Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4588 1 пікір 29 Қазан, 2009 сағат 05:35

Әзірет БАРБОЛ. «Уаххабизм қаупі» мен ҚМДБ-ның былығы (жалғасы)

«Асыл арнаның» көздегені мүфти айтқандай ұлтымызға, асыл дінімізге, оның ішінде ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген Әбу Ханифа мазһабы аясында қызмет етпейдігін» анық біліп тұрып қалайша Әбсаттар ағамыз жамағатқа жалған сөйлейді?!

«Асыл арнаның» көздегені мүфти айтқандай ұлтымызға, асыл дінімізге, оның ішінде ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген Әбу Ханифа мазһабы аясында қызмет етпейдігін» анық біліп тұрып қалайша Әбсаттар ағамыз жамағатқа жалған сөйлейді?!

«Астана» медресесі директорының орынбасары Бейбіт қажы Мырзагелдиев «Ислам және өркениет» («Медрессе - рухани қазына ордасы», №21. 21-31 шілде, 2009ж 2-бет.) газетіне: «...Бүгінде бірінші курсты тамамдап, екінші курсқа аттап отырған шәкірттеріміздің бәрінің де білімдері жақсы деп айтуға болады. Жалпы, медрессе шәкірттерінің барлығы дерлік діни сауатты. Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлінің ерекше берген тапсырмасы бар: медрессені бітірген әрбір бала кемінде Құранның он парасын жатқа білуі тиіс. Біз, шама-шарқымызша балалардың Құран жаттауына көбірек көңіл бөліп, соған машықтандырып жатырмыз» деп, сұхбат беріпті. Бейбіт  Мырзагелдиев айтқандай қазіргі ҚМДБ-ның медресселері тек Әбсаттардың тапсырмасы негізінде Құран жаттау, діни білімін жетілдірумен шектеледі. Дегенмен, дін деген ол емес қой. Дін -  рухани жан дүниеңді көркейту, іштей рухани түлеу, өз кемшілігіңмен, өз айыбыңмен, жағымсыз қасиеттеріңмен күресу, яғни, өз бойыңдағы шайтаныңмен күресіп, нәпсіңді тию екендігі анық. Ал, ҚМДБ-ның медресселері т.б. «фетхуллашылар» мен «уаххабилердің» мешіт-медресселері тек, діннің негізгі ұстанымын, негізгі мақсатын ұмытып,  бәрі «ширк, ширк» деп шиқылдағанымен қоса, тек діннің сыртқы формасына көңіл бөліп кеткен. Оны шариғатта - фиқһ ілімі дейді. Ол туралы Ш.Құдайбердіұлы: «Сыртыңды сыланасың өң беріп, ішіңнің түзетпейсің қатасын, айламен алдағанды жөн көріп адамды аң орнына атасың» десе, әулиелердің сұлтаны Қ.А.Яссауи: «Мүңкір-Нәкір Раббың кім деп сұрақ қылар, қал ілімі пайда бермес жырақ қалар» дейді. Немесе, «Қал илимин оқубан, хал илимга иетибан » деп, фиқһ ілімінен хал ілімін артық қойған. Ал, ҚМДБ-ның ұстанымы осы танымдарға қарама-қарсы. Сондықтан да мүфтидің «бір - мәзхаб, бір - ұлт, бір - дін» деуі хақиқатқа харап, шип-шикі өтірік.

Сондықтан діннің негізгі ұстыны ұмытылған ҚМДБ-ның мешіт-медресселері сандалып кетті, тіпті қауіпті.

ҚР Әділет министрлігі Діни істер комитетінің төрағасы А.Досжанның назарына! деп, «Қазақстан ZAMAN» (№33, 20-тамыз, 2009 ж.) санында «Баламды медрессеге біл деп бердім, таяқ жеп, мұрны сынсын деп бермедім...» атты Г.Шонабайдың жанайқайы жарияланыпты. Ол мақалада Ә.Ибрагимов деген 14 жасар баланы бір молда мешітке барып, араб тілін үйренуге кеңес берген. Алматы қаласындағы «Мүзәмміл» мешітінде оқып жүргеніне 3 айға жуықтаған    жас шамалары әртүрлі 33 балармен бірге Ә.Ибрагимов та діни сауатын жетілдіріп жүрген. Тамыз айының бесі күні мешітте оқып жүрген балалар Ә.Ибрагимовты мешіттің қақ ортасында тепкілеп, мұрнын сындырып, көзін көгертеді. Ақыры Ә.Ибраймов №7 аурухананың хирургия бөліміне жатқызылады. «Жалпы бұл мешіт балаларды дінге үйрете ме, әлде төбелеске үйрете ме, түсінбедім?» деген Әзиздің әкпесі Айман Ибраймованың сөзі де аталмыш мақалада келтіріліпті.

