәсе, неғып бізге көз қырын салмайды десек, сол екен ғой суғарып жүрген. Әтек болмағанына шүкір десеңші!.. Сөгетінің сұлуларына да сол керек...» - деп, сыпсың өсек те шыққан-ды.
Есбол бірде осындай жел сөзді құлаққағыс еткенінде:
«Сен не, періште ғой деп пе ең мені. Менің де пенделігім бар шығар» деп зілсіз күлген Ербол. Содан кейін Есбол ол турасында сөз қозғамаған. Ербол жақ ашқан емес.
Ерболдың саятшылығын әркім әрқилы ұғатын ол кезде. Соғыстан соңғы уақыт қой... Бала кезінен аң-құс деп ауырып, тау бүркітіндей тау-тас пен орман-тоғайға баулынған жан дүниесін дәл қазір бөгде көз қайдан ұқсын?.. Адам жаны – жұмбақ... адам тәні – салмақ. Саятшылықты көзбен көріп, көңілмен сезіну қажет. Ол – кәсіп емес – өнер. Өнердің ішінде де өрені. Өзегің өртенсе де өрең жетпес, қырандай кірпияз өнер. Өнердің серісі, толғаулы торысы.
Ал сері жанын қай заманда да халқынан басқа жандар түсінбеген... Бұл да байыбына бара алмаған, бару үшін бастан кешу керек... Ербол өмірі де сондай.
Елу бірдің көктемі еді... Тау баурайында Есбол қой төлдетіп жатқан қарбалас уақ. Көкек айының қызған шағы. Бір күні колхоз төрағасының шабарманы келіп, НКВД шақыртып жатыр деп, ауылға асықтырып алып жөнелді. Кештетіп жетті бұлар. Колхоздағы мекеме үйіне ат басын тіреген. Төргі бөлмеде төрт адам отыр. Үшеуін танымайды. Есболдың аман-саулығына ешқайсысы жауап қатқан шоқ. Жақында ғана колхоз төрағасы боп келген арық адам үнсіз шығып кетті. Бұл үшеумен жалғыз қалған.
– Ербол Шормановпен сен соғыстан бір күнде келіп пе едің? - деп, үстелдің ар жағында отырған бірінші боп тіл қатты.
Қапелімде Есбол сасып қалған. Жылтыраған қара хром етігі ашық үстел астынан көрініп отырған әлгі адам қара мауыты кителінің төсіндегі қос қалтасының бірінен әлдебір қағазды үстел үстіне қойды да, мұның қарсы алдына отыруын талап етіп, сұрағын қайталады.
– Иә, бір күнде, - деді Есбол бос орындыққа отырып жатып.
Үстелдің екі басына жақын, мұны ортаға ала екеу қалғып отыр. Мұның бар-жоғынан бейхабар секілді кірпіктерін төмен түсіріп, көңіл де аудармай, назар да салмай немқұрайды маужырайды.
– Қалайша, қандай себеппен бірге келдіңдер? - деп анау сұрағын жалғастырды.
– Қалайы несі? Соғыстан келе жаттық қой, - деді Есбол таңырқап.
– Сен аңқаусыма. Екеуің бір жерде соғыспағандарың, бір күнде босап шықпағандарың маған белгілі. Оның үш ай бойы жолда жүргенін де білем. Есбол Тұрысбеков, сен ештеңені жасыра алмайсың. Сұраққа жауап бер: неліктен бір күнде оралдыңдар? - деп, бір сұрағын шегелей түсті хром етікті.
– Түсінсем бұйырмасын. Мен оны аудан орталығында жолықтырдым. Ауылға асықпаса, оның да себебі бар шығар. Оны мұнда күтетіндей жары да, жақыны да жоқ. Екеуіміз бір күнде туып, тел өскен құрдас ек. Соғыстан аман-есен келе жатқанымызға, Жеңіс құрметіне, есен-сау оралғанымыз үшін деп әскери салтпен сылқия тойып алғанбыз. Онда тұрған не бар? Қашқын емеспіз ғой... Жеңіс жауынгеріміз! - деп, Есболдың бойын қызбалық керней бастады.
