Дүйсенбі, 18 Мамыр 2026
Әдебиет 247 0 пікір 18 Мамыр, 2026 сағат 13:09

Қолтығымнан демеңдер мені ұрыста!

Сурет: sn.kz сайтынан алынды.

Бүгін ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, қоғам қайраткері, дипломат әрі түркі әлемінің көрнекті ойшылы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толып отыр!

Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматыда дүниеге келген. Әуелде геология мамандығын меңгерген. Кейін әдебиетке бет бұрып, Мәскеудегі Әдебиет институтында білім алған.

Ақын Олжас Омарұлының есімін дүйім елге әйгілеген шығармасы –Гагариннің ғарышқа ұшуына арнап жазылған «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы. Бұл туынды адамзат рухының биіктігін жырлаған әйгілі шығармаға айналды.

1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» кітабы түркі және славян мәдени байланыстарын жаңа қырынан талдап, кеңестік идеологияға үлкен серпіліс әкелді. Еңбекке тыйым салынғанымен, ол ұлттық сананың жаңғыруына зор ықпал етті.

1989 жылы Олжас Сүлейменов «Невада – Семей» антиядролық қозғалысын құрып, Семей ядролық полигонының жабылуына бастамашы болды. Бұл – әлемдік деңгейдегі бейбітшілік жолындағы тарихи қадамдардың бірі саналады.

Сурет: sn.kz сайтынан алынды.

Олжас Сүлейменов – поэзия мен ғылымды, ұлттық рух пен адамзаттық құндылықтарды тоғыстырған бірегей тұлға. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі қазақ халқының рухани дамуына және әлемдік бейбітшілік идеясына өлшеусіз үлес қосты.

Abai.kz редакциясы ақынның туған күніне орайластырып, оқырман қауымға белгілі ақындар: Ержан Алаштуған мен Алмат Исәділдің Олжас Сүлейменовтің өлеңдерінен жасаған аудармаларын ұсынып отырмыз.

Сурет: Е.Алаштуғанның жеке мұрағатынан алынды.

МЕНІҢШЕ...
А. Вознесенскийге

Меніңше~
Махамбет,
қытайы қорғанға қадалған жебедей,
маңдайы~қышты ұрған,
шашақты шалбары~
қауырсын көбедей
сақетер қыстырған,
шоқ жебе ұштырған:
Махамбет,айбарлым,
кім едің, Ер емей?!
"Мені" бар Өр емей?!
Опереттаға отты, өктем
кейіпкер боп кеткен
Ізгі Ардам,
теңіздей телегей
даңқыңды мен сенің қызғанбан,
мені де қоя сал,
елемей;
Біздің бұл бұлдырды
тануға тіл құрлы
талпынба,
ұқпайсың,
қорғаннан шыққайсың,
қарғыс атқан тастап құрғырды:
ұштағам ұңғымды,
дайындап дуалдан үңгірді;
Кім білді?!
Ауыр-ау аманатың да,
қара сөз қағанатында
кештің де Жыр~күнді
түзетіп теңеумен тым құнды
әлемнің тұрпатын,
Европа емдеуге сырқатын
тап солай...
Ғажжамға ділгір-ді.
Өткенмен екшесең жайыңды
бүгінің үйлесім таба алар,
еске сап аусылды байырғы
сонау сіздің қасіретті қара нар~
жанымды жаралар...
Иіріп Баобаб діңгегін~
жіп жалғар дүрмегін,
болмыс жоқ қайырлы
болмаса теңер түк...
білгенім.
Парақтап парасат,пайымды:
шендессе кішіктің бірімен~
ұлы адам,
теңдессе ұлымен~
тірі адам!
Құдіретті гомо~антроп,
шынымен
байқалмайды ма тұлғамнан?!
Ғажжаммен қатар кеп тұрғаннан
Европаң да дін аман.
Андрей! Біз~көшпеліміз,
бөліп тұр араны
дәстүрлер менен дәуірлер ғаламы,
кіл төте іздерді,
тым көне түздерді
бағыт қып сан түрлі біздің көш барады.
Ең ұлы құштарлық, құмарды бүгін мен
мендегі біліммен
алмақпын сынаққа,
оларды
Өр Номад білмеген бірақ та.
Этруссша жазам мен
болашақ жайында~
тастарға түсірген таңбаның
сараптап үні мен мәнінің салмағын,
шешімін сен өзің дайында...
сандырақтарды,
келген пайымға,
ғалымдарға надан арнағын,
залал білімдерден
зауалдар барын
ақылға қондырып,
іздесін айырма.
Шаршасам да
сахара кезуден танбадым,
сұқ саусақ сынды ~
қағылып темір қадалар,
сілтейді жолдың жөн бағдарын.
Меніңше~
Әз һәм Мен~Ғажжаммен,
жүрмін жаңылып,
Өзімізге қарсы көштік біз,
Өзгеше тұстардан
танылып!