Тағы бір дерек. Шымкент мешітінде орынға таласып қалған бір топ оқушы, мешіттен шыға салып төбелесіп, бір-біріне пышақ салған. («Білім әлемі» газеті 2005 ж).

Міне, қазіргі біздің мешіттердің сиқы осындай. Сондықтан да, А.Ясауи әулиенің: «қал ілімі пайда бермес жырақ қалар, Ш.Құдайбердіұлының: «Сыртыңды сыланасың өң беріп, ішіңнің түзетпейсің қатасын, айламен алдағанды жөн көріп адамды аң орнына атасың» деуі осындай жағдайларды меңзеп тұрғандығы анық. Ал, мешітің мен, медрессең тек осындай діннің негізгі ішкі сырына үңілмей, сыртқы формасымен ғана шектелетін болса, онда дінде - дүмшелер көбейеді, шариғат - шатақ діннің шылауында кетеді де нәтижесі анандай болады. Сондықтан да ол дінді оқыт не, оқытпа не, үйрет не, үйретпе не, көшедегі төбелескен тентегің, мешітіңде де төбелесе береді...

ҚМДБ жанындағы Ақылдастар алқасының төрағасы, ҰҒА-ның академигі Ө.Айтбаев, Алқа мүшесі, ҰҒА-ның академигі, заң ғылымдарының докторы С.Сартаев, Алқа мүшесі, ҰҒА-ның академигі ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғ.Есім, Алқа хатшысы, «Президент және халық» газетінің бас редакторы М.Тоқашбаев, Алқа мүшесі, мәдениет қайраткері Қ.Біләл сынды есімдері елге танылған азаматтарымыз ҚМДБ мен бас мүфтидің тоғыз жыл ішінде атқарған «айтулы істеріне» баға бере отырып Жас Алаш газетінің (№72,  8.09.2009 ж) санында: «Мектеп бағдарламасына имандылық, немесе адамгершілік пәнін енгізу мәселесі дінбасының бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында жиі көтерілді. Алдағы оқу жылынан жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарында «Дін негіздері» міндеттеліп қосымша пән ретінде оқытыла бастамақ. Онда қандастарымызға әлемдік діндер тарихынан гөрі ата-бабамыздың асыл діні Исламға басымдық берілер деген үміттеміз. Әйтпесе, секта мен ағымдар аздай, енді әлемдік діндерді балалар санасына құйып, улап шатастырудың қаншалық мәні бар?!» деп, жазыпты.

Рас, Мұхтар Мағауин ағамыз айтқандай «санасына комунистік саясаттың салқын табы сіңген» көптеген зиялы қауым өкілдері дін мәселесіне келгенде «жеңіл» қарайды. Ислами танымға терең бойлай алмаған соң оның ішіндегі дәстүрлі діні қайсы, саяси исламы қайсы онда шаруасы жоқ  ислам дінін  ата дін деп ұққан. Сондықтан да анандай қателіктерге бой ұрған.

Бұқаралық ақпарат құралдарында мүфти Ә.Дербісәлінің «Мектеп бағдарламасына имандылық, немесе адамгершілік пәнін енгізу мәселесі» көтергендігін айтып, «әлемдік діндер тарихын емес,  исламды жастарға уағыздауға басымдық беру керектігін айтқан. Бірақ оны қандай кадрлар оқытады, не оқытады оған да терең тоқталмай мәселенің шешімін мүфтиятқа тапсырыпты.

Ал, мүфтиятыңның халі анадай болса,  рухани орда деп танылған мешіттерін, ондағы жамағатын түзей алмай отырғанда мектепке ол дүмшелер не ұйретпек?!