Шалқайып отырған екеу орындарынан қозғалып қойды.
– Аха-а-а!.. Демек, оның қашқын болғаны рас қой. Әйтпесе, сенің аузыңнан мұндай сөз шықпас еді. Күткенім де осы еді. Осы сөз... қашқын....
– Қайдағы қашқын? - деп, Есбол сөзін бөліп жіберді. – Отаны үшін он екі мүшесінің бірін беріп келген адамды қашқын атауға қалай аузың барады?!
– Жә-жә! Аптықпа! Мүмкін ол әдейі кестірген шығар. Кімнің кім екенін білеміз... Сен онан да мынаны айт, - деп, сұрақ алып отырған бойын тіктеді. – Шорманов сенің үйіңде қонып жүреді екен ғой.
– Иә.
– Екеуің доссыңдар...
– ...әрі құрдаспыз.
– Олай болса, ол сенен ештемені жасырмайды емес пе?
Есбол үндеген жоқ. Сөз соңын күтті.
– Госпитальда қай жерде жатқанын сен, әрине, білесің. Госпитальдан шыққан соң ол қайда жүріп, қайда қойғанын айтпады ма?
– Жоқ. Ол айтқан жоқ, мен сұраған емеспін.
– Өте жақсы. Өз ізін, өз ісін жасыра білетін әккі. Мен сезгем. Жау деген үнемі жасырын жүруге тырысады... - деп, тергеуші миығынан күлді, – бәрібір әшкереленесің!
– Қайдағы «жауды» айтып отырсыз? Жауың кім, Ербол ма?
– Тұрысбеков, сенің шаруаң болмасын! Орынсыз жерге араласпа, өзіңді айналдырармын қажет болса... Сұраққа тыныш жауап бер! - деп ызбарлана қалды қара мауытты гимнастеркалы. – Сенің «досың» – Шорманов Батыс Украинада госпитальда жатқан. Жарасы, яғни кесілген шолақ қолы жазылар-жазылмастан қашып кеткен. Госпитальдан қашып кеткен соң, үш ай бойы қайда жүргенін ешкім білмейді? Жеңістен кейін неге қашқан? Қылмысым әшкереленеді деп қорыққан.
– Тағы қандай қылмыс? Қылмысы несі? - деді шыдай алмаған Есбол. – Жеңістен кейін туған жеріне асыққан да.
– Асықса, үш ай қайда қаңғып жүрген? Жо-оқ... Бұл жерде басқа мәселе... Әскери комиссариатта отырған ашық ауыздарды «Ақтөбеде, Оралда болдым» деп оп-оңай жер соқтырып кеткен. Бізді мұзға отырғыза алмайды. Анда-мында болдым деп сырғақтаған сөзінің сырын ашамыз. Біз ақымақ емеспіз... Мүмкін оның госпитальдан кейін Батыс Украинада аласұрған бендералармен бірге болғанын білетін боларсың?
– Бандера деген не? Қайдағы жоқты қайдан шығарасыз? Естіген емеспін.
– Естімесең, есті. Бендера – соғыстан кейін Украинада халық қанын төккен украин националистері. Ұлтшылдар. Жиырмасыншы-отызыншы жылдары Қытай асып қашып кеткен, кете алмағандары «халық жауы» ретінде атылған кешегі алашордашылар секілді... Шормановтың бендералармен болған-болмағанына кім кепіл? Кепіл жоқ. Демек, оның болғаны да анық.
– Жоқ! Сенбеймін! Жалған! Ол – адал жігіт, - деді Есбол есі шыға.
– Сен-сенбе – факт! Сенің сөзің дәлел емес, Тұрысбеков! «Орел», «Вольный», «Черный беркут» деген сөздерді Шормановтың аузынан естіген жоқсың ба?
– Жоқ! Жоқ!
