Мәдениеттің мәңгілік миссиясы
Мәдениет дегеніміз тек қана сахна, кино, кітап, ән-жыр мен күй емес
Күні кеше Қазақстанда Мәдениет және өнер қайраткерлерінің күні аталып өтті. Несін айтайық, рухани өмірге өз үлесін қосып жүрген кауымды құрметтеудің тәп-тәуір дәстүрі қалыптасып келеді. Өкімет те бұл жолы жомарттық танытып, марапаттарын аяған жоқ. Өз басыма бұрын әртүрлі себептермен еленбей келген белгілі тұлғалар мен ауыл-аймақтағы қатардағы мәдени сала қызметкерлерінің мемлекет тарапынан лайықты бағасын алғаны ұнады.
Билікті қанша сынап-мінеуге әуес болсақ та, бір нәрсені мойындауымыз керек: Жаңа Қазақстан тұсында рухани өмірге, мәдениет пен өнерге, әдебиетке деген билік жағынан біршама бетбұрыс бар. Объективті және субъективті экономикалық қиындықтарға қарамастан, жыл сайын бұл салаға қомақты қаржы бөлініп келеді, жап-жақсы жобалар жүзеге асуда.
Тіпті, Мәдениет және ақпарат министрінің мәртебесі вице-премьерге дейін көтерілуінің өзінде бюрократиялық, аппараттық қана емес, одан да терең мән бар екені анық, өйткені Мәдениет министрі ендігі жерде осы әлеуметтік саланы үйлестіріп, үкіметтің басқа мүшелеріне де тікелей тапсырма бере алады.
Рухани өмірдегі көп жаңалықтың ішінде президент Тоқаевтың кітап оқуға қатысты бастамалары әбден құптарлық. Көптеген креативті жобалар жүзеге асуда, қазақ әдебиеті жаңаша кезеңге қадам басқандай, кітапханалар қайта түлегендей. Нәтижесінде қоғамда кітап оқуға деген ынта артқан сықылды.
Алайда, дәл осы мақсат жолында кей кезде науқаншылдыққа бой ұрып кетуге болмайды. Меніңше, кітап оқу сияқты аса интимді әрі МӘДЕНИЕТТІ шаруа дандайсу мен мақтаншақтықты көтере бермейді, кітап оқып, оны тоқыған адамның жүріс-тұрысы басқаша болады. Бәрін айт та, бірін айт, бізде кітаптың бағасы, жанармайдың бағасынан бетер ушығып тұр емес пе?! Кітап оқитын ұлт қалыптастырғымыз келсе, неге кітаптың бағасын арзандатуға бағытталған экономикалық шараларды қолға алмаймыз?!
Сонымен бірге, біз «МӘДЕНИЕТ» деген аса ауқымды ұғымды тым тар мағынада түсініп жүрген жоқпыз ба?
«МӘДЕНИЕТ» десе болды, біз тек қана өнер және әдебиет қайраткерлерін, сахна мен киноны, сурет галереялары мен музейлерді, үлкенді-кішілі мәдениет сарайлары мен ауылдағы клубтарды көз алдымызға елесетеміз.
Меніңше, өнер мен әдебиетке елден ерекше қабілеті бар бір қауым ағайынның күнделікті еңбегінің нақты нәтижесі болуы тиіс. Және де ол тек қана кітап таралымы, көрермен санымен өлшенбеу керек сияқты.
Біздің түсінігіміздегі салалық МӘДЕНИЕТТІҢ ең маңызды һәм мәңгілік миссиясы сол: ұлттық МӘДЕНИЕТ негізінде баршаны өркениеттік құндылықтарға баулу, әрбір адамның мен қоғамдық қарым-қатынастардың МӘДЕНИЕТІН қалыптастыру. Әйтпесе, оның не керегі бар?!
МӘДЕНИЕТТІ адамның МӘДЕНИЕТСІЗ адамнан айырмашылығы неде?
Әрине, ең алдымен, білім мен тәрбиені атаймыз.