Ә.Дербісәлінің «Қазақ даласының жұлдыздары» атты зертттеуіндесопылық дәстүрің негізін қалаған, әулие Қожа Ахмет Ясауи туралы: «Ақын хикметтерінің бірқатары ғашықтық жайын сөз етеді. Бірақ онда әдеттегідей, жігіттің қызға, қыздың жігітке деген сүйіспеншілігі емес, керісінше - әңгіме ақынның Алла Тағалаға, яғни Жаратушыға сүйіспеншілігі, іңкәрлігі туралы...»(79-бет) -деген, немесе: «Сөйтіп бабамыз ұстаған, уағыздаған Хақ жолы идеясы тек Қазақстан мен Орта Азия ғана емес, сонымен қатар бірте-бірте Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Арабстан, Кіші Азиядағы Түркия Еділ бойындағы Кавказ тауларын мекендеген мұсылман жамағатына да жетіп, өз қостаушыларын тапқан. (82-бет)» деп, келтірілген.

Әйгілі әулие Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хақ жолына, яғни, сопылық іліміне «Бабамыздың Хақ жолы» деп, бас мүфиіміз оң баға беріпті. Дегенмен, ҚМДБ-ның жергілікті жердегі мешіт молдаларының сопылық ілімді ислам дініне еш қатысы жоқ ағым деп қарап, немесе, Қ.А.Ясауи бабамыздың «Диуани хикметіне» күмәнмен қарауы түсініксіз болып отыр. Мәселен, молдалар: «Ясауи 63 жастан кейін жерге кіріп, өмірін мансұқ еткен, оның хикмет кітабында Арыстан бабтың төрт жүз жыл жасап, оған аманат бергендігі айтылады. Ол тіптен ақылға сыймайды» деп, уағыздауда. Сонда бас мүфтидің айтқаны анау «Бабамыздың Хақ жолы» деп, ал, қарамағындағы молдалар, «онымен келіспейді». Қалай болғанда да қазіргі ҚМДБ-ның ұстанымы - бұлыңғыр, мақсаты - күмәнді, жолы - хақиқатқа қайшы. Абай атамның:

Кітапты молда теріс оқыр,

Далғарадай болып сәлдесі

Көңілі оның бек соқыр

Бүркіттен кем бе жем жесі деуі, немесе,  Ш.Құдайбердіұлының:

Мұхамметті көре алсам,

Тіл қатып жауап бере алсам

Адасты молда дер едім,

Құраныңды үйрет келе алсаң деуі қазіргі қазақ қоғамындағы осындай «дін бұзар дүмшелерге» дөп айтылған.

ҚМДБ-ның «Ислам және өркениет» (№17. 11-20 маусым, 2009 ж.,8-9 бет) санында «Жаназа пәтуәсі» жарияланды. Онда жаназа пәтуәсінің «қосымшасы» сұрақ-жауап түрінде беріліпті. Онда:

«Сұрақ: қабір басына салынатын құрылыс нысанын бір жүйеге түсіруге бола ма? Яғни, орнатылатын көк тастың көлемі белгіленсе және марқұмның бейнесін қашап  естелік орнатуына тыйым салынса дұрыс болар еді.

Жауап:  Ханафи мәзһабының ғұламалары мәйіт жерленген орынды қиындықсыз табу үшін қабір басына белгі қойып, аты-жөнін жазуға рұқсат берген. Алайда, зәулім тас, қажетсіз қоршау, үлкен сәнді күмбездер орнату, қашап сурет салу және т.б. осы сияқты амалдар ысырап, әрі бәсекелестік болғандықтан, шариғатымыз тыйым салған.

Сұрақ: Жыртыс жырту, киім үлестіруге бола ма?

Жауап: біріншіден, бұл амалдарды дініміз жүктеген, міндетті түрде істеуі тиіс «парыз»  амалы деп түсінбеген жөн... Екіншіден, ешкім ешкім кәдесіне жаратып, пайдасына асыра алмайтын бір жапырақ жыртыс таратқаннан гөрі, сол жыртысқа кететін қаржыны жетім-жесір, жоқ жітіктерге таратқан әлдеқайда сауапты... Сондықтан, мұндай амалды атқармаған жөн.» деп, келтірілген.