– Ішіп жүргенде ше? Ішіп жүргенде айтады дейді. Украин националистері жөнінде ештеме бықсытпады ма? Жасырма, Тұрысбеков! - деп қадала түсті қара етікті.
– Жоқ! Жоқ! Жоқ! - деп айқайлап жіберді. – Ол – құсбегі ғой.
– Міне, міне! Ол тегін бүркітші болып жүрген жоқ. Құсбегі болуында мән бар. Бүркітші, аңшы атын жамылып, тау арасында қырғыз бен қазақтан қашқан-пысқандарды ұйымдастырып жүрмегенін қайдан білесің?.. - деп, ақсұр тергеуші сынай қарады. – Қазір адамдарға сенуге болмайды. Соғыстан оралғалы еш жерде жұмыс істемеген, аңшымын деп елді алдап жүр. Колхоз төрағасын адам құрлы көрмейді. Неге үйленбейді? Неліктен күйеуі із-түзсіз, хабар-ошарсыз кеткен жесір келіншектің үйіне қонады? Бұған не демексің, Тұрысбеков?.. Шорманов ол жесірдің күйеуінің қайда екенін білетін шығар. Соғыстың басында жесір келіншектің күйеуі де Украина жерінен үйіне хат жазған ғой. Содан бері хабарсыз. Мүмкін күйеуі Батыс Украинада бендералармен бірге болып, бұған кезікпеген де шығар... Білмеймін дейсің – білмейсің! Аң – жымын, жау – дымын сездірмейді. Бәрібір мойындайды ол. Мойындатамын!
– Өтірік! Мүмкін емес. Жала!.. Сенбеймін мен, сенбеймін! - деп Есбол ышқына орнынан атып тұрып кетті.
Екі жағында ұйқылы-ояудай қалғып отырған қара киімді екеу Есболды шап беріп, күшпен қайта отырғызды.
– Жала емес, жалған емес – шындық. Ол жау... Колхоз председателі сен секілді перғауын емес қой. Оның айтқаны – ақиқат! - деп зілденді тергеуші. Өңі қуқыл тартқан.
– Сонда куәгерің колхоз председателі ме? Кеше келген ол қайдан біледі екен?
– Онда шаруаң болмасын! - деп ақырып жіберіп, тергеуші орнынан тұрып кетті. Бойы сымдай тартылған. Әлі жас. Қырыққа келе қоймаған. – Шорманов дегенде шығарда жаның басқа. Онымен өзің де сыбайлас боларсың. Сыбайлас десем қайтесің?! – Есболға сынай қарады. – Өңің бұзылып кетті ме? Солай... жаның алқымға келгенде жақыныңды да жағасынан аласың... Жә-жә! Сені де тексергем: екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен наградталған екенсің. Шорманов секілді жау тылында партизан болмапсың. Өткенің көлеңкелі емес. Колхоз председателіне рахмет айт!.. Сол сауға сұрағандай болған соң... алдыңда халық малы бар екенін, көктемгі төлдету кезі... Алдыңа салған малың аман. Председателіңнің көзқарасы жақсы... – Ескертемін дегендей көзінің ұшымен қарап қойды.
– Шорманов та медальмен наградталған ғой. Украинада партизан болғаны айып па? Қоршаудан құтылған соң, партизан отрядына тап болған ғой, - деді Есбол күмілжи.
– Партизандарға қандай мақсатпен қосылғанын сен білмейсің. Ол «завербованный» болып қосылған, - деп тергеуші орнына келіп шалқая отырды. – Ол қазір Алматыда «демалып» жатыр.
– Қайтіп?.. Қалайша?.. - деп, Есбол өзіне-өзі сөйлей берді.
...Сол түні Есбол Тұрысбеков құрдасы Ербол Шормановты ойлай кері қайтқан. Түн тастай қараңғы. Көзге түртсе көргісіз. Аспан әлемін айыру қиын: жерге жарық сәулесін түсіретін жұлдыздар жоқ. Бәрі де жасырынып қалғандай. Төңіректі тұтас тұтып, бүркіттей бүріп алған бұлт.