P.S. Ғажжам~Азия;
Әз һәм Мен ~Аз и Я; 

ҚҰМАН ЖЫРЫ

Уа, Бабалар!
Қолтығымнан демеңдер мені ұрыста.
Жалқы дарақты
айналып өтпен жылыстап.
Қайқы бұтаққа
қайыра тастармын арқанды.
Соңғы шайқаста
бірінші болып құламан,
Қанға да бояп қалқанды.
Бойымды кетем тік ұстап!
Алтын сақамды
білмейді кімдер топта анық?
Қасиетіне көп қанық...
Әне бір жұлдыз кетті ағып,
Басым да менің
барады тартып төменге,
Әйел затына
адалдық антын берерде,
Алақандарын сүйген ем.
Үкі, қарғаны,
аққуды үркітіп, тимегем,

Уа, Аруақ!
Балатон жаққа
сілтегін жолды мен барар,
Өтейін жүйткіп біржола, мәңгі
Белгісіз қайдан шыққаным,
Ол турасында кем хабар.
Адамдар үшін
Тереңдеу түссін іздерім,
Менің жүріп өткен
жолдарым жапан түздегі,
Жауындардан соң
Жауларымның көзіне көрсетсін
Тостағандардың тізбегін.
Аптаптан олар
кетпесін жанып, шөлдей кеп,
Мендей боп.

*****

Құмандар - Қыпшақтардың Үрімдік
(Византиялық) атауы(О.С.).

ҚЫЗЫЛ ЖАУШЫ МЕН ҚАРА ЖАУШЫ

Ойдым ормандар,
төбелер, аты зорығып,
жолсызда,  тартып төтелей
жүйткиді жаушы жайдары,
бет-жүзін жапқан
қатпар боп қатқан
тұзды терiне көміліп,
бес атты басып төпелей,
бес атты кезек,
бес атты кезек сайлады,
Темірден тұтас соқтырған
дулығасын да лақтырған,
талыс қалқанын тастаған,
қылышы қалған жусанда,
найзасын қадап көдеге,
Бұқар садағы
Мойынқұмдардың құмында
жатыр... жебе де.
Ак берені де таттанып
алқаптарында мақтаның.
Байрағы ғана қолында!
Жеңіс айғағын —
қанқызыл байрағын -
жалаңтөс жаушы тастамай
жоғары ұстаған жолында.
Сирағы сидам һәм сұңғақ құйған,
құйындай құйғытып,
желдейін желген
жеті атты кердең,
жеті атты берген,
жеті атты берген...
бағы да бөлек
айбары болған байрағы.
Шөлін де басар
айраны болған байрағы,
дамылдағанда,
табан астына тастаған қойдай тізіліп,
тартқан табақты қабылдағанда,
тарту етті оған
талай бір бектер қызынып —
беу, шіркін! -
арулардың ең асқағын,
тостақ көздерін төңкере қарар сүзіліп,
сыңси жылаған өңдісін,
қарсыласпас тек көнбісін!
Бiрақ бірбеткей сол жаушы
ұйқы дегенді білмеген,
тоқтаған шақта
қас қағып, кірпік ілмеген.
«Абыройын артсын, арықтарыңмен
атағың шыққан, ақ шаhap!
Құтты да болсын жеңiсiн!
Бәрi де сен үшiн!..»
Сол сәт құлады ол,
алақандарымен көмкере
атжақты беттің терісін...