Яғни, бұл пәтуадан не байқауға болады? «Ата дініміз, немесе дәстүрлі дініміз» дей отырып ата дәстүрдің ту сыртынан пышақ салғандығын айқын аңғаруға болады. Мәселен,  «зәулім тас, қажетсіз қоршау, үлкен сәнді күмбездер орнату, қашап сурет салуға шариғатымыз тыйым салған» десе, «жыртыс жырту, киім үлестіруді атқармаған жөн» деп әлмисақтан осы күнге жеткен әдеттерге шариғатты қарсы қойған. Неге шариғат осылардың бәріне қарсы болса пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-нің,  халифаларының, сахаба, әулиелердің кесенелері осы күнге жеткен?! Қарапайым ғана мысал, түркілерде ең алғаш болып дінді ең таза бастауынан қабылдаған Қара хан, немесе, Әулиеатаның кесенсі бар ғой Тараз қаласында. Ал, Қараханның дінді тікелей арабтардан қабылдағандығын ескерсек онда ол пәтуаның қаншалықты шариғатқа негізделгенін көкірегі ояу жамағат сезсе керек. Ал, сол Ә,Дербісәлінің өзі «Яссауидің хақ жолы» деп, мойындаса (жоғарыда Ә.Дербісәлінің еңбегінен келтіргенбіз - Ә.Б.) сол Ясауи әулиенің ұстазы Арыстан баб екендігі, пайғамбарымыздан с.ғ.с-нан аманатты жеткеруше сахаба екендігі «Диуани хикметте» баяндалған. Неге онда Арыстан бабқа, және А.Яссауи әулиеге кесене тұрғызылған?! ХІҮ ғасырда Көреген Әмір Темір тұрғызды десек, одан бұрын әулиенің басында кішірек кесененің болғандығы тарихтан белгілі.

Және пәтуада «жыртыс жыртуды орындамаған жөн» деп, оданда оған кететін қаражатты жоқ-жетімге үлестірілсе депті. Қазақ «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» халық. әшейінде садақадан түскен ақшаны бөлісуге келгенде жетім ойламайтындар қазақтың «асыл дәстүріне» келгенде жетім ойлағыш бола қалады. Әйтеуір қалай болғанда да дәстүрді жою, әдетке тыйым салу, салтты ұстанбаудың амалын барынша орындап бағуда.

«Жаназа пәтуасының» қабылдануына орай Арқалық қаласының тұрғыны, зейнеткер Хамит Досжанов ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижан Байырбековке хат жолдапты. Ол хатты ҚМДБ-ы «Ислам және өркениет» газетінің (№24 21-31 тамыз, 2009 ж) санына жариялай отырып, редакция былай дейді: «Елімізде ислам дінің өрістеуіне, оның әртүрлі кірме түсініктерден  тазаруына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып отырған іс-шаралары айтарлықтай. Солардың бірі - үстіміздегі жылы қабылданып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланған «Жаназа пәтуасы». Расында, мұны бір сауабы таудай игілікті іс демеске шара жоқ. өйткені қайтыс болған адамды жерлеу мәселесіне келгенде, еліміздің әр аймағы әртүрлі рәсімді орындап, тіпті бір ауыл тұрғындары түрліше пікірде болып,, қайшылықтар туындап жататын жағдайлар кездескен. Кешегі құдайсыздық заманы, одан кейін секталар талан-таражы салдарынан небір дүдәмалдыққа бой ұра бастаған ел халқы үшін «Жаназа пәтуасының» жарияланғаны жарқ етіп шыққан күндей болғаны рас. Бұл марқұмды жерлеудің жөн-жоралғыларын бір ізге салатын тамаша бетбағдар болды. Жаңа пәтуаның үкімдеріне бой ұсынғысы келмей, әлі де болса, өз ойын дұрыс көретіндердің кездесіп қалып жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Ал, «Жаназа пәтуасының» дер кезінде қабылданып, халыққа жеткізілгеніне алғыстарын айтып, қуанып жатқандар қатары толастар емес. ҚМДБ-ның наиб мүфтиі «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижан қажы  Байырбековке жолданған мына хатта Қостанай облысы, Арқалық қаласының тұрғыны, зейнеткер Хамит Досжанов «Жаназа пәтуасын» шығарған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атына алғыс айтады».