Тылсым құшағына тоғытқан түннен ай мен күнге шағылысар тәкаппар шың-құздар да қорғалаған. Албастыдай басқан ауыр түнде екі иініңді көтертпестей белгісіз бір күш бар. Осы басып тұрған белгісіз күштің ырқына көнген бар маң барлығы іштен тынып, жарылып кететін жарадай сыздап, әлденені күтіп жатқан секілді. Әлде, көктемнің қуатты найзағайы ойнайтын нөсерін күтті ме?.. Әлде, қалың қара бұлтты ыдырата қуатын көктем дауылын күте ме?.. Әйтеуір, табиғат талағы тарс айырылатыны ақиқат. Оның да өз мезгілі бар. Өзіне ғана аян. Бәлкім таң қараңғысында... бәлкім таң рауанында...
Бұл кезде Есболды айсыз түнде басқа бір ашқарақ ойлар қамап келе жатты. Не ұшы, не түйіні, не байламы жоқ ойлар. Ауыл орын тепкен жазық даламен ұштасқан тау етегі – Түрген шатқалының аузына іліккенде, алдынан таудың ызғарлы лебі лап қойған. Сонда ғана суық леп сергіткендей әсер еткен. Көкірегін кере тыныстады, бірақ ар жағы тыншымады... Шатқалды құлдай соғып тұратын кәдімгі суық леп. Тұла бойы тамұққа түскендей бір ысынып, бір суынып, жон арқасын жылан жорғалап өткендей мұздатып, сұп-суық терді маңдайынан шып-шып шығарып, қарадай қысылтқан даланың ауыр түнінен құтылғанына қуанатындай бұл. Жо-о-оқ. Қуаныш емес бұл. Жай ғана адам сезімін селт еткізетін табиғат самалы ғой. Сансыраған санаңды сергітетін самал. Тау самалы. Ызғарлы самал.
Кеше ғана осы бір самалмен Ербол екеуі бірге тыныстап еді-ау! Бүгін ол – «жау». Ел аман, жұрт тынышта қайдағы жау?! Диверсия... диверсия ұйымдастырғалы жүр. Кіммен? Айдалада мал баққан мұнымен бе? Қырғыздар мен қазақтар... жо-жо... атама аузың күйгір! Қылған қылмыс, жазған жазығы жоқтығына – ақ бас Алатау, қара бас қыраны куәгер. Қыран демекші, Қарабас қыранының тағдыры не күйде екен? Ақшулан бөріге де айқасқа түскен айтулы ақиық еді!.. Қайдағы бір құсты есіне алғаның не, нақұрыс!
Бар пәле колхоз төрағасынан келген. Бәріне кінәлі сол! Председатель түлкі терісін сұраған екен. Ербол бермей, екеуі ит жемегенді жесіпті деп, көрші отырған шопан айтып еді. Жел тұрмаса, шөп басы қимылдамайды... Бәрінен де әлгі үшеуінің Ербол жайлы қайдағы-жайдағыны қиыстырып соғатынын қарашы! Жоқтан бар жасап, жауырдан жаба тоқуға шебер-ақ. Қалай да «жау» деген жаланы жабу, тіліңді тістетіп отырып таңу. Әйтпесе бұл екеуінің өмірлері өзектес, тағдырлары тамырлас... Отыз екінің азуын білеген аштығында Есбол әке-шешеден, Ербол жалғыз анасынан айырылып, қайыр тілеп, Алматы асып кеткен. Көк базарда көрінгенге көз сатып жүргенінде әлдебір қайырымды жанның қолына түсіп, пансионат паналаған. Кейінірек пансионаттан да бірге қашып кетті. Тағыдай тауда туып, тауда өскен олар қайдан тұрсын. Бір-ақ күнде жоқ болды.