Уа, Байтақ Ел,
сенің шалқар шаттығың -
оған даңқ бүгін!
Қыран құс қосқан
саятта қозғар лағыл ой
ол үшін болсын... Абырой!
Азаттық үшiн ажал да құшқан,
із-түзсіз, құнсыз құт құлап,
жауынгер даңқынан
жаушының жолы мықтырақ.
Араб қыздарын олжа қып оған,
күңдерін қоса сыйлаған,
қаласаң, бірін сүй жалаң,
ниетің ауса –
үшеуін де құш кіл мінсіз!..
Ол болса тұрды үнсіз,
құшақтап шұбар қатынын,
жалаңаяқ, жалақ ерінді,
қожалақтарын аймалап қана ақырын
балапандарын қимаған.

...Уа, тыныш, Адамдар!
Өкпесі сырылдап,
арғымақ өліп-талады,
Жолсызда жаяу, етiксiз,
айналып өтіп қыстақты,
түнере тартып барады
жабыққан жаушы қаралы,
қуғыннан қашып құтылған,
көрсе де қысас, қыспақты,
шықса да алау-далауы.
Найза ұшында
жалбырап қара жалауы.
Жалаудың бардай жүрегі,
жаны ашып оған жүреді -
аптықпа, асықпа...
басыңмен жауап бермекке
абырой айрандай төгілгені үшін,
даңқтың күлге көмілгені үшін...
қаныңды төкпе қасықтап!
Арғынның опасыздығы үшiн,
Пашаның жотасыздығы үшін
кінәң бар қандай өткізген?
Жазығың бар ма, жаушым-ау,
қаралы хабар жеткізген?
Қай кінәңа көзің жетті анық?
Жау бара жатыр
Бесшатыр жақты бетке алып.
Ауылдарымда ақірет күні орнауда,
дүбірі дүлей дүрелеп,
тірідей терісін iремек...
жүз мың қолменен қорлауда;
көздерін көміп,
жегідей жейді қара тер,
алаөкпе болып арғымақ.

Уа, Батырым!
Найзаға шаншылып өлгенің жөн-ді
жасауылдайын жалбырап!..
О, сормаңдай, тiледiң сондай,
қасіретті қара хабаршы болмай,
қызыл жаушы болуды қаладың!
Әйелдеріңнің,
атаң мен анаңның алдына
еңбектей құлап,
қуана жылап,
сүйiншiлетiп,
сый алу болды талабың!!.
Жасырын, саман... саз қалам!..
Қаралы күндер орнаған!
Ажал құш, Анам... Сорлы анам!..
Аяқта, болар, сен де, Атам,
созбаққа салмай
тозығы жеткен ғұмырды,
арлы кезіңде бүгінгі,
жебе боп жеткін
Жеті қат Көгіңе тұғырлы!

Уа, Әйелдер,
Әйелдер, сүті суалған,
самайларында
қуаң жазира қуарған,
балаларыңды
лақтырыңдар қорғаннан,
тастандар төмен дуалдан!
У ішіңдер де...
Өліңдер!
Шайыр қайнатып,
шімірікпестен...
Тұла бойларыңа төгіңдер!
О... Күндер!

КЕШІГУ

Пойыздар кешігіп жүр әлі.
Көк түсті бағдаршам қауіпті,
Күлгін-сұр жұлдыз да құлады~
Ұшақтар кестеден ауытқып.

Қойқоңыр сәулені қабақпен
Қағып қап,
дүр ғасыр данасы~
Ақылың кешікті сәл-ақ кем...
қамшының сабындай арасы.

Келешек,
сындырып сырларды,
Көлеңке құлатар кескінге...
Сүйгенім,
тұсадың жылдарды,
Құшағың құшады,
кеш мүлде?!

Дабылдап,
ұрандап ұмтылар~
Дамылдап,
Лист жолы кесіліп...
Жырдағы жігіттер жұлқынар,
Құтқармақ,
үш жүз жыл кешігіп...

P.S. Лист~мажар, алман халықтарына
ортақ, 19 ғасырдың ұлы
композиторы Ференц Лист.

АНАМА

Не жайлы мекен бұл?
Махаббат жайлы...
Ақылдым!
Мәңгі өмір жайлы
астында Көктің орнаған.
Асықпай батар шапағы күннің,
шақырғын
Ойларға мені,
бармаған әлі,
болмаған.