Редакция: «Елімізде ислам дінің өрістеуіне, оның әртүрлі кірме түсініктерден  тазаруына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып отырған іс-шаралары айтарлықтай» дей келіп: «Жаназа пәтуасын» «жөн-жоралғыларын бір ізге салатын тамаша бетбағдар» болғандығын, оны «сауабы таудай игілікті іс» депті.

Хамит Жосжанов аталмыш хатында: «...Осыдан 4-5 жыл бұрындары жаназа намазынан кейін сол жерде мәйітке бағыштап құран оқылатын еді. Осыған тыйым салды. Сосын сол жаназа намазынан кейін барша жиналған жамағатты иіріп отырғызып қойып мата, ақша үлестіретін еді. Бұл әдет те доғарылды» деп, «Жаназа пәтуасының» редакция хабарлағанындай «исламды қазақы кірме түсініктерден тазартып, жөн-жоралғыларды бір ізге салып жатқандығын» мақтанышпен жазыпты.

Ал, «исламды тазарту» сол арқылы ішкі жікке бөлінушілікті одан әрі ушықтырып,  жіктелуге қарсымыз дей отырып, бөлінушілікті одан әрі асқындыратындығын, арты әлеуметтік қақтығыстарға апаратындығын, оның өзі «уаххабизмнің» негізгі идеясы екендігін исламтанушы Б.Бабажановтың айтқандарынан келтірген едік.

Ә.Дидахметұлының бас мүфти Ә.Дербісәліге жазған Қазақ әдебиетіндегі (№41. 10-16 қазан, 2008 ж) «Ата дініміз ата ғұрпымызбен астасса» атты мақаласына орай Қазақстан қажылар діни бірлестігінің төрағасы Бақтыбай Айнабеков «ҚАЗАҚСТАН» газетінің (№35, бейсенбі, 1-қазан, 2009 ж) санында «Жазушы Дидахмет Әшімханұлына екінші хатын» жариялады.

Б. Айнабеков аталмыш хатында: «Атеист Әбсаттар тоғыз жыл дін басы болып отырған уақытта елде басқа діндердің тамыр алып, бүгінгідей күшейіп кетуіне негіз қалап бергендігін айта келіп, Ә.Дербісәлиевтің  бұдан ширек ғасыр бұрын, 1982 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Араб әдебиеті» кітабынан үзінділер келтіріп, онда бас мүфтидің хақ дінге атеистік тұрғыдан баға беріп, қиянат қылғандығын қатты сынға алады.  Б. Айнабеков ол хатында:

«...Ислам негізін салушы Мұхаммед алланың әмірін, тілегін жердегі адамдарға жеткізуші пайғамбар деп есептелінеді. Жалпы ислам оқуы бойынша адамзат тарихында Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса, Мұхаммед сияқты пайғамбар болған. (Құрандағы аты аталған пайғамбарлардың да санын білмегені ме? - Б.А.). Ал, енді осы пайғамбарлардың оқуы мен ісін жалғастырушы екінші кезектегі (Ол қандай және кім шығарған кезек? - А.Б.).  пайғамбарлар қатарына Мұхаммед, Библияның кейіпкерлері Лұт, Айиуб, Қарун, Дауд, Сүлеймен, Иляс, Исхақ, Иақуб, Иунис, Идрис, Иусуф, Закария, Иахия, Мариямды (?) (124 мың пайғамбардың ішінде әйелден пайғамбар болған емес қой. - Б.А.) жатқызған. өзін ұлы пайғамбарлардың кішісі әрі соңғысы деп жариялаған...» (?)

«...Құран суралары төрт топқа бөлінеді. Біріншісіне Мұхаммадтың өзі құрастырып (?!) құдай сөзі деп жариялаған (?!) суралар (Мына сөзімен таза кәпір болды емес пе?.. Пайғамбарымыз бірде - бір сүрені ойдан құрастырған емес. Автор пайғамбар өтірік айтады деп отыр. Астапыр Алла! Бұл туралы «Нақыл» сүресінің 36 аятында «Жердің жүзін кезіңдер де Пайғамбарды өтірікке шығарушылардың соңы не болғанын көріңдер» деп ескерту жасайды. Өйткені, ол елге өте ауыр зілзала әкелуі мүмкін. - Б.А.) екінші жаңа ді насихаттала бастаған тұстағы, үшіншісі болашақ өмірді суреттеуге арналған, ал соңғысы медициналық кезеңге жататын суралар кіреді...».