Ауылға аяқ басып, табан тіреді. Аштықтың азабын арқалаған, тігерге тұяқ қалмай тұралаған ел еңсесін әлі көтере алмаған кез. Кешегі қалың елдің іргесі іріп, қанаты сөгіліп, ат-көлігі бар жұрт ауып, селеудей селдір тартып, аштан өлгені өліп, өлмегені – балапан басына, тұрымтай тұсына қаңғып кеткен уақ. Есбол там-тұм қалған туыстарына тұрақтады да, туған-туыссыз тұлдыр қалған Ербол әркімнің үйінде жүріп, кейіннен аңшыларға ілесіп, Алатау кезіп, арқар атып кеткен. Саятшылыққа үйренді. Табиғат бойынан рақат тауып, ләззат алдырған саятшылықты өнер тұтып, қыстың көзі қырауда салбурынды мұрат етті. Ол кезде Ербол басына саяткерлік сақина болар деп кім ойлаған?..
...Бүгін де Есбол қартты өткен-кеткен өмілдіріктеп алған. Өткенге оралу – өзіңді тану, өзгені тану. Өткеннің бәрі өкініш емес. Кешегің арқылы бүгініңді түсінетінің белгілі.
Бүгін де түн. Түн ортасы. Төңкерілген алып қазандай аспан аясында шүпірлеген жұлдыздар: бәрі де сәуле шашады. Тек, ақ жолақтана шаңытып Құс Жолы жатыр... Бүгінгі түнде де Есбол жолда. Жол ұзақ. Ой да ұзақ... Жылдар жылжыған сайын уақыт көп нәрсені ұмыттырады екен. Тіпті соғыстың көп сәттері көмескі тартқан. Бірақ елу бірдің көктемі мен адам тағдыры бір сәт шыққан емес. Кейін Ербол ақталды да. Бірақ Есбол миының бір бұрышын ызғар қарып тұратындай. Сол бір түні өзінен жауап алған жандарды да бұл әлі күнге білмейді... Суық сөз... Суық ызғар... Осы бір суық сезім сөнбей-ақ қойды. Бұл сезім, бәлкім, сол түні Түргеннің шатқалы аузынан қарсы алған ызғарлы лептен бастау алды ма екен? Қайдам!
Қарт Қарагерімен шатқал ішінде әлі келеді. Түн. Айсыз аспан көкпеңбек, тұп-тұнық. Гауһар жүзіктей жылтылдаған көп жұлдыздар. Таулар тұңғиық түбіне батып шыққандай шымқай көк. Маңай көзге көмескі шалынады. Жол танабы – жолақ. Тыныштыққа ұйыған табиғат бөбегін әлдилеген бесік жырындай бірқалыпты сарқыраған тау суы.
Қарт терең де кең, ащы ішектей шұбалған шатқал аузына таяу қалғанын сезді. Сезді де баяу келе жатқан Қарагерді тебініп қойды. Қарагер аяңнан жол жорғаға ауысты. Шатқал аузынан жазық дала басталады. Ары қарай тас жол. Атының бауырын сонда жазбақ қарт.
Осыдан бір жұмадай бұрын Нарынқол жақтағы ағайынына топырақ салуға Қарагермен аттанған. Бүгін... тух, түн ортасы ауып кеткен екен ғой... кеше түс қайта оралған-ды. Келсе, киіз үйдің алдында «әткеншек» теуіп, «желдеп» отыратын қыраны жоқ. Өзінің де қыраны емес. Немересінікі. Осыдан үш жыл бұрын кешегі Нарынқол жақта қайтыс болған ағайыны: «Қартайып қалдым. Бұрынғыдай денсаулығым жоқ. Немереңнің құсқа деген құштарлығы бар екен. Өз тұқымымнан ондай ешкімді байқай алмадым!.. Мына қара бас балапанды жақында Хан Тәңірінің бір биігінен алып едім. Қайсарыңа тарту еттім! Тырнағы толымды, тұмсығы қанды қыран баптаған құсбегі болсын!» - деп, өзі бірге еріп кеп, Есбол мен немересін бір айдай құсбегілік сырына қанықтырған.