Қаз ба күздегі?
Ұзақ қарға ма көктемгі?
Қаққанда қанат
жарты жаһандық шу қалған,

Лимпопоға да
қауырсын малып өткенмін,
Ащы желге де
соққан Цейлондық нулардан.

Не жайлы жол бұл?
Ақ, адал болсаң түк емес,
Өрменен өр бол:
атасы болмас кесірдің,
Ұяңға ізет қыл:
атаңнан қалған құл емес,
Ант етемін, жол,
басымнан мұны кешірдім.

Мұқтажға барша
бермедім көмек,
жақпадым,
Емеспін Тәңір!
Жалқы ақын қайтпек мұншаға?
Сауалдардың да
жауабын түгел таппадым,
Жалған айтпадым,
орайы келіп тұрса да...

СЫБЫР

Ұлы Мысырдың
басында мөлдір де тынық
Көрікті неткен
Рауаны Күннің~Таң нұры?!
Бүркемелердің астында
селдір де тұнық
еріп те кеткен
жалаң жүздердің
барлығы.
Шөл үсті,
Әлем көгінде.
Жанарда мұңдай...
~Не үшін?
~Әшейін, түр түзіп.
Ару қыздардың анарларындай
Пирамидалар жүр жүзіп...

~Керуен басы...
Көш басы,жауап бер демде...
Түйелер баяу көлеңкеде еріп,
алаңдар...

Саудагерлер ме?
Кім олар?
Тәу еткендер ме?
Керуенмен сонау кімдер келеді?
~Адамдар...

Жауаптары бар
құдыққа қарай амалдар
Көпнүкте болып
құмдарға түскен қадамдар...

КҮЗГІ ШӨП

Кездесіп жиі
Тобылдың  арғы жағында,
орманда, күзгі
шөпке аунап,
бейқам орындай,
жатамыз тыныш,
мен сол сәт сенің жаныңда
Есілге құяр,
тазамын, біздің Тобылдай.

Ағаштан сырғып
қып-қызыл жауын жатты әсем,
шөп жапырақтың
қошқыл қанында жүзгенде,
Шекірткенің де,
жадыңда мәңгі сақта сен~
тұрғанын шөптен
сүйсіне қарап біздерге.

Шөпте тайғанап,
шағылысады сәуле көп,
орманым менің
жаулықсыз мекен боп алды,
аналық-құмырсқа
қолыңмен сенің әуре боп,
салды да сүрлеу,
кетті ұзап,сосын...
жоғалды.

Барша құс бастап
атсыз бір әуен дүрмегін,
Тобыл тұр үнсіз,
үйеңкілерді ықтап кеңінен.

Ол болмағанда қалай боларын?
Білмедім.
Қалай боларын,
болмасам бірге сенімен?

Ренжітпей жанның
ешбірін,саған ұқсаған,
ағаштың ағын
аялап,қорғап бағамын,
әрдайым, сені
көргенде толқып түпсанам,
боламын жайсаң,
ең мейірімді адамың.

Қалай боларын,
болмаса мына жанарлар,
нұр менен нала,
жарасы жанның тұнғандай...
Сүйіктім,
дәйім жалынмен құшып
жан арбар,
сүй мені,
сол сәт
соңғы рет көріп тұрғандай.

ӘЙЕЛ ЗАТЫ

Иығымнан келетін~
әйел заты көп болды,
Кеуде тұсын көметін~
әйел заты көп болды.
Бірі ғана солардың
жүрегімнен дөп келді.
Жүрек соған жылыды,
ол жүрекке от берді!

Жарасымды бәрі оған~
көздері де мұңды ерек,
Шашындағы мамық та
сүйкімді еді тым бөлек.
Кей кездері қатты айтар
еріні де ерке еді,
Жалаң мұздай
тізілген тісі~тістің көркемі!

Саусақтардың сықырлар
аса нәзік үні де,
Ересекке тән емес
бойы, балаң түрі де,

Тіптен оның жасы да
отыз үштен сәл асқан,
Үйлесімді бәрі оған.
Оған сондай жарасқан!

Сурет: А.Исәділдің жеке мұрағатынан алынды.

МАХАМБЕТТІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Бісміллә!
Алыс жаққа жорытқанда,
Жорықтарда  бөгіп қанға,
Жүрегімді суыттым.
Айлам бар ма –
Айлап, жылдап майдандарда,
Ашу, ыза бойды алғанда,
Өзімді өзім ұмыттым...

Ер үстінде туған едім,
Шынжырымен матап мені,
Бара жатыр бунап Өлім.

Ата жауым қара жаяу қалдырды,
Мойыныма
Итке ұқсатып, қарғыбауын салдырды.
Ұмытармын
Қас тұлпардан тамған тердің иісін.
Ұмыт қалар зынданда,
Ұрандаған ұрысым.
Ал таңертең бөлшектеп отқа тастар тәнімді,
Ұмыттырып сол бір тарлан шағымды.

Ұмытармын жарларымның қылығын,
Жалаң қылыш секілді едім – құрыдым.
Тот басты да жарқылдаған жүзімді,
Өз жүрегім жыланға ұқсап көмейіме тығылды.

Өкінішті-ақ!
Ет жүрегім – тілім-тілім, жаралы...
Барлығын да ұмытармын,
Кескілескен майданды,
Отқа оранған Даланы.
Бәрі, бәрі қалады:
Көмейімді кернеп шыққан ұраным да,
Құтқарушы – Құраным да...
Иә, Әруақ!

Шөл далаға айдың нұры төгіліп,
Буралар жүр інгендерге емініп...
Қазақтардың қазанында сүт пісіп,
Бірін-бірі жұлқиды иттер іші пысып...
Ал, мен болсам зындандамын, обал-ақ.
Соңғы күлше секілденіп жарық ай,
Алақанға келе жатыр домалап...

АНАМА

Не туралы бұл ауыл?
Махаббат пен
Ашық аспан астындағы Өмір жайлы –
Мәңгілікке сөндірмейтін шырағын.
Асықпайтын кешқұрым шақ,
Шақыр мені, аралауға
Қиялымның мен көрмеген тұрағын.

Көктемдегі торғайдай,
Әлде күзгі қаздардай,
Қанатарым жарты әлемді шарлап ұшты асығып,
Лимпопоның өзеніне қауырсынын матырып.
Цейлон жақтан соққан тәтті желге де,
Құлаш сермеп, асылып...

Не туралы мына жол?
Өзіңдікін дұрыс десең,
Өзімшілге сына бол:
Пайғамбардың әкесі емес, бірақ ол.
Жуас болғын жуаспен:
Құл ғып оны жұмсамағын бірақ сен.
Мен де солай істегенмін, расында:
Ант етемін, қара жол!
Көмек қолын соза алмадым бәріне,
Мен Бір Құдай емеспін ғой әрине.
Қауқар бар ма жалғыз-жаяу ақында?
Бар сұрақтың таба алмадым жауабын,
Қолдан келіп тұрса-дағы қалайда,
Адамдарды алдағам жоқ алайда...

ШӨЛДЕГІ ТҮН

Үнсіз жатқан суық құмда,
Шөлдесең де су іздеме.
Шөл далада шық тұрмайды.
Шық тұрмайды,
Жүзіңе, киізге де...

Алып тастар ұнтақталып,
Құм толқында құндақталып,
Сағат сынды сабыр сақтап,
Түн батса да,
Ай астында,
Тіршілікті тыңдап бағып,
Қапырықтан қажып әбден,
Жата берер сұлап, талып.
Таңқаламын, бұл далада
Шық тұрмайды бірақ, нағып?..

Қорқаулар жүр даңғаза ғып,
Шық тұрмайтын шөл даланы.
Сексеуілдің қаңқасы да,
Шыққа шөлдеп, долданады.

Айдың бозғылт сәулелері,
Түріп түннің перделерін.
Жалаңаштап шөл даланың
Кеуіп-піскен кеуделерін.
Құм-жоталар айта алмай тұр,
Шық-тамшыға шөлдегенін.

Таңға жуық,
Ай да суып,
Көкжиегі Шығыстың,
Жарқ етеді шығып Күн.
Мың құбылып, қызынып –
Жалғыз жанның жүзіндегі
Жалғыз тамшы мөлдір шықты сіміріп...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2857
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1959