«...Құранда композициялық тұтастық жоқ (?!). (Құран - мұғжиза. Мұғжизаға қандай композиция қажет? - Б.А.). Мұхаммадтың уағыздары, діни жарлықтар, дұғалар және күнделікті тірлікке байланысты заңдар жүйесіз орналастырылған. Сондай-ақ, мұндағы сан-салалы және түрлі материалдардың ішінде иуда, христиандық парыздар (?!) мен мұсылмандық праволар және арабтың фольклорына (?!) да көп орын берілген...».

Міне, Қазақстан діни басқармасын кімнің басқарып отырғандығынан хабардар болдық.

Астана соты 2009 жылдың тамыз айының 3-і күні Қазақстан аумағында таралуына тиым салынатын экстремистік мазмұндағы кітап, брошюра және аудиожазбалардың тізімін ресми түрде жария етті. Жалпы саны 2007-ні құрап отыр, 50-ден аса брошюра, 100-ден аса листовка, он бес шақты кітап және 20 шақты аудиожазба. Олардың дені Жоғарғы соттың шешімі бойынша Қазақстанда жұмыс жасауға тыйым салынған 13 халықаралық діни ұйымға тән әдебиеттер. Дегенмен, уахабшылардың лидері Мұхаммед Абдул Уаххабтың «Шарх Китабут-Таухид» атты тыйым салынбаған кітабында экстремистік әрекеттерге, «кәпірлерге жиһадқа»  үндейтін идеялар жеткілікті. Мәселен аталмыш кітапта: «Мұсылман адам міндетті түрде кәпірлерді (өзге діннің адамдары) жек көруі тиіс. Тіпті, олар мұсылмандарға сүйіспеншілік сезімдерін көрсетіп, достық құшақтарын жайса да, олар мұсылманның басты жауы екенін білу керек..» немесе, «Олар (кәпірлер) тек жамандық пен зиян ғана алып келеді. Сондықтан да, сен кәпірлерді олардың нәсіліне қарамай шын жүрекпен жек көруің керек...» деп келтірілген. (Ислам өркениет, №23, 11-20 тамыз, 2009 ж. 10-бет.).

Ал, осындай аса қауіпті уаххабизмді қолдап-қорғап, елімізде оның тамыр жаюына баты ықпал етіп жүрген танымыл қазақ азаматтары бар. Соның бірі, әрі бірегейі - Бекболат Тілеухан ағамыз. «Ислам өркениет» газетінің (№26, 11-20 қыркүйек, 2009 ж.) санында «Алаш айнасы» басылымына жарияланған Б.Тілеуханның сұхбатын беріпті. Газет тілшісінің «... - Сізді кезінде уахабист болып кетті деп жүрді. Бұған қандай уәж айтасыз?» деген сұрағына Б.Тілеухан: «Бұл күндегі аса қауіпті жексұрын жандарды уахабист дейміз... Кезінде олар мені аруаққа сыйынбайды » деп кінәләді. Әрине, әруаққа сыйынбаймын, әрине сыйлаймын... Шын мәнінде «уахабист» сөзінің нақты қандай сипаты бар, онда ешкімнің шаруасы жоқ. «Қой оларға жолуға болмайды. Олар - уахабист, сақалы бар» деп жылы жауып қояды.» деп, «уаххабизмге» деген өз көз қарасын ашық білдіріпті. Және ағамыз «Ол сақал Ленинде де... болған. Данышпан Абай мен үш жүздің басын қосқан атақты хан Абылайда да болған ондай сақал...» деп келтірген. Уахабиттердің бәрі осылай дейтін болыпты. Дегенмен уахабилер Абайлар сияқты сақал мұртын қатар өсірмейді. Сақалын өсіріп, мұртын тақырлап алады. Оны қазір көбіміз мешіттерден аңғара аламыз. Сондықтан Б.Тілеуханның Абай, Абылай ханды алдына қоюы жөнсіз. Ал, осыны білген бабаларымыз: «Сақалы бар мұрты жоқ, Шапаны бар ұлты жоқ, Отаны мен жұрты жоқ» демеп пе еді?

 

«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №38 (278), 22-қазан, 2009

СОҢЫ

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320