Балапан күнінен қыран қарт пен Қайсардың сылап-сипауымен бапқа түскен. Мойын тұсы ақшыл болғаннан Ақжағал атап еді Есбол қарт. Мінезі мінді: қарт пен баладан басқаны бөтенсініп өскен. Тамақты таңдап жейтін кірпияз. Ашуланшақ. Шатақ. Жемі келіспесе, лоқсып құсып тастайтын да, қатты ауырып қалатын. Ондайда күтім керек.
Сонау ашаршылық жылдарында Қытай асып, кейін туған жерге қайта оралып, Нарынқол маңын мекендеп қалған ағайыны бір келгенінде: «Ақжағалдарың текті қыран екен. Қыранның қиқар мінездісі – бекзаттықтың белгісі. Келе-келе қасқырға салуға жарап қалар. Әзірге жас» деген еді. Бүгін немересі екеуі талай түлкіге салған қыран жоқ.
Келіні именшектеп отырып бар жайды баян етті...
Қарт келерден үш-төрт күн бұрын атқа мініп, мылтық асынған үш адам үйге түсіпті. Шәй-пәй, қымыз ішкен соң бүркітті алып кетуге келгендерін айтады. Келіні бермеймін деген екен, тартып әкетеміз, «Аңшылық билеті» де жоқ шалдың, керек болса, «Қызыл кітапқа» енген құсты қолда ұстағандарың үшін 500 сом айып салам деп қоқиланып, алып кетіпті. Кетіп бара жатып: «Егер мені іздесе, шал ауылға келсін; ауданнан ауысып келген охотинспектор Аманжолов боламын, бүркітке Алматыға барып рұқсат қағаз алсын; құсы қайтарылмайды, қажет болса зоопаркке өткіземін» дейді айғайлап.
Мұны естіген қарт үнсіз тілін тістеп, қаны басына шауып, келініне ештеме айта алмай бұрылып кеткен. Малда жүрген жалғыз ұлына да ызасы келеді. Қалай қаны қайнамасын? «Иесіз үйдің иті үрместің» кері ғып көпе-көрнеу зорлықпен әкеткен. Бір амалын таба алмай тұрғанда жайлауға айына екі-үш келетін автолавка көрінбесі бар ма. Көкмайсаны жапыра жеткен магазин-машина кілт тоқтады қасына.
Кабинасынан секіріп түскен немересі Қайсар:
– Ата, неге бердіңіз бүркітті? Неге? Не жазығы бар еді? - деп, қартты құшақтай алды. Ағыл-тегіл жылаған қалпы: – Мені неге күтпедіңіз, ата? Менің қыраным ғой... - дей берген.
– Қоя ғой, құлыным, қоя ғой! Алып келем, құлыным, қоя ғой! Алып келем, құлыным, алып келем! Жыламашы, құлыным! - деді қарт кемсеңдей.
– Ақжағалды өлтіретін болыпты олар, ата! Оған шошқаның майын беріп, бабынан бұзып тастапты. Ата-ау, жемсауы майланғаннан кірпиязданып, лоқсып құсып отыр. Екі көзі шарасынан шығып, ешкімді маңына жуытар емес. Ата, құтқара гөр оны! Аманжолов өлтіреді оны. Құтқар, ата, құтқар! - деп, Қайсар қарттың сай-сүйегін сырқыратып шырылдай берді.
Қарт ержетіп қалған немересін бауырына қысып, көз жасы әжімді жүзін жуып, аузына сөз түспей егілді дейсің!
Шалды аяп кеткен дүкенші-шофер жігіт:
– Ақсақал, қапаланбаңыз! Ақжағал аман. Аздап ауырып тұрғаны рас, - деп басу айтты. – Немереңізді Аманжоловтың үйінен отырғызып алдым. Мен де көрдім. Аманжоловтан бәрін де күтуге болады. Келе сала малшылардың талай мылтығына «паспортсыз» деп қырғидай тиіп, қой берсе қайтарып берген ғой. Қазір қорасын қойға толтырды. Сөз ләміне қарағанда сізден дәметіп жүр, шамасы.