Дегенмен, мен үшін МӘДЕНИЕТТІ адамның анықтамасында «талғам» деген адам өмірінің бар саласына қатысты категорияның орны бөлек. Салалық МӘДЕНИЕТ дәл осы талғамды қалыптастыруы керек деп санаймын.
Иә, Жаңа Қазақстан тұсында рухани өмірде, өнер мен әдебиетте әртүрлі жанрда тамаша туындылар дүниеге келіп жатыр. Әсіресе, жастарымыз жойқын!
Алайда, «классикалық әдебиет», «классикалық өнер», яғни, оқырман, тыңдарман, көрерменның биік талғамын қалыптастыратын шығармалар өнер мен әдебиет ауылынан алыстап бара жатқаны да жасырын емес.
Сөз жоқ, өнер мен әдебиетке де соны ізденістер, эксперименттер, жаңа формалар керек. Заман мен қоғам талабы сондай. Алайда квази, яғни қолдан жасалған жаңалықсымақтармен атын шығарғысы келетіндер де жоқ емес. Талғамы мен талабы төмен «масс-мәдениет» деген де заман қарқынына ілескісі кеп, аудиторияны басқаша тәрбиелеп жатыр.
Сонымен бірге, МӘДЕНИЕТ - өте-мөте кең әрі терең ұғым һәм құбылыс, және де ол тек қана рухани салаға қатысты болмауы тиіс!
Сол себепті МӘДЕНИЕТТЕНДІРІЛУІ тиіс мемлекет өмірінің басқа да салаларына көшейік.
Экономиканы алайық. Бізде үкімет пен отандық бизнестің арасында бір-бірін құрметтеу МӘДЕНИЕТІ қалыптасқан ба? Жер қойнауында Менделеев таблицасының барлық дерлік элементі бар Қазақстанның ұлттық табысы ат төбеліндей заманауи шонжарлардың қолынан алынып, халықтың, барлық азаматтардың игілігіне айналды ма? Айтпақшы, ішкі жалпы өнімнің қанша проценті МӘДЕНИЕТ саласына жұмсалады?
Әлеуметтік саланы алайық. Халық салығынан құралған бюджет қаржысы әділетті түрде, әлеуметтік жағынан қорғалмаған қауымдастықтың мүддесі толық ескерілетіндей МӘДЕНИЕТТІ түрде бөліне ме? Жемқорлық арқасында емес, адал еңбегімен табысты, дәулетті болған азаматтарға қоғам тарапынан көзқарас соншалықты МӘДЕНИЕТТІ ме?
Құқық қорғау жағын алайық. Бізде сот пен құқық қорғау органдарына күні түскен азаматтармен мантиялы һәм погонды шенділер МӘДЕНИЕТТІ түрде сөйлесіп жүр ме? Азаматтардың арыздарын әділ түрде, ешкімді алаламай қараудың МӘДЕНИЕТІ бар ма?
Жария саясатты алайық. Жалпы алғанда, бізде үлкен саясаттың өркениетті МӘДЕНИЕТІ түзелген бе? Саясатты тек билік үшін талас не бір топтың екінші бір топпен тайталасы (тақталасы) деп қана тұрпайы түрде түсінуден арылдық па? Кез келген саясаттың басты мақсаты ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысында жүргізілуі тиіс емес пе? Адамзат дамуының осы бір аса маңызды, кезекті сатысына біз қадам бастық па? Неліктен биліктің жанды жеріне тиетін сын айтқан немесе биліктің рұқсатысыз белсенділік танытқысы келетін азаматтар мен топтар сол сәтте не заң бұзушы, не, бетін аулақ қылсын, радикал не террорист боп шыға келеді?!
Бізде демократиялық елдерге тән плюрализм, пікірталас МӘДЕНИЕТІ өмір салтына айналды ма?
Қоғамдық қарым-қатынастарды алайық.
Өкінішке орай, қоғам әлі де қақ жарылған, билік пен халық арасында өркениетті, президент айтқан «әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатына сай тиімді әрі балама пікірді ескеретін қарым-қатынас қалыптаса қоймаған.
Бір жағынан, биліктің құлағына тек мақтау жағатын сықылды, үлкенді-кішілі шенділер сынды көтере алмайды.