– Бүркіттің балақ бауы да жоқ. Темір қазық қағып, сирағынан асыл сым темірмен байлап тастапты. Сым темір сирағын қиып кетіпті, ата! Жанына жуынып-таранатын су да қоймапты. Ата, қыран қоясымен қоса қан құсып отыр! Ол өледі, ата! Өлтіреді аналар!.. - деп бала жерге жата кетті.– Қара шешен мен Аманжолов мені сабап салды, ата!
– Не? Не деп кеттің сен, қарағым!.. - деп айғайлап жібергенін қарт өзі де аңғарған жоқ. – Тоқтай тұр, иттің баласы! Қайдан келген пәле болсаң да көріп алдым, Ерболдың жолын құшсам да, қамшымен жон теріңді сыпырып алармын! – Ол жаңа ғана алыс жолдан қаңтарулы Қарагерге жүгірген.
Енді міне, Қарагермен жолда...
Балақ бау дейді-ау немересі. Балақ бау... «Балақ бауынан бір айырылған құс – бағынан айырылған құс. Тегінен айырылып, тұғырынан таяды» деуші еді нарынқолдық марқұм ағайыны. Әттеген-ай! Тоқта-тоқта! Ерболдың қыраны Қарабас тап түбінен шорт қиылған балақ бауымен кез болып еді-ау бұған. Иә, иә! Дәл солай!.. Ербол сонда Қарабасты балақ бау сақинасымен жіберген екен. Сақинаның да сыры бар боп шықты. Иесін ұмытпай жүрсін деген ғой. Қайтып келем деп ойлаған-ау, бейшара!.. Япыр-ау, сол өзі қашан кез болып еді? Осыдан он жылдай... жо-жо... жиырма жылдан астам... Алатауда өрт болды. Түргеннің терең шатқалы әлде найзағайдан, әлде адамнан отқа оранды. Өрт жарты айдан астам уақытқа созылған. Түнде қарасаң шатқал ішін қызған көрік дерсің. Алауы Қараштың биік шоқысына түсіп, құзар жартасты Қарашқа жан біткендей қалбаң қағады.
Өртті сөндіруге берісі – Алматы, арысы – Мәскеуден арнайы адамдар сабылды. Қаншама солдаттар мен қаншама халық қарсы тұрды.
Шатқалдың басында мал бағып отырған бұл өрт күшейе Қараштың иығына түйемен көшкен. Бұл жерден шатқал алақандағы әжімдей көрінетін. Бір күні түске тарта қойын Қарашқа қаптатқан Есбол жанып жатқан төмендегі шатқалдың үстін бойлай ұшып жүрген инелік құсаған пәлені көрді. Сәлден кейін әлгі инелік тектес неме дүрілдеген қалпы тау-тасты жаңғыртып, мұның тұсынан өтіп, Қараштың қарлы құзын шыр айналып көрінбей кетті де, көп кешікпей бұған қайырыла тақай берді.
Бұл – Есболдың вертолетті жақыннан тұңғыш көруі.
Осы тұста болды бір керемет! Төбеде күнде қалықтап жүретін түңліктей тау қыраны аққан жұлдыздай қиғаштап кеп, инелік сияқты әлгінің күнге шағылысқан әйнегіне соғылды. Қас пен көздің арасында болған сұмдық ғажайыпқа Есбол аузын да ашып үлгермеді. Қауырсыны қобырап, қанаты кең жайыла қыран жерге қарай құлай берді. Жер бауырлап ұшып келе жатқан инелік іспеттес, ау дегенде жоғары шалқалақтап, артынша төмен сорғалай, оңды-солды бұрыла шайқалақтап, әрі-беріден соң ғана қалпына келіп, бұдан алыстау барып қонды.
Не болғанын енді ғана аңғарған Есбол құлап жатқан қыранға қарай далақтап тұра шапқан. Бүркіттің шалқақ төс сүйегі сынып, жемсауы шашылып, қарабарқын кеуде жүнін қарақошқыл қан мен қорытылмаған жемі былғапты.
Сирағынан көтеріп алмақ еді, көзі оң аяғындағы жалпақ, сақина қайысқа түсті. Сонда ғана Ерболдың Қарабас қыраны екенін таныған. Таныған да үнсіз жылап жіберген. «Қайран, Қарабас, мерт болдың!... Қайтейін!» Қарабастың қос қанатын аттың қос қапталына төгілте жер сыздырып, инелік секілдіден әлдекімді түсіріп, әбігер боп жатқандардың қасына жақындаған. Олар да бұған асығыс қарап қойып, көкмайса үстінде жатқан адаммен әуре.
Қан басқан жанның жүзін жуып-шайып, бүкіл бет-әлпетін ақ дәкемен таңып тастады. Сонан соң ғана ат жетектеп, қыран артқан Есбол қасына екеуі келді. Біреуі жараланған жігіттің жанында қалды.
Жүздері өрт сөндіргендей, амандық-саулық жоқ:
– Твой беркут? - деп дүрсе қоя берді жастауы.
– Подожди, Серега? – деді қасындағы жігіт. – Кешіріңіз, бүркіт сіздікі ме? - деді бұған қарап. – Қазақша сөйлей беріңіз. Соғыс кезінде мені қазақтар асыраған.
– Жоқ, менікі емес, таудікі, - деді бұл әрі таңырқай, әрі әңгіме қысқа болсын деп.
– Бүркіт сізді қызғанды ма, мекенін қызғанды ма, әлде көгін қызғанды ма, әйтеуір біздің жолдасымызды қатты жаралап тастады. Екі көзі көрмей қалуы да мүмкін... - деп, ер үстінде екі сирағы екі жаққа кетіп жатқан бүркітке жақындады да, жұлып алғандай: – Сіз неге бізді алдайсыз? Мынау қолға үйретілген ғой. Сирағындағы сақинаны қараңыз. Неге жасырдыңыз? Әлде қорықтыңыз ба? - деді ұшқыш жігіт түтіге.
– Қол бүркіті екені рас. Бірақ менікі емес, - деді Есбол ашулана.– Өзім де көп жылдан бері бүгін көріп тұрмын. Ие-сін сирағындағы сақинадан, өзін сол балақ бау байлаған иесі арқылы танып тұрмын.
– Иесі қайда?
– Баяғыда-ақ жер бетінен жоғалған. Қыраны Қарашты мекендеп жүргенін білмеппін ғой... - деп жанарына жас тығылды.
Бүркітті үйге алып кеп, кеудесін жуып, дәкемен таңып, ертесінде таң бозынан Қараштың құзының арасына арулап тұрып көмді. Білеудей білезікке мүйіздей қатып қалған қайыс балақ бау сақинасына тиген жоқ.
Өзімен шірісін! Қыран басына көзіне жас ала отырып құран оқыды.
...Қарт Қарагерімен Түргеннің аңырайған аузына да ілікті. Түн ортасы ауып кетсе керек. Қырғыз жақтан толыса қоймаған қиғаш ай көтеріліп келеді. Маңай бозаң. Қарсы алдында жазық даланы төрт бұрыштап кесіп-пішіп тастаған егіс алқаптары мен бау-бақша танаптарын қоршаған талтерек. Әр жерде шашылған көп ауылдардың электр жарығы. Қарт кеудесін кере кең тыныстап алды да, Қарагерді шірене тебініп қап, қамшымен көміп-көміп жіберді. Жайбарақат келе жатқан жануар орнынан сақпанша атылып кетті де, жебедей зулай жөнелді.
Қарт бәйгеге шапқан баладай еңкейіп алған.
Асқар Алтай
1987 жыл, қараша -1988 жыл, қаңтар.
Abai.kz