Екінші жағынан, әрине, сын керек, сонымен бірге, сын түзелмей, мін түзелмейді. Плюралистік қоғамның кей бөлігінің де өз кінәсі бар: «сындарлы сын» деңгейіне жете қойған жоқ. Неліктен билікке қатысты оңды-солды, кейде ешбір дәлелсіз сын айтқан кез келген адам «батыр», ал кейде бой көрсетіп қалатын биліктің жақсылығын айтқан адам міндетті түрде «сатқын» не «тапсырыс орындаушы» боп шыға келеді? Биліктің бірді-екілі оң бастамаларын қолдаймын деп, өзім де әсіре ағайыннан таяқ жеп қалғанмын.
Бағамдайықшы, күн сайын үдеп бара жатқан қоғами сынның артында не тұр?
Шынымен де ел қамын ойлау ма? Әлде билік үшін талас па? Әлде топаралық тартыс па? Әлде билік басындағы немесе ашық саясаттағы нақты тұлғаларға деген реніш, жеккөріншті көзқарас, қызғаныш, кекшілдік, саяси вендетта ма?
Осының бәрінің ақ-қарасына жету үшін бізге, сөзсіз, озық үлгідегі саяси МӘДЕНИЕТ керегі анық!
Күйбең тіршілікті алайық. Чехов айтпақшы, «Адамда бәрі де тамаша болуы керек: бет-әлпеті де, киімі де, жаны да, ойы да». Сондай ағайын арамызда көбеюде ме? «Киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» қағидаты бізде сақталған ба?
«Өлім байдың малын шашады, жоқтың артын ашады». Тойлар мен астардағы шектен шыққан астамшылдық – өз алдына бөлек бір әңгіме. Басқасын айтпағанда, қарызданып, туыстардан жылу жинап, «басқалардан кембіз бе?» деп, бейіт басына бағасы удай, зәулім де қымбат ескерткіштер салу ше? Айтпақшы өз басым, той мен аста үлкенді емес, шендіні күткізіп қою әдетін мүлдем қабылдай алмадым!
Бізде бай не лауазымды болмаса, МӘДЕНИЕТТІ адамды қадірлеу орнына МӘДЕНИЕТСІЗ болса да, қалталы не басшы қызметтегі адамды құрметтеу әдеті жойылды ма? Жалпы бізде МӘДЕНИЕТТІҢ культі орныққан ба?!
Осы салаларға тікелей ықпал ете алатын ел басқару ісін алайық. Бізде билік пен қоғам арасында жанды, МӘДЕНИЕТТІ диалог орнады ма? Ауыл әкімдерінен бастап Астанадағы басты шенділер қарапайым адамдармен өзін ізетті, сыпайы, сыйластық пен қадір-құрмет тұтып, сөйлесіп жүр ме? Шенділік шікіреу, әкімдік әкіреңдеу, министрлік менменшілдіктен біржолата арылдық па?
Қорыта айтқанда, МӘДЕНИЕТ салалық ұғымнан жалпыұлттық деңгейге жетіп, өмір салтына айналуы үшін мемлекет өмірінің барлық салаларын міндетті түрде МӘДЕНИЕТТІ адамдар басқаруы тиіс.
Әкім мен министрлер қызметке тағайындалуы алдында өзінің салалық білімі мен біліктілігі, кәсіби деңгейімен қатар эрудиция, интеллект, МӘДЕНИ деңгейінің тестінен өтуі шарт!
Менің ұғымымда әлемдік тарихтан, әдебиет пен өнерден хабары мол, ішкі МӘДЕНИЕТІ бар адам дарақы да дөрекі болмайды, ешқашан да авторитаризм мен жемқорлыққа салынбайды, ел алдындағы міндетін мінсіз атқарады, оның бір себебі сол – олар автократтар мен парақорлардың қалай шарықтап, биікке шығып, сосын қалай құлдырағанын біледі. Сол себепті олардың тағдырын қайталағысы келмейді.
Лайым солай болсын!
Әміржан Қосан
Abai.kz